Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті. Кейінгі уақытта бұл әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылатын болды. Зорлық-зомбылық көрген балалардың тағдыры, зорлықтың қоғамға келтіретін әлеуметтік және экономикалық зияны қандай? Зорлыққа қатысты істердің тергелу барысы қандай? Бұл материалда осы және өзге де сұрақтарға жауап іздейміз.
«ЕЛ АЛДЫНА ШЫҒЫП, ШУЛАҒАН СОҢ ІСТІ ҚАЙТА АШТЫ»
Былтыр 18 жастағы Еркеназ бала күнінде өгей ағасы зорлағанын айтып, әлеуметтік желіде дабыл қақты. Осыдан кейін оның дайректіне жазатын қыздардың саны күрт өскен. Көбі өздері тұрып жатқан өңірде болған зорлық-зомбылық оқиғаларын баяндаса, тағы бірі басынан өткен қорлықты айтып, көмек сұрап жаза бастаған.
— Өзім сияқты тұрмыс құрмаған қыздар бар. Олар ешкімге айтпайды да. Күн сайын мыңдаған адам үйінде, мектепте, жұмыс орнында да зәбір көреді, зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бірақ көбі үнсіз. Өйткені, ұялады, қорқады. «Ертең менің сөзіме біреу сене ме?» деп күмәнданады, – деді ол.
Еркеназ, 18 жаста /фото кейіпкердің жеке мұрағатынан/
Еркеназ журналистерге жағдайын айтып жүгінбей тұрып, бірнеше рет полицияға шағымданған. Алайда іс бірнеше мәрте тоқтатылған.
— Іс 4-5 рет жабылды. “Істегі кейбір мәліметтер қате” деп айтты. Бәрібір маған ешкім құлақ аспады. 2 жылдан асты ғой. Тергеу кезінде де неше түрлі жағдай болды. Дұрыс қарамайды, дұрыс тергемейді. Адам құрлы көрмейді. Біздің тарапты мүлде тыңдамайды. Ал қарсы тарапқа олардың көзқарасы басқаша. Мен нақты айта алмаймын. Себебі ешқандай дәлелім жоқ қой. Бірақ, ішкі түйсігім бірдеңе дұрыс емес екенін сезеді. Қалай халықтың алдына шығып, шулаттым, содан кейін істі қайта ашты. Басында қылмыстық істің ашылғанын да білген жоқпын. Жаңалықтан білдім. Бізге хабарламады, – деді ол.
Қазір Еркеназдың ісімен үш адвокат айналысып жатыр. Олардың бірі – Гүлайым Сәкенқызы 2 жыл бойы тергеліп келе жатқан бұл іс бірнеше мәрте дәлелдердің жеткіліксіздігіне байланысты тоқтатылғанын айтты. Қорғаушы тараптың мәлімдеуінше, жәбірленуші 6 жасынан 15 жасына дейін зорлық-зомбылық көрген. Ол күнде қорлыққа ұшырағанын айтса да алғашқы сараптама нәтижесінде оның «қыздық пердесі бұзылмаған» деген қорытынды жасалып, жыныстық зорлық белгілері расталмаған. Алайда қорғаушылар жәбірлеу әрекеті альтернатив тәсілмен жүзеге асқан болуы мүмкін екенін айтады.
— Алматыда 40 жылдық тәжірибесі бар проктолог жәбірленушіні толықтай тексеріп, Еркеназдың ішек құрылымы айтарлықтай өзгеріске ұшырағанын анықтады. Ішектің кеңейіп кеткені және қалташаның пайда болғаны ұзақ уақыт жасалған физикалық зорлықты айғақтайды. Бұл деректерге қарамастан, Астанадағы сарапшылар «Қазіргі уақытта ешқандай аномалия байқалмайды» деп істі қайта жапқан, — деді адвокат Гүлайым Сәкенқызы.
Бұл мәселе БАҚ бетінде көтерілгеннен кейін ғана тергеу қайта жанданды. Тергеушілер оқиға орнына барып, тексеріп, қосымша сараптама белгіледі. Психолог жәбірленушіден ауыр күйзеліс белгілерін анықтаған.
«ТЕРГЕУШІЛЕР «ҚЫЗДЫҚ ПЕРДЕ ОРНЫНДА» ДЕП, ІСТІ ЖАУЫП ТАСТАДЫ»
Human Rights Lawyers қоғамдық қорының «One-Stop-Service – Бір қадам» жобасының үйлестірушісі, заңгер Ләззат Рақышева балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың ең қауіпті түрлерінің бірін атады. Оның айтуынша, күдікті деп танылғандар жазадан жалтарудың түрлі амалын меңгеріп алған. Соның ішінде ең жиі кездесетіні – қыздық пердені бұзбай, бірақ балаға жыныстық сипаттағы зорлық көрсету. Бұл – қылмысты дәлелдеуді қиындатып, тергеу ісінің тоқтап қалуына себеп болатын айла. Сот-медициналық сараптамалар кезінде нақты айғақ табылмай, күдіктілер көбіне жазадан сытылып шығады.
— Тергеу ісінде сараптаманың көптеген түрі бар, оның бәрін тергеушілер біле бермейді. Жыныстық зорлық көрген адамдармен, әсіресе, балалармен жұмыс істей алмайды, мүлде бейхабар,-деді Ләззат Рақышева.
Ләззат Рақышева, заңгер. Фотоны түсірген: Айшабибі Мұхтарқызы
Ол Қазақстандағы тергеушілер мен сот-медицина қызметкерлерінің біліктілігін жылына кемі бір рет арттырып отыруды ұсынды. Арнайы тренингтер, халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламалары мен балаларға қатысты қылмыстарды тергеудің заманауи әдістеріне арналған оқыту курстары міндетті түрде енгізу қажет екен. Өйткені Қазақстанда жақындарынан зорлық көргендердің істері көбіне сотқа жетпей, тергеу сатысында-ақ тоқтап қалып жатады.
— Қызылорда облысынан бір қыз бала жазды. Оны туған ағасы зорлаған. Арада жылдар өте қыз ағасын сотқа береді. Анасы ұлының сөзін сөйлеп, қызына «Баяғыда өтіп кеткен істі неге қозғап жатырсың? Туған ағаңды соттатып, не абырой табайын деп отырсың?!» депті. Сот болды, бұл жолы қыздың қыздық пердесі орнында болмаса да, істі жауып тастады. Әділетсіз үкім болды. Тергеу барысында сараптамалар толыққанды жүзеге аспады. Қызға психологиялық, психиатриялық сараптама жасалмады. Өкінішке қарай, тәжірибемізде мұндай жағдай өте жиі кездеседі, — деді ол.
СЕКСУАЛ ЗОРЛЫҚ ОНЛАЙН КЕҢІСТІКТЕ ДЕ БАР
ЮНИСЕФ-тің 2010–2022 жылдар аралығында 120 елде жүргізген зерттеу деректеріне сүйенсек, әлемде шамамен 650 миллионға жуық қыз бала, яғни әрбір бесінші қыз бала кезінде сексуалдық зорлық көрген. Олардың 370 миллионнан астамы жанасуға негізделген (контакт) зорлықтың құрбаны болған.
Иллюстрация авторы: Аңсаған Мұстафа
Зерттеу сексуалды сипаттағы зорлықтың қоғамға келтіретін әлеуметтік және экономикалық зияны өте ауыр. Бұл көрсеткіш ең алдымен Оңтүстік Африка еліндегі зерттеулерге негізделген. «Save the Children South Africa» ұйымының есебінше, 2015 жылы балаларға бағытталған зорлық-зомбылықтың (сексуалды, физикалық, эмоционалды) экономикалық шығыны Оңтүстік Африка Республикасының ЖІӨ-нің 5,1%-ына тең болған. БҰҰ Экономикалық сарапшыларының зерттеуінше, балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың зардабы әлемдік ЖІӨ-нің 2-8%-ына дейін дейін жетуі мүмкін.
Бас прокуратураның дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда 900-ден астам бала сексуалды сипаттағы қылмыстан зардап шеккен.
Қазақстанда балалардың 21%-ы сексуалды, 36,2%-ы психологиялық зорлыққа, ал 0,5%-ы ауыр физикалық жазаға ұшырайды. Ең жоғары деңгей Түркістан облысында – 70%, содан кейін Ұлытау – 54%, Ақтөбе – 51%, Алматы – 50%, Батыс Қазақстан облысына – 48%, ал ең төменгі көрсеткіш Астана қаласында – 13,2% тіркелген. (ЮНИСЕФ дерегі)
2023 жылы жүргізілген «Kids Online» зерттеуіне сәйкес, Қазақстандағы балалардың 21 пайызы интернетте кибербуллингке ұшырап, 15%-ы жыныстық сипаттағы контентке тап болған. Бұл – сексуал зорлықтың тек офлайн емес, онлайн кеңістікте де кеңінен таралып келе жатқанын көрсетеді. Балалардың 10%-ы интернетте бөтен адамды дос ретінде қосқан.
Айсұлу Бекмұса, ЮНИСЕФ Балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі /фото manshuq.comсайтынан алынған/
Сондықтан ЮНИСЕФ-тің Балалық шақты қорғау бағдарламаларының жетекшісі Айсұлу Бекмұса қауіпсіздік өмірде ғана емес, онлайн кеңістікте де маңызды екенін айтты.
— Балалар «онлайн-груминг», буллинг, жағымсыз контенттің не екенін түсінуі керек. Олар бөтен адамдармен байланыс орнатудың, жеке фото мен видеоларды таратудың қауіпті екенінбілуі қажет. Ата-ана баламен бірге интернетті қолданудың ережелерін анық, түсінікті түрде белгілеп, неге солай қажет екенін түсіндіруі тиіс,-дейді ол.
ҰЛДАР ДА ЗОРЛЫҚ КӨРЕДІ
Ұл балалардың жыныстық зорлыққа ұшырайтыны көп жыл бойы назардан тыс қалып келді. ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұл балалардың да сексуал сипаттағы зорлықтың құрбаны болып отырғанын ашық көрсетті. 2010-2022 жылдар аралығында шамамен 410-530 миллион ұл бала (әрбір жетінші) өмірінде сексуалдық сипаттағы зорлыққа ұшыраған. Оның ішінде 240–310 миллион ұл бала (әрбір он бірінші) – тікелей жанасуға негізделген зорлықтың құрбаны.
Географиялық тұрғыдан алғанда, Африкада ұл балаларға жасалатын зорлық-зомбылық деңгейі өте жоғары – 18,6%. Содан кейінгі орында Латын Америкасы мен Кариб теңізі аймағында орналасқан мемлекеттер – 16%. Ал Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда бұл көрсеткіш – 12,3%.
БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесінің зерттеуіне сәйкес, соғыс аймақтарында ұл балаларға жасалатын зорлық 2024 жылы 35%-ға артқан. Ұл балалар қақтығыс кезінде тек «Адам қалқаны» ретінде ғана емес, жыныстық мақсатта қорлау мен пайдаланудың да құрбанына айналған. Мұндай әрекеттер көбіне қарулы топтар, жергілікті билік өкілдері не әскерилер тарапынан жасалған.
Өкінішке қарай, Қазақстанда ұл балаларға жасалатын сексуал сипаттағы қысым бойынша нақты статистика жоқ. Себебі, зерттеушілер ер балаларға қатысты зорлық фактілерін тіркеу мен деректер жинау кезінде көптеген кедергіге тап болады.
Дегенмен, Human Rights Lawyers қоғамдық қорының заңгері Ләззат Рақышева соңғы уақытта кәмелет жасқа толмаған ұлдар мен олардың ата-аналарынан түсетін шағымдар көбейгенін айты.
Ол өгей әкесінің ағасынан зорлық көрген Түркістан облысындағы 7 жасар баланың ісімен айналысып жатыр. Бұған дейін 14 және 15 жастағы екі бозбаланың оқиғасы бойынша жұмыс істеген. Тіпті, кейбір отбасылы азаматтар да бала кезінде туыстарынан сексуалдық қысым көргенін айтып, хат жазған.
— Біздің орталыққа Түркістан облысынан тағы бір әйел “7 жасар ұлым зорланды” деп хабарласты. Айтуынша, баласын күйеуінің туған інісінің ұлы зорлаған. Мен тиісті орындарға хабарлап, әлгі әйел мен баласына көмек ұсындым. «Полицияға арыз жазуға көмектесейін»,-дедім. Полиция алдына барған кезде әлгі әйел сөзінен айнып кетті. «Өтірік айттым!»,-деп қолхат жазып беріпті. Істің ақырын ешкім тексермеді. Баланы проктологқа апару керек еді. Іс қозғалмай қалды. Мен бұл жерде әйел өтірік айтты деп ойламаймын. Ол баяғы жалған ұятты жамылып, туысқандарының сөзін тыңдап, әркімнің ықпалына түсіп, туған баласын жер қыла салды. Мұндай жағдай тағы бір азғынның бостандықта тайраңдап жүруіне мүмкіндік беріп, көптеген ұл-қыздың өміріне қауіп төндіріп отыр, — деді Рақышева.
Серікгүл Сәли, психолог. Фотоны түсірген: Айшабибі Мұхтарқызы
Ал психолог Серікгүл Сәли ұл балалардың 6–9 жас аралығында сексуалдық қысымға ұшырауы олардың психосексуал тұрғыдан дамуын тежейтінін айтты. Мұндай травма олардың болашақта жыныстық өмірден ләззат алуына және қалыпты қарым-қатынас орнатуына кедергі келтіреді. Психологтың тәжірибесінде сексуалдық зорлықтың құрбаны болған ұл балалар бұл дерттен толық айығып шыққан жағдай өте сирек кездескен. Олар көбіне ішкі агрессиясын сыртқа шығара алмай, өзін кінәлап, кей жағдайда суицидке дейін баратын жағдайлар да болған.
— Көбі кішкентай баланың сөзіне сенбей, «Өтірік айтады!» деп мән бермей жатады. Бала шындықты айтса да, оған сенімсіздік танытса, келесі жолы үндемей қояды. Санасында: «Маған бәрібір сенбейді» деген ой қалыптасады. Егер үнемі басқа балалармен салыстырылып, кемсіте берсе, бала өзін ыңғайсыз сезіне бастайды. Осылайша бала үнсіз қалады, көмек сұрауға қорқады, – дейді психолог.
Біз сөйлескен мамандар зорлық-зомбылыққа ұшыраған ұлдар мәселесі көп ретте жария болмай, сыртқа шықпай, отбасы ішінде жасырын қалатынын айтты. Егер іс полицияға жетсе оны кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі тергеушілер жүргізеді. Бірақ, өкініштісі — ер балаларға жеке көзқарас қарастырылмаған. Қазақстанда зардап шеккен ұлдарға арналған арнайы қызмет не бағдарламалар жоқ. Органдар да бөлек статистика жүргізбейді.
БІЗДІҢ ҚОҒАМДА ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ БҰРЫННАН БАР
— «Біздің қоғамда зорлық бұрыннан бар. Мұны айтып отырған себебім — маған 50, 60, 70 жастағы әйелдер хат жазады. Көпшілігі бала кезінде зорлық көрген. Қазір олардың өз отбасы бар, өмірінің бел ортасынан ауса да бастан кешкен азапты ұмыта алмай, жүрегінде жазылмас жара қалғанын жазады. Олардың көбімен біздің психологтар жұмыс істеді», — дейді Ләззат Рақышева.
Ләззат Рақышева да бала кезінде жыныстық зорлыққа ұшыраған. Бұл туралы ол әлеуметтік желілерде және бала құқықтарына арналған жиындарда ашық айтып жүр. Жазықсыз зәбір көрген жандарға тегін көмек көрсетіп, ештеңені жасырмауға кеңес беріп, жәбірленушілердің құқын қорғап келеді.
Ләззат Рақышева алты жасында аса ауыр қылмыстың құрбаны болды. Сол жылы ата-анасы оны аз уақытқа көршілеріне қалдырып кеткен еді. Алайда балаға қамқор болудың орнына, көрші үйдегі 18 жастағы жігіттер оны зорлаған. Сол кезде Ләззат не болып жатқанын толық түсінбеген. Бірақ бұл оқиға оның бүкіл өміріне әсер етті.
Жылдар бойы бұл оқиғаны ішінде сақтап жүрген. Кейде өмірден түңіліп, суицид туралы ойлаған. Ауыр психологиялық травмадан айығу үшін бірнеше психологтың көмегіне жүгінген. Кейін бұл оқиғаны жасырмай, ашық айтып, көрген қорлығын кітап етіп жазды. Жазу процесі де, оны оқырманға ұсыну да оңайға соқпаған. Бірақ дәл осы арқылы ол өзін ғана емес, басқа да құрбан болған жандардың үнін жеткізуге тырысқан.
СЕКСУАЛ ЗОРЛЫҚ НЕЛІКТЕН ТОҚТАМАЙДЫ?
АҚШ-та орналасқан Kidpower Teenpower Fullpower International ұйымы 30 жылдан бері бүкіл әлемде балалар, жасөспірімдер, ересектер мен ерекше қажеттіліктері бар жандардың қауіпсіздігін арттыру бағытында жұмыс істеп келеді. Ұйымның басты мақсаты – адамдарға өзін қорғау, жеке шекарасын сақтау, «Жоқ!» деп айту және күмәнді жағдайдан шығу сияқты өмірлік маңызды машықтарды үйрету.
Ирен ван дер Занде, Kidpower Teenpower Fullpower International ұйымының атқарушы директоры /фото спикердің жеке мұрағатынан/
Осы ұйымның негізін қалаған атқарушы директоры Ирен ван дер Занде әлемде сексуалдық зорлық-зомбылықтың неге әлі күнге дейін кең таралып отырғаны туралы пікірін білдірді. Оның айтуынша, зорлық-зомбылықты түбегейлі жою үшін әуелі оның түпкі себептерімен бетпе-бет келу қажет. Ол бұл мәселеге басты себеп ретінде қоғамдағы үнсіздік пен қорқынышты атап өтті. Сондай-ақ:
1. Психологиялық жарақаттың ұрпақтан-ұрпаққа берілуі
Балалық шақта зорлық көрген адам дер кезінде психологиялық көмек алмаса, ересек өмірде өзі де зорлық көрсетушіге айналуға не қайтадан құрбан болуға бейім келеді. Уақыт өте бұл қауіпті құбылыс қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастайды.
2. Бедел мен абыройдан айырылу қорқынышы
Көптеген елде балабақша, мектеп не университет беделін сақтау мақсатында жәбірленушіні жасыру жағдайы жиі кездеседі. Мұндай әрекетсіздік зорлық-зомбылықтың таралуына себеп болады.
3. Балалар мен әйелдердің құқы қорғалмауы
Кейбір елдердің мәдени түсінігінде қыз балалар мен әйелдер екінші қатардағы тұлға ретінде қарастырылады. Олардың пікірі мен дауысы ескерілмейді. Бұл – тек құқықтық емес, терең әлеуметтік проблема.
4. Жыныстық қанау әрекетінен пайда табатын топтар
Кейбір адамдар мен қылмыстық топтар балалар мен жасөспірімдерді жыныстық жолмен қанау арқылы ақша немесе билікке қол жеткізуге тырысады. Мұндай қылмыстар онлайн және офлайн кеңістікте де белең алып отыр.
5. Ата-аналарда қажетті білімнің болмауы
Көптеген ата-анада баласын қорғауға қажет білім мен машық жоқ. Олар зәбір көрсетушіні танымайды не баласының сөзіне мән бермеуі мүмкін.
6. Баланың өзін қорғау машығының болмауы
Балаларды «Жоқ!» деп айтуға, көмек сұрауға, өз сезімін ашық білдіруге үйрету маңызды. Бұл — баланың ғана емес, оны тәрбиелеп отырған ересектердің де жауапкершілігі.
Kidpower – 2024 жылы онлайн және офлайн форматта 20 000-нан астам адамға тренинг өткізді. Ұйымның сайтына 351 000 бірегей қолданушы кіріп, 3 500 адам Онлайн оқу орталығындағы бейнесабақтар мен кітаптарды пайдаланды. Серіктестік жобалар арқылы 100 000-нан астам адамды қамтыды.
СЕКСУАЛ ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ САУАТ АШУДЫ ҚАШАН БАСТАУ ҚАЖЕТ?
Әлемдік сарапшылар Kidpower оқу бағдарламасы мен оқыту әдістемесін өте жоғары бағалайды. 1989 жылы қоғамдық ұйым ретінде құрылған Kidpower бүгінде 10 миллионнан астам бала мен ересекке қауіпсіздік машығын үйретіп үлгерген. Ұйымның басты ерекшілігі – қауіпсіздікті қорқыныш пен үрей арқылы емес, қызық тәсілдермен үйрететіні боп отыр. Оқыту процесінде қолданылатын «Позитив тәжірибемен оқыту әдісі» (Positive Practice Teaching Method) рөлдік ойындар мен тәжірибелік тапсырмаларға негізделген. Бұл тәсіл балалар мен ересектердің өмірдегі нақты жағдайда қалай әрекет ету керек екенін еркін әрі сенімді түрде меңгеруіне жол ашады.
Ирен ван дер Занде ұйым қызметінің 80%-ы балалар мен оларды тәрбиелеп отырған ата-анаға бағытталғанын айтты.
— Баланың ата-анасы, мұғалімі, тәрбиешісі, тіпті көршісі де қауіпті жағдайларды танып, тиісті әрекет жасай алатындай білім мен дағдыға ие болуы керек, — деді ол.
Kidpower ұйымының зерттеуінше көптеген елде сексуал қауіпсіздік туралы білім беру қашан басталатыны және қалай жүзеге асатыны жағынан үлкен айырмашылық бар. Бұл көбіне жергілікті үкіметке, мектеп жүйесіне, діни, ауыл не қала, отбасылардың рұқсат деңгейіне байланысты болады.
— Біз әрбір адам мен мәдениетпен олардың жағдайына сәйкес жұмыс істеуге және кейбір сөздерді қолданудан бас тартуға тырысамыз. Мысалы, біз «Жыныстық қауіпсіздік» деп айтпай, «Дене қауіпсіздігі» туралы үйретеміз. Өйткені, олар балаларға түсініксіз және нақты емес. Сондай-ақ, біз жыныстық зорлықтың нақты қалай болатынын суреттеп айтып бермейміз. Мұндай ашық сипаттама балалардың санасында қажетсіз әрі алаңдататын образ қалдыруы мүмкін, – деді Kidpower жетекшісі.
«ҚАЗАҚСТАНДА БҰЛ ТАҚЫРЫП ӘЛІ ДЕ «ЫҢҒАЙСЫЗ» САНАЛАДЫ»
Қазір елімізде зорлық-зомбылықтан кейінгі салдарды еңсеру үшін балаларға арналған тегін және қолжетімді психологиялық көмек, жүйелі оңалту жұмыстары мен мамандандырылған орталықтар жетіспейдә. Ал зардап шеккендердің отбасымен жұмыс жүргізуге арналған арнайы бағдарламалар жоқтың қасы. Заңгер Ләззат Рақышева осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтарды қайта даярлау қажет екенін айтты.
«Волонтерлық бастамаларды дамыту және қолдау» жаңа жобасының басталғанын қуана хабарлаймын. Жалпы елімізде 10 мың адамды қамтимыз. Волонтерлар әр өңірдегі зорлық көрген жандарды анықтаудан бастап оларға нақты көмек көрсетілгенге дейінгі процеске атсалысады. Сондай-ақ, олардың негізгі қызметі – зорлық көрген жағдайда қандай әрекет жасау, қайда және кімге жолығуға болатыны туралы қолжетімді ақпарат тарату, жұртшылықпен жұмыс істеу, — дейді ол.
Зорлыққа ұшыраған бала ең әуелі мұны ата-анасына айтуы керек. Егер ата-анасымен сенімді байланыс болмаса не қорықса, мектеп психологына жүгінуі қажет. Психологқа жете алмаса, онда бала полицияға немесе 111 бірыңғай жедел желісіне хабарласа алады. 111 нөміріне қоңырау шалу тегін және барлық ақпараттың құпиялылығы сақталады. Тегін көмек алу үшін Human Rights Lawyers қоғамдық қорының «One-Stop-Service Бір Қадам» орталығының +7 707 154 75 38 нөміріне хабарласуға болады.
Иллюстрация авторы: Аңсаған Мұстафа
Қазақстандағы БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) да бұл мәселеге жүйелі түрде назар аударып келеді. Ұйым балаларды қорғау бойынша мемлекеттік реформаларды халықаралық стандарттарға сай жетілдіруге көмектесіп, заңнаманы сараптау мен оқыту жүйесін дамытуға үлес қосып жатыр.
2023–2025 жылдарға арналған Кешенді жоспар, 2024 жылы қабылданған жеңіл дене жарақаттары мен ұрып-соғуды қылмыстық сипатқа енгізу, сондай-ақ Президенттің «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасын әзірлеу туралы тапсырмасы – осы бағыттағы маңызды қадамдар.
ЮНИСЕФ бұл процестің әр кезеңінде отбасыларға ерте көмек беру, мамандарды оқыту, жаңа стандарттар енгізу сияқты сараптамалық қолдау көрсетіп отыр. 2024 жылдан бастап елімізде 112 отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Онда 1200-ден астам маман 34 мыңнан астам адамға көмек көрсетіп үлгерген. 2000-ға жуық отбасы кешенді сүйемелдеуге алынған.
Сексуалдық зорлық көрген балаларға көмек көрсету мақсатында ЮНИСЕФ Barnahus моделін енгізуді қолдайды. Бұл тәсіл – балаға заңдық, медициналық және психологиялық көмекті бір жерде беруді көздейтін жүйе. Яғни, баланы екінші рет жарақаттаудан барынша қорғайды.
Интернет қауіпсіздігі де назардан тыс қалмаған. ЮНИСЕФ балаларды онлайн-груминг, буллинг және зиянды контенттен қорғау үшін арнайы ақпараттық кампаниялар мен білім беру материалдарын әзірлеп, ата-аналармен бірлесе жұмыс істеп жатыр.
«СЕН ЕШКІМГЕ КЕРЕК ЕМЕССІҢ» ДЕГЕН СӨЗ ДЕ ЗОРЛЫҚ»
Еркеназдың басынан өткен ауыр оқиға – біз өмір сүріп отырған қоғамда зорлық-зомбылық көріп, үнсіз қалған мыңдаған қыз-келіншектің жан дауысы. Жан жарасын жасырып, іштей тынып, үнсіз жүрген қаншама бала мен қыз-келіншек бар. Бірақ Еркеназ үнсіз қалмауды, өз құқығы үшін күресуді таңдағандардың бірі.
Еркеназ, 18 жаста /фото кейіпкердің жеке мұрағатынан/
Ол бастауыш білім беру мамандығын тәмамдап, алдағы уақытта сот психологы болғысы келеді. Бұл - оның жеке арманы ғана емес, ол басқаларға да қол ұшын созуға ниетті.
Қазіргі таңда оған заңгерлер Айман Омарова, Ләззат Рақышова, сондай-ақ Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (Children’s Rights Commissioner) Динара Закиева қолдау көрсетуде. Оқу ақысын төлеп, психологиялық көмек ұсынылған.
Зорлық-зомбылық дегеніміз — қысым, бұл — сені менсінбеу. «Сен ешкімге керексізсің» деген сөз де зорлық. «Менсіз өмір сүре алмайсың» деп те қорқытатын еркектер бар. Бірақ үнсіздік шешім емес. Әр адамның қорықпай өмір сүруіне, өзін еркін сезінуге, тәуелсіз мемлекетте өз құқығын қорғауға құқы бар, — деді Еркеназ.
Ал Еркеназдың адвокаты Гүлайым Сәкенқызы істі бастапқыда әйел қызметкер тергегенін айтты. Заңға сәйкес, мұндай істерге әйел маман қажет. Тергеуші қазір декрет демалысында. Сондықтан жаңа тергеуші тағайындалуын күтіп отыр. Еркеназдың қорғаушылары жәбірленушінің тоқ ішегіндегі жарақаттарды дәлелдеу үшін қосымша сараптама жасатпақ. Олардың айтуынша, қылмыстық істің соңғы рет не себепті тоқтатылғаны туралы құжатты құзырлы орган өкілдері әлі күнге дейін бермей отыр екен.
Авторы: Тәуірбек Бозекенов
Ирен ван дер Занде сұхбатын қазақ тіліне Назым Қайрат аударды
Бұл мақала шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab II жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді