Қазақстанда жаңа оқу жылы басталған сайын туындайтын ескі дау бар. Ол – мектептегі хиджаб тақырыбы. Оқушы қыздардың орамал таққаны дұрыс па, бұрыс па деген дау өршіген сайын оған ой қосатындар қатары ұлғая береді. Қатар ұлғайған сайын бұл мәселеге қоғам болып ортақ пікірге келу қажеттігі де өзекті бола түспек. Неліктен бұл мәселе маңызды екенін Ulysmedia.kz тілшісі осы мақалада сараптап көрді.
ДАУ СОТҚА ДЕЙІН БАРАДЫ, БІРАҚ...
Жалпы Қазақстанда «орамал таққан баламның құқығы шектелді» деп бір емес, бірнеше рет ата-аналар сотқа жүгінген. Соның бірі – Ақсай қаласында 5-ші сынып оқушының анасы Дина Омарова директорымен соттасқан болатын. Дина қызын 2023 жылы сабақ басталғаннан қарашаға дейін «сеніміне байланысты» орамал тағып жүргендіктен мектепке әкімшілік кіргізбеоенін айтады. Ата-ана бірнеше рет мектеп басшылығына жүгінгенімен, нәтиже шықпаған. Дина жоғары инстанцияға шағым түсірген. Апелляция шағымында ол қызының орамалы діни атрибут емес, ұлттық киім, яғни кимешек екенін түсіндірген. Алайда сот алқасы ақ орамалдың діни маңызы бар екенін және оны кию міндетті мектеп формасы ережелерін бұзады деген шешім шығарады. Ақыры, сабаққа қатысудан бас тарту заңды деп танылған.
Бұл тұста мән беретіні – сот орамалдың белгілі бір дінге жататынын сараптама арқылы нақты көрсете алмаған. Жұрттың ойын сан-саққа бөлетін мәселе де осыдан туындайды. Діни атрибуттары бар киімдерге сонда не жатады?
Қарағандылық оқушы Анель Мусинаның әкесі қызын киімі үшін оқудан шығарып жіберген мектеп әкімшілігін сотта жеңген болатын. Оның да қызы мектепке ақ орамал тағып барған. Сот шешімін қолына ұстап, қыздың әкесі мектепке барып, қызын қайтадан қабылдауды өтінген. Мектеп әкімшілігі осы кезде бас тартады.
ЖОҒАРҒЫ СОТТА ҚАРАЛҒАН ІС
Биыл бұл даудың өзгеше сипатпен өршуіне Жоғарғы соттың шешімі де себеп болғанын атап өту керек. Құқыққорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуға тыйым салу туралы облыстық соттың шешімін жойып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзады деп танығанын әлеуметтік желіге жазғаны сол-ақ еді, бүкіл БАҚ «Жоғарғы сот орамал дауына нүкте қойды» деп жар салды. Мұны оқыған жұртшылық «Жоғарғы сот мектепке орамал тағып баруға болады деген шешім шығардц» деп түсінген. Оның алдында осындай істер Атырау, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарының соттарында да қаралып, ұқсас шешімдер қабылданған еді.
Араға көп салмай Жоғарғы сот бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде «Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат таратылғанын» мәлімдеді. Құзырлы органның хабарлауынша, «кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныған, ал министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылған жоқ және күші жойылған жоқ». Бір сөзі екіншісіне қайшылау естілетін осындай мәлімдеме қоғамда бұрын да көп қордаланған сұраққа сұрақ қоса түсті.
МҰНЫ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ
Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Жоғарғы соттың бұл шешіміне «бұл қалай?» деп сұрақ қойған саясаттанушы Ғазиз Әбішев шешім мен кейінгі мәлімдемені «өзінше тәпсірлеп» көрді. Оның сөзінше, оқу – діни сенімдерге қарамастан барлық азаматтардың қасиетті құқығы. Сарапшының сөзінше, зайырлы шенеуніктер мектеп формасынан айтарлықтай ерекшеленетін діни киімдерді тұрақты киюді зайырлы мектепте өткізуге жол берілмейтін, ұзаққа созылған діни рәсім ретінде қарастырады.
«Ата-аналар осы мектептердің заңды ережелеріне сәйкес балаларды орта мектептерде оқытуды қамтамасыз етуге міндетті. Балаларға орта білім беруді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындаудан бас тарту – Конституция ережелерін бұзу. Мүмкін, бұл ережелер қайта қаралуы мүмкін. Іс мүдделі тараптардың қатысуымен кешенді әлеуметтік-саяси пікірталасқа арналған. Зайырлы режим мен халықтың діндар бөлігі арасында тараптарға икемділік танытуға мүмкіндік беретін кейбір күрделі келісімдерді әзірлеу қажет. Бұл мүмкін, бірақ бұл мәміле табылмайынша - Конституция мен заңдарда белгіленген ережелерді сақтау қажет», - дейді ол.
ӨЗБЕКСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҚАЛАЙ
Биыл Қырғызстанда да «діни сенім бостандығы және діни ұйымдар туралы» заң жобасы талқыланған еді. Отырыста Жоғарғы кеңесінің спикері Нұрланбек Шәкиев мемлекетт дін істеріне араласпайтынын мәлімдеген. Оның сөзінше, заң жобасы әйелдерді орамалын шешуге мәжбүр етеді немесе уағыздауға тыйым салады деуге келмейді. «Орамалға ешқандай шектеу болмайды. Біздің дәстүрлеріміз бен дінімізде әйелдер, аналарымыз бен әпкелеріміз орамал тағып жүрді» дейді Шакиев. Оның сөзінше, уағыз айтуға да шектеу болмайды.
Өзбекстанда бұл тақырып көптен бері талқыланған. Алайда екі жыл бұрын олар аралық консенсусқа жеткен. Өзбекстан халыққа білім беру министрлігінің басшысы Шерзод Шерматов көп ата-ананың өтінішін ескере отырып, ұлттық құндылықтарға сәйкес, қыздарға мектепте ақ немесе ашық түсті ұлттық орамалдар мен бас киімдерге рұқсат беру көзделіп отырғанын айтқан еді. Алайда ол елде де мектеп формасына қойылатын талаптар жойылмаған.
«ЗАҢМЕН РЕТТЕЛСЕ ДЕЙМІЗ»
Ulysmedia.kz тілшісі бұған дейін Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиевтің алдында осы мәселені көтерген. Түкиев Жоғарғы соттың позициясы өзгермегенін айтады. Сөзінше, бұдан бұрын арызданушы сотқа бір ғана талаппен жүгінген: білім беру процесіне кіргізбеуді заңсыз деп тануды және мектепке кіргізуді талап еткен. Сот Конституцияның 30-бабына сәйкес «бастауыш және орта білім міндетті» деген бапты ескеріп, мектепке оқушының кіргізілмеуін заңсыз деп таныған. Жоғарғы сот осылайша, бұл шешім – Конституцияның базалық ережесі деп есептейді. Ол Конституцияның 39-бабында жазылғандай, арнайы заңмен ғана шектелуі мүмкін. Алайда заңның өзі мектептерге оқушылардың кіргізбеу құқығын бермейді. Түкиевтің айтуынша, сот тек оқушының құқығы жөнінде істі қараған.
«Мектепке орамал тағып баруға бола ма? Солай барса, бұйрықта бекітілген ережелерді бұза ма? Ол мәселені сот қараған жоқ. Әкімшілік соттар тіпті, бұйрықтардың заңды-заңсыздығын тексере де алмайды. Себебі ол азаматтық соттарда қаралады. Сол себепті баспасөз хабарламасында Жоғарғы сот арыз қанағаттандырылғанын, сот оқушыны мектепке кіргізу міндетті деп тапты, – дейді ол.
Түкиевтің сөзінше, орамал тағып келген оқушыны мектепке кіргізбеген мектеп әкімшілігі Әкімшілік кодекстің екі бабын (127 және 409 бап) бұзған болып есептеледі. Бұл баптар бойынша балалардың құқықтарының бұзылуына, сонымен бірге ата-аналарының бұзуына әкеп соққан жағдайдағы істерді қаралады.
«Судья ретінде мен мәселе заңнамалық тұрғыда шешілгені дұрыс дер едім. Себебі шектеу болмағаннан кейін адамдардың пайдасына қарай құқығы бар. Жалпы, мектепте қандай форма болуы керектігі, заңнамалық деңгейде реттелуі тиіс», - дейді Аслан Түкиев.
«Мектеп әкімшілігі оқушыны кіргізбеген кезде қандай ережеге сүйенген?» деген сұраққа Түкиев «заңнамаішілік акт» деп жауап берді. Оқу-ағарту министрлігі шығарған бұйрық бар. Ол расында да, орамалды тағуға рұқсат бермейтін ережелерді бекіткен. Бұл бұйрық заңнан шығып отыр. Бірақ заң да, бұйрық та білім алуға деген конституциялық құқыққа санкция сала алмайды. Сот осыны айтып отыр.
Ulysmedia.kz порталының командасы Атырау өңіріне барған кезде осы мәселе жөнінде жергілікті журналистердің пікірін сұрап көрген. Қоғамдағы ала-құла пікірдің көрінісі дәл сол жиында да айқын байқалды. Тілшілердің бірі «мектепке орамал тағып барған дұрыс» деген пікірде болса, оларға кереғар пікір де ашық айтыла бастады. Журналистердің айтуынша, мектеп ережесіне бағынатын оқушылар Атырауда мектеп алдына дейін орамалын тағып келіп, кірер алдында оны шешіп, сабаққа кіретін көрінеді. Сабақтан шыққан соң орамалын қайта тағып алады. Жалпы Атыраудағы журналистердің діни сауаты өте жоғары екенін атап өту керек. Өңірдегі діни ахуал жылдар бойы қандай сипатта болғанын ашық айтып отыр.
Егер Қазақстандағы мектептерде орамал тағып бару-бармау мәселесі расымен де, тек заңмен реттеу керек болса, Парламент қандай заңды халыққа ұсынуы мүмкін? Ол заң қалай десе де, тараптарды ортақ консенсусқа келтіре ала ма? Депутаттарды сөзге тартып көрсек, әдетте бір-бірін қолдауға даяр депутаттардың пікірі қайшылау шығатынын байқаймыз. Сұрақтың өзектісі де осы. «Қоғам шыққан заңға бағынуға дайын ба?» деген сұраққа дәл қазір жауап көрінбейді әрі мәселе басы ашық күйде қалып отыр.
Атырауда Медиа Дамыту Қорының қолдауымен жергілікті журналистерге өткізген медиа тренинг қорытындысы бойынша жасалған жариялым.