×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Соғыс Ресейге емес, Путинге керек немесе саяси амбиция мүңкіген режим

23.02.2024, 09:50
Коллаж: ulysmedia.kz.

Екі жыл бұрын Ресей әскері Украинаға басып кіріп, соғыс өрті тұтанды. 2022 жылдың 24 ақпаны күні таңертең Ресей президенті В.Путин «арнайы әскери операцияның” басталғанын жариялап, мұны Украинаның орыс ұлтына қарсы саясатына жауап және Луганск Халықтық Республикасы (ЛХР) мен Донецк Халықтық Республикасын (ДХР)  қорғау мақсатында деп түсіндірді. 

Екі жыл ішінде өзара соғысушы елдер мен жалпы әлемде қандай өзгерістер болды, Ulysmedia.kz сарапшысы зерттеу жүргізіп көрді. 

Бұл соғыс Ресейдің бірінші соғысы емес. КСРО ыдырағаннан кейін бұл елде абсолютті дербестікке ұмтылған республикаларға деген кіжініс бар. Оған анық мысал ретінде Молдова мен Грузияны айтуға болады. Аталған мемлекеттерге қатысты үнемі әртүрлі әрекет жасалды. Соның нәтижесінде Приднестровье, Абхазия, Оңтүстік Осетия сияқты квази субъектілер пайда болды. Ресей армиясы Грузияға 2008 жылы басып кірді. Екі дүркін өткен шешен соғысы да дербестікке ұмтылған республиканы күйзелтіп кетті. 

Ресей билігінің Украинаны басып алу жоспары біраз жыл бұрын ойластырылған еді. Оған алғашқы қадам ретінде Қырым аннекциясы мен Луганск және Донецк облыстарын басып алуды жатқызуға болады. 

2022 жылдың ақпанында Путин Украинаға жойқын соққы беретінін, бұл арнайы операция қысқа уақытта аяқталатынын айтты. Мұны кремльдік пропаганда іліп әкетті, БАҚ Киевті басып алуға үш күн жетеді деп сенімді түрде жариялады, ал бүкіл ел аумағын басып алуға бір апта уақыт кететінін айтып, сүйінші сұрап та қойды. Бірақ украин әскері мен еріктілерден құралған жасақ ескі-құсқы кеңестік техника мен қаруды қолданып, Ресейдің алға жылжуына тосқауыл қоя білді. Соғыстың алғашқы кездерінде Украинада шетелдік әскери техника жоқ еді.

Соғыстың алғашқы күні. 2022 жылдың 24 ақпаны

Путин айтқан “жойқын соққы” әлсіз болып шықты. Бірақ мұны ресейлік пропаганда мойындамады, керісінше, ақталуға тырысты. Сондағы бар айтқаны: “Украинаға Батыстың қолдауы күшті болды, қару-жарақпен, техникамен және оқ-дәрімен көмектесті, НАТО күштерінің жасырын көмегі де ықпал етті”. Дегенмен Батыстың көмегі Украина Қарулы Күштері жауды Киевтен және басқа орталықтардан шегіндіргеннен кейін ғана келе бастады.

Ресей және әлем

Путин Қытайдан қолдау болады деп күтті. Өйткені дәл сол шақтарда Қытай АҚШ-пен текетіресіп тұрған. Алайда Қытай басшылығы мәселені таспен емес, аспен шешкен дұрыс деген саясатқа жүгініп, күш-жігерін бейбіт келіссөздерге бағыттады. 

Қытай төрағасы Си Цзинипин

- Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі және әлемдегі тұрақтылыққа жауапты мемлекет ретінде біз қол қусырып отырмаймыз, жағдайды өз мақсатымызға пайдаланып, отқа май құймаймыз да, біз бұл кикілжіңнен пайда табуды көздемейміз», - деді Си Цзиньпин.

Алайда Қытай Ресейдің өзге әлемнен оқшаулануын өз мақсатына пайдаланып, ресейлік мұнайдың ең үлкен сатып алушысына айналды, мұнайды өзіне тиімді бағада сатып алды. Ресей газының негізгі тұтынушысы болып саналатын Еуропа Кремльдің экономикалық қысымына соғыстың алғашқы жылында төтеп берді. Ресей есебі бойынша еуропалықтар қыстың суығына шыдамай, өз үкіметіне Украинаға көмек көрсетуге қарсы шығуы тиіс болатын. Бірақ бұл есеп те сәтсіз болды. Арам пиғылға құрылған жоспарларға қарамастан, Еуропада соғыстың бірінші жылында экономикалық дағдарыс сезіле қоймады әрі жаппай қоғамдық наразылық анау айтқандай байқалмады. Ресей газының импорты тоқтағалы бері батыс елдері өздерінің энергетикалық нарығын қайта форматтауға көшті. Бұл процесс әлі де жалғасуда. 

ЕАЭО елдері, соның ішінде Қазақстан да Ресейге қарсы санкциялық режимді сақтайтынын мәлімдеді. Әрине, санкцияларды айналып өту жағдайлары жоқ емес, алайда мемлекет басшылары санкцияны бұзу өз елдерінің экономикасына қандай ауыр соққы болатынын жете түсініп отыр. 

Владимир Путиннің “Оңтүстік пен Солтүстік” текетіресін қолдан жасау әрекеті де сәтсіз аяқталды. «Арнайы әскери операцияны» тек Солтүстік Корея мен Иран ғана қолдады. Өйткені олардың санкциядан көз ашпай отыр.  

Соғыс және босқындар

Соғыстың басталуы орыс қоғамын дүрбелеңге салды. Бауырлас украин халқына қарсы соғыс басталарына әу баста ешкім сенбеген еді. 

Дүрбелеңнің алғашқы белгісі – елден үдере көшу. Әртүрлі деректер бойынша, соғыстың бірінші жылында Ресейден 500 мыңнан 1,3 миллионға дейін азамат көшіп кеткен. 2022 жылдың қыркүйегінде жарияланған мобилизациядан кейін Ресейден жаппай көшудің екінші толқыны басталды. Ол кезде Қазақстанға 400 мыңдай ресейлік келді. Оның басты себебі – соғыстан қашу.
Негізінен Ресей азаматтары визасыз елдерге – Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Моңғолия, Түркия және Тәжікстанға барған. Бірақ бұл елдерде оларды қуана күтіп отырған ешкім жоқ еді, босқындар мәселесі жергілікті халық үшін жаппай наразылық шаралары ұласты. 

Украина босқындары

Ресей азаматтарының келуіне қарсы шаралар ретінде визасыз режимнің мерзімін шектеу, виза беруден бас тарту, ресейлік нөмірлі көліктердің кіруіне тыйым салу, шенген аймағына кіруге шектеу қою және т.б. шараларды атасақ болады.

Украина халқы соғыстан зор зардап шекті. Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті ұйымның дерегі бойынша, 2022 жылдың ақпан айынан бері 10 312 адам қаза тапқан, оның 576-сы - бала. 19530 адам түрлі жарақат алған, оның 1277-сі - бала.

Миллиондаған украиналық шетелге қашуға мәжбүр болды. Тіпті Еуроодақ арнайы бағдарлама да жариялады, оның аясында украиндық босқындар Одақ елдерінің азаматтарымен бірдей дерлік құқықтарға ие болды: жұмысқа орналасуға, білім алуға, тегін медициналық көмекке, әлеуметтік көмекке және т.б. Ресми деректерге сәйкес, қазір Еуроодақ елдерінде 4 миллион 238 мың украиндық тұрады. Олардың көпшілігі Германияда (1,21 миллион адам), Польшада (960 мың) және Чехияда (365 мыңға жуық адам).

Ресейдегі дағдарыстың күшеюі

Соғыстың болып жатқанына екі жыл толды. Осы аралықта Ресей халқының көсегесі көгеріп кеткен жоқ, керісінше, наразылыққа шығып, терең дағдарысты бастан кешіруде.  
Биліктің беделіне ауыр соққы Ресей әскери басшылығын ашық сынаған Пригожиннің көтерілісі болды. “Вагнер” жеке әскери компаниясының Мәскеуге маршы кезінде Ресей қарулы күштері лайықты қарсылық таныта алмады. Бұл Путин мен оның жақтастарының зәресін ұшырды. Құтылудың бірден-бір жолы көтерілісшілермен келісімге келу болатын. Сахна сыртындағы сауда-саттық қызу жүріп жатты.

“Вагнер” басшысы болған Пригожиннің Дондағы Ростовқа әскерімен келген сәті

Мемлекетке опасыздық жасады деген ауыр айып тағылғанына қарамастан, Пригожинге рақымшылық жасалып, оның қарамағындағы әскер Беларуське орын ауыстырды. Кейін көтеріліс басшысы Пригожиннің апатқа ұшырап, қаза тапқаны хабарланды. Соғыс жалғаса берді. 

Ресей билігінің әскерге шақырылушылар майданға жіберілмейді деген уәдесі құр сөз болып қалды. Келісімшарт бойынша әскер қатарын толықтырып отырды. 

Бұл ретте негізгі мобилизация автономиялық республикалар аумағында жүргізілді. Тіпті интернетте «Путиннің жауынгер буряттары» туралы мем пайда болды. Әскер қатарын толықтыру үшін билік түрмедегі жазасын өтеушілерді де пайдаланды. Оларға қылмысын кешіру және түрлі жеңілдіктер уәде етілді. Сондай-ақ Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарын мобилизациялау арқылы әскер санын арттыруға тырысты. Оларға Ресей азаматтығын береміз деп емексітті.

Украина да шетелдіктерді пайдаланады. Бұл елдің заңнамасына сәйкес, азаматтығына қарамастан барлық әскери қызметкер бірдей өтемақы мен жеңілдіктер алуға құқылы. Украина қарулы күштерінің қатарына қосылған шетелдіктер соғыс кезінде жарақаттанса, өтемақы ала алады, ал егер олар шайқаста қаза тапса, олардың отбасыларына 400 мың доллар көлемінде өтемақы төленеді. Украинада қазірдің өзінде Кавказ, Ресей аймақтары және Орталық Азия тұрғындарынан құралған ұлттық жасақтар бар.

Ресейде қазір экономиканың түрлі саласында түйткілді мәселелер көп. Мәселен, 59 өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында апат болды. Соның кесірінен үш миллионға жуық тұрғын жылусыз, ыстық сусыз отырды. Апат кезінде 43 жұмысшы қайнаған суға күйіп, айтарлықтай зардап шекті. Ресей Құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға қарай қаладағы маңызды инфрақұрылымды жөндеуге тоғыз триллион рубльге дейін қаражат қажет болады. Көптеген аймақта коммуналдық қызметтер тарифтерін 15 пайызға дейін көтеру жоспарлануда. 
Жалпы экономикалық дағдарыс, бағаның өсуі, азық-түлік пен қажетті тауарлардың жеткізілу тізбегінің бұзылуы, әскердің қынадай қырылуы секілді мәселелер Бурятияда, Башқұртстанда, Мәскеуде және басқа да аймақтарда жаппай наразылық тудырды. 

Батыстың бөлінуі

Кремль Украинаға көмектесіп отырған Еуроодақ пен Батыстың бірлігін әлсірету мақсатында түрлі қитұрқылыққа баруда. Осы мақсатта Франция президенті Э.Макрон мәселені келіссөздер арқылы шешуге талпыныс жасады, Түркия көшбасшысы Р.Ердоған Норвегия мен Финляндияның НАТО-ға қосылуы мәселесі бойынша, Венгрия премьер-министрі Орбан Украинаның ЕО және НАТО-ға қосылуы мәселесі бойынша мәлімдемелер жасады. 

Кремльдің осы мақсаттағы тағы бір жоспары Америка Құрама Штаттарындағы президент сайлауына қатысты. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына ден қойып отыруы да тегіннен-тегін емес. Өйткені қазір билікте отырған демократтарға қарсы республика партиясы атынан бұрынғы президент Д.Трамп сайлауға түспекші. Дональд Трамп егер НАТО бюджетіне жарна төленбесе, онда ол елді қорғаудың қажеті жоқтығын, тіпті ол мемлекетке Ресей не істеймін десе де еркі білсін дегенді айтты.

Бұған дейін (АҚШ президенті болып тұрғанда) Трамп НАТО блогынан шығуымыз мүмкін дегенді айтқан. Ресейлік пропаганда өткен сайлауда Трамптың ресейшіл ұстанымын бірнеше рет атап өтті. Бірақ ол президент болып сайланып алғаннан кейін, керісінше, Ресейге қарсы саясатын күшейтті. Кремльдің үгітшілері мұны ұмытпаса да, дәл қазіргі жағдайда Трамптың осы мәнде айтылған мәлімдемесін өз идеологиясына қолданып жатыр. 

НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг

«Вашингтонның ең жақын одақтастарының аумағына қанды ауыз Ресейдің басып кіруін ынталандыру тым қорқынышты және ол бізді алаңдатады. Бұл әрі-беріден соң Америка Құрама Штаттарының ұлттық қауіпсіздігіне, жаһандық қауіпсіздікке және АҚШ экономикасының тұрақтылығына қауіп төндіреді», - деді Ақ үйдің ресми өкілі Бейтс.

- НАТО барлық одақтас елді қорғауға дайын және оған күш-қуаты жетеді.. НАТО-ға кез келген шабуылға жұмылған жұдырықтай ауыр соққыжасауға дайын. Одақтастар бір-бірін қорғамайды деген сөздің өзі сенімге селкеу түсіреді. Мұндай қаңқу сөздер  біздің ортақ қауіпсіздігімізге нұқсан келтіреді және американдық-еуропалық сарбаздардың басын қатерге тігеді», - деді НАТО Бас хатшысы Йенс Столтенберг.

Ұзаққа созылатын соғыс

Америкалық журналист Карлсонға берген сұхбатында президент Путин Украинаның келіссөздер жүргізуге мүмкіндігі барын айтты. Украина ақ туын желбіретіп, жеңілдім деп келсе, келіссөздер үстеліне отыруға дайынмын дейді Путин. Ол үшін Украина басшылығына Кремльге адал адам келуі тиіс, Қырым, Луганск және Донецк облыстарының Ресейге қосылғанын мойындауы керек.  Олай болмаған жағдайда, соғыс жеңіспен аяқталғанша тоқтамаймын дейді В.Путин. 

Путиннің бұл сөзінен соғыстан бас тарту оның режимі үшін қауіпті екенін аңғарамыз. Соғыстан бас тарту әлсіздік болып есептеледі, ал оны Путин мойындайын деп отырған жоқ. Сондықтан Кремль соғысты жалғастыруға және оған қажетті ресурстарды табуға бар күш-жігерін салуда.

Екінші жағынан, Ресей президенті Украина халқының бірлігін нығайту үшін көп тер де, қан да төкті. Келтірілген зор шығындарға, бомбалауға және бейбіт тұрғындардың күн сайын өліп жатқанына қарамастан, сауалнамаға қатысқан украиналықтардың 92 пайызы бітімге келудің жалғыз шарты Ресей әскерлерін Украинаның бүкіл аумағынан, соның ішінде 2014 жылы аннексияланған Қырымнан шығару деп санайды. Тек 12 пайызы Қырымды дауламауға келісім береді. Шамамен осыншама украиналық (14 пайыз) атысты тоқтату үшін Ресей әскерінің соғыс басталардан бұрынғы Украина территориясынан шығуына келіседі. Украиндықтардың тек 2 пайызы ғана Ресейге басып алынған аумақтарда әскер қалдыруға рұқсат беруге дайын. 94 пайызы мүлдем қарсы.

Соғыс жалғасып жатыр. Айтылған факторлар соғыстың әлі де ұзаққа созылатынын көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары