×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Бишімбаев сотының екінші күні: Салтанаттың ағасы мен куәгерлер не айтты, неге айыпталушы сотта сөйлей алмады

31.03.2024, 07:59
Коллаж Ulysmedia

Жұма күні азаматтық әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша екінші сот отырысы өтті. Сот марқұмның ағасының айғақтарын тыңдап, куәгерлерден жауап алды. Процесске қатысушылармен бірге осы резонанстық істің егжей-тегжейін білгісі келетіндердің барлығы танымал видео хостинг арқылы не болып жатқанын бақылай алды. Тілшілер Ulysmedia.kz сот процесінің хронологиясын жүргізді.

АҒАСЫ ҚАРЫНДАСЫ ҮШІН СӨЙЛЕДІ 

Екінші отырыс жәбірленуші тараптың айғақтарынан басталды, оны Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді ұсынды. Ол Салтанаттың Қуандықпен қалай танысқанын, олардың романтикасы қалай басталғанын, үйлену тойы мен отбасылық өмірі туралы және қайғылы оқиға болатын түні Салтанаттың оған не үшін қоңырау шалғанын айтты. 

Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаев Салтанатқа астролог ретінде кеңес беруін сұрап, бірнеше рет қабылдауын өтінген. Бірақ Салтанат «мен ер адамдарды қабылдамаймын» деп, одан бас тартқан. Дегенмен біраз уақыт өткеннен кейін ол Салтанаттың қабылдауына ақыры қол жеткізген. 

- Ол (Салтанат) оны болашақ жары ретінде елестете алмады, себебі ол (Қ.Бишімбаев) оның талғамына сай келмейтін. Бізге оның Пушкин сияқты ұзын-сонар смс жазатынын айтатын, біз бәріміз күлетінбіз. Қуандық Салтанатқа өзі туралы БАҚ-та жарияланған бұрынғы соттылығы туралы мақалаларға мән бермеу керектігін, ол журналистер айтқандай жаман адам емес екенін айтумен болатын, - дейді марқұмның ағасы.  

Біраз уақыттан кейін ол оны Меладзе концертіне шақырды, ол құрбысымен бірге барды. Осыдан кейін олардың қарым-қатынасы басталды.
2022 жылдың қазан айының соңында Бишімбаев Салтанатқа үйлену туралы ұсыныс жасаған, ал 17 қарашада Павлодарда екі жақтың туыстары танысып, құда түскен. 

Үйлену тойы 2022 жылдың 14 желтоқсанында Гастроцентрде өткен. Кейін осы жерде Салтанат көз жұмды. 

Ағасының айтуынша, жас жұбайлар үйлену тойынан кейін ұрысып қалған. 

- Қуандық Бишімбаев, кейін Салтанаттың айтуынша, "Бао" мейрамханасының қызметкерлерімен өте дөрекі түрде сөйлескен. Бұған куә болған Салтанат сол жерде күйеуіне ескерту жасаған, міне, жанжалдың басталуына осы жағдай түрткі болған, - деді Айтбек Амангелді.

Жәбірленушінің айтуынша, келесі оқиға жаңа жыл қарсаңында болған. Салтанат Қуандықтың ата-анасын және оның бұрынғы некедегі балаларын, өз ағасы Айтбекті Жаңа жылды қарсы алу шарасына шақырған. 

- Кешкі сағат 10-да Қуандықтың туыстары қонаққа келді, бұл – сотталушы Бақытжан Байжанов пен оның әйелі болатын. Олар Салтанат пен Қуандықтың отбасына жаңа жылдық сыйлық әкеліпті. Салтанат сыйға сый жасауға тырысты, - деп еске алды Айтбек Амангелді.

Оның айтуынша, жанжал Салтанат қонақтарға Қуандық түн ортасында берем деп отырған иіссуларды сыйлағаннан кейін басталған. 

- Ата-анасы оған ескерту жасады. Ол оларға ісіме араласпа деп өте дөрекі түрде жауап берді. Ол әкесіне: "бәріне сен кінәлісің, сен менің және анамның өмірін құрттың", - деді. Анасы да оны тыныштандыруға тырысты, ол оған өте дөрекі түрде жауап қайтарды, - деді Айтбек Амангелді жанжалды сипаттап.

Жаңа жылдың келуіне 15 минут қалғанда Бишімбаев пәтерден шығып кеткен, отбасы Жаңа жылды өздері қарсы алған. 

- Сағат тілі 12-ні көрсетеді. Жаңа жыл. Шырша астында тұрған балаларға арналған үш сыйлықты үлкендер алуға рұқсат етеді. Олар сыйлықтарды аша бастайды. Осы сәтте пәтерге Қуандық кіреді. Ол өзі дайындаған сыйлықтарды оның рұқсатынсыз балалардың алғанын көреді және сол үшін жанжал шығарды, - дейді Салтанаттың ағасы.

Бишімбаевтың кезекті "истерикасынан" кейін ағасы пәтерден кетіп қалған, 1 қаңтарда Салтанатпен сөйлескенде, Қуандық үстелді төңкеріп тастағанын айтып берген. 

- 1 қаңтарда біз Салтанатқа қоңырау шалдық, мен оның кешегі отырыс қалай аяқталғанын сұрадым. Салтанаттың айтуынша, Қуандық үстелді барлық ыдыс-аяқпен, тамақпен бірге төңкеріп тастаған. Тіпті үстел басында адамдар отырғанына да пысқырып қарамаған. 

Отбасындағы келесі ірі жанжал 2023 жылдың наурызында болды. Жәбірленушінің айтуынша, 2023 жылдың 20 наурызында Салтанат өз фотосын ағасына жіберіпті, Суретте Салтанаттың таяқ жегені, көзінің көгергені көрініп тұр, - дейді ағасы. 

Осыдан кейін ол ерлі-зайыптылар тұратын үйге барады, онда Қуандықпен төбелеседі. Қуандықтың ата-анасы тұрған сол үйдің екінші қабатынан Салтанатты тауып алғаннан кейін, ағасы оның заттарын жинап, күйеуінен кетуін талап еткен. 

 - Мен оған заттарыңды жина, біз бұл жерден кетеміз, үйге барамыз, мұның бәрі саған қажет емес, - деп айттым. Ол өзінің ересек адам екенін, бұл оның өмірі, иә, некесі мінсіз емес екенін, бірақ оны сақтау үшін тырысатынын, Қуандықты жақсы көретінін айтты, - деді Айтбек Амангелді. 

- Мен оған егер мұндай соққылар сәл қаттырақ тигенде, сені өлтіріп жіберер еді, - деп айттым. Ал ол қалғысы келетінін айтты, - деді марқұмның ағасы, осы сәтте эмоциясын әрең ұстап.

Ағасының айтуынша, Бишімбаевпен өткізген 1 жыл отбасылық өмірінде, Салтанат одан сегіз рет немесе одан да көп рет кетіп қалған. Кетіп қалған кездері ол құрбысының үйіне, ағасына немесе  қонақүйге баратын. Себеп ретінде ол жұбайының күрделі мінезін, оның түнде ұйықтамайтынын, өзін қауіпсіз сезінбейтінін, шаршағанын және онымен бірге болғысы келмейтінін айтатын. 

Соңғы рет ол қайтыс боларынан аз уақыт бұрын үйінен кетіп қалған. Бұл 2023 жылдың 15 қазаны екен. Ол үйінен кетіп, пәтер жалдаған.

Алайда, 26 қазанда Салтанаттың туыстары оның Қуандықпен қайта қосылғанын естіп біледі және олар мешітте "неке" рәсімін қайта өткізген. 

 - Біз таң қалдық, оның некені Қуандықпен екінші рет жасағанына таң қалдық. Бұл туралы біз 26-да білдік, некенің өзі 20-21 қазан аралығында болған сияқты, - деді Айтбек Амангелді. 

Қайтыс болатын түні Салтанат ағасына қоңырау шалған. 

 - Біз 8-9 қарашаға қараған түні сөйлестік. Ол маған 9 қарашада сағат 00.40-та қоңырау шалды. Мен: иә, үйдемін, - дедім, ол: мен қазір келемін, - деді дейді Айтбек Амангелді.

Алайда Салтанат ағасының үйіне келмеген. Оның хабарламаларына жауап бермеген.

- Сағат 20.00-21.00 - де маған Салтанаттың құрбысы телефон соғып, бұл рас па деп сұрады. WhatsApp-қа «9 қараша күні Қуандық Бишімбаев "Бао" мейрамханасында Салтанат Нүкенованы өлтірді» деген хабарлама жіберді, - деді Айтбек Амангелді.

Содан кейін ол Салтанатқа қоңырау шалып, орналасқан локациясын тексереді, үйіне барып, есігін ашпағаннан кейін, полицияға қоңырау шалады. 

- Мен пәтерде жарық жоқ екенін байқадым. Сонда да көтеріліп, есікті қақтым. Ешкім ашқан жоқ. Содан кейін мен полицияға қоңырау шалып, оларға түнде Салтанаттың келем деп, келмегенін, қарындасым үшін алаңдайтынымды айттым, олар маған Салтанаттың өлгенін естіртіп, сізге көңіл айтамыз, сіз гастроцентрге баруыңыз керек деп, жауап берді дейді марқұмның ағасы.

СІЗ НЕНІ МЕҢЗЕП ОТЫРСЫЗ, ҚОРҒАУШЫ?

Ағасының айғақтарынан кейін Бишімбаевтың адвокаттары марқұмның ағасына сұрақ қойды. Сұрақтар қандай логикамен қойылғаны түсініксіз, соны байқаған судья да біраз сұрақты іске қатысы жоқ деп қабылдатпай тастады. 

Мысалы, адвокат Газан Ғазымжанов: “Марқұм өзге ер адамдармен қандай қарым-қатынас жасайтын, өзіне өктем қатынас жасауды қалайтын ба еді?” деген сұрақ қойды. 

Сондай-ақ, экс-министрдің қорғаушылары Бишімбаевтың психикалық әрекеттерін оның өз отбасын сақтап қалу үшін жасаған амалы деп қорытынды жасайды. 

Адвокат Назкен Құсайынова марқұмның ағасына Бишімбаевтың 2023 жылдың наурыз айында Салтанатты ұрып-соғуының себебін анықтауға тырыстыңыз ба деп сұрақ қойды.

- Маған ешқандай себепті түсіндірудің еш қажеті жоқ, өйткені адамға күш қолдануға ешқандай нәрсе себеп бола алмайды, әсіресе сіз физикалық тұрғыдан мықты болсаңыз, екі есе ірі болсаңыз, - деп жауап берген ағасы айыпталушыға қарап: Семіз қабан, - деді.

Алайда осындай эмоционалды сөздері үшін судьядан ескерту алды. 

Ал адвокаттың мына сұрағы жәбірленуші үшін өте ауыр болды. Адвокат: «Сіз мәйітханадан марқұмның мүрдесін шығарған кезде оның мыжылған бас сүйегі мен көзінің ағып кеткенін байқадыңыз ба?» деп сұраған. Жәбірленуші жүйкесі сыр беріп, сөйлей алмады. 

Сондай-ақ, судья айыпталушы Бишімбаевты қорғау тарапына олар қойған сұрақтардың мағынасын түсінбейтінін ескертіп, сұрақтарды нақты қоюға шақырды. 

МЕН АЙТАЙЫНШЫ, СУДЬЯ

Салтанаттың ағасынан жауап алынғаннан кейін Бишімбаев судьядан сөйлеуге рұқсат сұрады. Бірақ өтініші қанағаттандырылмады. 

- Іс материалдарында Бишімбаевтан жауап алу хаттамасы жоқ және оның тарапынан болған істің мән-жайларын біз-қорғаушылар тарапы ғана білеміз. Егер біз куәгерлерден жауап алсақ, сұрақтар қоямыз және менің ойымша, сот пен басқа қатысушыларға бұл түсініксіз болады. Біздің сұрақтарымыз іске қатысы жоқ десеңіздер, не айтқымыз келгенін түсінбедік десеңіздер, онда Бишімбаевтың өзіне сөз беріп, одан жауап алуды сұраймын, - деді адвокат Газан Газымжанов. 

Судья Айжан Құлбаева өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

- Бас сот талқылауы барысында дәлелдемелерді зерттеу тәртібі тараптардың келісімі бойынша айқындалғанын және жәбірленушіден жауап алу жүргізілгенін ескере отырып, сондай-ақ сотқа куәгер ретінде шақырылғандардың таңғы сағат 10-нан бастап күтіп отырғанын ескеріп, осы кезеңде дәлелдемелерді зерттеу тәртібін өзгерту туралы қорғаушы тараптың өтінішін қанағаттандыруды сот қажет емес деп санайды. Сондықтан куәгерлерден жауап алуға көшеміз, - деді судья. 

Ол Бишімбаевты қорғау тарапына куәгерлерден жауап алғаннан кейін өтінішті қайталауға кеңес берді.

Мемлекеттік күзет пен Путин

Түстен кейін сот төрт куәгерден жауап алды. Олардың барлығы да шындықты, тек қана шындықты айтуға ант берді.

Бұрынғы басқарушы Молдақаш тікелей бастығы әрі Бишімбаевтың туысы болып келетін Бақытжан Байжановтың тапсырмасымен Гастроорталықтағы бейнежазбаларды өшіргенін, онда не бар екенін білмегенін, тек тапсырманы орындағанын айтты. 

Тағы бір қызметкер - Гүлзада Смайылова Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері В.Путиннің Астанаға келетін сапарына байланысты «БАО» мейрамханасын тексергенін айтты. Дәл сол кезде Салтанат соққыға жығылып, мейрамхана бөлмесінде жатқан еді дейді куәгер.

Тергеу мәліметінше, Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 8 қараша күні кешке BAU мейрамханасында болған. 9 қарашаға қараған түні ерлі-зайыптылар мейрамхананың вип-кабиналарының бірінде болған, жанжалдасқан, содан кейін Бишімбаев жұбайын ұрып тастаған. 9 қараша күні түстен кейін де соққыға жығылған Салтанат мейрамханада жатқан, Бишімбаев пен оның туысы, Гастроорталықтың директоры Бақытжан Байжанов оны диванға жатқызған, алған жарақаттарынан Салтанат қайтыс болған. Бишімбаевтың туысы жедел жәрдемді тек 9 қараша күні кешке шақырған.

Сот отырысы барысында соққыға жығылған Салтанат жатқан мейрамханаға Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері тексерумен келгені белгілі болды. 

- 9 қарашада, сағат 10.00-де жұмысқа келгенімде түнгі кезектегі күзетші маған залда түннен бастап МКҚ қызметкерлері бар екенін айтты, себебі сол күні Talan Towers-те президенттердің кездесуі жоспарланған болатын. Ал МКҚ-нің қызметкерлері түннен бері біздің залда (Гастроцентрдегі 1-қабатта) кезекшілікте болған. МКҚ қызметкері менің оларға жолығуымды сұрапты. Мен оған барып сөйлестім. Ол қазір күшейтілген режимде жұмыс жүріп жатқанын, сол себепті екінші қабатта орналасқан «БАО» мейрамханасын аралап көруге міндетті екенін айтты. Біз бірінші қабатты айналып өттік. Мен оған екінші қабат сағат 12.00-де жұмыс істейтінін, сондықтан ол жерге әзір кіре алмайтынымды айтып түсіндірдім. Мейрамхана қызметкерлері келгенде оған хабарлайтынымды, сол кезде екінші қабатқа көтеріле қоюын жеткіздім, - деді куәгер сотта. 

Содан кейін қызметкер Байжановты МКҰ қызметкерлері екінші қабатта тексеру жүргізуді күтіп отырғандығы туралы хабардар еткен. 

 - Сағат 11.00-де мейрамхана жарығы жанғанда, мен МКҚ қызметкеріне хабарладым және оны BAU есігіне дейін алып бардым, әрі қарай кірмедім. Бізді басқарушы Қарлығаш пен Бақытжан Әмірханұлы қарсы алды (Байжанов), - деді ол.

9 қарашада Ресей президенті Владимир Путин Астанаға сапармен келді. Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкері соққыға жығылған Салтанатты көрді ме, көрсе неге шара қолданбады, бұл сұрақтарға жауап болмады...

МЕН БЕ ОНЫ ӨЛТІРГЕН?

Іс бойынша тағы бір куәгер - мейрамхана бармені Бишімбаев Салтанаттың қайтыс болғаны туралы хабарды қалай қабылдағанын айтып берді. 

Оның айтуынша, 9 қарашада кешке ол Гастроцентрдің бірінші қабатында болған. Оған Байжанов қоңырау шалып, "Бао" мейрамханасына тез көтерілуді өтінген.

Ол мейрамханаға кірген кезде жедел жәрдем дәрігерлері болған.

 - Қуандық Уәлиханұлының қолында пышақ болды. Мен қорқып кеттім. Ол пышақты ұстаған күйі дәретханаға қарай кетті. Біз қорықтық, бірден оның артынан бардық, одан пышақты тартып алып, полицияның келуін күттік. 15-20 минуттан кейін полиция келді, - деді куәгер.

Оның айтуынша, ол әбден мүжілген, көзінде жас.

- Неге бұлай болды, ол не болды? Мен мұны не үшін істедім", - деді ол. ( ... ) "Оны мен өлтірдім, мен оны өлтірдім бе, оны мен өлтірдім бе, - деді ол.

Бармен Бишімбаевтан пышақты алған кезде оған қарсылық танытпағанын айтты.

- Ол қарсылық көрсетпеді, ол мойынсұнды және бірден пышақты берді. Ол мас күйде болды", - деді куәгер.

БИШІМБАЕВҚА СӨЙЛЕУГЕ РҰҚСАТ БЕРІЛЕ МЕ?

Сот отырысы 1 сәуірде сағат 10.00-де жалғасады. Онда Бишімбаевтың пәтерін жөндеп берген куәгерден жауап алынады. Ол Салтанаттың телефонын Бишімбаевтың тапсырмасы бойынша бұрынғы тұрған үйіне апарып тастаған. 

Адвокат судьядан келесі отырыста Бишімбаевтан жауап алуды сұрады, бірақ судья бұған еш жауап бермеді.

Серіктес жаңалықтары