Бүгін Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 29 жыл толды. Ата заң 1995 жылы қабылданған, сол жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін ұзарту мәселесін референдумға шығаруды ұсынған еді. Конституция баптары біздің елде қаншалықты сақталады, әу баста жарияланған принциптеріне сәйкес жұмыс істеп тұр ма, мұны Ulysmedia.kz тілшісі тексерді.
Қоғамның идеалды мемлекеттік құрылымы туралы түсініктері әдетте мемлекеттің негізгі заңында – Конституцияда жүзеге асады. Конституцияның қабылдануы – маңызды тарихи оқиға, өйткені ол тәуелсіздіктің немесе авторитарлық басқару формаларынан бас тартудың белгісі ретінде қабылданады.
Тәуелсіз ел екеніміз, соған сай өз конституциямыз бар екені рас, алайда ол күні кешеге дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік басқарудағы авторитарлық іс-әрекетін жасыру үшін ғана қызмет еткендей көрінеді.
Қазақстанның бірінші Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды және негізінен Кеңес уақытындағы саяси құрылымды сақтап қалды. Бұл Конституция бірнеше рет өзгертілді, ал 1995 жылы ол түгелімен ауысты. Дегенмен бірінші Конституцияда президенттің басқарудың елеулі бөлігі бекітілген, екінші жазылған конституцияда сол елеулі бөлік сақталып қалды және ол әлі күнге дейін заңдық тұрғыдан әрекет етіп келеді.
БІЗ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ…
ҚР Конституциясының 1-бабы 1-тармағы: Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде жариялайды, оның ең жоғары құндылықтары – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
Заң тілінде біздің ел демократиялық мемлекет болып жарияланған. Бірақ сол кезде авторитарлы саяси авантюристер Конституция арқылы өздеріне ыңғайлы тәртіпті жариялаған. Күні бүгінге дейін билік басында болғандар өздерінің қателеспейтіндеріне сенімді болды және билікте мәңгі отыра береміз деп сенді, олардың мемлекеттегі әлеуметтік қарым-қатынас нұсқасы қоғамның барлық топтарына сәйкес келетініне өздері сенді.
Назарбаев демократия туралы айтқанда, азиаттықтарда, соның ішінде қазақтарда бұрны демократия болмаған дегенді жиі еске салатын. Оның айтуынша, демократия құндылықтары мен игіліктерін қазақтарға Назарбаев әкелген. Осылайша, ол тек өзінің сарабдал саясатының арқасында ғана мемлекетте демократияның жүзеге асатындығын атап көрсетуге тырысты. Бұл ақылға сыймайды. Назарбаевтың айналасында жүргендер "нұрлы авторитаризм» ұғымын қоғамға сіңіруге тырысты.
Сөйтіп, біздің ең жоғары құндылығымыз адам емес, Назарбаевтың идеялары болып шықты. Бұрынғы президентпен тікелей немесе жанама байланысы бар адамдардан басқа, кез келген адамды қорлауға, кемсітуге, оның тірнектеп жиып-құрастырған бизнесін тартып алуға, өлтіруге болады. Мұндай жағдайлар жүздеп емес, мыңдап кездеседі. Бұл жерде Ата заңымыз Қазақстан халқын емес, Атамыздың өзін және жақындарын қорғауға арналған болып шықты.
«ТАҢДАУ ЕРКІНДІГІ»
Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабы 2-тармағы: Халық өз билігін тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттік органдарға өзінің билігін жүзеге асыруға өкілеттік береді.
Тікелей президенттік басқару енгізілгеннен кейін (90-шы жылдардың ортасы) Назарбаев Қазақстан халықтарының Ассамблеясын құрды және осы органның мұқият таңдалған делегаттары президенттік сайлауды 2000 жылдың желтоқсанына дейін шегеруді табанды түрде талап етті. Ары қарай бәрі түсінікті шығар: "халық сұрап жатқан соң, еріксіз көндік".
Назарбаев халықтың «пікірімен» санасу қажеттігін атап өтіп, бұл мәселені 1995 жылдың сәуірінде жалпыұлттық референдумға шығарды. Тамыздың соңында жаңа Конституцияны бекіту үшін екінші референдум өтті, ол президенттің өкілеттігін одан әрі нығайтты. Жаңа Конституция президенттің өкілеттігін парламенттің өкілеттігі есебінен кеңейтті, парламент негізінен консультативтік органға айналды, ал заң шығарушы бастамалар президентке көшті. Екеуі де халықтық мәселелер емес, тек бір адамның мүдделеріне бағытталған референдум болды. Халықты референдумға шығарылған мәселені қолдап дауыс беруге мәжбүр етті. Бұл уақыт ішінде көптеген өзекті мәселелер халықтық талқылаудан тыс қалды.
Біз еркін сайлауларды тек теледидардан ғана көреміз. Италия мен Германияны айтпай-ақ қояйық, тіпті Иран Ислам Республикасындағыдай да сайлау өтпейді ғой бізде. Егер ертең сайлау деген күні сайлаушы студентке деканы, мұғалімге директоры, дәрігерге Бас дәрігері келіп, "мына кандидатқа дауыс бересің, әйтпесе оқудан не жұмыстан шығарам" деп қорқытатын елде қандай әділ сайлау болмақ?
«ҚАСИЕТТІ СИЫР»
ҚР Конституциясының 41-бабы 1-тармағы: Қазақстан Республикасының президенті… жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайланады.
Бұл бап 1998 жылдың қазанында енгізілген, сол кезде парламент 18 өзгерісті Конституцияға енгізді. Бұл өзгерістер халықтың немесе мемлекеттің өмірін жақсартуға бағытталмаған, тек бір адамға ғана ыңғайлы болу үшін жасалған.
Қоғамның ақыл-есі дұрыс, салауатты бөлігі Парламент арқылы заңға өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы айта бастағанда, Конституция Қасиетті кітапқа теңестіріліп, оған тиісуге болмайды деп, оған тотемдік түсінікте қарады.
1998 жылдың 7 қазанында парламентке ұсынылған заң жобасы Назарбаевқа өмір бойы президент болып қалуға мүмкіндік беретіндей етіп арнайы әзірленген. Ол сайлау күнін белгіледі, президенттің өкілеттілігін бес жылдан жеті жылға ұзартты және жас пен мерзімге қатысты шектеулерді алып тастады.
Алайда бәрі қайтадан өз орнына түсе бастады. Конституциялық реформалар аясында президенттік өкілеттіліктің мерзімі қайтадан жеті жылдан бес жылға қысқартылды. Бірақ маңыздысы бұл емес: парламент президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басшысы ретінде шектеусіз сайлануына мүмкіндік беретін Конституцияға түзету енгізді. Ал қалған үміткерлер қатарынан екі мерзім ғана сайлануы мүмкін. 2029 жылдан кейін Тоқаев президенттікке қайтадан түспесіне кім кепіл, Конституция ма? Оны қайтадан жазып шығуға болмайды деп кім айтты? Өзі қанша өзгертсе де, өзінен кейінгілер өзгерте алмайды деп сенген Назарбаев та солай ойлаған.
Ресейдің «Коммерсантъ» газетінің жазғанындай, депутаттар Конституцияның жаңа мәтіні жарияланғанға дейін оның мазмұнынан хабарсыз болған.
- Президент «Нұр Отан» партиясының мүшелерін өз резиденциясына шақырып, мәселені өзіміз отырып талқылайық дегенімен де, Назарбаевтың партияластары алдағы жиында не айтылатынын білмеген. Талқылау жалпы пікір алмасумен шектелген. Сондықтан депутаттарға Назарбаев ұсынған түзетулер мәтіні тосын сый болды, – деп жазды «Коммерсантъ» газеті.
ӘР ТҮРЛІ КӨЗҚАРАСТАР
ҚР Конституциясының 39-бабы: Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси мотивтер бойынша шектеуге жол берілмейді.
Қоғамда азшылықтың пікірін білдірудің түрлі формалары болуы керек. Егер Конституция осы мәселеде қандай да бір кепілдіктерді белгілемесе, нақты саяси қатынастар әлі де пайда болуы мүмкін, мысалы, саяси наразылықтар, шерулер, түрлі ағымдар мен қозғалыстар түрінде. Әрине, сосын олар билік тарапынан қудаланады. Иә, олар пайда болуы мүмкін, бірақ ұзаққа созыла ма? "Әуежайды басып алуға» талпынғаны үшін журналист 4 жылға сотталса, ал Қаңтар оқиғасына тікелей жауаптының бірі, экс-президенттің інісі Самат Әбіш жазасын шартты түрде өтейтін болып шықса, онда басқа не айтуға болады?
Конституцияның қоғамның әртүрлі саласында қатаң сақталуын бақылауды әдетте Жоғарғы Сот немесе Конституциялық Сот жүзеге асырады. Қазақстанда Конституциялық Соттың орнына Конституциялық Кеңес құрылды, ол тек Назарбаевқа қажетті түсіндірмелерді беру үшін қызмет етті. Қазіргі уақытта Конституциялық Сот қайта құрылды.
Бұрынғы Конституцияда (43-бап 2-тармақ бойынша) «Президент өзінің өкілеттілігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партиядағы қызметін тоқтатады» деген бап болған. Дегенмен "Отан» партиясының төрағасы деген лауазым Назарбаевтың аты аталған жерде бірге айтылып жүрді. Неге онда Конституцияның 4-бабы 2-тармағы жүзеге асырылмады («Конституция ең жоғары заңдық күшке ие және Республика аумағында қолданылады»)? Ескерте кетейік, өткен жылдың референдумынан кейін Токаев президенттік міндеттерін орындау кезеңінде «Аманат» партиясындағы мүшелігін тоқтатты.
БАСТЫ СҰРАҚ
Қазақстан Республикасы Конституциясына 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдары жалпы 55 бапқа 1100-ден астам өзгеріс пен толықтыру енгізілді.
Ең ауқымды өзгерістер 2022 жылдың 5 маусымында Конституция бойынша референдумнан кейін енгізілді, онда 33 бапқа 56 түзету жасалды.
«Техникалық» өзгерістерден басқа, мемлекеттегі ішкі саяси дамуымызға әсер ететін негізгі баптарда өзгерістер енгізілді:
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан президенттік басқаруға, күшті парламент формасына ауысады.
Қазақстан азаматтары Конституциялық Сотқа өздері тікелей арыздана алады.
Бірінші президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары алынып тасталды.
Сөз соңында, Конституцияның 3-бабы 1-тармағында көрсетілгендей, мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі халық па деген сұрақ қалады. Бұл біздің елде шын мәнінде солай ма?