×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Аққа жарытпаған агросаясат: отандық сүт өндірісін сақтап қалудың амалы бар ма

19.01.2024, 16:40
Аққа жарытпаған агросаясат: отандық сүт өндірісін сақтап қалудың амалы бар ма
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әлемде кейінгі жылдары болып жатқан геосаяси оқиғалар көршілес елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне ықпал етпей қоймайды. Санкциялар салдары қалыптасқан тауар тасымалы желісін үзіп, бағытын өзгертті. Шығыс Еуропаға тасымалданып келген ресейлік азық-түлік өнімдері Қазақстан нарығын бетке алды: отандық ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде сүт өндірушілерге бұл фактор ауыр соққы болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың 9 айында сүт өнімдері импорты 303,6 млн АҚШ долларын құраған. Оның 77% Еуразия экономикалық одағы (ары қарай – ЕАЭО) елдерінен, 23% үшінші елдерден әкелінген. Бұл қазақстандықтар 9 айда ЕАЭО елдері мен үшінші елдерге 140 млрд теңгеге жуық қаржы құйды деген сөз. Егер еліміздің сүт өнімдері нарығын отандық сүт өндірушілер қамтамасыз етсе, онда біз атаған қаржы ел экономикасына құйылар еді. Ендеше оған не кедергі? 

Шикізат жетіспейді

Біздің елдегі сүт өндірісінің негізгі бас ауруы – сапалы сүттің, яғни шикізаттың жиналмауында. Ұлттық статистика бюросы дерегіне сәйкес, жыл сайын Қазақстанда сауылатын шикі сүттің 88% жуық мөлшері шағын шаруа қожалықтары мен екі-үш сиыры бар ауыл тұрғындарынан жиналады. 2023 жылдың қаңтар-қарашасы аралығында 5,2 млн тонна сүт сауылған. Осы сүттің 447 мың тоннасы (8,4%) ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, 1,1 мың тоннасы (21%) жекелеген кәсіпкерлер мен шаруа, фермер қожалықтарында сауылған. Ал ең негізгі бөлігі - 3,6 млн тонна сүт ауыл адамдарынан жиналады. 

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі (ары қарай - АШМ) сүт зауыттарына ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан жеткізілетін шикі сүттің  үлесі 8,4% емес, 28% деген дерек айтады. 30% жекелеген кәсіпкерлер мен шағын шаруа қожалықтардан келеді. Осылайша Ұлттық статистика бюросы мен министрлік деректері сәйкеспей қалып жатыр.

Әлбетте, ауыл адамдарынан жиналған сүт тазалығы, микробиологиялық құрамы жағынан да қауіпсіздік талаптарына сай келе бермейді. Оның үстіне 2025 жылдың қаңтарынан бастап ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер шикі сүтке микробиологиялық құрамына техникалық регламентті күшейткелі жатыр. Яғни шикі сүт ЕАЭО талабына сай болуы үшін сиыр арнайы сауын машинасымен сауылып, бірден салқындатқыш-танкерге құйылуы керек. Шикі сүттің 90% жуығын сүт зауыттарына жеткізіп отырған шағын шаруа қожалықтары мен ауыл адамдары дәл қазіргі жағдайымен бұл шартты орындай алмайды.

– Егер аталған талап күшіне енсе, сүт өңдеуші кәсіпорындардың өндіріс қуаты шикі сүт жетіспеушілігінен 40% дейін төмендейді. Сүт зауыттарының 90% жуығына жабылу қаупі төнеді. Ал шикі сүт өткізіп, күнін көріп отырған ауыл адамдары табысынан айырылады. Шеттен әкелінген сүт өнімдерінің бағасы екі есе қымбаттайды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік наразылық туғызуы мүмкін, – дейді Парламент сенатының депутаты Зәкіржан Кузиев.

Сенатор сөзін Қазақстан фермерлер одағының басшысы Игорь Жабяк та растап отыр. Оның айтуынша, сүт жинаудың өзі тұрақсыз болғаннан кейін сүт зауыттарының жабылу қаупі басым. 
Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко», Ақмола облысындағы «Родина» сияқты ірі кәсіпорындар өз-өзін шикі сүтпен қамтып отыр. Одан өзге көптеген сүт зауыты сүтті шағын шаруа қожалықтар мен халықтан жинайды. Жыл сайын жиналатын сүт мөлшері азайып барады. 

«NBK-A» сүт компаниясы директоры Сәуле Жанкина кейінгі бес жылда шағын шаруа қожалықтардан жиналатын сүт мөлшері тәулігіне 42-45 тоннадан аспайтынын айтады. Ал зауыттың өндіріс қуаты  күніне 80 тонна сүт қабылдай алады. 

АШМ дерегі сүт зауыттарының толық қуатында жұмыс істемегенін растайды. Министрлік дерегі былтыр еліміздегі сүт зауыттары 1,8 млн тонна сүт өңдеген, кәсіпорындар қуаты 77% деңгейінде ғана жұмыс істегенін айғақтайды.

Импорт иектеп алды

Агросарапшы Алмасбек Садырбаев 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген Ресей үшін сүт нарығы тарыла бастағанын айтады. Содан бері миллиондаған тонна сүт Қазақстанға ағылып жатыр. 

– Бүгіндері дүкенге кірсеңіз, тетрапакетте сақталатын Ресей сүтінің құны қазақстандық өнімнен екі есе арзан. Ресейдің жеке шаруашылықтары мен шаруа қожалықтарынан сүт зауыттарына жиналатын сүттің литрі бар-жоғы 70 теңге, біздің елде 200 теңгеден жоғары. Оның себебі – технология, селекция, генетиканың әлсіздігінде, кейбір жерде жоқтығында, – дейді ол.

Рубль бағамының төмендеуі де Ресейден Қазақстанға келетін сүт импортының күрт өсуіне бір себеп. Салдарынан солтүстік өңірдегі отандық кәсіпорындар өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр.  

Ресей билігі 2024 жылдың қаңтарынан бастап сүт өнімдерін шетелге экспорттаған компаниялардың көлік шығынын 100% дейін жауып (қазір 25%) бермек. Тиісті қаулыға РФ премьер-министрі қол қойды. Ол құжатта шет елдерге сүт, май, іркіт, ірімшік, сүзбе сататын компанияларға көмек берілетіні көрсетілген. 

Қазақстан сүт одағының басшысы Владимир Кожевников мемлекет сүт шаруашылығы мәселесін жіті қолға алған үлгіні Ресейден көре аламыз дейді. Оның айтуынша, тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін Қазақстан бұл бағытта жолды Ресеймен бір нүктеден бастаған. Қазақстан да, Ресей де, ол тұста колхоздың малы мен техникасын пышақ үстінен бөліп алған. Ресейде бертінге дейін сүт зауыттарына қажетті сүттің 80% жеке қосалқы шаруашылықтардан жиналды, ал қазір жағдай 50/50 – сүттің жартысы шаруа қожалықтардан жеткізіледі.

Қазақстан сүт одағының басшысы Владимир Кожевников (фото: dairynews.today/kz)

Владимир Кожевников «Қазақстанда сүт шаруашылығы құрдымға кетіп барады» деп дабыл қағатындарға қосылмайды, проблема барын да жасырмайды.

– Шикі сүттің жиналмайтыны негізгі мәселе екені айтылды. Алайда бізде одан да күрделі мәселе бар, ол – мемлекеттік бағдарламалардың соңы сұйылып кететінінде. Проблеманы содан көремін. Мұның алдында «Агробизнес-2020» деген бағдарлама болды, соның аясында 2 мың орта және шағын сүт фермасын, 20 ірі сүт фермасын саламыз деп ала-шапқын болдық. Бірақ бағдарлама аяқталмай жатып, министр ауысты да, бәрі ұмыт болды, жоспар қағаз жүзінде қалды, – дейді.

Одан кейін АШМ мәселені реттеудің бір жолы ретінде шағын шаруа қожалықтарды кооперацияларға біріктіруді ұсынды. Кожевников «кооперацияға жұртты қуып кіргізетіндей, елде 1933 жыл емес екенін» еске салады. 

– Сүтті былай қойғанда, Беларусь жалпы ішкі өнімінің 18% ауыл шаруашылығына бағыттаса, Ресей 10%-ын бөледі. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 3%! Бір экономикалық одақтағы көрші мемлекеттер ауыл шаруашылығы саласына қаражатты көбірек бөледі де, тиісінше саланы дамытып отыр. Біз ауыл шаруашылығына жеткілікті деңгейде қаржы бөліп отырған жоқпыз, – дейді.

Агросарапшы Алмасбек Садырбаев мәселені ғылым арқылы реттеуден - бәрін селекциядан, генетикадан, жем-шөп саясатын дұрыстаудан бастауды ұсынады.

– Екі жыл бұрын Еуропадан Талдықорған жақтағы Ақсуға «жерси» тұқымды 600 сиыр сатып алды. Бұл сиырдың сүтінен әлемдегі ең қымбат ірімшік жасалады. Сиырды алып келгенімен, не қорасы жоқ, не жем-шөбі жоқ, салдарынан қаншама сиыр өліп қалды. Фермалар саламыз дейді, сол фермада істейтін зоотехник бар ма? Жоқ! Ветеринар бар ма? Жоқ! Жем-шөп шаруашылығын жүргізе алатын агроном ше? Жоқ! Жем-шөп өсіретін суармалы жер бар ма? Ол да жоқ! – дейді.

Бұл ойды «Родина» агрофирмасын жем-шөппен қамтып отырған Bek-Agro Trading компаниясының директоры Инна Бекмурзина құптайды және мәселені реттеуді алдымен, өсімдік шаруашылығын дамытудан бастау маңызды деп есептейді. 

– Жем алынатын рапсті өсіре алар едік. Ол үшін белгілі бір ғылыми институттар керек. Олар бізде жоқ. Ғалымдар да жоқ. Бізге қаншалықты дәнді-дақылдар кіргізіліп жатқанын анықтайтын институттар жоқ. Семинарлардың бірінде АҚШ-тан келгендер сояны Қазақстанға дейін жеткізе аламыз дейді, бірақ қайда апарарын білмейді. Қазақстан сояның 90% басқа елдерден әкеледі. Бізге қызылшаны өңдегеннен кейін қалатын сықпа керек болды. Мен барлық қант зауытына қоңырау шалдым, бәрі де «біз қызылша өңдемейміз, Бразилиядан қант құрағын әкелеміз» дейді. Айтарға сөзім жоқ! «Менің Отаным, менің өндірісім» деген түсінік жоқ па деймін. Саланы дамытушы институттар мен сенімді механизмдер керек, - дейді.

АШМ: бар мүмкіндік беріліп тұр

Сарапшылар пікірін білдік, ал сала министрлігі не айтады? АШМ мемлекет бар мүмкіндікті жасап, салаға субсидия бөлуде жомарттық танытып отыр дейді. 

«Қазақстанда мал шаруашылығына 2021-2023 жылдары 76,7 млрд теңге субсидия бөлінді. 2023 жылы агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың жалпы көлемі 439,8 млрд теңгені құраған. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына 105,3 млрд теңге, мал шаруашылығына 119,4 млрд теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамытуға 19,1 млрд теңге, қаржы құралдарының үлесіне 196 млрд теңге аударылған. 2023 жылы фермерлердің қуаңшылықтан зардап шеккенін ескеріп, Үкімет резервінен өсімдік шаруашылығына, мал шаруашылығына және қаржы құралдарына 30 млрд теңгеден 90 млрд теңге бөлуді қолдаған.

Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасына бөлінген 100 млрд теңгеден 17 мыңға жуық адамға микронесие берілді. 2029 жылға дейін бұл бағдарлама аясында 1 трлн теңге бөлу жоспарланған. 2023 жылы бөлінген қаржының 55 млрд теңгесі (9 365 микронесие) мал шаруашылығына берілген. Бұл несие мал бордақылап сатып, сүтті сиыр сатып алуға жұмсалады» дейді. 

Ал сүт жинау жұмысы шеңберінде сүт құнының 25% дейінгі мөлшерде инвестициялық субсидиялау; сүт тасығыш сатып алуға несие және/немесе лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған, яғни  6% қарыз алушы төлейді, қалғаны бюджет есебінен субсидияланады.

Сүт қабылдау қосындарын құруға, жабдықтарды, зертхана жабдықтарын сатып алуға жұмсаған шығын өтеледі. Инвестиция салымдарын өтеу үлесі 25% құрайды. Сүт тасымалдауға арналған көлік сатып алса да шығысы өтеледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 70% жеңілдік көздейтін арнайы салық режимі қолданылады. Осылайша, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін бар жағдай жасалған. Заңнамалық негіз бар, жеңілдікті кредиттеуге бюджет қаражаты қарастырылған, субсидиялардың жоғары нормативтері мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін жеңілдетілген салық салу көзделген.  

Олай болса, елдегі кооперативтер неге аяққа тұрып кете алмай тұр? Олар сүт зауыттарын неге сүтке толтыра алмай жатыр?

Министрлікке қойған бұл сұраққа: «Солтүстік Қазақстан облысының ірі тауарлы сүт фермаларын жеңілдетілген қаржыландыру тәжірибесін қайталау арқылы отандық сүт зауыттары жоғары сапалы шикізатпен қамтамасыз етіліп, сүт импортына тәуелділік айтарлықтай төмендейді. Осы мақсатқа 2023 жылы қуаты жылына 373 мың тонна сүт құрайтын 65 сүт тауарлы фермасын құруға 100 млрд теңге бөлінді. Бұл  сүт саласының бәсекеге қабілетін арттырады деп ойлаймыз», – деп жауап берді.  

Сонымен бірге 2022 жылы сүт өңдеу бойынша жалпы қуаты 7,4 мың тоннаны құрайтын 10 кәсіпорын іске қосылғанын, 2024-2026 жылдары жалпы қуаты 150 мың тонналық сүт өңдейтін 10 жобаны іске қосу жоспарда барын айтады. Ал біздегі дерек бойынша соңғы бес жылда елде 9 сүт өңдеу зауыты қаржылық қиындыққа байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан.

“Біліктілік курсын өзіміз өткіземіз”

Сүт шаруашылығындағы бірқатар мәселені талдай келе, ең негізгілері: шикі сүттің жетіспеуі, жиналған сүттің сапасы, жем-шөп құнарының төмендігі, импорт тауарлардың баға демпингі дегенге тоқтадық. Бұл мәселені әр мекеме өзінше шешуге тырысып жатыр. Мысал ретінде біз ат басын тіреген Ақмола облысындағы «Родина» агрофирмасы тәжірибесін атауға болады. Агрофирма директорының орынбасары Рустам Қаркеновтің айтуынша, мұнда 2400 бас сиыр күніне үш рет сауылады.  Тәулігіне 90 тонна сүт жиналып, бірден сол ауылда өңделіп, өнім түрлері шығарылады. 

– Үш жыл бұрын бір сиырдан тәулігіне 32 литр сүт алатын едік. Ал бүгіндері бір сиырдан күніне 35-37 литр сүт аламыз. Алдағы уақытта жылына сауын сиыр басын 200-300 басқа арттыра отырып, тәулігіне сауылатын сүт көлемін 100 тоннадан асыруды көздеп отырмыз, – дейді Рустам Қаркенов. 

Астана, Қарағанды мен Көкшетауға сүт және сүт өнімдерін жеткізіп отырған «Родина» осы қарқыннан таймаса, экспорт географиясын басқа қалаларға да (сүт өнімдерінің 20-ға жуық түрін өндіреді) бағыттай алады.

Шаруашылық басында Рустам Қаркеновпен сұхбат

Өзге өңірдегі сүт өндіруші зауыттар шикі сүт мәселесімен бас қатырып отырғанда, «Родина» өзін-өзі шикізатпен толық қамтуға, бір сиырдан 37 литрге дейінгі сүт алу көрсеткішіне қалай жетті?  

Агрофирма, алдымен, Есіл өзенінен су тұтынуға рұқсат алып, тамшылатып суару технологиясын пайдаланып, 2 мың гектар жерге бидай, жоңышқа, жүгері, пішен, шөп екті. Малға берілетін жем-шөптің негізгі рационы сүр шөп пен пішеннен тұрады. Концентрациялық жем мен шөпті бірге араластырады. Жем-шөптің құрамын байыту үшін түрлі премикстер қосады. Осылайша, үйлесімді рацион сиырдың сүттілігін арттырып, денсаулығын күшейтеді. Нәтижесінде агрофирма сиыр сауу жағынан 2023 жылы республикада бірінші орынға шықты.

Кейінгі жылдары қуаңшылықты есепке алып, жем-шөптің екі жылдық қорын жинауды әдетке айналдырды. 

Екіншіден, «Родина» былтыр ақпан айынан бастап шет елден ветеринар мамандарды шақырып, жұмысшыларына апталық курстар өткізді. Бұл бағытта «Родинаға» Bek-Agro Trading компаниясы көмектеседі.  

– Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие бөлінгелі жатыр. Осы бағдарлама арқылы  жағдайды аз да болса реттеуге мүмкіндік бар. Орталық, шығыс, оңтүстік аймақтар әлбетте, сүт жағынан өз-өзін қамтитын шығар. Бірақ батыс өңірлерде мұндай мүмкіндік жоқ. Меніңше, батыста суармалы жерді кеңейтіп, өсімдік шаруашылығын дамыту керек. Мал шаруашылығының басты міндеті – мал сатып алып, ол үшін даңғарадай қора салу емес, ең алдымен, жем-шөптің сапалы болуы, сонда ғана сиыр сүтті болады, – дейді Рустам Қаркенов.

Шетел тәжірибесі не дейді?

Жаңа Зеландия – ірі сүт державасы. Халықаралық нарыққа сүт өнімдерін жеткізетін негізгі тасымалдаушының бірі. 2023 жылы Fonterra  компаниясы Global Dairy Top-20 ақша айналымы рейтингінде әлемнің ірі сүт өндіруші компаниялар тізімінде 9-орыннан көрінген. Жаңа Зеландияда сауылатын сүттің 95% сүт болып сауылып, өңделген сүт немесе сүт өнімдері ретінде экспортқа шығарылады.

Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Дана Омарова Жаңа Зеландиядағы дәл осы Fonterra сүт зауытының тәжірибесіне назар аударуға шақырады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, Жаңа Зеландияда сүт өндірісі 21 млн тоннаны құраған. 2022 жылы бір сиырдың сауылатын сүт көлемі 386 келі құрғақ сүт ұнтағына (216 келі сүт майы мен 169 келі ақуыз) жеткен. Жаңа Зеландияда сауылатын сүт мөлшері литрмен емес, құрғақ ұнтақ түрінде есептеледі. Сүт қабылданған, есепке тіркелген, статистика жүргізілген кезде мөлшер шикі сүт түрінде есептелмейді. Ең алдымен, сүт майы мен ақуыз есепке алынады. Аталған елде ең алдымен, ірі қара санын арттыру, жаңа сүт зауыттарын ашып, жарақтандыру және қолданыстағы фермаларды дамыту есебінен сүт өнімдері өндірісі жыл сайын өсіп келеді.

Жаңа Зеландияда 2021 жылдың 1 маусымынан бастап фермерлер тиімділіктің әртүрлі көрсеткіштеріне жету үшін сүт бағасымен әр құрғақ сүттің келісі үшін 0,7 доллар көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ, ол елде сүт өндірісінің күрт дамуынеа 2013 жылы іске қосылған Darfield D2 құрғатқыш құрылғысы мұрындық болған. Бұл құрылғы сағатына 30 тонна құрғақ сүт өндіруге мүмкіндік береді. Күн сайын 4,5 млн литр сүт өңдеуге қауқарлы.

Табынның тұрақтылығы мен өнімділігін қамтамасыз ету үшін Fonterra «Табынды тестілеу» әдісін қолданады. Яғни агромамандар тестілеу кезінде табындағы әр сиырдың сүтіне талдау жасайды. Тестілеу нәтижесінде фермерлер әр сиырдың қанша көлемде сүт беретінін, ол сүттің майы мен ақуызы, соматикалық клеткалары қанша екенін анықтайды. Табынды тестілеу арқылы сүт аз беретін, өнімділігі төмен немесе жоғары, маститке шалдыққан сиырларды айқындауға болады. Ол сиырлар бірден жеке қораға бөлініп емделеді.

Сонымен, қандай шешім ұсынамыз?

Қазақстан былтыр мамыр айынан Ресейдің 4 сүт өңдеу зауытына «күшейтілген зертханалық бақылау», ал бір кәсіпорнына «уақытша шектеу» ветеринарлық-санитарлық шара қолданған. Бұдан басқа шектеу қоя алмайды. Себебі экономикалық одақтың еркін сауда айналымына сүйенген ресейлік кәсіпкерлер Еуразия экономикалық комиссиясына шағымданады. Бұл – экономикалық одақтағы бітпес дау.  

Жуырда ғана өткен Үкімет сағатында депутат Болатбек Әлиев «сүт саласындағы кәсіпкерлерді жылыжай иелерінің тағдыры күтіп тұрған жоқ па?» деген мәселе көтерді.

– Сіздер (сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке қарата – авт.) шекараны жаба алмадыңыздар да, протекционизм адырам қалып, біз түрікмен томатына зәру боп қалдық. Оңтүстікте жылыжай иелерінің бәрін өлтіріп болдық. Енді оңтүстікте Қырғызстан, солтүстікте Ресей мен Беларустың сүті қаптап кетті, – дейді депутат.

Экономист Меруерт Махмұтова көп мәселе Қазақстан шенеуніктерінің саяси жігеріне қатысты екенін айтады. 

– Біздің ауылшаруашылығы саласымен айналысатын өндірушілердің бәрі Ресейден келген арзан импорттан шығынға батты. Ресей өз пайдасын ойлап, шектеу керек болса салады, біздің үкімет қорқып отыр, – дейді.

Ал экономист Жарас Ахметов Ресей мен Беларустен, Қырғызстаннан келетін сүт өнімдеріне тарифтен тыс шектеулер енгізу керек деп санайды. 

– Өздері секілді өнімнің түрлі сапасы жайлы сертификат, стандарт талап етуіміз керек. Ресей бізден гөрі осындай тетікті көп қолданады, - дейді. Бұл пікірді экономист Сапарбай Жобаев та қолдайды. Сонымен қатар, ол Қазақстан ЕАЭО ішінде болса да, Ресейден, Беларустен келетін тауарларға салынатын қосылған құн салығын арттыруға болады деп санайды. Себебі ол тауардың барлығы біздің нарық үшін импорт саналады. 

...Өзекті мәселені саяси жігер арқылы шешу ұзақ уақытқа созылады және талқылауларды талап етеді. Сондықтан біз мәселенің шешімін  ұзақ және қысқа мерзімді деп бөлуді жөн көрдік.

Ұзақмерзімді шешім:

  • қаржыландыруды арттыру, қазір ауыл шаруашылығына 100 млрд теңге бөлінгенімен, ол қаржы сүт өндірісі бағытына жеткенше азайып қалады;
  • жеке және қосалқы шаруашылықтарға мал, дәнді-дақыл, жем-шөп, техника сатып алу үшін қаражат беру;
  • қаржыландырудың басым бөлігін агроғылымға бағыттау (селекция, генетика, жем-шөп саясатын дұрыстау);
  • агроуниверситеттер түлектерінің біліктілігін арттырып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес, ауылдарда сүт тауарлы фермаларда еңбек етуіне жағдай жасау.

Қысқамерзімді шешім:

Жаңазеландиялық Fonterra компаниясы қолданып отырған Darfield D2 құрғатқыш құрылғысын Қазақстанға жеткізу және енгізу. Құрылғыны сатып алуға қауқарлы агрофирмаларға мемлекет жеңілдікпен қаражат бөлгені жөн. Әлбетте, мұндай ауқымды құрылғыны сүтке толтыру үшін шағын шаруа қожалықтарына сүттің әр литріне берілетін субсидияны көбейту маңызды. Ауыл адамдарынан жиналатын сүтті сүт фермалары техрегламентке сай өнім сапасын анықтайтын құрылғымен қабылдауы шарт. Әр ауылдағы әр адамға өткізген әр литр сүт үшін мемлекеттен субсидия берілсе, өзара сауда сүт өткізушіге де, қабылдаушыға да тиімді болады. 

Darfield D2 құрғатқыш құрылғысынан арзан, қолжетімді   сүт қатыру құрылғылары барын да айтып өткен жөн. Бұл құрылғылар сүттің жаңа сауылған қалпындағы сапасы мен қасиетін сақтай алады. Әдетте, шикі сүтті қатырғанда оның ақуызы түбіне түседі. Ал қарқынды қатыру технологиясы бойынша сүт қатқан жағдайда ақуыз алғашқы күйінде қалады. Сүтті қарқынды қатыру құрылғыларының түр-түрі бар, бағасы қолжетімді. Мемлекеттің сүтті бағытқа бөліп отырған қаражатының бір бөлігін осы құрылғыларды алуға жұмсап, сүт-тауарлы фермаларына таратса, шикізат мәселесін шешуге болады.

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.