×
510.19
582.79
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.19
582.79
6.46

«Самұрық-Қазына» төңірегіндегі дау: Қорды таратудың саяси және экономикалық маңызы қандай

«Самұрық-Қазына» төңірегіндегі дау: Қорды таратудың саяси және экономикалық маңызы қандай
Ұлысмедиа коллажы

Кейінгі уақыттары «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төңірегінде дау үдеді. Бастапқыда қорды реформалау туралы айтылса, енді оны толықтай жабу туралы да ұсыныстар айтылып жаты. «Самұрық-Қазынаны» жабу мүмкін бе? Оның саяси және экономикалық маңызы қандай? Ulysmedia.kz бұл мақалада осы мәселеге тереңірек үңіліп көрді.

ДЕПУТАТ, ТӨРАҒА, АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА

19 мамырда парламент мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов қорды таратуды ұсынды. Ол «Самұрық-Қазынаны» сынға алып, жұмысының көлеңкелі тұстары көп екенін айтты. Депутат «квазимемлекеттік секторда ғана жұмыс істеп, шамадан тыс байып кеткен адамдар бар» деді. Бірақ нақты кімдер екенін атамады.

Әділ Жұбанов/Мәжіліс

Бір күнде кәсіпкерлікпен айналыспай, байып кеткен азаматтарды білем. Олар ұлттық компанияларда, мұнай-газ саласындағы компанияларда еңбек еткен. Өзі де, отбасы да бірде-бір күн кәсіпкерлікпен айналыспай-ақ жағдайлары өте бай. Неге? – деді Әділ Жұбанов.

Депутаттың айтуынша, «Самұрық-Қазына» мемлекеттік сатып алуларының 60 пайызы бір көзден өткізіледі. Бұл бүкіл елдің байлығын бір адамның қолына алып беру. Ол «Мемлекеттік сатып алудың бұндай түрі жемқорлыққа алып барады. Осыған қатысты жоғарғы аудиторлық палата ұстанымы қандай?» деген сауал да жолдады.

Қордың өзі мемлекеттік сатып алулардың 60 пайызы бір көзден алынатынын жоққа шығармайды. Ulysmedia-ға берген жауабында «2024 жылы қор тобында жылдық сатып алу көлемі 3 625 млрд теңгені құрады. Оның ішінде бір көзден алу тәсілімен жасалған шарттардың сомасы 2 178 млрд теңгені немесе 60%-ды құрады» деген.

Бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алу көлемінің өсуіне келетін болсақ, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап қордың жаңа сатып алуды жүзеге асыру тәртібі шеңберінде бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға негіздемелерге бұрын холдинг ішіндегі сатып алу, монополистерден сатып алу, коммуналдық қызметтер мен табиғи газды сатып алу сияқты сатып алудың басқа бәсекелес емес тәсілдеріне жатқызылатын жоғары көлемді сатып алудың ауыстырылғанын атап өткен жөн, – делінген «Самұрық-Қазына» жауабында.

Қазір жоғарғы аудиторлық палата «Самұрық-Қазынаға» аудиторлық тексеріс жасап жатыр. Оны аудиторлық палата мүшесі Нұрлан Нұржанов та растаған.

Биыл сіздердің ұсыныстарыңыз бен қазіргі жағдайды ескере отырып, «Самұрық-Қазынаға» аудит жасалып жатыр. Оны шілдеде аяқтаймыз. Сол уақытта толыққанды баян етеміз. Бізді де осы мәселе алаңдатып отыр, – деді ол.

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов айтылып жатқан сын мен ұсыныстардан хабардар екенін айтқан. Ол «аудиторлық тексеріс аяқталғаннан кейін қажетті ақпарат жарияланады» деген

«Самұрық-Қазынаны» тарату туралы ұсынысқа келсек, мен бұл пікірмен келіспеймін, мұны орынды емес деп санаймын. Себебі бұл қорға жүктелген нақты міндеттер бар. Қор өзіне тиесілі активтерді басқарып, олардың құнын арттыру және мемлекет пен үкіметке тиісті дивидендтер төлеу бойынша жұмыс істейді, – деген Жақыпов.

ҚОРДЫ ЖАБУДЫҢ МАҢЫЗЫ МЕН ҚАУІП-ҚАТЕР

Экономист Мақсат Халық «Самұрық-Қазына» әу баста құрылған кездегі мақсаттарынан әлде қашан ауытқып кеткен дейді. Ол қорды толықтай тарату қажет деген ұсынысты қолдайды.

Мақсат Халық/Айқын

«Cамұрық-Қазына» өзіне тиесілі активтерді тиімді басқарып отырған жоқ деп есептеймін. «Самұрық-Қазынаның» төңірегінде және оның қарамағанда ашылған өте көп еншілес компанияларда ақшаны офшорға шығарудың әртүрлі схемалары жасырынған деп есептеймін. Менің ойымша, оны таратып, сала-сала бойынша тиісті министрліктерге ұсыну керек. Ондай құрылымды ұстап отырудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Біз «Самұрық-Қазынаны» Малайзияның мысалында жасадық қой. Бірақ Малайзияда шағын және орта бизнес өкілдерін бір орталыққа біріктірді. Оларға жағдай жасау арқылы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, экономиканы тіктей алды. Міне сондай модельді қолдану керек еді. Бірақ бізде ірі, онсызда монополист компанияларды шоғырландырды да одан әрі монополист жасады, – дейді Мақсат Халық.

Экономист Расул Рысмамбетов «Самұрық-Қазынаны» дәл қазір толықтай таратып жіберу өте қиын дейді. Себебі оның атқарып отырған міндеттері мен қарыздары бар. Оның сөзінше, «Самұрық-Қазына» арқылы үкімет ұлттық компанияларды қолдап отыр. Ал оларды жекешелендірудің өзіндік қауіп-қатерлері бар.

Расул Рысмамбетов/Facebook

Былтыр президенттің экономиканы либералдандыру туралы жарлығы жарияланды. Ол жерде жекешелендіру туралы айтылған. Қазір 400-ге жуық компания жекешелендіруге жатқызылған. Оның ішінде «Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниялары да бар сияқты. Бірақ стратегиялық активтер бар. Менің ойымша, оларды жекешелендіру қауіпті сияқты. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» компаниясы. Егер біз «ҚазМұнайГазды» жекенің қолына берсек, онда олар бірінші кезекте «ӨзенМұнайГазды» жауап тастайды. Себебі оның тиімділігі өте төмен. Оның қазір экономикалық емес, әлеуметтік міндеттемелері көп. Бірақ қалай дегенде де «Самұрық-Қазынаны» реформалау қажет, – дейді Расул Рысмамбетов.

Мақсат Халық та жекешелендіруде қауіп-қатер барын жоққа шығармайды. Бірақ ол жекешелендіру ашық өтсе ондай қауіптің алдын алуға болады дейді.

Стратегиялық маңызы бар компаниялардағы мемлекет үлесін 50 пайыздан түсірмей ұстап отырған дұрыс деп ойлаймын. Қалған акцияларын жекеге сата ма, халықтық ІРО-ға шығарып сата ма онда тұрған ешнәрсе жоқ. Басқа компанияларды толығымен жекеге өткізіп жіберсе онда тұрған ешнәрсе жоқ деп есептеймін. Өйткені ол мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтып, қажетті балансты орнатады. Әлемдегі дамыған мемлекеттердегідей мемлекеттік меншіктің үлесін азайтып, жекеменшіктің үлесін нарықта көбейту арқылы нарықтың заңдарын орындауға бір қадам жасалынады. Әрине экономикалық қауіп бар. Ол сырттан келуі мүмкін. Олардың басқа да көздегені болып дегендей. Ұлттық қауіпсіздік, ұлттық экономикалық қауіпсіздікке нұқсан келтіреді деген сияқты ойлар бар айтылатын. Бірақ оның барлығын саралап шығуға болады, – дейді Мақсат Халық.

«САЯСИ ЕРІКЖІГЕР КЕРЕК»

Жалпы «Самұрық-Қазына» қорын осыдан үш жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сынға алған. «Егер бұл қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн» деген ол сол уақытта.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов «Самұрық-Қазынаны» тарату үшін бірінші кезекте саяси ерік-жігер керек дейді. Оның сөзінше, қор әу баста экономикалық емес, саяси мақсатта құрылған.

Димаш Әлжанов/Власть.кз

2000-шы жылдардың басында бірқатар банкирлер мен олигархтар ҚДТ (ДВК) қозғалысын құрып, Назарбаевқа қарсы шыққаны есіңізде болар. Қор үкімет тарапынан экономиканы орталықтандырып, бақылауда ұстау үшін құрылған. Бұл саясат қайта қарала ма белгісіз. Менің оған күмәнім бар. Әзірге мен ондай бастамаларды көріп тұрған жоқпын. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін саяси-экономикалық, конституциялық реформалар туралы көп айтылды. Бірақ нәтижесінде біз көңіл көншітпейтін реформаларды қабылдадық. Саясатта да, экономикада да солай. Сол себепті мәлімдемелер жасалғанымен, біз шынайы реформалар жүріп жатқанын көріп тұрған жоқпыз. Бұл жерде қорды бірден алып, таратып жібере алмайсың. Жоспар құру қажет. Жекешелендіру қалай жүзеге асады. Оның ашықтығын қамтамасыз ететін механизм болама. Сосын бұл мәселенің саяси астары бар. Активтердің тағы да бір топтың немесе бір адамның қолына шоғырлануына жол бермеу қажет, – дейді Димаш Әлжанов.

«Самұрық-Қазына» қоры 2008 жылы құрылған. Оны әр жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жақын адамдар басқарған. Олардың қатарында Назарбаевтың жақын серіктерінің бірі Ахметжан Есімов те, Өмірзақ Шөкеев те болған.

Димаш Әлжанов елдегі экономикалық жағдайдың өзгеруі, мемлекеттің үлес салмағының азаюы дұрыс жүргізілген жағдайда ол саяси жағдайдың да өзгеруіне алып келеді дейді. Бірақ оған күмәнмен қарайды.

Егер бұл жерде шынымен де реформалар жасалатын болса, онда Қазақстан экономикалық тұрғыдан ашық болуы тиіс. Оның арты үлкен өзгерістерге алып келеді. Яғни мемлекеттің экономикадағы үлесі азаяды. Уақыт өтке келе экономикада тәуелсіз ойыншылар пайда болады. Ондай ойыншылар пайда болғаннан кейін саяси өзгерістерге сұраныс арта бастайды. Елде ҚДТ-ны (ДВК) құрған үлкен экономикалық фигуралар болған кезде қоғамдық мобилизация болған жоқ. 2022 жылы қоғамдық мобилизация болды. Бірақ оны қолдайтын олигархтар болмады... Сол себепті мен бұл мәлімдемелерге күмәнмен қараймын, – дейді ол.

ТАБЫС ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ДАУ

«Самұрық-Қазына» табысына қатысты дау да көп. 2024 жылы желтоқсанда экономист Рақымбек Әбдірахманов қордың өзіне ұқсас шетелдік холдингтермен салыстырғандағы жылдық табысы жөнінде зерттеуін жариялаған. Ол 2023 жылы 81 миллиард доллар капиталға ие «Самұрық-Қазына» қоры не бәрі 828 миллиард теңге таза табыс тапқанын айтқан.

Рақымбек Әбдірахманов/elitukraine

2023 жылы Самұрық-Қазынаның таза пайдасы 2,1 трлн теңгені немесе 4,6 млрд АҚШ долларын құрады. Алайда, бұл пайданың едәуір бөлігі (1,3 трлн теңге) Ұлттық қордың ақшасына ҚМГ акцияларын үкіметке сату есебінен қамтамасыз етілді. Егер осы біржолғы табыс алынып тасталса, онда Самұрық-Қазынаның таза пайдасы тек 828 млрд теңгені немесе 1,8 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл жағдайда компанияның активтерінің кірістілігі (ROA) 0,011-ге дейін төмендейді, – деген ол зерттеуінде.

Экономист мысал ретінде Saudi Aramco, Korean Investment Corporation, Temasek холдингтері мен ArcelorMittal, Chevron компанияларының табыстарымен салыстырған.

Бұл Самұрық-Қазына иелігіндегі әрбір доллар, компьютер, үстел, станок, мұнай ұңғымасы, ұшақ, ГРЭС, пошта бөлімшесі қазынаға алып келетін табыс Chevron табысынан 12,73 (0,14), Saudi Aramco-дан 20,91 (0,23), Korean Investment Corporation (KIC) мен Норвегиялық зейнетақы қорынан 10 (0,11), ArcelorMittal-дан 8,18 (0,09), Сингапур холдингі Temasek-тен 21,52 (0,23) есе төмен, – деген Рақымбек Әбдірахманов зерттеуінде.

Ulysmedia-ға берген жауабында «Самұрық-Қазына» табысының өткен жылдармен салыстырғанда артқаны айтқан.

31.12.2023 жылғы жағдай бойынша қордың басқаруындағы активтер – 36,9 трлн теңгені, ал 31.12.2024 жылға алдын ала деректер бойынша - 41,1 трлн теңгені құрады, өсім 4 трлн теңге болды. Мұнай бағасының түсуі сияқты сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, қор қызметінің көрсеткіштері оң серпінді көрсетеді. Бұл жұмыс тиімділігінің артуын білдіреді. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, қор тобының таза пайдасы 2,4 трлн теңге, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 39%-ға жоғары, – делінген қор жауабында.

«Самұрық-Қазына» сингапурлық Temasek холдингінің негізінде құрылған. Қор жұмысын трансформациялау мәселесі 2014 жылы да айтылған. Сол уақытта Қазақстанның бірнеше мемлекеттік органдары, халықаралық қаржы институттары, Еуропа қайта құру және даму банкі, 34 елдің қоғамдастығы болып саналатын Экономикалық ынтымақтастық даму ұйымы, Temasek, Khazanah, Korean Investment Corporation, Qatar Investment Authority секілді шетелдік қорлардың өкілдері мен халықаралық сарапшылармен арнайы кеңес өткізіп, қазақстандық қорды трансформациялау жөнінде кеңескен. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» қорын қалыптастыру ел байлығын еселейтінін, бұл холдинг жоғары технологиялы әрі тиімді компания екенін айтқан. «Самұрық-Қазына» қоры – іс жүзінде «екінші Ұлттық қор» деген.

Серіктес жаңалықтары