×
446.49
475.38
4.79
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
446.49
475.38
4.79

Qoldau-дың қорлығы мен 30 жылдағы 19 министр жайлы Жигули Дайрабаев

18.11.2021, 12:10
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстанда соңғы 3 жылда субсидиялауға 1 039,1 млрд теңге бөлінген екен. Биылдың өзінде бұл бағытта мемлекет 373,8 млрд теңге аударған. Алайда шаруалар бұл субсидияны толық ала алмай әуре болып жүр. Оның себебін және саланың қиыншылықтарын Қазақстан фермерлерінің қауымдастығының басшысы Жигули Дайрабаев айтып берді.

ҰСАҚ ШАРУАШЫЛЫҚТАР СУБСИДИЯДАН ҚАҒЫЛЫП ЖАТЫР

«Елімізде жыл сайын субсидия бөлінеді. Осының бәрі көбіне ұйымдасқан, іргелі, ірі шаруашылықтардың қолына тиеді. Майда шаруашылықтардың 90% субсидияға қолы жетпей қалады. Міне мәселе қайда жатыр. Субсидия алудың төңірегінде Qoldau деген бағдарлама бар. Соңғы екі жылда осы Qoldau-мен, қазақша айтқанда, айтысып келеміз. Мұны үкімет басшысы да біледі. Оған хат та жазылды. Былтыр маусымда ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік қызмет тегін болу керегін айтты. Бірақ бәрі керісінше болды – бұрын фермерлер екі АЕК төлейтін, былтырдан бастап  31,5 мың теңгеге көбейтті. Күлкілі жағдай. Ал енді есептеңіз 278 мың фермер портал арқылы субсидия алсын дейік, соны 31 500 теңгеге көбейтіңіз. Не деген сұмдық сонда. Ішпей-жемей, мал бақпай, бір клавишты басып алып, сонша қаражат табу деген тәртіпсіздік қой», - дейді Жигули Дайрабаев.

Қауымдастық басшысы  бүгінде 19,5 млн халықты асырап отырған сол 278 мың фермер барын айтады. Бірақ көпшілігінің жағдайы мәз емес. Биылғы қуаңшылықтың өзі шаруаның шығынын көбейтіп жіберген.

«ФЕРМЕРЛЕРГЕ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ АЛУ ҚИЫН»

Жигули Дайрабаев қаражаттың жеткіліксіздігі, арзан несиенің жоқтығы, негізінен ірі шаруашылықтарды қаржыландыру, несие шарттарына жиі өзгерістер енгізуден шаруалар зәрезап болғанын атап өтті. Айтуынша, оларды шешудің мынадай жолдары бар: алдымен,  бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту керек. Ісін жаңа бастаған фермерлер үшін кепілсіз несие бөлу және фермерлерге екіжылдық демалысымен 10 жылға дейін ұзақ мерзімге 1-2 пайызбен несие берген абзал. Сондай-ақ, «ҚазАгроның», екінші деңгейлі банктердің кепіл саясатын қайта қарап, несиелендіру кезінде құжаттар пакетін барынша азайту керек.

«Біз осының бәрін тиянақтап Ауыл шаруашылығы министрлігіне, үкімет басшысына хат жаздық. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын қаржыландыратын ұйымдар бар. Сол ұйымның бәрі қазір «Бәйтерек» холдингіне кірді. Президент бұрынғы «ҚазАгроға» қарағанда «Бәйтеректің» қаражаты көп, ауыл адамдарына жақсы көмек болады деген тапсырма берді. Бірақ бұрынғы «ҚазАгроның» тірлігін одан да жақсартып кетті деп айта алмаймыз. «Бәйтерек» холдингі бүгінде жақсы жұмыс жасап жатқан жоқ. Өйткені фермерлерге қаржы алу қиын», - дейді ол.

АГРОӨНЕРКӘСІПКЕ ИНВЕСТИЦИЯ: КӨРСЕТКІШ 400 ЕСЕ АЗ

Қауымдастық басшысы агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту жағынан Қазқастан әлемнің жетекші аграрлық елдерінен артта қалғанын да жеткізді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы шетелдік инвестициялар көлемі Австралияда 1 га егістікке шамамен 422 АҚШ долларын құрайды, Канадада 80 АҚШ доллары, ал Қазақстанда 1 долларға да жетпейді. Яғни 400 есе аз.

Шетелде инвестиция тартудың басты шарты – ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы. Бұл, ең алдымен, мемлекеттің тиімді аграрлық саясаты есебінен қалыптасады.

«Егер біздің шаруаларымыз шетелдік фермерлер сияқты арзан кредиттермен, мемлекеттік қолдаудың тиімді шараларымен, субсидиялармен, кепілдендірілген сақтандыру жүйесімен және ғылыми технологиялық жетістіктермен қамтамасыз етілсе, аграрлық саламызға инвестициялық сұраныс та болар еді. Инвесторлар тарапынан ауыл шаруашылығына үлкен қызығушылық бар, алайда мүмкіндіктер әлі толық ашылған жоқ, өйткені тежеуші факторлар көп. Мысалы, заңнама тұрақтылығының жеткіліксіздігі, реттеу, субсидиялау ережелері өзгеруде және т.б. Біздің фермерлердің өзі оған әрдайым ілесе бермейді, шетелдік инвесторлар туралы не айтуға болады?» - деп сұрақ қояды Дайрабаев.

ДЕЛДАЛ ДЕГЕНІН ІСТЕЙДІ, ШАРУА БАРМАҒЫН ТІСТЕЙДІ

Жалпы қазір елде азық-түлік қатты қымбаттап барады. Ет те, сүт те, өнімнің бәрі қымбат. Жигули Дайрабаев мұның бәрі тікелей фермерге байланысты емес екенін түсіндірді. Президент АШМ, Сауда министрлігіне былтыр егіс алқабынан дүкеннің сөресіне дейін қымбат бағаға көтерілмей, делдалсыз сатылсын деп тапсырма берген. Осы мәселе орындалып жатқан жоқ. Қазір 1 келі еттің бағасы 2,5-3,5 мың теңгенің аралығында. Сол фермер тауарын базарға өзі кіргізе алмайды. Өйткені сөреге дейін 3-4 айналымнан өтеді. Бір топ бар, солардан өтеді.

«Биыл фермерлермен кездестім. Олар өнім ұсынып жатыр. Бірақ етін тікелей өткізетін орын жоқ. Мәселен, Қарағанды облысының шеткейінде Ақтоғай дейін аудан бар. Баяғыдай ет өткізетін комбинаттар жоқ. Мемлекеттің міндеті сол ғой, фермер малын өткізетін орын ұйымдастыру керек. Шаруалардың басын ауыртпау керек. Кейде осыны түсінбеймін. Сондықтан, өзімізді өз өнімімізбен толық, үздіксіз қамтамасыз еткіміз келсе, фермерлерге арзан өнім шығаратындай жағдай жасау керек: өнім өндіруге жұмсайтын шығынын азайту керек. Шаруадан шыққан тауар дүкен сөресіне жеткенше арада делдалдар бағаны көтереді. Соларды жою керек», - дейді ол.

ҮКІМЕТ КӨРСЕТКІШІ: 30 ЖЫЛДА 19 МИНИСТР АУЫСҚАН

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде ауыл шаруашылығының 19 министрі ауысыпты. 19 басшының әрқайсының пікірі бар, ойы бар. Өзінің ауыл шаруашылығына деген ерекше көзқарасы бар. Осыған орай қабылданған қаулылар, ережелер өзгеріп отырады. Жигули Дайрабаевтың айтуынша, дау-дамайдың, әңгіменің бәрі осыдан шығады. Ал қазір 2022-2026 жылдарға агроөнеркәсіп кешенін дамыту ұлттық жоспары дайындалып жатыр. Үкімет бекітіп те қойған. Қауымдастық өз тарапынан ұсынымдарын жолданған. Енді соның кемінде 20-30 пайызы жоспарға енгізілсе дейді.

Қазақстанда 200 млн-ға жуық жайылым жер бар. Мал санына келетін болсақ, 22 млн-дай қой, 7-8 млн-дай ірі қара, 2-3 млн-дай жылқы бар. Малдың саны аздау. Бұрынғы уақытпен салыстырсақ, 90 жылдардағы деңгейге әлі жеткен жоқпыз. 90 жылдардың басында Қазақстанда 38 млн-ға жуық қой болған.

«Ал соңғы уақыттарда ауыл шаруашылығына қызығушылық азайып бара жатыр. Жастар ауылда тұрақтай алмайды, қалаға кетіп жатыр. Мұның бәрінің шегі болу керек деп ойлаймын. Соңғы 10-15 жылда ауыл шаруашылығы мәселесі қиыншылыққа тап болды. Бәрі жаман деп айтуға болмайды. Ілгерілеу бар, бірақ біздің одан да зор мүмкіншілігіміз бар. Мемлекеттік потенциалы өте жоғары, өйткені біз аграрлық елміз. Қазба байлығымыз жетерлік. Сондықтан бұл салады икемді жұмыс ұйымдастыру керек», - деп ескертеді Жигули Дайрабаев.

Сарапшы ауыл шаруашылығын да ретке келтіруге болатынын, байбаламға салып, «үкімет қайда, Дайрабаев қайда қарап отыр деп» көшеге шыға берудің де қажеті жоқ екенін айтып қалды.

«Жаңа технология, инвестиция кіргізу керек деп айтып жатыр. Ал енді шетелдің жаңа техникасын неге кіргізбеске? Олармен жұмыс істейтін шаруалар бар. Бірақ олар қымбаттап кетті. Инвестсубсидияны кіргізгеннің өзінде Ресейден алатын комбайндар 50 млн-нан асып кетті. Инвестсубсидиямен 17 пайыздан береді. Оның 10 пайызын Үкімет төлейміз деген. Бірақ соны төлей алмай отыр. Фермер лаж жоқ, «Қазагрофинанстың» қойған ережелеріне қол қояды. Өйткені егінін жинап алу керек. Ол төлемей жатқанда «Қазагронфинанс» қарап жатқан жоқ. Фермердің мойнына іліп қойып, 17 пайызбен төлеп жатыр. Осының бәрі ретсіздік қой. Ескі-құсқы, совет үкіметінен қалған техникамен әбден қорланып бітті. Бізде 142 мың трактордың 75 пайызының амортизациялық пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кетіпті. Ол екі-үш есе тозған. Қазіргі жаңалау жүйесімен жұмыс жасасақ, біз жылына 3-4 пайыз ғана жаңалайды екенбіз», - деп күйінеді Жигули Дайрабаев.

МӘСЕЛЕ АШМ-ДА ҒАНА ЕМЕС

Дайрабаевтың пайымдауынша, ауыл шаруашылығындағы кемшіліктің бәрін Ауыл шаруашылығы министрлігіне тіреп қою дұрыс емес. Министрлік – осы саланың стратегиясын сызатын мемлекеттік орган. Ал сол министрлік басқа министрліктердің үстінде абыройлы болу керек. Министр Үкімет басшысының орынбасары не бірінші орынбасары болуы керек. АШМ керекті профильді министрліктерді шақырып алып, тиянақты тапсырма беруі тиіс. Қаржы министрлігі, Экономика министрлігі екі ортада жүрмейтіндей, АШМ-ге құзырет, мүмкіншілік берген жөн.

«Кез келген адам агроном, фермер бола алмайды. «Ветврач» боламын, егін егіп, мал бағамын деп жатқандар көп емес. Сондықтан мемлекеттік саясатты ауыл шаруашылығына бұру керек. Ауыл шаруашылығының мамандығына ие болу деген, кәдімгі үлкен құрметке ие болатындай дәрежеге көтеруіміз керек. Бізде үгіт-насихат жұмысынауылға, еңбек адамына бұру керек. «Жұлдыз» деген қарапайым еңбек адамы. Сауыншы, бақташы, егінші, тракторшы, сварщик, жүргізуші сияқты еңбек адамына  марапатты арттырып, абыройын көтеруге тиіспіз», - деп түйді әңгімесін Жигули Дайрабаев.

Серіктес жаңалықтары