×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Мұнайлы өңірдің басшылары: Ереуілге қарауыл болған әкімдер кімдер

27.02.2024, 08:18
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдар ішінде Маңғыстау облысын басқарған он шақты әкім бар. Өңірдің қазіргі жағдайына бірінші кезекте солар жауапты. Әдетте, «қызу қанды» аймақтың басшылығына «Астана көрген» әкімдер тағайындалды. Ал кейбіреулері тіпті облыс әкімі болып аз ғана уақыт отырғанның өзінде қызметтік карьерасында жылдам көтерілді. Олардың артында қалған мол «мұра» өңір халқының тұрмыс-тіршілігіне оң әсер етті дей алмаймыз.

Ulysmedia.kz тілшісі Маңғыстау облысындағы 12 әкімнің әрқайсысының аты-жөнін тізімдеп, олардың атқарған қызметін саралауға тырысты.

Федор Новиков

Облыстың бірінші басшысы Федор Новиков туралы мәлімет аз. Кеңестік партия қызметкері, ауыл шаруашылығы маманы облысты 1990-1993 жылдар аралығында басқарды. Оған дейін Қазақ КСР-де түрлі жауапты қызметтер атқарды, тіпті республиканың Ет және сүт өнеркәсібі министрлігін де басқарды. Сол жылдардағы көптеген партиялық қызметкер сияқты оған да нарықтық экономика тәртібімен аймақ басқару қиынға түсті. Сондықтан ол үш жылдан кейін мұнайшы Ләззат Қиыновқа креслосын босатып беріп, қызметтен кетті. 

Ләззат Қиынов

Л.Қиынов Маңғыстау облысы әкімі креслосында екі қайтара отырды. Біріншісінде – 1993-1995 жж. әкім қызметіне «Маңғыстаумұнайгаз» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры қызметінен ауысты. Мұнайлы өңірді басқарудағы мол тәжірибесі Қиыновты талай сында қиындықтардан алып шықты. Әкім қызметінен кейін ол елдегі ірі мұнай корпорацияларын басқарып, тіпті салалық министрлікте де еңбек етті. 1995-1997 жж. ҚР Мұнай және газ вице-министрі, 1997-1999 жж. «Каспий-Құбыр» концорциумы бас директорының орынбасары болып қызмет етті. 1999 жылы қайтадан Маңғыстау облысын басқарып, 2002 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті болды. Бұдан кейінгі жылдары ҚР Энергетика вице-министрі, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы, Сенат депутаты болды. 

Вячеслав Левитин

Л.Қиынов 1995-1997 жж. жаңа биіктерді бағындырып жүргенде, облысты В.Левитин басқарды. Бұл қызметке дейін ол Маңғышлақ энергокомбинаты БН-350 реакторлық зауытының бас инженері болып еңбек еткен. Одан кейін «МАЭК»-ті басқарған. Әкім қызметінен босаған Левитин  Ресейге көшіп, сол жақта жеке алпауыт корпорацияларда басшылық қызметке тұрды. 

Николай Баев

Левитиннен кейін стратегиялық маңызы бар аймақты басқаруға астана кеңселерін көрген Н.Баев келді. Маңғыстауға әкім болғанға дейін ол Министрлер Кабинетi жанындағы Қорғаныс өнеркәсiбi комитетi төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрi, Үкімет басшысының кеңесшісі қызметтерінде болған. 2002 жылы креслосын өңірге қайтадан әкім болып тағайындалған Ләззат Қиыновқа босатты.

Болат Палымбетов

2002 жылы Қиынов «ҚазМұнайГазды» басқаруға кеткенде, Болат Палымбетов мұнайлы өлкенің тізгінін ұстады. Болат Әбілқасымұлы Маңғыстау облысының ең танымал және ұзақ басқарған әкімдерінің бірі болды. Маңғыстаулықтар бұл әкімді еске алғанда, оның еңбек еткен жылдарын өңірдің аяқтан тұру кезеңімен байланыстырады. Б.Палымбетов өңірді 2002-2006 жж. басқарды. Бірақ облыстың гүлденуі әкімнің қажыр-қайратының арқасында ма, әлде сол кездегі мұнай бағасының әлемдік нарықта өсуі әсер етті ме, оны нақты айту қиын. 

Әйтеуір, Палымбетов басқарған кезде Маңғыстауда жалақы көтеріліп, жаңадан білім, мәдениет және медициналық нысандар салына бастады. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатының жақсаруына әсер етті, елде мүлікті қайта бөлу және шетелдік инвестицияларды тарту белсенді жүргізілді. Бұл факторлар Палымбетовтың рейтингісіне оң әсер етті.

Айтпақшы, Ақтаудағы пальмалар дизайнының негізгі инициаторы да осы әкім болатын. Оның тапсырмасымен сынақ ретінде әкімдік алдына пальмалар отырғызылды. Одан кейін тәжірибе ретінде әкімдік жанындағы ванналарға пальмалар отырғызылды. Арада бірнеше жыл өткенде Ақтауда, қарт Каспийдің жағасында жасанды пальмалар сәнге айналды. 

Дегенмен жағымсыз тұстары да болды. Палымбетов тұсында көптеген ақтаулықтарды жұмыспен қамтамасыз еткен стратегиялық нысан – Маңғыстау атом электр станциясы өз жұмысын тоқтатты.

Қырымбек Көшербаев

Бірақ «қызмет қолдың кірі деген бар емес пе?» 2006 жылдың қаңтарында Палымбетовтың орнына Қырымбек Көшербаев тағайындалды. Маңғыстау облысы әкімдерінің арасында Көшербаев ең ұзақ отырған әкім болды. Көшербаев бұл қызметті, 2006-2011 жылдар аралығында, бес жыл атқарды.

Әкім тұрғындардың көкейтесті мәселелерін шешуді өз жауапкершілігіне алды, баспасөзге ашық болды, қоғам белсенділерінен қашпай, жайсыз сұрақтардан аттап өтпеді. 

2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылардың жаппай ереуілі кезіндегі саяси қудалау мен қару қолдану маңғыстаулықтардың облыс әкіміне ғана емес, ел басшылығына деген сеніміне нұқсан келтірді, қасықтап жинаған абыройды шелектеп төккендей болды.  

Бір қызығы, мұндай сәтсіздіктен кейін керісінше, Қырымбек Көшербаевтың мансабы өсті.

2012 жылы, алдымен, президенттің кеңесшісі, кейін премьер-министрдің орынбасары, 2013 жылы Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Тіпті кейінірек ол президент әкімшілігінің басшысы және мемлекеттік хатшы қызметтерін атқарды. 

Бауыржан Мұхамеджанов

Жаңаөзен оқиғасынан кейін Маңғыстаудың әкімі болып бұрынғы Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов тағайындалды. Әкім лауазымына дейін күштік құрылымда қызмет еткен Мұхамеджанов өңір халқын тыныштандыруға, Жаңаөзен оқиғасынан кейін ішкі тұрақтылықты күшейтуге жұмыстанды. Ол бұл қызметте 2011 жылдың 22 желтоқсаны мен 2013 жылдың 18 қаңтары аралығында болып, креслоны өз еркімен босатты. 

Маңғыстау облысын басқарғаннан кейін Мұхамеджановтың саяси мансабы аяқталды. Дәлірек айтсақ, ол бірде Литвада, Латвияда, енді бірде Грузияда Қазақстан елшісі болып қызмет етті. Елші дегенің біздің елде саяси күштен гөрі еңбек демалысына дейінгі қызмет екені көпке мәлім. 

Алик Айдарбаев

Мұнайлы өңірдің келесі әкімі тағы да мұнайшы болды. Алик Айдарбаев бұл қызметке «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан келді. Дәлірек айтсақ, сол жылдары «Өзенмұнайгаз» жетекшілік еткен «ҚазМұнайГаз»-дың «Барлау Өндіру ҚазМұнайГаз» бөлімшесі болатын.  Оның билігі кезінде еліміз экономикалық дағдарысқа ұшырап, бұл процесс аймақтағы мұнай өндіру көлеміне айтарлықтай әсер етті. Тарихи отанына оралған Қандастар (ол кезде оралмандар деп атайтын) мұнай-газ кәсіпорындарына жұмысқа орналасуды талап етті. Алайда «Маңғыстаумұнайгаз» немесе «Өзенмұнайгаз» компанияларында барлығына жұмыс табу мүмкін емес еді. Осы күрделі жағдайды шешу облысты басқарған Алик Айдарбаевтың негізгі функциясына айналды. Ол осы міндетті қалай атқарды, ол жағы екінші мәселе. 

Нәтиженің қандай болғанына қарамастан, облыс басшысы қызметінен кеткеннен кейін ол жақсы қызметке қол жеткізді. 2017 жылдың 16 наурызынан бастап Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі, 2018 жылдың қаңтарында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды, кейін «Самұрық-Энерго» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы және  «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы болып қызмет етті.

Ералы Тоғжанов

Айдарбаевтан кейін облыс әкімінің креслосына Ералы Тоғжанов отырды. Энергетика саласында тәжірибесі жоқ Тоғжановтың аймақ басшысы қызметіне тағайындалуы маңғыстаулықтарды біршама таң қалдырды. Тіпті, бұл тағайындау оның сөзге шешендігі, түрлі басқосулар, жиындар, конференцияларды өткізудегі тәжірибесі, сондай-ақ әдемі картина жасай алатын «суреткерлігінің» арқасында жүзеге асты деп те айтылды. Теннис ойнап, татамиде күресіп, жергілікті БАҚ-та үнемі сұқбат беріп жүрсеңіз, сіз де әкім болып шыға келесіз. 
Рас, желіде Тоғжанов орынбасарын ұрып-соқты деген қауесет тарай бастаған шақтар болды... Бірақ ол қауесет күйінде қалды. 

Тоғжановтың жоқтан бар жасайтын жасампаз қасиеті мұнайшылардың мәселесін шешуде жеткіліксіз болып шықты. Сондықтан болуы керек, Тоғжанов әкім қызметінде екі жылдан сәл астам уақыт қана отырды. Есесіне әкімдік қызметтен кейін жоғарыға өрлеп, Үкімет басшысының орынбасары болды. 2021 жылы газ бағасының көтерілуіне қарсы митингілер кезінде ресми Астана оны келіссөздер жүргізуге Ақтауға жіберді. 

Серікбай Тұрымов

Әкімдердің «сырттан» келуі, маңғыстаулықтардың қытығына тиетін. Билік бұл жолы осыған назар аударған болуы керек, облыстың жаңа басшысы болып 2019 жылдың 13 маусымында жергілікті азамат тағайындалды. Серікбай Тұрымов жергілікті халықпен коммуникация жасап, сеніміне ие болса, қолдау тапса, Астананың да құлағы тыныш болар еді. Алайда барлық жоспарды коронавирус құртты. 

Әлемдік пандемия Маңғыстау облысының негізгі табысына да әсер етті. Мұнайға сұраныс азайды, қарт Каспийдің жағасына демалуға келетін туристер де індеттің кесірінен сап тыйылды. Мұның бәрі Тұрымовтың басына түскен сынақ па, әлде басқа ма, ол арасын бізге де беймәлім. Білетініміз, Ковидке байланысты карантинге тағы екі апат қосылды. Қазақ мұндайда «жығылғанға жұдырық» дейді.  Өңірде сол жылы құрғақшылық пен мал жұты төтен болды. Бірақ осыған қарамастан Тұрымовтың мансабы тұралап қалған жоқ, заң шығарушы биліктің жоғары палатасына депутат болып шыға келді. 

Нұрлан Ноғаев

Нұрлан Ноғаевтың 2021 жылы Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалуы «Ноғаев Батыс облыстарды өзгеге қимайды» деген әзіл-шыны аралас әңгімеге ұласты. Шынында да, ол әр жылдары Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімі болған. Аталған екі облыс та мұнай мен газға бай өңір-тұғын. 

Айтпақшы, Ноғаев Атырау облысының әкімі қызметінен кеткеннен кейін біраз уақыт Энергетика министрі болды. Бұл Қазақстанның отын-энергетикалық дағдарыстың шеңберіне кіріп келе жатқан кезі еді. 2023 жылдың қыркүйегінде «Ноғаев премьер-министр болады» деген болжам айтылды. Алайда болжам тура келмей, Ноғаев Маңғыстауда қала берді. Сарапшылардың  айтуынша, мемлекет басшысының мұндай шешім қабылдауы кездейсоқ емес. Ноғаевтың әкім ретінде мол тәжірибесі бар, ал Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрлан Асқарұлының аймақты тиімді басқару қабілетін ескеріп отыр. Маңғыстау облысында болып жатқан мұнайшылардың ереуілі қазіргі әкімнің карьерасына қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.

 Облыс тұрғындарының айтуынша, Маңғыстауға әкім болғандардың қанжығалары бос кеткен жоқ. Олар құрығанда бір-екі компанияны туысқанының атына жазып, өз жағдайларын жасап кетті. Ал оны дәлелдеу мүмкін емес. Өйткені мұның бәрі бізде «құпия» грифімен сақтаулы

Серіктес жаңалықтары