×
529.99
546.63
5.21
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
529.99
546.63
5.21

Тас түскен жеріне ауыр: әке-шешенің көз жасы қазақ армиясына қашан ой салады

21.01.2025, 17:50
Тас түскен жеріне ауыр: әке-шешенің көз жасы қазақ армиясына қашан ой салады
Ulysmedia коллажы

Қазақстан армиясында орташа есеппен жылына кемінде 80-ге жуық жас жігіт қаза табады. Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімнің негізгі себептері ретінде қаруды абайсыз пайдалану, техникамен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу және әскерге шақырылған сарбаздардың психикалық денсаулығының нашарлығын атайды.

ОФИЦЕР БЕТІНЕ ОҚ АТҚАН

19 жастағы мерзімді сарбаз Марат Барқұловтың өлімі бойынша сот процесі биыл қаңтарда басталды. Бүгін де кезекті сот отырысы Әскери сотта өткен. Сот ісі аяқталуға жақын.

2024 жылдың қыркүйегінде "Батыс" аймақтық қолбасшылығы бөлімшелерінің полигон жиындары кезінде Мараттың бетінен офицер оқ атқан. Жас лейтенант "тапаншамен ойнап тұрып, кездейсоқ атып алдым, өлтірерлік пиғылым болған жоқ" дейді. Марқұмның әкесі оған ауыр жазаға тағайындауды талап етеді.

Бірақ ақылға салсақ, кездейсоқ оқты ату үшін де біршама әрекет керек: сақтандырғыштан алып, қаурдың затворын бұрап, сарбазға бағыттап, триггерді басу керек. Бірақ бұл абайсыз атылған оқ болды ма, жоқ па – оны сот анықтайды.

САРАПТАМА –  ДӘЛЕЛ ЕМЕС  

2022 жылдың жазында Жамбыл облысындағы шекара заставасында 18 жастағы мерзімді әскери қызметкер Бекбол Мираш асылып қалды. Оның өліміне айыпты ретінде сержант Айбек Нұртаев сотталды. Зорлық-зомбылықпен бопсалады, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыппен ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тергеу мәліметтері бойынша, Нұртаев үш сарбазды ішімдік ішіп алғанын жерінен ұстап алып, кейіннен бұл фактіні ақша бопсалау үшін пайдаланған. "Әскери қызметшінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған, сарбаз осыдан кейін өзіне-өзі қол жұмсаған" дейді тергеу.

Нұртаевтың адвокаты сотталушылар қатарында кемінде бес адам болуы керек деп мәлімдеді. Оның нұсқасына сәйкес, Мирашқа қатарластары зорлықтың айуани түрін көрсетіп, бәрін телефонға түсіріп, бопсалаған. Дәлел ретінде үш сараптама келтірілген, онда "өлген адамның аузында және киімінде шәуіт іздері табылғаны" көрсетілген.

Алайда прокурорлар "дедовщина" нұсқасын алға тартып, сержантты ғана соттап жіберді.

"КІСІ ӨЛТІРГЕН ПАЛАТКА"

2022 жылдың жазында Ұлттық ұланның 19 жастағы сарбазы Алмас Шахимовтың ата-анасы ұлының армияда қаза тапқаны туралы қаралы хабар алған. Ресми нұсқада полигонда жүрген кезде үстіне палатка құлаған соң сарбаз жан тапсырған. Қолбасшылықтың айтуынша, Шахимов бірнеше жолдасын шатырдан шығарып, оларды қауіпсіз жерге апарып, басқа сарбаздар жаққа оралған. Осы кезде шатырлардың бірі қатты желден құлап, Шахимовтың басына металл жақтау түскен. Қылмыстық іс қозғалғанымен дереу тоқтатылды. Армия марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетуге және оны батыр ретінде қайтыс болғаннан кейін марапаттауға уәде берді.

Алайда бір жарым жылдан кейін Шахимовтың ата-анасы күтпеген жерден эксгумация жасатамыз деп шешім қабылдады. Соның нәтижесінде сарбаз қайтыс болғаннан кейін бірден жасалған сот-медициналық сараптамада азаптаудың айқын іздері мен мойнында зорлық-зомбылықтың іздері есепке алынбағаны белгілі болды. Сондай-ақ, ол әскерде болған кезде Шахимовтың атынан үлкен несие алынғаны жөнінде ақпарат пайда болды. Бірақ бұл жай қауесет болуы да мүмкін. Қалай болғанда да, бұл ақпарат ресми расталған да, теріске шығарылған да жоқ.

Аталған істің сотқа жетер-жетпесі әлі белгісіз. Өткен жылдың күзінде сарбаздың анасы адвокатқа төлеу үшін қаражат жинап жатқан-тын.

ҚҰЛАДЫ ДА, ОЯНБАДЫ

2023 жылы Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 бөлімінде былтыр құлап, комаға түскен, 2024 жылы сәуірде оянған сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі әлі де қоғам назарында. Сарбаз 2023 жылы мамырда мерзімді әскери қызметке алынған. 2023 жылдың 4 желтоқсанында түнде Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 бөліміндегі дәретханада құлаған (ресми нұсқа бойынша). Орталық клиникалық ауруханасының анықтамасы бойынша, сарбаздың бас сүйегі жарылып, желке сүйегі сынған, ауыр ми жарақатын алған. Әскери бөлім «сарбаз дәретханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды» деген. Ербаян Мұхтардың әкесі де, шешесі де бұл нұсқаға сенбейді.

Ербаян Мұхтарды Түркияға қорғаныс министрлігінің арнайы бортымен жеткізілді. Сарбаз Ыстанбұлға аман-есен жетіп, “Медикал-Парк” клиникасына жатқызылған. Ол дәрігерлердің қарауында қажетті ем қабылдап жатыр.

Сарбаздың адвокаты Инга Иманбай оқиға болған түнгі сағат екіде дәретханада 7-8 әскери адам жүргенін айтады.

– Видеокамераларды ата-анасы көрді. Маған тергеуші әлі ол видеокадрларды көрсетпей отыр. Ішінде бір сержант, тағы бір әскери отырады. Сарбаздар бір-екі минут сайын әжетханаға кіреді, шығады. Кейбірі мұрнынан қан ағып, басып шығады. Ербаянға қатысты жағдай орын алғаннан кейін Ербаянды қан-қан күйінде сол әжетханадан шығарып алып кеткеннен кейін неге екені белгісіз бір сержант қолында белдікпен шығады сол жерден. Ең болмағанда осы видеокадрлардың бәрін көре тұрып, Ербаянға қатысты медициналық жарақаттардың бәрін көре тұра әскерилердің істі “өзі құлады” деп тоқтатып тастағаны бізге күмән ұялатады. Қоғамға да! – дейді ол.

Инга Иманбай алғашқы істі тоқтату себептері ақылға тоқтамсыз дейді. Тергеу жүрмей жатқанына наразылық білдірген.

Іс бойынша сот әлі басталған жоқ. Кейбір сараптамалардың қорытындысы шыққан. 

"ДЕДОВЩИНА" АҚШАҒА АЙНАЛДЫ МА  

Кейінгі жылдары ақпарат өрісінде сарбаздар қайтыс болғанға дейін туыстарынан ақша жіберуді сұрағаны туралы хабарламалар жиі кездеседі. Алайда армия казармалық бопсалау барын жоққа шығарады.

Мысалдар:

2023 жылы Қонаевта әскери-әуе күштерінің әскери бөлімінде мерзімді сарбаз Арсен Ишанов асылып қалды. Оның анасы әлі күнге дейін әділ тергеу жүрсін деп талап етеді. Ұлы "әскери қызметтің ауыртпалығына төтеп бере алмай асылды" деген нұсқаға ол сенбейді.
 Айтуынша, әскерге барғаннан кейін ұлы жиі ақша сұрай бастаған. Алдымен 2-3 мың, содан кейін одан да көп сұраған. Ұлы қайтыс болғаннан кейін ол тергеушілерге банктен 194 мың теңге аударғанын дәлелдейтін көшірме берген. Сонымен бірге, қайтыс болардан бір апта бұрын ол күтпеген жерден бірден 100 мың сұраған. Алайда тергеушілер мен прокурорлар бопсалау туралы нұсқаны жоққа шығарып, қылмыстық істі жауып тастады.

Тағы бір сарбаз Еділ Тешебаев 2022 жылдың жазында Бейнеу ауылындағы шекара заставасында асылып өлді. Ресми нұсқа ол өзін "әскери қызметке байланысты емес" отбасылық қиындықтарға байланысты өлтірді деп санайды. Алайда марқұмның туыстары қайғылы оқиға қарсаңында ол ақша жіберуді сұрады деп мәлімдеді. Сонымен қатар, олар Еділдің соңғы хаты оның қолымен жазылмағаны сенімді. Марқұмның анасы көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер ұлының денесінде ұрып-соғу кезінде пайда болуы мүмкін гематомалар болғанын айтқанын есіне алады. Бірақ іс "суицид" деген нұсқамен жабылып қалды.

2022 жылы Жамбыл облысында мерзімді сарбаз қайтыс болды. Әлібек Қалбай таңертеңгі сапқа тұру кезінде есінен танып құлап, сол күйі жүріп кеткен. Кейінірек өлімге денесінің көгергені, гематома себеп болғаны белгілі болды. Ал Әлібек өмірден өтер алдында дәрі-дәрмек сатып алу үшін 4 мың теңге сұраған. Оның қатарласы Айболат Аманжолов тоғыз жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны "адамның өліміне әкеп соқтырған әскери қызметшілер арасындағы қатынастардың жарғылық ережелерін бұзғаны үшін" кінәлі деп тапты. Сотталушы Айболат Аманжоловтың өзі сотта айыптаумен келіспейтінін мәлімдеді. Марқұм Қалбайдың туыстары да үкіммен келіспейді. Олар ұлының өліміне сержанттар мен әскери бөлімнің офицерлерінің тікелей қатысы бар екенін айтты.

ЕШТЕҢЕ ӨЗГЕРМЕЙДІ 

Қорғаныс министрлігі сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсауына армия емес, азаматтық өмір кінәлі деп санайды. Әскерге шақырылушылар әскерге физикалық және психологиялық тұрғыдан әлсіз келеді дегенді де министрлік басшылары бірнеше рет айтқан. Жалпы, олар армия өмірінің қатал кестесі мен жүктемелеріне төтеп бере алмайтынын мәлім еткен. Сонда да оларға қойылар сұрақ көбеймесе, азаятын емес. 

Бір кездері армия әр жігіт барып қайтуы тиіс батылдық мектебі саналатын. Бірақ кейінгі жылдары ол жақта өлім көбейіп кетті. Сонда қалай? Армия "мықтылары" ғана аман қалатын ұйымға айналды ма?