×
506.43
522.43
5.28
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
506.43
522.43
5.28

Екі елде іздеуде жүрген Мәсімовтің күйеубаласы бұрынғы әйелімен соттасып жатыр

10.02.2025, 10:08
Екі елде іздеуде жүрген Мәсімовтің күйеубаласы бұрынғы әйелімен соттасып жатыр
Ulysmedia коллажы

Бітпейтін соттар, іздеу және отбасындағы дау-дамай – қашқын кәсіпкер Азамат Қапеновтың өмірі қазір осылай өтіп жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің күйеубаласы болған Қапенов 2022 жылы ықпалды қайынатасы қамауға алынғаннан кейін бірден із суытып кеткен. Содан бері ол Қазақстанда ғана емес, екінші азаматтығы бар Ресейде де іздестіріліп жатыр. Ulysmedia.kz Мәскеу соттарында Азамат Қапеновтың есімімен байланысты көп талап-арызды тауып алды. Ол Мәсімовтің қызы – Тамилла Кәріммен мүлікке байланысты соттасып жатқанын екі жыл болды. Қапеновтың туған анасы оны Мәскеу орталығындағы қымбат пәтерден қуып жіберген, ал Ресейдің құқық қорғау органдары кәсіпкерді алаяқтығы үшін халықаралық іздеуге жариялаған.

Мәскеудің Мещанск аудандық сотының базасынан біз Азамат Қапенов пен Тамилла Кәрім арасындағы бірлескен мүлікті бөлу туралы азаматтық істі тауып алдық. Ондағы мәлімет бойынша, екеуі де Ресей азаматтары. 2015 жылдан 2019 жылға дейін некеде болған. Енді бұрынғы ерлі-зайыптылар Мәскеудегі жылжымайтын мүлікке таласып қалған. Процестің екінші жылға созылғанына қарағанда тараптар бітіспес дауға түскен сыңайлы.

2020 жылы сатылымға шығарылған қарағайлы ормандағы үй

Сот біткенше үйдің құжаттарын ашып көру мүмкін емес. Бірақ ресейлік БАҚ "Күміс орман" аталған жерде, Мәскеу өзенінің бірінші жағалауында Қапенов 2900 м2 учаскесі бар үйге ие деп жазады. Екі қабатты коттедж 2020 жылы миллиард рубльге сатылымға шығарылған. Хабарландыруда үйдің аумағында бірнеше жатын бөлме, сауна, төрт көлікке арналған тұрақ, кір жуатын орын және тағы басқа орын көрсетілген. Алайда бүгінгі күні бұл үйдің учаскесі бос.

Мәскеу сотының базасынан скриншот. Мәсімовтің қызы мен Азамат Қапенов мүлікті бөліске салады. Келесі сот отырысы 24 ақпанда өтеді

Сонымен қатар, Азамат Қапеновтің иелігінде Мәскеу маңындағы Жуковка ауылында 931 м2 болатын тағы бір үй табылған. Бұл – Ресейдің элитасы тұратын әйгілі Рублевка ауданы. "Выход у моря" телеграм-каналының мәліметінше, үйді Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы 1,2 млрд теңгеге сатып алған.

Ulysmedia.kz Мәскеуде Қапенов өзінің інісі Модерге сатып алуға көмектескен тағы бір жылжымайтын мүлікті тапты. Бұл аумағы 234,3 м2 болатын пәтер – тарихи ғимарат. Ресей астанасының тағы бір беделді аймағы – Варсонофьевский жолағында орналасқан.

Мәскеу орталығындағы Варсонофьевский жолағындағы үйдегі пәтер. Азамат Қапеновтың анасы Айгүл Мұсаеваның иелігінде

Құжаттарға сәйкес, 2023 жылы Қапеновтың анасы Айгүл Мұсаева жылжымайтын мүлікті иелігіне алған. Сол жылы әйел үлкен ұлын осы пәтерден шығарып жіберген. Сірә, бұл қадам қымбат тұрғын үйді мемлекет тәркілемес үшін жасалған болуы керек, өйткені сол кезде Азамат Қапеновке “бизнесті рейдерлікпен басып алды” деген айып тағыла бастаған-тын. "Азия-Авто" зауытының бұрынғы иесі Анатолий Балушкин 2022 жылы кәсіпорынның 50% Кәрім Мәсімовтың отбасына беруге мәжбүр болғанын және бұл мәселеде Қапенов шешуші рөл атқарғанын мәлім еткен еді.

2024 жылы Қапеновтар шынымен де қылмыстық қудалау орбитасына түсті. Ағайындыларды алдымен Мәскеу ІІБ тергеу басқармасы, содан кейін Қазақстанның антикоры халықаралық іздеуде деп жариялады.  

2024 жылдың 18 сәуірінде Қапеновқа Ресей қылмыстық кодексінің 159-бабының 4-бөлімінде көзделген қылмыс бойынша сырттай айып тағылды. 2024 жылдың 18 сәуірінде Қапеновке федералды іздеу жарияланды. 2024 жылдың 24 сәуірінде халықаралық іздеуге түсті. 2024 жылы 27 сәуірде Мәскеу қаласы Кузьмин аудандық соты тергеушінің өтініші бойынша халықаралық іздеуде жүрген Қапеновке 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. 

Әр түрлі дереккөз Азамат Қапенов екінші азаматтығын алған БАӘ аумағында жасырынып жүргенін жазады. Біз кәсіпкердің Дубайда ұзақ уақыт тұрғанын растайтын ақпарат таптық. 2022 жылы БАӘ сотында ол балаларының тәрбиесіне Тамилла Кәрімнің қарсылығына қарамастан араласу құқығын іздеген. Мәсімовтің қызы тіпті Мәскеу қалалық сотында Дубай сотының бұл шешіміне қарсы шығуға тырысқан. 

* Мәскеу қалалық сотына БАӘ-нің 30.12.2022 жылғы мұсылман емес шетелдіктер ісі жөніндегі сотының шешімін мойындауға қарсылық білдіріп жүгінді. Атап айтқанда: талапкер мен жауапкер арасында жарты айлық негізде бірлескен қамқоршылықты қабылдау мәселесі қаралды. Оған сәйкес екі бала (*) әр айдың алғашқы екі аптасын анасымен ( * ), ал келесі екі апта әкесімен ( * ) өткізеді. Осылай, жыл соңына дейін болады, – делінген сот материалдарында. 

Мәскеу соты Біріккен араб әмірліктері сотының шешімі Ресейде де күшіне енеді деп шешіп, Тамилла Кәрімнің өтінішін қабылдамады.  

ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов 2022 жылы қамауға алынғаннан кейін интернетте саясаткердің балалары БАӘ азаматтығын алып, оның миллиардтаған долларлық активтерін сол елге алып кеткені туралы ақпарат пайда болған. Алайда Тамилла Кәрім БАӘ-нің жылдам төлқұжатын ірі инвестициялар немесе жергілікті азаматпен некеге тұрғаны үшін ғана ала алады.

Азамат Қапеновке оралайық. Қазақстанда оның есебінде бірқатар ірі фирма тіркелген. Алайда құжаттар бойынша оның анасы Айгүл Мұсаева мен інісі Модер Қапенов осы активтерге иелік етеді. Мысалы, "Евротранс Групп" көлік компаниясы теміржол тасымалы саласында логистикалық қызмет көрсетеді. 2024 жылы төленген салықтардың көлемі бойынша - 375 миллион теңгеге фирма жүктерді тасымалдау үшін тапсырыс алған.

"Евротранс Групп" ЖШС жайлы eGov деректері

"Ескі Қазақстанның құрбандары" қозғалысы белсенділерінің ақпараты бойынша, "Евротранс Групп" ЖШС Қарағанды облысындағы Бапа кен орнынан Қытайға темір кенін тасымалдайды, оның иесі "Bapy Mining" ЖШС.

"Евротранс Групп" ЖШС жайлы eGov деректері

Бұл фирманың құрылтайшыларының бірі – Айгүл Нұриевамен ортақ балалары бар Мирбулат Әбуов. Оны Кәрім Мәсімовтің "жеке әмияны" деп атайды. Алайда бұл компанияның бәрі осы оқиғаның басты кейіпкерлері - Мәсімов қамалып, оның бұрынғы күйеу баласы Қапенов қашып жүрсе де, жап-жақсы жұмыс істеп тұр.

Bapy Mining ЖШС жайлы eGov деректері

ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов Азамат Қапеновтің өмірінде үлкен рөл атқарды. Тамилла Кәрімге үйленгеннен кейін Қапенов күтпеген жерден ТМД және оған іргелес мемлекеттер аумағында бизнесті дамыту жөніндегі "Федералдық жүк компаниясы" АҚ бас директордың орынбасары лауазымына қонжиды. Ал оның "Қазақстан көмірі" фирмасы 2017 жылы Новосібірдің "Заречная" көмір компаниясының 64% сатып алды. Рас, көп ұзамай ресейлік көмір кәсіпорны өзін банкрот деп жариялаған. Ал қазақ инвесторлары шетке кетті. Бүгінгі таңда "Қазақстан көмірі" ЖШС иесі Мирида Жапарова деп көрсетілген.

Азамат Қапеновтың аты елдегі екінші адамның күйеубаласы болғанға дейін бірнеше жанжалда, қылмыстық оқиғаларда аталған. 2009 жылы ол продюсер Елтінжал Тұрғаналиевті ұрғаны үшін темір торға тоғытылған. Ол кезде Қапеновтың ықпалды көкесі болмаған еді. Ал анасы ұлын тергеу изоляторынан шығару үшін әртүрлі инстанциялардың табалдырығын тоздырып, тіпті БАҚ-қа да жүгінген. 

2008 жылдың қазан айында Алматы қаласындағы мейрамханалардың бірінде менің ұлым мен Е. Тұрғаналиев арасында жанжал болды, Е. Тұрғаналиев арандатып, төбелеске себеп болды. Соның салдарынан менің ұлым біраз жарақат алды. Мен заңгер емеспін, сондықтан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кейбір әрекеттерін түсінбейтін шығармын. Бірақ ана ретінде түсінемін: қазір біздің демократиялық елде тек күшті және бай адамдар өмір сүруге, шешім қабылдауға құқылы. Бүкіл елде ондай байланысы жоқ, бай және ықпалды туыстары, килограмм ақшасы жоқ басқалары үнсіз қалады, жылайды, Құдайдан дұға етеді, - деген-тін Айгүл Мұсаева өзінің жазбаша үндеуінде.

Хатта әйел жәбірленуші Елтінжал Тұрғаналиев Азамат Қапеновтің құлағын кесуді кешірім ретінде талап етті деп мәлімдеген. Бірақ, шамасы, соңғысы үшін іс сәтті аяқталып, жанжал реттелсе керек, өйткені қылмыстық іс сот базасында жоқ. Қапеновтың соттылығы да. 

Тамилла Азаматқа тұрмысқа шыққанға дейін Алматы судьясы Ләззат Көшербаеваның қызы Әділдің жары болған. Бірақ бұл отбасы ұзаққа бармады. 2012 жылы Қапенов әйелі мен қайын енесін 150 мың доллар ұрлады деп айыптап, оларды жауапқа тартуға барын салған. Алайда іс Азамат Қапеновтың өзіне жала жапты деген айыппен және кейіннен татуласумен аяқталды. Кәсіпкер бас прокурорға берген мәлімдемесінде оның "құдіретті" қайыненесі қылмыстық істі жауып тастады деп шағымданды, бірақ ол ақша ұрланғанын дәлелдей алмады. Айтпақшы, желіде "Ограбление по-казахстански" деп аталатын видео әлі де бар. Онда 150 мың доллардың қалай ұрланғаны сипатталады.

Азамат Қапеновтың үй қызметшісімен де соттасқаны бар. Сот базасында Жұлдыз Рахымберлина деген кісінің ісін көруге болады. Ол 2014 жылдың желтоқсанында жұмыс беруші оны үйдің кіреберісіндегі қарға бола ұрып тастады деп мәлімдеген. Үй қызметшісі полицияға жүгінген. Осыдан кейін Қапенов полицияға үй қызметшісінің үстінен "500 000 теңге мен тон ұрлады" деп арыз жазған. Сот әйелді жақтап, Азамат Қапеновке үй қызметкеріне 900 мың теңге төлеп, оны қайтадан жұмысқа алуға міндеттеген.

Айта кетейік, 2024 жылдың тамызында Қапеновке іздеу жарияланған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ол туралы ақпарат үшін сыйақы берілетінін мәлім еткен. Рас, ведомство соманы нақтыламады. Сыбайлас жемқорлықпен күресушілер қашқын кәсіпкерді өз бетінше таппай жатқан сыңайлы.