2024 жылдың аяқталуына да бар-жоғы екі ай қалды. Бәрі де әр салада биылғы жылдың қорытындысын жасайды. Алайда әр министрліктің жыл басында жұртқа жариялаған жоспарын есіне салып қойған абзал. Біз бұл мақалада бюджеттің негізгі бөлігіне қаражат әкеліп отырған мұнай өндірісіне талдау жасап көрдік. Не себепті мұнай өндірісі жағынан Қазақстанның жоспары биыл орындалмай қалуы мүмкін? Зерттеп көрелік.
ЖОСПАР ҚАНДАЙ ЕДІ
Осы жылдың басында қазір ҚазМұнайгазды басқарып отырған, ал ол кезде Энергетика вице-министрі болған Асхат Хасенов жаңа технологиялардың дамуына байланысты Қазақстанда тереңде жатқан мұнайды игеру мүмкіндігі артатынын айтқан еді. Ол әуелі мұнай қоры жайлы сөз қозғап, ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша жер қойнауында 76 миллиард тонна мұнай қоры болуы мүмкін екенін мәлім еткен. Жыл басындағы отырыста министрліктің мұнай өндірісі жағынан амбицияға толы жоспары да жарияланған еді.
«Биыл 90 млн тонна өндіріледі. Келер жылы да осы деңгейде болады деп жоспарланған. Биыл 90 млн тонна мұнайдың 73-75 млн тоннасы экспортқа шығарылады. Ішкі нарыққа 17 млн тоннасын аламыз», - деді сенімді түрде Асхат Хасенов.
Мұнай өндірісі жайлы мұндай жоспарды Энергетика министрлігі алдына жыл сайын қояды. Мәселен, Энергетика министрі Болат Ақшолақов болған тұста Қазақстан 2023 жылы 90,5 млн тонна мұнай өндіріп, оның 71 млн тоннасын экспортқа шығаратынын жариялаған еді. Бұл жоспар былтыр орындалды десе де болады. Өйткені 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда 89,9 миллион тонна мұнай өндірілген болатын. Алайда биыл көздеген мақсат орындалмай сынды...
СЕБЕПТІҢ БІРІ – КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ
Дүниежүзілік банктің «Тауар-шикізат нарықтарының болашағы» есебінің соңғы болжамына үңілсек, 2025 жылы мұнай нарығында өнімнің, ұсыныстың шамадан тыс көп болуы «қара алтынның» бағасын кейінгі бес жылда ең қатты төмендететін түрі бар. Келесі жылы әлемдік мұнай тасымалдары сұраныстан орташа есеппен тәулігіне 1,2 млн баррельге артады деген есеп бар. Осы уақытқа дейін нарықтың шамадан тыс толымдылығы тек екі рет еселеп жоғары деңгейге жеткен. Атап айтқанда, 2020 жылы, пандемия кезінде кәсіпорындар жабылған тұста бір және 1998 жылы мұнай бағасының күрт төмендеуі кезі-тін.
Біздіңше, биыл мұнай өндірісінің жоспардан азаюына ірі кен орындарында күрделі жөндеу жұмыстары ықпалын тигізбей қоймайды. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) Қазақстандағы Теңіз мұнай-газ кен орнындағы кешенді технологиялық желілер зауытында (КТЖ) бес технологиялық желінің екеуіне техникалық қызмет көрсету бойынша жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Биыл мамыр айынан тамызға дейін күрделі жөндеу жұмыстарына 7 мыңнан астам қазақстандық қызметкер қатысып, 20 жергілікті мердігер ұйымдары жабдықтың тұтастығы мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды қабылдаған. «Күрделі жөндеу сәтті өтті» деп атап өтті ТШО бас директоры Кевин Лайон.
Теңізбен қатар, Қашағанда да биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Онда жаңа газ сепараторын қосу және пайдалануға беру бойынша жөндеу жұмыстары 2024 жылдың 7-28 қазаны аралығында жүргізілген. Бұл уақытта өндіріс толық тоқтатылды. Жалпы Қашағанда биыл жоспардан тыс бірнеше рет өндіріс тоқтаған болатын. Каспий құбыр концорциумы да жоспарлы-профилактикалық жұмыстарға байланысты бірнеше рет жұмысын тоқтатқан.
Осыдан кейін Қазақстан жыл соңында жоспарлаған 90 млн тонна мұнай өндіре ала ма? Өндіре алмаса мұнай өндірісі қаншалықты жоспардан аз болуы мүмкін? Ал оның салдары онсыз да дефициттен қиналып отырған бюджетке қалай әсер етеді?
Биыл 15 қаңтарда қаржы министрі Мәди Тәкиев мұнай өндіру көлемі 5,3 млн тоннаға қысқарғанын баян еткен еді. Оны тыңдаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов мұнай өндірісі төмендеп кеткеніне назар аударған. «Бұл ЖІӨ өсуіне кері әсерін тигізді. Алайда мұнайдың тыс сектордан табыс түсіп жатыр. Бұған экономиканы әртараптандырудың арқасында қол жеткізілді» дейді ол.
МҰНАЙДЫ ДҰРЫС ИГЕРСЕҢ ПАЙДА КӨП
Қазақстан билігі мұнай өндіретін компанияларға «қыр көрсете» бастағаны белгілі. Қашаған акционерлеріне қарсы арыз түсіргенінен осыны аңғаруға болады. Әзірге екі жақты текетірес немен аяқталатыны белгісіз. Бір әттегенайы, Қазақстан өз жерінде өндірілетін мұнайдың басым бөлігін өзі бақыламайды. Ол өнімдер миллиондаған тоннамен шет елдерге сатылады. Қазақстан өз мұнайының тек бір бөлігін өндіріп, ішкі нарыққа жанар-жағармай ретінде пайдаланып отыр. Алайда сарапшылар мұнайды дұрыстап игере білсек, одан түсер пайда орасан зор деп есептейді.
– Мұнай деген игере білсең керемет-ақ. Тауардың 150 түрін «қара алтыннан» шығаруға болады. Бензин, мазут, авиациялық отыннан бастап дәрі-дәрмекке де мұнайдан жасауға болар еді. Біз ақыры мұнайдың айналасынан шықпайды екенбіз, ендеше осы өндіріс түрлерін дамытуымыз керек еді. Өнеркәсіптің біз іздеп жүрген кілті де сонда. Бірақ өкінішке қарай, біз оны қолға алған жоқпыз, - дейді экономист Арман Бейсембаев.
Қазақстанның мұнай өндірісінен күткені қаншалықты орындалмағанын жыл соңында көрінеді. Сол тұста кімдер жауапты екені де айтылып, салада кадрлық өзгерістерге де апарып соғуы мүмкін. Себебі Үкімет биыл да бюджет қаражатын жеткізе алмай, Ұлттық қорға үңіліп отыр.
Атырауда Медиа Дамыту Қорының қолдауымен жергілікті журналистерге өткізген медиа тренинг қорытындысы бойынша жасалған жариялым.