×
510.19
582.79
6.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.19
582.79
6.46

Жан түршігерлік жол апаты: Жеңіс Қасымбек Астананың жолдарынан неге проблема көрмейді

05.06.2025, 10:22
Жан түршігерлік жол апаты: Жеңіс Қасымбек Астананың жолдарынан неге проблема көрмейді
Ұлысмедиа коллажы

Астанадағы Республика даңғылында автобус ақпараттық тақта тіреуіне соғылып, жол апаты қоғамда үлкен резонанс туғызды. 15 жолаушы зардап шегіп, үшеуі ауыр хәлде ауруханаға түсті. Ең қатты зардап шеккен 8 жастағы қыз екі аяғынан айырылған. Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі қамауға алынды. Дей тұрғанмен бұл апатқа қатысты маңызды бір жайт – әкімдіктің жанама жауапкершілігі болуы мүмкін деген мәселе көптің назарынан тыс қалып барады. Ulysmedia.kz осы жағдайды тереңірек зерттеп көрді.

АСТАНА ӘКІМДІГІНДЕ БӘРІ БАҚЫЛАУДА

Көше бейнебақылау камералары жол апаты болған сәтті түсіріп алған. Кадрларда апат түп-түзу жолда орын алғаны анық көрінеді. Автобус жүргізушісі соқтығысты болдырмауға титтей де әрекет жасамағаны байқалады, сондықтан оның кінәсін жоққа шығару қиын. Әрі басқа көліктерден ешқандай кедергі болмаған.
Әлеуметтік желі қолданушылары түрлі нұсқаны айтады – жолаушымен сөйлескен, смартфонға алаңдаған, яғни назарын басқаға аударған. Ал ресми нұсқа – көлікті басқара алмай қалған. Дегенмен, автобус тым қатты деместей жылдамдықпен (кей деректер бойынша, 24–30 км/сағ) тік жүріп келіп, бағанаға соғылса, бұл нұсқа көпшіліктің күдігін туғызады.

Астана әкімдігі апатқа байланысты шенеунік сипатында ресми реакция білдірді. Ресми сайтта стандартты баспасөз хабарламасы шықты: жол апаты болды, жолаушылар зардап шекті. Жүргізуші демалған, сапарға шықпас бұрын медициналық тексеруден өткен. Хабарламада қоғамдық көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қатысты үлкен абзац бар.

Басқаша айтқанда, Астана әкімдігі бәрі бақылауда екенін көрсетті және кінә – 15 жылдық тәжірибесі бар автобус жүргізушісінде екенін білдірді.
Мүмкін солай да шығар. Алайда жол қауіпсіздігі тек техникалық жарамдылық пен жүргізушінің денсаулығына ғана емес, жол инфрақұрылымына да байланысты. Ал бұл жағынан елордада мәселе бар сияқты.

ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАДАМДАР

Әлеуметтік желілерде жол апатына қатысты ең көп айтылған пікір – «Жолдың қақ ортасында тұрған бағана не істеп тұр?». Бұл – ең маңызды сұрақ. Жауабы бар.
Осы жол бөлігінде шағын жолайрық бар. Мақсаты – көлік ағындарын бөліп, оңға бұрылатындарға кедергісіз қозғалыс жасау. Сол шағын жолайрықтың басталар тұсында... бағана тұр. Оны жолдан бөлетін – биіктігі аса емес жиектас қана. Болды.

Күндіз мәселе туындамауы мүмкін, алайда апат орын алған ымыртта, егер адам бұл жерде бағана бар екенін білмесе, оны байқамай қалуы әбден ықтимал. Ақпараттық тақтайша биікте жанып тұр, ал бағананың өзі жарықтандырылмаған, түсі де сұрғылт, айналадағы ортаға сіңісіп кеткен. Әкімдік жарық шағылыстыратын бояу жөнінде естімеген сияқты. Жолдың бөлінетін бөлігі де жарықпен белгіленбеген. Ол бар, бірақ тек бағанамен бірге, ал бұл жағдай қауіп төндіреді.

Мүмкін біз мәселені тым “үлкейтіп” отырған шығармыз. Кейін жүргізуші расында телефонмен сөйлесіп отырғаны анықталуы да мүмкін. Бірақ биылғы ақпанда дәл осындай жағдай болған.

Бараев көшесінде автобус бағанаға соғылды. 15 адам зардап шекті, жүргізушіні қаңқасы мыжылып қалған автобустан құтқарушылар кесіп алып шыққан. Кейіпкерлер – сол баяғы: ымырт, шағын жолайрық, жарықсыз бағана. Ол жағдайдан кейін әкімдік қорытынды жасамады. Қазір де жасамағаны анық. Себебі зақымданған ақпараттық тақтайшаның тіреуішін бұрынғыдай дәл сондай түстіге ауыстырып қойды.

Астанада мұндай шағын жолайрықтар мен бағаналар көп екенін ескерсек, тағы бір апаттың болу қаупі жоғары. Бұл жолы адам шығыны болмасына кім кепіл?

АДАМГЕРШІЛІК – БАСШЫ ҰСТАНЫМЫ ЕМЕС

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің бұл апатқа реакция білдірмеуі түсінікті. Ол апат орнына өзі бармады деп кінә тағу орынсыз шығар. Ақыр соңында – бұл елорда, жұмыс бастан асады, әр жол апатына барып жүре алмайсың.

Дегенмен, бір тәуліктен кейін әкім «Жеті бөшке» тұрғын үй кешеніндегі өрт орнына барды. Бұл жерде әкімнің элиталық үй тұрғындарын 8 жасар тағдыры талқан болған қыз баладан артық көргенін айтып та керек емес. Мүмкін, Қасымбек бұл өртке жеке жауапкершілік сезінетін болар.

Себебі 2023 жылы сол кешен тұрғындары әкімге қасбеттің сапасына қатысты шағым айтқан. Жел соқса, қаптама ұшады, ал мәселе жылдар бойы шешілмей келеді деп. Сол кезде әкім үйдің жаңа қаптамасына аудан бюджетінен шамамен 15 млн теңге бөлінгенін мәлімдеген. Үйді жөндеген, енді әкім уәде еткен жөндеудің сапасы жайлы сұрақ тууы мүмкін.

Жеңіс Қасымбектің мұндайда салқынқанды шешім қабылдайтыны бұрын да байқалған. Мәселен, Жеңіс күніне арналған парадқа соғыс ардагерін кіргізбей қойған – тізімде жоқ десті. Тіпті, егде жастағы кеудесі орденге толы адамды көріп тұрған-тын. Осы салғырттықтың өзінен әкімдік пиар жасауға тырысты: резонанстан соң әкімдік қызметкерлері ардагерге барып, сыйлықтар беріп, суретке түсті.

Ал аяқ-қолы жоқ, тағдыр тәлкегіне түскен қыз бала – ардагер емес, әкімдіктің жарнамасы жүрмейді. Сондықтан әкімнен жанашырлық не жеке араласу күтуге болмайды. Бұл – елордалық әкімге тән емес қасиет. Бұған дейін мысалдар болмаған.

Алайда бұл жолы да әкімдік барынша пайда көруге тырысты. Ресми мәлімдемеде былай делінген:

Зардап шеккен жолаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес, медициналық және сақтандыру сараптамасынан кейін өтемақы төленеді. Кейбір БАҚ мұны «әкімдік зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетеді» деп жазды. Алайда бұған дейін «Еуразия» сақтандыру компаниясы: автобус жүргізушісі жолаушылар алдындағы міндетті сақтандыруға ие болғандықтан, барлық зардап шеккендер өтемақы алады деп мәлімдеген.

Атап айтқанда, қыз бала 5 000 АЕК көлемінде, яғни 19,6 млн теңге өтемақы алмақ. Ендеше, әкімдік айтып отырған «материалдық көмегі» нақты не екенін түсіну қиын – өз атынан ба, әлде жай ғана сақтандыру компанияларын қадағалаймыз деген уәде ме?

Дегенмен, мұнда маңыздысы – әкімдік осы екі жол апатынан қорытынды шығарып, елорданың жол инфрақұрылымын ретке келтіруді қолға алса игі еді.

Серіктес жаңалықтары