×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Басынан дау арылмаған Қазақстанның тұрғын үй компаниясы

23.04.2024, 15:52
Басынан дау арылмаған Қазақстанның тұрғын үй компаниясы
Коллаж: Ulysmedia

Жаңа Қазақстанда көптеген квазимемлекеттік құрылымдар – ұлттық холдингтер мен қорлардың «еншілес компаниялары» дау-дамайлар мен сот процестерінің ошағына айналуда. Олардың Қазақстан қоғамына қаншалықты қажеттігі бар деген заңды сұраққа толыққанды жауап берілген жоқ. Осы «квази-еншілес компаниялардың» барлығы сыбайлас жемқорлық пен заң бұзушылықтың қызығына түсіп кеткен, олар елдің мүддесін ойлап жүрмеген секілді. Ал осынша квази-еншілес компанияның сансыз қызметкерін асырау мемлекетке, оның халқына көк тиын пайда бермейтін сыңайлы.

Ulysmedia.kz тілшісі «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» АҚ (ҚТҮК) кадрлық қулық-сұмдығына үңілген еді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері

«Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ туралы ақпаратты ашық дереккөздерден табу қиынға соқпады. «Бәйтерек» ұлттық холдингі компаниялар тобына кіретін қаржылық ипотекалық ұйым ретінде ҚТҮК 2 триллион теңге активтерге ие және Қазақстанда қолжетімді тұрғын үй салумен айналысады. 2021 жылы ол үш компанияны – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Тұрғын үйге кепілдік беру қоры» АҚ және «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ын біріктіру арқылы құрылды.

Жақында Ulysmedia.kz редакциясына ҚТҮК-ның кадрлық тағайындаулардағы заң бұзушылықтар туралы жазылған құжаттар сканерленген хат түрінде келіп түсті.

- 2024 жылдың ақпан айында құрылыс компанияларының көптеген шағымдарынан кейін тұрғын үйлердің техникалық мониторингі директоры Әділжан Қабылдин «ҚТҮК» АҚ-нан өз еркімен жұмыстан босатылды», - делінген құжатта.

- Жедел ақпараттан А.А.Қабылдин «ҚТҮК» АҚ басшылығына сілтеме жасай отырып, жеке техникалық қадағалау компанияларының мүддесін көздейтін лобби әрекеттерге барған. Ол жеке компаниялармен қызмет көрсету шарттарын жасасу және тұрғын үй құрылысын пайдалануға беру актілеріне кедергісіз қол қою үшін осындай әрекеттер жасаған.

Айтпақшы, сол Қабылдин, хат авторларының айтуынша, осыдан сәл бұрын «Бәйтерек девелопмент» АҚ-да жұмыс істеген. Бұл компанияның бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев та, «Бәйтерек» басқарушы холдингін басқарған Қуандық Бишімбаев та аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған еді.

 

Кадрлар шешеді

«ҚТҮК» АҚ ресми сайтынан алынған ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта басқарма төрағасының міндетін атқарушы ретінде Олжас Жолдасбаевтың есімін көрдік. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу агенттігінің қызметкерлері Жолдасбаев мырзаның қаржы ұйымындағы жалпы жұмыс өтілі 1 жыл 11 айды құрайтынын анықтады, бұл «Банктер және банк қызметі туралы» Заңды тікелей бұзу болып табылады. Өйткені осы заңның 20-бабына сәйкес, қаржы ұйымының атқарушы органы басшысының (басқарма төрағасының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның) осы ұйымдарда кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы, оның ішінде басшы лауазымда кемінде 3 жыл болуы міндетті екені жазылған.

- «ҚТҮК» АҚ-да 2021 жылдан бастап үш рет ұйымның бірінші басшысы болып «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның талаптарына сәйкес келмейтін тұлға тағайындалды», - дейді хат авторы.

– Осы кезеңде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу агенттігі «Бәйтерек» АҚ мен «ҚТҮК» АҚ-на «ҚТҮК» АҚ бірінші басшысын тағайындауға қатысты ескертулерді жою туралы үш рет ұйғарым жіберді. Заң талаптарына бағынбайтын бірінші басшыны қызметінен босату қажеттігін Агенттік тікелей айтқан соңғы бұйрық 2024 жылдың наурыз айында жіберілген.

Алайда «ҚТҮК» АҚ ескертулерді жою туралы Агенттікке ресми есеп берген, бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермеген.

Хат авторлары жоғарыда айтылған жайттарға қатысты «ҚТҮК» АҚ үстінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу қажет деп санайды. Олар ұйымның лауазымды тұлғаларынан «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 20-бабының талаптарын сақтауын тексеруді, сондай-ақ «ҚТҮК» АҚ-ның қабылдаған шешімдерінің заңдылығын тексеруді талап етеді.

 

Көмескі өткен шақ

Айтпақшы, «ҚТҮК» АҚ сонау 2000 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құрған «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ның орнын басқан. Кезінде осы компания құрыларда: «Жеңілдікпен несие және ипотека беру арқылы халықтың барлық санатын баспанамен қамтамасыз етеміз» деген үлкен-үлкен әңгімелер айтылған. Осыдан кейін халықтың барлық санаты үшін тұрғын үйді қолжетімді ететін көптеген бағдарлама әзірленді.  

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ бұл міндетті қаншалықты орындай алғанын айту қиын. Ашық дереккөздерде компанияның қызметі туралы көп ақпарат жоқ. 2002 жылы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ алғашқы ипотекалық облигацияларын шығарып, сәл кейінірек өз акцияларын еліміздің негізгі қор биржасына орналастырып, кейін аймақтардағы өкілдіктерін кеңейте бастағаны белгілі. Ол өз қызметінің соңғы кезеңдерінде Алматы қаласында қолжетімді тұрғын үйді ипотекалық несиелеу бағдарламаларын, сондай-ақ кейіннен сатып алу арқылы қолжетімді тұрғын үйді жалға беру бағдарламаларын әзірлеп, іске қосты.

Сонымен қатар «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ тұрғын үйлерді одан әрі жалға беру немесе ипотекалық несиелеу арқылы салу бойынша бірнеше бағдарламалардың операторы болды.

2021 жылғы 26 қаңтарда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның еншілес ұйымы – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ болып өзгертілді.

Бұл процесс президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Бәйтерек» холдингінің тұрғын үй блогы үш еншілес ұйымды - «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ын бірыңғай тұрғын үй құрылысы операторына біріктіру арқылы қайта құрылуынан кейін болды.

2020 жылғы 8 шілдеде Президент Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламасы операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті заңға қол қойды.

 

Ақша бар, бірақ шыдай тұрыңдар!

Дегенмен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ да, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ да  үнемі келеңсіздіктерге тап болды. 2018 жылы ипотека иелері Ұлттық банк пен Қазақстан ипотекалық компаниясын сотқа берді. Оған осы ұйымдардың ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асырудағы әрекетсіздігі себеп болды.

2015 жылы тұрғын үй заемдарын қайта қаржыландыру бағдарламасы қабылданды, оған сәйкес, несиелерді жылдық 3 пайызбен қайта қаржыландыруға болады. 2016 жылы Қазақстан ипотекалық компаниясы бұл бағдарламаға енді, дегенмен оған бөлінген 3,2 млрд теңгеге қарамастан, қарыз алушылардың ешқайсысы қайта қаржыландырылған жоқ, яғни револьверлік әдіс дұрыс жұмыс істемеді.

Талапкерлердің өкілі Зоя Әбілдина түсіндіргендей, Ұлттық банк қаржыландыру тетігін пысықтау шараларын қолданбаған.

– Яғни, екінші деңгейлі банктерді (бұдан әрі: ЕДБ) қаржыландыру тетігін әзірлеген Ұлттық Банк Қазақстанның ипотекалық компаниясының депозитке лицензиясы жоқ екенін біле тұра, оны Бағдарламаға енгізген және жалғыз баспанасы бар талапкерге мемлекеттен бөлінген несиені одан әрі төлей алуы үшін қаржыландыру тетігін дер кезінде әзірлеу керек еді. Ұлттық банк бұл мәселені біле тұра, екі жыл бойы Бағдарламаға ешқандай өзгеріс енгізген жоқ», - деп түсіндірді Әбілдина шағымның мәнін.

Қазақстанның ипотекалық компаниясының әрекетсіздігі, арызданушылардың пікірінше, олардың табандылық танытпауында болып отыр. Ал Ұлттық банк пен Қазақстанның ипотекалық компаниясының өкілдері бірауыздан сот органдарынан азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тартуды сұрағанымен, олар Жоғарғы Сотқа дейін жеткен талапкерлердің ипотеканы қайта қаржыландыру құқығына қарсылық көрсете алмады.

 

Сот: Пара бергені үшін – айыппұл

Ал 2021 жылдың көктемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Биғайдаров брифингте өз мәлімдемесімен жұртшылықты таң қалдырды.

- Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының жалғыз операторы және «Бәйтерек» холдингінің құрамына кіретін «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасарына қатысты қылмыстық іс сотқа жеделдетілген тәртіпте жолданды.

Процесте айыпталушының аты-жөні атамады. Тек Қазақстанның тұрғын үй компаниясының топ-менеджері заңды тұлғаның құрылтайшысынан ортақ мүлікті басқару жөніндегі ұйымның қызмет көрсету туралы актісіне қол қойғаны үшін 2,4 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгені айтылды.

Сәлден соң ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі бұл оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

Елорданың Есіл ауданының №2 аудандық соты «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Өсербаев А.А.-ға параның отыз еселенген сомасында, яғни 72 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге үкім шығарды, деп хабарлады ведомстводан.

Ол 2021 жылдың 17 ақпанында «ФН Mенеджмент» ЖШС директоры Тәжібаев А.С.-дан мүлікті басқару ұйымына қызмет көрсету шарты бойынша орындалған жұмыстардың актісіне қол қою үшін 2,4 млн.теңге көлемінде пара алған.

Дәл осы үкіммен «ФН Mенеджмент» ЖШС директоры Тәжібаевқа мемлекет қазынасына 48 млн теңге айыппұл төлеуге үкім шықты.

 

Бәсекелестік болмайтынына кепілдік беру

2022 жылы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандық тұрғын үй компаниясы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің әрекеттерінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін анықтады.

- Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазақстандық тұрғын үй компаниясының құрылыс салушылардан кепілдік беру туралы өтініштерін қарау рәсімдерін негізсіз тоқтатып, кейінге қалдырғанын анықтады.

Қазақстандық тұрғын үй компаниясы тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы қызметін атқарады, оның негізгі міндеттерінің бірі – тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру тетігінің тұрақты және тиімді жұмысын қамтамасыз ету. Бірыңғай оператор кепілдік ісі туындаған жағдайда акционерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға да жауапты – делінген Бәсекелестікті қорғау және дамытуы агенттігінің сайтындағы хабарламада.

- «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға сәйкес, Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырудың үш заңды жолы бар - «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігін алу; тұрғын үй құрылысы жобасына қатысу; сондай-ақ құрылыс салушының өз қаражаты есебінен тұрғын үйдің қаңқасын салғаннан кейін Жергілікті атқарушы органның рұқсатын алу.

Үлескерлердің қаражатын тартудың ең тиімді жолы – Қазақстандық тұрғын үй компаниясынан кепілдік алу.

- Қазақстандық тұрғын үй компаниясы инжинирингтік қызмет көрсететін кейбір компаниялармен келісімшарттар жасады», - деп толықтырды ведомство. Қазақстандық тұрғын үй компаниясына монополияға қарсы заң бұзушылықты жоюға бір ай уақыт берілді. Сондай-ақ ІІМ-ге «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңда көзделмеген қажетсіз талаптарды жою арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы ережелерге өзгерістер енгізу тапсырылды.

Ақпарат айдынына шыққан осындай ірілі-ұсақты дау-дамайды айтпаған күннің өзінде, ұлттық басқарушы холдингтің құрамцына кіретін еншілес ұйымдардың басынан қиқу кетпей қойғаны алпауыт холдингтің сүйегіне таңба емес пе? «Бәйтерек» басшысы жақын арада осынау жайттарға түсінік беріп, ақталар деген ойдамыз.