×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Перевод» жоқ: Kaspi Gold-қа үйренген базардағы саудагерлер не дейді

08.01.2024, 15:17
«Перевод» жоқ: Kaspi Gold-қа үйренген базардағы саудагерлер не дейді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Kaspi bank арқылы азаматтардың бір-біріне телефон нөмірін теріп қана жөнелте беретін ақшасы биылдан бастап саябырлай бастағаны анық. Оған «енді переводтың бәрі бақылауға алынады екен» деген әңгіме тікелей себеп болып отыр. Ұсақ саудасы, шағын дүкені, дәріханасы бар азаматтар бұған дейін ақыны аударыммен қабылдай берсе де, биылдан бастап қолма-қол ақшаны талап ете бастаған. Табысының аз да болсын бөлігін салық ретінде бергісі келмейтіндер баршылық.

Салық органдарының өкілдері, экономистер мен сарапшылар бұл тақырыпта айтарын айтып-ақ жатыр. Ал қарапайым саудагер не дейді? Ulysmedia.kz тілшісі базарда саудасы бар біршама адаммен сөйлесіп, олар осы жөнінде не ойлайтынын біліп көрді.

«Онсыз да шығынымыз көп»

Әуелі, елордада ірі сауда орталықтарының бірі, ел ішінде «Артем» атанған «Астаналық» базарына кіріп шықтық. Бір қиыны, сауда сөрелерінде тұрған сатушыларды Каспий банк аударымдарына енгізілетін өзгерістер алаңдатқанымен, ешқайсының фото немесе видеоға түсуге құлқы жоқ. «Биліктің назарына ілігеміз» немесе «сауда орталығының басшылығының кәріне ұшырап, орнымыздан айырыламыз» деп қорқады. Телефон камерасынан қашқанымен, аты-жөнін айтпай, аноним пікір білдіруге біршамасы келісті.

– Біз жеміс-жидекті жаппай сататын орыннан қарызға аламыз. 5-10 мың теңге төлеп, осында әкелеміз. Осы сауда сөресін жалға алғанымыз үшін тағы төлейміз. Саудаға ыңғайлы орнына қарай бұл жерде бір орынды 100 мың, екіншіміз 150 мың теңгеге жалдаймыз. Зертханаға, кейбір адамдар сатушыларына төлейді. Біз кез келген жеміс-жидектің үстіне 20% қосып сатамыз ғой. Жоғарыда айтқан шығынның бәрін есептеп келгенде, оған QR-код арқылы алынатын салықты қоссақ, өзімізде не қалады? Бәрімізде ИП бар. Онсыз да салық төлеп отырған жоқпыз ба? 

Олар бізден жасалған әр сауда үшін ақша алғалы отыр. Сонда шығынымызды жабу үшін сататын затымызды қымбаттатуға тура келеді. Саудагерлер шешімді содан ғана көріп отыр, - дейді жеміс сататын Гүлім атты саудагер.

Әңгімемізді естіп қалған екінші сатушы (ол да жеміс-жидек сатады) «мұндайда бағаның үстіне баға қоссақ, халық қиналатынын» айтады.

Астаналық сауда орталығы

– 1000 теңгелік затты 1200 теңгеге сатып келсек, салық көбейсе демек 1250 немесе 1300 теңгеден сататын шығармыз. Жеміс-жидектің бұзылып кететіні тағы бар. Жеуге жарамай қалғанын далаға тастаймыз. Әзірге енді «переводпен» ақшаны қабылдап жатырмыз. Бірақ сатып алушылар мейлінше, қолма-қол ақша төлесе дұрыс болады енді, - дейді Ербол есімді жігіт.

Сауда орталықтағы сатушылардың айтары бір: онсыз да жал үшін аз төлемейміз, 20 пайыз қосып сатқан күннің өзінде көп пайда жоқ дейді. 

– Әр келісіне 20 теңге қосып сатқан күннің өзінде бүкіл шығынды есептегенде бізге сол ақшаның 10 теңгесі де қалмайды. Мұның бәрі айналып кеп қымбатшылыққа әкеледі. Салықты бізге артады, біз халыққа тауарды қымбаттатамыз – содан арты не болады? «Навардан» айырылғалы отырмыз, – дейді егделеу саудагердің бірі.

«5-10 теңге санаған бізді емес, байларды бақыласа дейсің»

Десе де, кассалық аппаратпен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлер де бар. Оларға барғанымызда алаңдамайтынын, аударымдарға қатысты өзгерістердің өзіне қатысы жоқтығын айтады.

«Әсем» сауда орталығында қазақтың ұлттық киімдерін сататын Әсия атты саудагермен де әңгімелестік. Біз ол кісімен сөйлескен 20 минуттың ішінде оның сауда бутигіне бірде-бір адам кірген жоқ. «Қазір сауда тоқтап тұр» дейді ол.

Суретте “Әсем” сауда орталығы

– Бәріміз Каспий голдқа үйреніп қалғанбыз ғой. Қазір ешкім қолма-қол ақша ұстамайды. Жылына онсыз да есеп беріп, салық төлеп отырмыз. Ахуалдар жақсы емес шынын айтқанда, - дейді Әсия.

Сатушылар жалпы сауда саябырлап қалғанын айтады. 

– Біздің биліктегілер 5-10 теңгемен отырған бізді аңдымай яхтасы, ұшақтары, зәулім үйлері бар байларды бақыласа дейсің. Олар салықты адал төлеп жатыр ма? Сіздің өзіңізге осы сұрақты қояйыншы. Солардың бәрі әппақ па, ашық па? Төлеген ақшамыз игі іске кете ме? Білмеймін, көп нәрсені түсінбеймін, – дейді ол.

Аударым қайталана берсе – кәсіпкер боп шығасыз

2019 жылы Қазақстандағы  ең танымал банктің бірі мобильді қосымша немесе QR-код арқылы ақшаны жылдам аударуға мүмкіндік беретін жаңа төлем жүйесін іске қосқан. Қазақстандықтар ыңғайлы жаңа жүйеге бірден үйреніп, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға көшті. Үй-үйдегі кез-келген дүкенде, сұлулық салонында немесе көкөніс сататын дүкенде осы аударыммен ақыны қабылдай беретін болды.

Аударым арқылы жеке шотына ақша түсетін кәсіпкерлер салық төлемеу үшін өз кірісін мемлекеттен жасыра алады. Сондықтан, заңнамаға сәйкес, мобильді аударымдарды тек жеке мақсатта пайдалануға болады. 

Қазір жұрттың бәрін толғандырған бір сұрақ: жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шотына айына аударыммен 100-ден аса мәрте ақша түссе не болады? Мемлекеттік кірістер комитеті сондай жағдай болса және ол 3 ай қатарынан қайталанса, одан салық талап етуге құқылы. Яғни, сізге түскен бұл ақша «кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар» операциялар қатарына жатқызылады.

Ескеретін жайт: әзірге бұл мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларының шотына түскен ақшаға қатысты. Екінші кезеңде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері ілігеді. 2025 жылы үшінші кезеңде жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бақыланса, 2026 жылдан бастап қазақстандықтардың бәрінің ақшалай аударымы туралы мәлімет комитеттің қарауына түседі. Сондықтан, қарапайым тұрғындарға әзірге алаңдаудың еш қажеті жоқ. Жеке тұлғалардың туыстары не әріптестері арасындағы ақшалай мобильді аударымдар кәсіпкерлік қызметке жатпайды. Демек, оларға салық салынбайды.

Банктен келген деректер негізінде мемлекеттік кірістер органдары тексерудегі кәсіпкерлерге хабарлама жібереді. Жеке шоты тексерілу барысында ол расымен кәсіпкерлік мақсатта тапқан табысы болса, оған қосымша салық төлеуге міндетті болады.

«Табыс тапсақ, салық төлеу керек»

Қаржы, биржа шолушысы Айбар Олжаев аударымдарға қатысты өзгерістерді «қызыл салық» деп атай келе жаңа жыл жаңа “ажиотажбен” басталғанын жазады. Оның сөзінше, елде бизнеспен айналысып, алайда өзін кәсіпкер ретінде тіркемей жүрген, яғни салық төлемейтін азаматтар бар. Олар шағын бизнес секторында, көбінде сауда (базарда) мен қызмет көрсету саласында жұмыс істейді. 

– Менің ойымша бұл кемінде 200 мың адам. Сонымен қатар, тіркелген жеке кәсіпкерлер де (әсіресе дүкеншілер) клиенттің төлемін бизнес шотқа (мысалы Kaspi Pay) қабылдамай, жеке есебіне қабылдауға машықтана бастаған. Әрине, одан олар салық төлемейді.

Үкіметке бірінші кезеңде ақша емес, салық мәдениетінің толық орнағаны керек болып тұр. Бұл біздің мемлекеттілігіміздің тірегі. Барлық дамыған елдерде салық абсолютті культқа айналған, ал салықтан жалтару ауыр қылмыс саналады. Оларда қоғам болып салықтан жалтарған адамды күстәналайды, оның бетіне басады. Себеп - салықтан қашу барлық халық жеп отырған ортақ қазаннан ұрлау болып саналады. Ол 100% рас тұжырым. Дамыған елдерде салық бюджет кірісінің 90-98% құрайды. Сол салық әділ бөлініске түсіп, табыс таба алмайтын, көмекке мұқтаж адамдар өз үлесін алады, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, әділ, ашық жүйе құрып, барша қазақстандықтарға олар төлеген салықтың нақты қайда кеткенін, одан қандай нәтиже болғанын ашық көрсету керек. 

– Бізге табыс тапсақ, салық төлеу керек. Карточкамен, QR арқылы төлем қабылдағысы келмейтін кәсіпкерден сырт айналып, оның заң аясында жұмыс істеп жатқан бәсекелесіне барған дұрыс. Біздің аулада екі дүкен бар. Бірі QR арқылы төлем қабылдай бастады. Екіншісі нал сұрауда. Ал банкомат алыстау жерде. QR қабылдайтын дүкенде кезек көбейді. Нал сұрайтын дүкенде адам қарасы мүлде көрінбейді. Нәтижесінде кімнің табысы көп болады? Және қай кәсіпкер халыққа нақты пайда әкеледі?

Мемлекет шағын ИП-ларға барынша жағдай жасады. Арнайы режимде салық небары 3%. НДС-ке шығатын көп оборот пайда болса, 4% бөлшек салыққа (розничный налог) өтуге болады. Басқа елдермен салыстырғанда, бұл өте жеңіл салық. Мемлекетке осы салық төлеу, отчет беру процесінің барынша қарапайым, оңай болуына күш салу қажет. Қарапайым кәсіпкер өзі түсінбеген нәрседен қорқады. Және салыққа жолағысы келмей жүрген себебінің бірі де осы, – дейді ол.