×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Тағдырыңды су шешеді немесе жылт еткен жарнама әкім лауазымын сақтап қалуға көмектесе ме

12.04.2024, 15:25
Коллаж: ulysmedia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы 80 жылда болып тұрған табиғи апат облыс әкімдері үшін үлкен сынақ болды. Қарғын судың әлегі еліміздің басым бөлігінде төтенше жағдай режимін жариялауға мәжбүр етті. Себебі апатқа облыс әкімдері дайын болмай шықты. Әкімдердің әрекетсіздігі зардап шеккен тұрғындарды ғана емес, мемлекет басшысын да ашуландырды. 30 наурызда Президент өзіне жүктелген міндетті дұрыс орындамаған әкімдерге бірінші ескертуін берді. «Соры қайнаған» әкімдердің қатарында Ақтөбе облысының басшысы Асхат Шахаров та бар. Ulysmedia.kz тілшісі аймақ басшысының Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасынан, сондай-ақ әкімдіктің ресми ресурстарынан оның қызметіне қатысты мәліметтер іздеп көрді. Сонымен әкім А.Шахаров не жазды?

Камуфляжы мен күрегі бар әкім

Қар суының тез еріп, жердің сіңіре алмай қалғаны Ақтөбе облысының басшысына жаманат әкелді. Мұны оның Facebook желісіндегі жазбасынан аңғаруға болады. Наурыз бойы Асхат Берлешұлы жерлестерін мерекелерімен құттықтап, оларға жақсылық пен молшылық тілеп, соңына қарай, 28-і күні бір видео жариялайды. Онда әкім жерлестеріне су тасқыны туралы хабарлайды. Оның айтуынша, жаңбыр жаумаса, бәрі дұрыс болатын еді.

– Қазір облыста жолдар мен көпірлерді, аулалар мен ауылдарды су шайып кеткен жерлер бар», - дейді Шахаров камераға шаршаңқы қарап.

– Кеше аудандарды, бүгін қаланы араладым. Материалдық шығынды арнайы құрылған комиссия есептейді. Тұрғындарға шыдамдылық танытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Ешкім ескерусіз қалмайды. Барлық әкімдер, төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері, әскери бөлімдер, полиция қызметкерлері күндіз-түні өз міндеттерін атқаруда. Барлығы күшейтілген режимге ауыстырылды.

Бейнежазбадағы бұл сөздерді облыс басшысы камераға қарап қаздиып, саяқ тұрып айтқан жоқ, керісінше, үстіне камуфляж, аяғына резіңке етік киіп, толарсақтан саз кешіп, бірде көпірдің үстінде, бірде шенеуніктердің алқалауымен жол бойында, күрекпен дренаждық арнаны тазартып тұрып айтады. Кадрларды қарап отырып, әкім байғұс түн баласы мігір көрмей, ел-жер деп жүр ғой деген ой қалыптасады.

Әкімнің әлеуметтік желідегі жазбасы баспанасы мен дүние-мүлкінен айырылған ақтөбеліктер үшін қаншалықты пайдалы әрі көңілжұбатарлық болғанын айту қиын. Видео астындағы 303 лайк және оған жазылған 84 пікір халықты бірлікке, шыдамдылыққа шақырып, Шахаровтың жұмысына сәттілік тілейді. Мүмкін мұның бәрін жазып отырған әкімдікке қарасты қызметкерлердің өздері шығар. Әлде облыс тұрғындарының сол кезде әкімнің парақшасына қарайтын уақыты болмады немесе олардың шынайы пікірлерін баспасөз қызметі дереу өшіріп тастады. Бірақ бұл туралы ешкім үндемегені таң қалдырады. Әкiмнiң міндеті су басқанда күрек ала шабу емес, сол жағдайдың алдын алу емес пе еді?

Қаражат бар, бірақ сіздер шыдай тұрыңыздар

Асхат Шахаровтың қарғын судың алғашқы кезеңінде халықтың жанайқайын естімегені өкінішті. Бәлкім, сол кезде құлақ асса, осыдан үш күн бұрын парақшасында салынған видеодағыдай «оптимист» болмас еді. Жерлестеріне сөйлеген сөзінде ол табиғи апаттың ауқымы туралы баяндайды.

– Қолда бар мәліметтер бойынша облыста 792 үйді су басқан. 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Облыстың 5 ауданында – Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл және Ақтөбе қаласында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Қауіпті аймақтарда суды сору, тазарту және тоқтату жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.

Ақтөбе облысының басшысы табиғи апатпен күреске халықтың қосқан үлесін атап өтіп, зардап шеккендердің барлығына өтемақы төленетінін де айтты. Тасқыннан келген шығынды қазірдің өзінде арнайы құрылған комиссия есептеп жатыр.

– Біз сіздердің үйлеріңізді қалпына келтіріп, басқа да қажеттіліктерді өтейміз», - деп уәде еткен әкім бұл мәселе қазір Президенттің жеке бақылауында екенін атап өтті.

Видеода камуфляж киген Асхат Шахаровтың Премьер-министр Олжас Бектеновпен бірге аймақты аралап жүргені көрсетілген. Сондай-ақ кадрда тікұшақпен су басқан елдімекендерді әуеден бақылау, зардап шеккен тұрғындармен кездесу, ауа райын болжау орталығындағы сәттер бар.

Әкімнің видеосына лайк басушылар мен жағымды комментарий қалдырушылар бізге бұрыннан таныс аккаунт иелері. Ешкім «мұндай жағдайға қалай жеткіздіңіз» деген сұрақ қоймағаны таң қаларлық.

Ең бастысы, ақылдастық емес пе?

Алайда Ақтөбе облысының әкімі тасқынның алдын алу жұмыстарын жүргізбеді деп айтуға болмайды. Облыс әкімдігінің сайтында 7 наурызда Шахаровтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өткені туралы ақпарат берілген.

Сол кездің өзінде облыс басшысы су тасқынының алдын алу жұмыстарын өз бақылауына алып, жауаптыларға қырағылықты жоғалтпауды тапсырады.

– Су тасқыны кезеңі келді, қазір демалатын уақыт емес. Кабинетте отырмаңыздар, ауылдар мен аулаларды аралаңыздар, жағдайды көзбен көріп, жұмыс істеңіздер! – деп облыс әкімі тиісті қызмет мамандарына тапсырма берген.

Сол жиында Асхат Шахаров жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүкітеген.

– Су басу – жыл сайын болатын құбылыс. Бізде қалыптасқан тәжірибе бар. Жергілікті белсенділермен, ақсақалдармен кеңесіңіздер. Олар проблемалармен бұрыннан таныс, қай жерден су таситынын жақсы біледі. Әр аудан, қалада жұмыс істейтін төтенше жағдайлар бөлімі мамандарының кеңесіне де назар аударған жөн. Оның үстіне Қазгидромет бізді ауа райы туралы алдын ала хабардар етті.

Әкім көріпкелге барыңдар дегеннен басқа кеңестің бәрін айтқан екен.

Оның қоластындағылар жергілікті белсенділер мен ақсақалдардың кеңесін қаншалықты тыңдады, тыңдап қана қойып, әрекет етпеді, ол жағы бізге беймәлім. Белгілісі, айтылған тапсырмалардың ешқайсысы орындалмағаны. Оған аймақта болып жатқан оқиғалар дәлел.

Су басу жағдайы

Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Нұрбек Оралбаев өңірдегі ағымдағы су тасқыны жағдайы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі су тасқыны жағдайына байланысты Ақтөбе қаласы мен облыстың алты ауданында табиғи сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі жарияланған. Қазір облыста еріген суды сору, қаптар мен инертті материалдарды төсеу жұмыстары жалғасуда.

– 1061 тұрғын үйді су басқан. 10 138 адам қауіпсіз жерге көшірілді. 2536 адам үйлеріне оралды, оның 1104-і – балалар. Сондай-ақ 10 663 бас мал эвакуацияланды», - деді Оралбаев.

Маманның айтуынша, Ақтөбеде 8 сәуір күні сағат 02:40-тан бастап Қарғалы өзенінде су деңгейінің көтерілуіне және Қарғалы су қоймасының кемерінен асуына байланысты саяжайларды су басу қаупі төнген. Ақжар, Жилянка, Солнечный, Садовое тұрғын алаптарындағы және «Эко» бағбандық ұжымындағы саяжайлар осы қауіпті аймаққа кіреді.

– Тұрғындарды хабардар ету және эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 76 адам эвакуацияланды, оның ішінде 25 бала бар. Жұмысқа барлығы 1364 адам, 247 техника, 10 жүзу, 22 су сору техникасы жұмылдырылған. Психологиялық көмек көрсетуге арналған телефон желісі қосылып, қазірдің өзінде 230 қоңырау түскен.

Қызметпен қош айтыса ма?

Асхат Шахаровты жақсы білетіндер оның 2013 жылға дейін спорт саласында еңбек еткенін ұмыта қоймаған шығар. Ол дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан үш дүркін әлем чемпионы және 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарының қатысушысы ретінде қазақстандықтар арасында жақсы танымал. Олимпиададан кейін Шахаров жаттықтырушылыққа ауысты, кейін Олимпиада резервін дайындау орталығының директоры қызметін атқарды.

Мемлекеттік қызметке 2013 жылы келді. Оның алғашқы сатысы Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының әкімі қызметінен басталды. Төрт жылдан кейін Зеленов ауданына ауысып, 2020 жылы Ақтөбе қаласының әкімі болды. 2023 жылдың 5 қыркүйегінде Ералы Тоғжановтың орнына Ақтөбе облысына басшы болып тағайындалды.

Мемлекеттік басқару саласында бірнеше жыл тәжірибе жинаған басшының бір емес, екі рет сүрінуі бізге түсініксіз (2022 жылы Ақтөбе қаласының әкімі ретінде су тасқынының алдын алу шарасын жүргізбеген, салдарынан 3316 адам баспанасынан айырылған).

Мемлекет басшысы бұл жолы оған міндетін дұрыс орындамады деп ескерту берді. Бұл тегіннен-тегін емес. Бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге жазаның мынадай түрлері бар: сөгіс, қатаң сөгіс, лауазымдық міндетін толық орындамағаны үшін ескерту немесе мемлекеттік қызметтегі лауазымын төмендету, мемлекеттік қызметтен босату.

Қызметтік міндеттерін толық орындамағаны туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолдану мүмкіндігі болмаған жағдайда іске асырылады. Лауазымды тұлға қызметтік міндеттерді толық орындамағаны үшін ескерту алғанда немесе лауазымы төмендетілгенде тағы бір қателік жасаса, ол жұмыстан шығарылады. А.Шахаров басшылық қызметте қала ма, қалмай ма, оны уақыт көрсетеді...

Серіктес жаңалықтары