Кенияға сапар жасаймын деп қуанып жүргенде, ақшасының желге ұшқанын білмеген-ау. Кейде жаңа нәрселерді көруге және жақсы әсер алуға деген ұмтылыс адамдарды қарапайым сақтық шараларына мән бермеуге алып келеді. Ал алданғаннан кейін кімге өкпелейсің? Сондықтан турагенттікпен келісім-шартқа отырарда жеті рет өлшеп, бір рет кесіп, дұрыс шешім жасаған абзал.
Бүгін Алматының Guru Tours туристік агенттігінің алданған клиенттері барлық туристке дәл осындай кеңес береді. Неге екенін Ulysmedia.kz тілшісі анықтады.
Қауіпті сала
Қазақстанда алаяқтықтың туризм саласында да көрініс табуы бүгін ғана болып отырған жағдай емес. Мұндай жағдайлардың көптігінен бе екен, әйтеуір БАҚ бетінде жарияланған мақалаларға аса мән бере қоймайтын болдық. Алдау схемасы өте қарапайым – турагенттер саяхатшылардан саяхаттың толық сомасын алады, бірақ қонақүйді брондамай немесе уәде етілген трансферлер мен экскурсиялар үшін төлем жасамай, жоғалып кетеді немесе туристерді шет елде тақырға отырғызып кетеді.
Былтыр сәуір айында Мәдениет және спорт министрлігі салаға тексеру жүргізіп, Қазақстандағы 1240 туристік фирманың 860-ы жұмыс істемейтінін анықтады. Олар мемлекеттік реестрден дереу алынып тасталды.
Ал қазан айында министрліктің баспасөз қызметі жеті туроператор өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін лицензиясынан уақытша айырылғанын хабарлады.
Қазақстан азаматтары тарапынан сапасыз туристік қызмет көрсетуге немесе олардың конституциялық құқықтарын бұзудың өзге де фактілеріне шағымдардың көбеюіне байланысты туризм индустриясы комитеті бұзушылықтардың алдын алу және (немесе) бұзылған құқықтар мен заңды мүдделерді қалпына келтіру бойынша шараларды күшейтті, – деді ведомстводан.
Кінәлі туристік агенттіктердің аты аталып, түсі түстелді. Ескертілген бұзушылықтарды жою үшін лицензиялар алты айға қайтарылып алынды. Туроператорлар өз жұмысын жақсартпаса, лицензияларын қайта алмайды.
Лицензиясы болмаса да, капиталы бар
Ең таңғаларлығы, жосықсыз туроператорлардың интернет-алаяқтардан айырмашылығы, алдау схемалары еш өзгермейді, бірақ сонда да олардың қармағына түсіп жатқандар азаяр емес.
Осылайша, жақында әлеуметтік желіде Алматыда орналасқан Guru Tours туристік компаниясының алданған клиенттері туралы әңгіме тарай бастады.
Әлеуметтік желіде өзін «топтық авторлық турларға» маманданған «тур-блогермін» деп таныстырған туристік агенттік иесі 80 адамды сан соқтырған.
Заңгер Әсемгүл Смағұлованың айтуынша, өз клиенттерін «алдап жүрген» фирманы «туристік агенттік» деп атауға болмайды.
Екатерина Корчагинаның жұмыс істеуге лицензиясы жоқ, - дейді заңгер.
- Біз Туризм және спорт министрлігіне, Туризм комитетіне, Алматы әкімдігіне тиісті өтініштер жолдадық, барлығы біздің бұл ақпаратымызды растады.
Тур-блогердің айла-шарғысы туралы Әсемгүл Смағұлова алғаш рет 2022 жылдың сәуір айында естіген екен.
- Маған бір танысым хабарласты, ол Корчагинадан Камчаткаға тур сатып алған, бірақ жоспарланған сапарға шықпаған. Түрлі сылтаулармен саяхатшы блогер, алдымен, сапарын кейінге қалдырған, содан кейін байланысқа шықпай, хабар-ошарсыз кеткен. Біз сотқа шағым түсірдік, бірақ ол медиациялық жолмен бітімге келуді ұсынды. Осындай келісімнің арқасында турға төлеген ақшасын бір ай көлемінде қайтарды.
Бірақ осыдан кейін Камчаткаға бара алмай қалған өзге де туристер менен құқықтық көмек сұрай бастады. Қалай екені белгісіз, Корчагина туристердің Камчаткаға деп төлеген ақшасын қайтара алмайтынын айтып, оның орнына Кенияға апарып келемін деп уәде берген. Ал сол жақта жүрген үшінші күні олар тұрған қонақүйдің қожайыны турдың ұйымдастырушысы олардың тұру ақысын төлемегендігін айтып, қуып шыққан. Алданып қалған туристер Корчагинаның құйтырқы әрекеттері туралы жан-жаққа хабарлап, оның басқа топтардағы клиенттеріне ескерткен.
Туризм пирамидасы
Кенияда осындай жанжал болып жатқанда, Алматы әуежайына құрамында 12 адамы бар, Корчагинаның жаңа тобы келеді. Олар Корчагинамен бірге Францияға ұшпақшы еді, - дейді адвокат.
Олар әуежайға келгенде, өз аттарына билет сатып алынбағаны туралы естіп-біледі. Мән-жайды түсіндіру үшін, әрине, олар Корчагинаға қоңырау шалады. Ол барлық билеттер оның атына алынғанын, сондықтан «кениялықтар» оны ұстамағанда, француз тобы онымен бірге ұшып кетер еді деп түсіндірді. Түсінесіз бе, бұл абсурд қой.
Осылайша турагенттікке алданған тағы бір туристер тобы құрылды. Содан бері заңгер Әсемгүл Смағұлова соттарда тур-блогердің алданған клиенттерінің мүддесін қорғап келеді. – Әуелгіде бұл ЖК Корчагина мен ЖК Almaty Travels-тен берешекті өндіру туралы сот істері болатын, ал өткен жылдың жазынан бастап Корчагина өз қызметін «M.I.C.E Group» ЖШС-не ауыстырды, өйткені алдыңғы ұйымдардың қызметі мен есепшоттарын сот орындаушылары бұғаттаған.
Заңгердің айтуынша, туристік блогердің әрекеті «қаржылық пирамиданы» еске түсіреді.
Алданған саяхатшылар талап-арыз беріп, сотқа жүгінді. Кейбір жағдайларда ол кінәсін бірден мойындаса, басқаларында сотқа шағымдану үшін өте ұзақ уақыт қажет болды. Оның аккаунттары бұғатталды. Бастапқыда ол есепшоттарын бұғаттан шығаруға тырысты, содан кейін қызметін басқа ұйымдарда көрсете бастады. Корчагина біреуден тур үшін деп ақша алса, оны келесі біреуге қарызын қайтару үшін береді. Жаңадан тур ашып, клиент тартады, тағы біреумен соттасып жатады. Осылай қайталана береді.
Контентке алданып қалған
Дамыған заманда турист-блогер осыншама саяхатшыны қалай алдап кетті деген сұраққа Корчагина алдаған клиенттердің бірі жауап берді. Қарағандылық Лариса Карчевская, өзі мойындағандай, Жапонияға баруды армандайтын. Содан кейін Instagram желісіндегі Guru Tours парақшасына кез болады.
Аккаунт парақшасы өте жақсы жасалған, оның 50 мың жазылушысы, веб-сайты, визалық қолдауы, клубтық карталары, туристердің фотосуреттері, пікірлер, т.б. бар, - дейді Лариса.
Күнделікті саяхат видеолары, жыл бойына жасалған саяхат күнтізбесі.
Инстаграмда көрген «ғажайыптарына» имандай сенген Лариса осы турагенттіктің қызметін пайдалануға шешім қабылдайды. Бойжеткен Корчагинамен келісімшарт жасасып, «Алматы Трэвелс» компаниясының есепшотына авиабилеттер мен өзге де шығындар үшін ақша аударған. Саяхат қараша айында өтуі тиіс болатын.
Осыдан кейін нағыз Нетфликс хикаясы басталады. Мен авиабилетті жіберуін сұраған едім, ол біресе бухгалтердің қолы босамай жатыр, біресе іссапарда жүрмін деп созбалаңға салды. Токиоға ұшуға 3 күн қалғанда ол туристерді бір чатқа біріктіріп, тур бір аптаға кешіктірілетінін хабарлады. Чатта комментарий жазуға шектеу қойып тастаған. Бірнеше күн өткен соң жаңадан тағы бір чат ашып, белгіленген күннен бір күн кеш ұшатындықтарын айтқан. Бізге ваучерді, билетті, қонақүйге жасалған броньді жіберіңіз деген сұрағымыз аяқасты қалды.
Корчагина өз клиенттеріне Жапонияға ұшпаймыз деген хабарды дәл ұшуы тиіс күні жеткізген және ақшаны 3-5 жұмыс күні ішінде қайтаруға уәде берген. Чемодандарын жинап, саяхаттауға дайын отырған туристер аяқасты осындай жайсыз хабардан кейін не істерлерін білмей, Гуглдың көмегіне жүгінеді. Корчагина туралы бар шындықты білген олар жағасын ұстайды. Интернетте 300 адамның ақшасын бермей, қашып жүрген Корчагинаны сотқа беріп жатырғаны туралы ақпараттар қаптап тұр еді.
Чаттарда және мессенджерлерде адамдар Корчагинаның қайда тастап кеткені туралы әңгімелеп берді. Олардың айтуынша, Корчагина турист апарам деген елдер қатарында мыналар бар:АҚШ, Аргентина, Кения, Жапония, Қытай, Корея, Мексика, Түркия, Өзбекстан, Швейцария және Франция, Гавай, Чили, Перу, Пасха аралы, Аргентина, Антарктида, Италия, Сокотра және планетаның басқа да экзотикалық жерлері бар. Алданғандар қарасы аз емес екен. Күн сайын қатарымыз толығып отырды. Біреуіне ұшу билетін әпермеген, енді бірі шетелге ұшып барғанымен, ол жақтағы қонақүй ақшасы төленбеген. Осындай жағдаймен сан соғып қалған туристер не істерін білмей жүр екен.
Мұның артында кім тұр?
Бірақ ең таңғаларлығы, әлеуметтік желідегі қызылды-жасылды әдемі суретке ғана қыруар қаржысын ойланбай жұмсап жатқан қазақстандықтардың «ақымақ» әрекеті ғана емес, құқық қорғау органдарының бұл іске сүлесоқ қарауы. Заңгер Әсемгүл Смағұлованың айтуынша, жүздеген арызға, бір ғана жауап жазатын көрінеді. «Сіздің өтінішіңіз бойынша Корчагинаға қатысты қылмыстық іс қозғай алмаймыз».
Арызданушыларды сотқа жүгінуді, яғни бұл қылмыстық іс емес, азаматтық құқықтық мәселе деп шығарып салған. Полиция жүздеген адамның арызы мен млн-даған шығын келтірілген болса да, Корчагина әрекетінен алаяқтық белгілерді байқамаған.
Неге бұлай болып жатқанын біз біле алмадық, – дейді алданған клиенттердің бірі.
Ондаған, тіпті жүздеген жәбірленушіге келтірілген 100 мың АҚШ доллары көлеміндегі залалға, жеке сот орындаушылары тарапынан шетелге шығуға 20-дан аса тыйым салынғанына қарамастан, Корчагина әлі де өтіріктің өрмегін тоқып отыр. Мүмкін дәл қазір тағы бір жемтігін аңдып отырған шығар.
Осыншама жәбірленушінің арызына қарамастан тайраңдап жүрген тур-блогердің артында кім тұруы мүмкін? Бұл сұрақ жәбірленушілерді ғана емес, сондай-ақ заңгерлерді де алаңдатып отыр.
Е.Корчагинаның өзі журналистерге сұқбат беруден қашып жүр. Бірақ өзінің инстаграмдағы парақшасында жыламсыраған дауыспен: мен кінәлі емеспін, ешкімді алдамадым» деп видео жүктеп қойған.
Әрине, біздің тараптан кешіктірулер бар, ондай-ондай болып тұрады. Мен мұны жоққа шығармаймын. Адамдарға виза беруден бас тартқан кезде, олар қандай да бір дәлелді себептермен ұша алмайды немесе жай ғана саяхаттаудан өзі бас тартады. Иә, біздің келісіміміз бойынша ақшаны қайтаруға кепілдік берілген. Бірақ біз бұл ақшаны кешіктіріп болса да қайтарамыз, - дейді турист-блогер.
Алданған клиенттердің айтуынша, жақында полиция «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған, бірақ бұл Корчагинаға өз қызметін жалғастыруға еш кедергі келтірмеген сыңайлы.