Көктемнің алғашқы күндерінде интернетке шыққан видео Жайық жағасындағы елді ғана емес, бүкіл қазақстандықтың таңданысын тудырды. Видео «Ақжайық» резерватында түсірілген. Ал бұл жерде балық аулауға тыйым салынған. Моторлы қайықтың иесі кім, оған резерватқа кіруге рұқсат берген кім, Ulysmedia.kz мәселенің мәнісін анықтауға тырысты. Су көлігінің иесін анықтау қиынға түспеді, ол – Қашаған кен орнының операторы NCOC (North Caspian Operating Company) екен. Алайда оның ерекше қорғалатын резерватқа кіруіне кім рұқсат бергенін және не себепті кіргенін анықтау оңайға түспеді.
Мұның артында кім тұр
Журналистік зерттеуді бастау үшін редакция, алдымен, Экология және табиғи ресурстар министрлігіне хат жазып, сауал жолдады. Біз бірінші кезекте NCOC мердігері «Caspian Offshore Contractors»-тың қорық аумағы арқылы жүзуіне рұқсаты бар-жоғын және бұл су көлігінің қорықтың экожүйесіне қалай әсер ететінін анықтау керек деп шештік. Жауап Атырау орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясынан келді. Мемлекет мұнай өңдеуші компанияның жүріс-тұрысына еркіндік берген сыңайлы. Ведомство бұл жағдайдан хабардар екенін айтты. Резерват шекарасынан өтіп бара жатқан Caspian Falcon кемесі Caspian Offshore Contractors басқаруындағы Circle Maritime Invest компаниясына тиесілі, ол вахталық режиммен жұмыс істейтін азаматтарды теңіз ортасындағы жұмыс орнына жеткізеді. Осы оқиғадан кейін резерваттағы балықтардың қырылғаны анықталды. Оның фото-видео дәлелдері де бар.
- Әуе кемелерінің қозғалысы қызметінің қоршаған ортаға тигізетін әсерін бағалау жүргізілмеген және ұсынылған қызметтің әсері тексерілмеген. ҚР Экологиялық кодексінің 65 және 69-баптарының талаптары бұзылған. Бұған қоса, бұл кеме бұрын АҚШ-тың Аляска штатындағы су айдынында жүзген, бұл Экологиялық кодекстің 278-бабының 1-тармағын бұзады, ол (бап) бұрын басқа су айдынында жұмыс істеген кемелерді пайдалануға тыйым салады, - деп хабарлады Атырау облысының Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы.
Бұл бірінші рет болып тұрған жоқ. Анықталғандай, кеме иелері резерватта рұқсат етілген шу деңгейін (децибел) сақтамаған. Инспекция Атырау облысы бойынша экология департаментіне аталған заң бұзушылықтарға байланысты жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, тиісті шаралар қабылдау туралы хат жолдады.
«Бұл біздің кінәміз емес»
Экология департаменті өз кезегінде тексеру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарды, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 332-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Алайда, Circle Maritime Invest бұл талаптармен келіспей, экология департаментінің бұйрығының күшін жоюды талап етіп, сотқа шағым түсірді. Мердігер екінші ретте ғана дегеніне жетті.
– Тексеру кезінде департаментке Circle Maritime Invest кеме операторы емес екені айтылды, өйткені кемені Caspian Offshore Contractors жалға алған, ол өз кезегінде кемені NCOC-қа жалға берген. Circle Maritime Invest кемені пайдаланбайды және барлық міндеттеме арендатордың мойнында, сондықтан экология департаменті кеме операторынан жаңылысқан. Circle Maritime Invest, яғни талапкер жергілікті департаменттің экологиялық сараптама жүргізу қажеттілігі туралы талаптарын да заңсыз деп санайды. Мұндай қаулыны Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты берген.
Басқаша айтқанда, Circle Maritime Invest АҚ-мен арадағы «келісімдеріне» сеніп отыр. Олардың ұстанымы бойынша департамент жауапкерден қателесіп отыр, өйткені кеме жалға алынған. Бұл дегеніміз, мүлік кімдікі, сол жауап берсін дегенге саяды. Сот отырысына үшінші тарап ретінде NCOC-тың мердігер компаниясы – Caspian Offshore Contractors-тың өкілі де қатысты. Ұйым заңгері Маңғыстау облысының табиғатты қорғау департаменті кемені үшінші санатқа жатқызғанын, яғни оның қоршаған ортаға зардабы төмен деңгейде екенін айтты. Сондай-ақ ол Каспий Оффшор Контракторс компаниясының Маңғыстау облысындағы қоршаған ортаға әсері туралы мәлімдеме жасағанын атап өтті, бұл кеме әуелде Баутино портында суға жіберілгенін, тек маршрут бойымен Ақжайық қорығын кесіп өткенін айтты.
NCOC ойлануға уақыт сұрайды
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талапкердің уәжімен келісті. Яғни, кеменің операторы Circle Maritime Invest емес, басқа. Сотқа мұндай қаулы шығаруға Маңғыстау облысы бойынша экология департаментіне жолдаған хабарламасы негіз болған. Сонымен қатар сот Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары өздерінің тексеру әрекеттері арқылы «Circle Maritime Invest» АҚ-ның кәсіпкерлік құқығын бұзған деп есептейді.
- Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, субъектіге профилактикалық бақылау жасау, егер бақылауды ұйымдастыру және жүргізу талаптарын өрескел бұза отырып жүргізілсе, жарамсыз болып табылады. Профилактикалық бақылау жүргізуге еш негіз болмаса, Кәсіпкерлік кодексі талаптарын өрескел бұзу болып табылады деп есептейді сот.
Нәтижесінде «Circle Maritime Invest» компаниясының талап-арызын қанағаттандырып, Атырау облысы бойынша экология департаментінің ұйғарымының күші жойылды.
Сонымен қатар сот Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысына «Circle Maritime Invest» компаниясын тексеруі кезінде жіберілген заң бұзушылықтарға назар аударып, «Болашақта мұндай фактілерді болдырмау» туралы үкім шығарған.
Редакция Қашаған кен орнының операторы North Caspian Operating Company-дың позициясын білмекке хат жазған. Себебі кеме солардың жұмысшыларын тасиды. Алайда компания өкілдері заң талаптары бойынша жауап беретін уақыт жеткен кезде, «ойлануға тағы уақыт беріңіздер» деген жауап жазыпты. Соған қарағанда шетелдіктер ұзақ ойланатын секілді. Ал сұрағымызға уақытында жауап бермеуі Қазақстан заңнамасын бұзатынын олар неге ескермеді екен?