×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Шабысы жоқ, табысы көп топ-менеджмент немесе шығыннан көз ашпаған ұлттық компаниядан қалайша сыйақы алуға болады

10.07.2024, 16:26
Шабысы жоқ, табысы көп топ-менеджмент немесе шығыннан көз ашпаған ұлттық компаниядан қалайша сыйақы алуға болады
ulysmedia.kz

Қазақстандық ірі ұлттық компаниялардың басшылары күреп сыйақы мен бонустар алады деген хабар көпшіліктің таңданысын тудырды. Жұртшылық неге таңданды? Әрине, айлығы шайлығына жетпей отырған бұқараның наразылығын түсінуге болады. Сонымен ұлт байлығын сарқып жатқан қай компания және қай басшы, толығырақ Ulysmedia.kz материалында. 

Өзгеше реакция

Ұлттық компаниялар өзінің тапқан табысы, жеткен жетістіктері мен сәтсіздіктері, топ-менеджерлердің алған сыйақысы туралы жыл сайын өз есептерін жариялайды. 

Бұл бұрыннан келе жатқан дәстүр секілді болғанымен, осының өзі халықтың жүйкесіне едәуір салмақ түсіретіндей. 

Бұл “дәстүрді” бірнеше компанияның мысалында қарастырып көрейік.

ҚазМұнайГаз

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма мүшесі 2023 жылы орта есеппен 43,2 миллион теңге сыйақы алған. Директорлар кеңесінің мүшесі орташа есеппен 10,8 миллион теңгеге жуық сыйақы алды.

Басқарма 9 адамнан тұрады. Жалпы сыйақы мөлшері 388,8 млн ​​теңге болады.

Директорлар кеңесіне де 9 адам кіреді, доллармен төленген сыйақының жалпы сомасы 97,2 млн.теңгеге жуық. Асқар Шәкіров те директорлар кеңесінде, оған әлі-ақ тоқталамыз. 

Сыйақы жұмыс нәтижесіне қарай төленуі тиіс.

Shishkin_like телеграм арнасындағы мына жазбаға мән бермей өту мүмкін емес:

- біз әлемдегі бірнеше мұнай-газ компаниясының қаржылық көрсеткіштерін салыстырдық. Байқағанымыз,  «ҚазМұнайГаздың» топ-менеджерлерінің сыйақысы өте көп. Мысалы, әзірбайжандық Socar компаниясының тапқан табысы ҚазМұнайГаздан екі есе дерлік көп, алайда топ-менеджерлерге төлеген сыйақысы біздікінен он есе аз. 

Қазпошта

Басқарма мүшесі орта есеппен 21,9 млн теңге сыйақы алған. Директорлар кеңесінің мүшесі орта есеппен 9,5 млн. теңге. Басқарма 6 адамнан тұрады, олардың алған жалақысы мен сыйақысы - 131,2 млн. 

Директорлар кеңесінде 5 адам бар, олардың жалақысы мен сыйақысы 28,4 млн.теңге.

«Қазпошта» АҚ акцияларының толық пакеті 2009 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-на тиесілі.

2023 жылға дейін компания жыл сайын миллиардтаған шығынға бататын. 2022 жылдың қазан айында Кембридж және Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі Әсел Жанасова басқарма төрағасы болып басшылыққа келгеннен кейін «Қазпошта» біртіндеп қарызынан құтыла бастады. 2022 жылғы қаржылық есептілікке сәйкес, Қазпоштаның кірісі шамамен 50 млрд теңгені құрады. Осының алдында, яғни бір жыл бұрын Қазпошта 12,5 млрд теңге шығынға батқанын жариялаған еді. Тіпті шығын сомасы компания активтерінің құнынан да асып кеткен. 

Сонымен қатар, «Қазпошта» жыл сайын шалғайдағы елдімекендердегі қызметі үшін мемлекеттен субсидия алады. 2022 жылы ол шамамен 2,5 млрд теңгені құрады. Алайда, неге екені белгісіз, «Қазпоштаның» жаңа басшылығы кәсіпорынды шығынға батырып отырған да осы ауылдық жерлер екенін, мемлекет төлейтін субсидия түкке де жетпейтінін мәлімдеді. 

Қаржылық есеп бойынша, 2022 жылы Қазпоштаның топ-менеджерлері айына шамамен 2 миллион теңге жалақы алған.

Өткен жылдың жеті айында «Қазпошта» 1 млрд теңге таза табыс тапқан. Бірақ бұл сома, жоғарыда жазғанымыздай, «Қазпошта» 2022 жылы 50 миллиард теңге табыс тапты деген ақпаратпен сәйкес келмейді. Тіпті 2023 жылы «Қазпошта» орта есеппен 12 миллиард теңге табыс тапты деп есептесек те, бұл сома бұрынғысынан 4 есе төмен, сонда жаңа басшылықтың тиімді жұмыс істегені туралы ертерек мақтап қойған жоқпыз ба?

Бұл миллиард кірістің тарихы да қызық. 2023 жылдың күзінде «Самұрық-Қазына» қорының экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Мират Өтепов қордың құрамына кіретін бірқатар компания өз капиталының бір бөлігін «Қазпошта» шоттарына аударғанын хабарлады. Өтепов бұл ауылдық жерлердегі жұмысты субсидиялаудың жетіспей жатқан сомасын  белгілі бір дәрежеде өтейді деп баса айтты. Сол себепті 2023 жылдың алғашқы 8 айындағы кірістің осыншама мол болуы Самұрық аударған ақшаның арқасы деуге болады. 

Бір жыл бұрын Әсел Жанасова компанияның 2024 жылдан бастап қызмет құнын көтеру жоспары туралы айтқан. Сондықтан болар, акционерлік қоғамның табысы жұмыстың жақсы жолға қойылғандығынан емес,  тарифтерді көтеру есебінен артқан секілді.

Естеріңізге сала кетейік, «Қазпоштаның» жұмысын «Самұрық-Қазына» Қоғамдық кеңесінің төрағасы Болат Жәмішев сынға алған. Жәмішев сол кезде «Қазпоштаның» жұмыс істеу тәсілі осыдан 30 жыл бұрынғы тәсіл екенін, заман көшінен қалып қойғанын сынаған. 

ҚТЖ

Басшылар айына орта есеппен 4,1 миллион теңге сыйақы алған. 2023 жылы басқарма мен директорлар кеңесі мүшелеріне жалақыны қоса есептегенде жалпы сыйақы 790 миллион теңгені құрады.

ҰТЖ-ның басқарма құрамы 8 адамнан тұрады.

Жақында Жоғарғы есеп палатасының төрағасы Әлихан Смайылов ұлттық тасымалдаушының банкротқа ұшырауы мүмкін деген сөзінен кейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы компанияның бүгінгі жай-күйі туралы есеп берді.

Компания ҚТЖ-ның ағымдағы номиналды қарызы 2,9 трлн теңгені құрайтынын растады, айтуларынша, компанияның қаржылық және операциялық көрсеткіштері жыл сайын жақсарып келе жатыр. 

- Үш жыл ішінде компанияның кірісі 2021 жылғы 1,3 триллион теңгеден 2023 жылы 2 триллион теңгеге дейін тұрақты өсу динамикасын сақтап отыр. 2023 жылдың қорытындысы бойынша кірісіміз 134 млрд теңге болды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе артық. Бұл - компанияның соңғы 10 жылдағы ең жақсы көрсеткіші. Сонымен бірге ол барлық несиелік міндеттемелерін уақытында өтеуге жетеді, - дейді компания.

Компания өзінің қаржылық жағдайын тұрақты деп санайды, мұны халықаралық рейтингтік агенттіктердің кредиттік рейтингтерінің деңгейі және ҚТЖ-ға несиелік жеңілдіктер мен кепілдіктер беретін халықаралық қаржы институттарының сенімі растайтынын атап өткен. 

Әлихан Смайылов ҚТЖ аудитінің қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, бүгінде компания өз міндеттемелерін орындай алмай отыр, ол басқарудың тиімсіз әрі ескі форматынан шықпаса, жақын уақытта дефолтқа ұшырауы әбден мүмкін. 

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров осы тақырыпқа қатысты пікір білдіріп, «Самұрық-Қазына» компаниясына үлкен аудит жүргізілуі тиіс екенін мәлімдеді.

– Бүгінгі таңда, өкінішке қарай, біздің экономикалық саясатымыз ақсап тұр. Өйткені  «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компаниялар ешкімге есеп бермейді. Олар Премьер-министрге де, салалық министрге де есеп бермейді. Олар директорлар кеңесінің төрағасын тыңдамайды. Бұл ұлттық кәсіпорындар, олардың басшылығы қомақты сыйақы алып, сол үшін өмір сүреді, - деді депутат. 

Міне, ҚТЖ қарызы 2,9 трлн.теңге, ал компанияның топ-менеджерлері сыйақы мен бонус ретінде 790 млн.теңгені қалтаға басқан. Бұл дегеніңіз қарыздың төрттен бірі басшылардың қалтасына кетті деген сөз. Осыншалық былыққа батып отырған компания ақшаны оңды-соңды қалай шашады? 

KEGOC

Сыйақының орташа мөлшері 52,5 млн теңге.

Компанияның басқарма мүшесінде 5 адам, директорлар кеңесінде 7 адам бар, оның үшеуі «Самұрық-Қазына» холдингінен.

Электр желілерін басқарушы компанияның қаржылық есебінде нақты қанша топ-менеджер негізгі басқарушы персоналға жатқызылғаны айтылмайды. Орташа есеппен алғанда, 2023 жылы «KEGOC» АҚ-ның әрбір топ-менеджері айына 3,7 миллион теңге табыс тапқан. Сыйақы сомасына жалақы, салықтар, демалыс ақысы, ауырған кездегі демалыс және басқа да төлемдер кіреді.

Ал, БАҚ жазғандай, Қазақстандық «KEGOC» электр желілері компаниясы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің (ТМЭК) шешімін дұрыс орындамағаны үшін миллиардтаған теңге шығынға ұшырауы мүмкін. Астана қаласының Әкімшілік соты энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға (ЭҚҰ) «KEGOC» АҚ-тың үстінен экономикалық сотқа шағымдануды ұсынды.

Көктемде премьер-министр Олжас Бектенов «электр энергиясының құнын негізсіз көтеріп отырған» энергиямен жабдықтаушы компаниялардың жұмысын тоқтатуды талап етті. Сот шығынды ұлттық компания төлеуі керек деп шешті, бірақ ол кімнің есебінен төленеді? Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі есептелуде және әртүрлі бағалаулар бойынша ол 80 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Ал KEGOC-тың 2023 жылғы жалпы табысы 43,4 млрд теңге болған. Яғни, барлық кіріс шығынды өтеуге жұмсалады деген сөз. 

ҚазАтомПром

Сыйақының орташа мөлшері 91,3 млн теңге.  

Басқарма да, директорлар кеңесі де 7 адамнан тұрады.

Сыйақы мөлшері жалпы 766 млн теңге болған. Қаржылық есеп бойынша, 2023 жылы олардың әрқайсысы ай сайын орта есеппен 6,5 миллион теңгеден табыс тапқан. Бұл компания өзінің шығыны туралы жақ ашпайды. 

ҚазТрансОйл

Сыйақының орташа мөлшері 50,5 млн теңге болған. Басқарма мүшелерінің әрқайсысы 64,9 млн теңге алған.

Үш тәуелсіз директор жылына 80 мың АҚШ доллары көлемінде тұрақты сыйақы алған және 2023 жылы директорлар кеңесінің сыйақысына 1 мың АҚШ доллары көлемінде қосымша сыйақы төленген.

2023 жылы басқарма мүшелері жалпы сомасы 454,2 млн теңге сыйақы алған. 

Басқарма 7 адамнан тұрады, сыйақының жалпы сомасы 605,6 млн.теңге болған.

Компанияның кірісі мен шығыны қандай деп ресми сайтына үңілген едік, сайтта мынадай мәліметтерді кездестірдік:

- «ҚазТрансОйл» АҚ-ның қолданыстағы нұсқаулығына сәйкес, компанияның құпия ақпаратын белгісіз тұлғаларға беруге тыйым салынған. Қызметтік және коммерциялық мәліметтер құпия ақпарат болып есептеледі. 

Мақсатсыз жұмсалған қаражат

Еске салайық, бұған дейін ұлттық компаниялардың миллиардтаған қаражатты тиімсіз әрі мақсатсыз жұмсағаны туралы айтқанбыз. 

Тек 2023 жылдың өзінде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттен 1,2 триллион теңгеге жуық қаражат түскен. Бұл ретте пайдаланылмаған қаражаттың көлемі 2,5 есе асып кеткен. Сондай-ақ бөлінген, есепшотқа салынған және игерілмеген тағы 383 миллиард теңге анықталды.

Таланттылар ордасы

Компанияны тиімді басқара алмай отырған топ-менеджерлерге бонустар мен сыйақылар төлеу дегенді түсіне алмай-ақ қойдық. Бұл мәселеде әртүрлі көзқарас бар. 

Топ-менеджерлер әлі қаржылық табысқа әкелмеген ұзақмерзімді мақсаттарға қол жеткізгені үшін марапатталуы мүмкін. Яғни, тактикалық емес, стратегиялық шешімдері үшін сыйақы алған болуы мүмкін. 

Бонустар мен сыйақылар “басы алтын, құйымшағы күміс” қызметкерлерден айрылып қалмау мақсатында төленуі де мүмкін. 

Тіпті өзге компаниялар алдында беделін түсірмеу үшін де сыйақы мен бонустар тұрақты түрде төленуі ықтимал. 

Сыйақы факторы

Дегенмен, акционерлер мен басқа да мүдделі тараптар компания қаржылық қиындықтарға тап болған кезде топ-менеджерлердің сыйақы алуына қарсы болуы мүмкін. Өйткені компанияның шығынға ұшырауы тиімсіз басқару салдарынан болып отыр. 

Сайып келгенде табысы аз, шығыны көп  компанияның топ-менеджментіне сыйақы беру әділетсіз болар еді. Сондықтан компанияның басқарма мүшелері барлық факторды мұқият таразылап, компания мен оның мүдделі тараптарының ұзақ мерзімді жоспарына сай келетін шешім қабылдауы керек. 

Осыдан басқа адам жоқ па

Бір адамның бірнеше компанияның басқарма кеңесіне мүше болуы күмән тудырады. Мысалы, «Қазмұнайгаз» мен «Қазатомөнеркәсіпте» Арман Арғынғазин мен Арманбай Жұбаев бар. Олар, бәлкім, өз саласының таптырмас мамандары және бүкіл Қазақстан бойынша бірегей кадр шығар. Мұндай саяси әрі экономикалық байланыстары терең адамдар компанияларға пайдалы болуы мүмкін. Олар компанияларға мемлекеттік келісімшарттарға қол жеткізуге, реттеушілермен қарым-қатынас орнатуға және саяси қолдау алуға көмектесуі мүмкін.

Далада қалмайсыз

Сыйақы төлеудің мынадай тағы бір себебі  бар. Мәселен, «Қазмұнайгаз» АҚ директорлар кеңесінің құрамына дипломат, Сенат төрағасының бұрынғы орынбасары, мемлекет басшысының көп жылғы үзеңгілесі Асқар Шәкіров кіреді. Мұнай-газ өнеркәсібінен алыс адам мұндай жағдайда қандай кеңес бере алатынын білмейміз. Бірақ бұл, өкінішке қарай, жоғары лауазымды шенеуніктер зейнеткерлікке шыққаннан кейін ірі компаниялардағы лауазымдарға тағайындалатын тәжірибе. Яғни, билік өз кадрларын ешқашан далада қалдырмайды. Бір кездері жоғары лауазымды қызмет атқарған адамды ірі компанияларға «байлап» қояды, өйткені оның зейнетақысы “мардымсыз”. Бұрынғы шенеуніктерге мемлекет зейнетақы төлемін осылайша субсидиялайды. 

Кейбір елдерде, соның ішінде Қазақстанда бұрынғы жоғары лауазымды тұлғаларға қолдау көрсету дәстүрі қалыптасқан. Бұл билік пен ықпалды сақтау стратегиясының бөлігі болуы мүмкін. Бұрынғы шенеуніктер компаниялардың өсіп-өркендеуіне көмектесетін ақпарат пен ресурстарға қол жеткізе алады. 

Сыбайлас жемқорлықпен байланысты болуы мүмкін тағы бір фактор бар. Кейбір компаниялар бұрынғы шенеуніктерді қызметке тарта отырып, олардың байланыстарын тиімді келісімшарттар немесе басқа да жеңілдіктер алу үшін пайдалана алады.

Дегенмен, мұндай әрекеттер әдетте этикаға кереғар және ашықтық пен бәсекелестік қағидаттарын бұзатынын атап өткен жөн. 

Ұятың білсін, қарағым!

Әрине, біздің осы мақаламыздан кейін ұлттық компаниялардың топ-менеджменті ойлана жатар. Сыйақы алуға лайық еңбек еттім бе, етпедім бе, мүмкін сыйақының жартысына ғана лайық шығармын деген ой келіп жатса, онда ес кіргені де. Ескірген дағды, тозған жүйені арқаланып, дорба-дорба ақша арқалау үшін осы қызметке келдім десе, оны өз ары, өз ұяты білсін.