×
537.63
622.52
6.69
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
537.63
622.52
6.69

Амбициясы асқақ әкім: Қарашөкеев халық сенімін ақтай алып жатыр ма?

Бүгін, 12:20
Амбициясы асқақ әкім: Қарашөкеев халық сенімін ақтай алып жатыр ма?
Ulysmedia.kz коллажы

Ulysmedia.kz аймақ әкімдерінің уәделерін қалай орындап жатқаны туралы материалдар сериясын жалғастырады. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірді дамытуға қатысты батыл жоспарларымен жиі БАҚ беттерінен көрінеді. Алайда халық оның жұмысының тиімділігін әрқалай бағалап отыр.

ЖҰМСАЛҒАН ҚАРЖЫ – ЖҰМЫСТЫҢ НӘТИЖЕСІ

Қыркүйек айында ауыл шаруашылығының экс-министрі Ербол Қарашөкеевтің Жамбыл облысын басқарғанына екі жыл толады. Сондай-ақ аймақ басшысы өңірді дотациялық облыстар қатарынан шығару жоспарын жариялаған атаулы баспасөз конференциясына да бір жыл болады. Бірақ әзірге бұл бағытта нәтиже мардымсыз.

Егер 2024 жылы республикалық бюджеттен облысқа 426,3 млрд теңге субвенция бөлінсе, 2025 жылы қолдау көлемі 465,9 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш «қаржыны көп қажет ететін» облыстар арасында Түркістаннан кейінгі екінші орынға қойып отыр.

Соған қарамастан, Жамбыл облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы жайлы әкімдік есептеріне сүйенсек, бәрі жоспарға сай жүріп жатқандай. Дегенмен, басты назар бөлінген қаржыны игеруге, индикаторлар мен көрсеткіштерге жетуге, түрлі іс-шараларды өткізуге бағытталған. Нақты деректер бар болғанымен, олар дер кезінде жаңартылмайды.

Мысалы, кей жағдайларда әкімдік өткен жылдың қорытындысын баяндағанда, деректерді Ұлттық статистика бюросынан ала алмағанын сылтауратқан. Алайда ол ақпарат сәуір айында-ақ жарияланған болатын. Демек, мұндай есептердің ресмилік сипаты басым, тіпті кей тұста адастыруға ұқсайды.

Мәселен, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткішінде әкімдік бес ауданда балабақшаға кезек артқанын мойындап отыр. Қордай ауданында жоспарланған орындар ашылмаған, ал Мойынқұм ауданында жоспардың 5 пайызы орындалмай қалған. Соған қарамастан, әкімдіктің қорытындысы – «орындалды». Себебі қағаз жүзінде межеленген 95,1% қамтуға қол жеткізілді, бірақ ол облыс орталығы мен 10 ауданның тек төртеуі есебінен ғана орындалған.

МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ШЕШІМДЕР

Сондықтан облыс билігінің есептеріне сүйену аса тиімді емес, ал Қарашөкеев басқаратын өңірдің қайда бағыт алып бара жатқанын түсіну үшін Ұлттық статистика бюросының деректеріне және әкімнің өз сөзіне жүгінейік.

Өткен жылдың желтоқсанында әкім журналистердің сұрақтарына үш сағатқа жуық жауап беріп, ашық қарым-қатынас үлгісін көрсетті. Аймақ басшылары арасында мұндай ашықтық сирек кездеседі. Сол кездесуде Қарашөкеев өз жұмысының тиімділігін бағалауға жеткілікті негіз берген.

Бір жарым жыл бұрын ол өңір тұрғындарының жаппай көшіп кетуін тоқтатудың «рецептін» білетінін айтқан – ол үшін адамдарды тұрақты әрі жоғары жалақылы жұмыс орнымен қамтамасыз ету керек деп сендірген. Әкімдік осы бағытта бар күшін салып жатқанын мәлімдеген. Алайда «рецепт» дұрыс болмады ма, әлде күш жеткіліксіз бе – әйтеуір өңір халқы азайып келеді. Оның үстіне бұл ай сайын байқалады. 2025 жылдың басында облыста 1 222 513 адам тұрса, 1 шілдеге қарай бұл көрсеткіш 1 220 041-ге дейін төмендеген. Көбіне ауылдық жерлерден қоныс аударуда, ал агроөнеркәсіп кешенін дамыту Қарашүкеевтің негізгі басымдықтарының бірі ретінде жарияланған еді.

2025 жылдың бірінші тоқсанында ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы және орман шаруашылығы саласындағы орташа жалақы небәрі 196 мың теңге болды. Мұны жоғары жалақы деп атау қиын. Жалпы өңірдегі орташа еңбекақы республикалық көрсеткіштен шамамен 100 мың теңгеге аз.

Әкім шағын және орта бизнесті дамытуға да үлкен жоспарларын жариялаған. Алайда 2024 жылы ШОБ кәсіпорындарының саны шамамен 3 мыңға қысқарды. Оның үштен бірі автокөлік пен мотоциклдерді сату және жөндеу саласында жұмыс істейді.

Ауызсумен қамтамасыз ету мәселесінде жағдай сәл жақсырақ. Жоспарлағандай тез жүрмесе де, биыл төрт ауылға таза су жеткізу қарастырылған. Тұрғын үй құрылысы бойынша да іркіліс жоқ сияқты. Әкімдік жоспарлаған әлеуметтік баспана да, өзге нысандар да бірінен соң бірі пайдалануға берілуде. Дегенмен әлеуметтік инфрақұрылымда уақыт өте кейбір проблемалар туындайды. Мысалы, Қайрат ауылындағы Мәдениет үйі мен Бауыржан Момышұлы ауылындағы спорт кешені сияқты ұзаққа созылған құрылыстар мәселесі шешілгендей. Бұрынғы мердігерлерді салғырттық үшін сот арқылы жауапқа тартқан, ал қазір нысандар аяқталуға жақын.

Инвестиция тарту бойынша да ресми статистика жақсы көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Қаңтар–шілде айларында негізгі капиталға инвестиция көлемі 345 млрд теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 32%-ға артқан. Оның басым бөлігі – тау-кен өндірісіндегі ірі кәсіпорындардың үлесі.

Халықтың өмір сүру деңгейіне келсек, жағдай басқа өңірлерден аса ерекшеленбейді. Жылдық мәнде нақты табыс 2%-ға өссе, бағалар шамамен 8%-ға қымбаттаған.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПІКІРЛЕР ЛЕГІ ҚАНДАЙ

Жергілікті ақпараттық кеңістікте Қарашөкеев өз имиджін келген сәттен бастап-ақ бүлдіріп алды деуге болады. Облысқа келгеннен кейін тура бір ай өткен соң, әлеуметтік желілерде оның жеке парақшасынан «ыңғайсыз сұрақтар» арнайы нұсқаумен өшірілуде деген ақпарат тарады. Кейін әкімдік бұл жағдайға түсініктеме беріп, жаңа әкімнің сынға ашық екенін айтты. Алайда мұндай уәжге желі қолданушылары онша сене қоймады.

Белсенді жергілікті қауымдастық жиі оның уәделерді орындау барысына қатысты айтқан пікірлерін сынайды. Әсіресе, өңірдегі қуаңшылық пен ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешу жайлы жауаптары сынға алынады. Қарашөкеев бұл проблемалардың жүйелі сипатта екенін және оларды шешуге уақыт пен күш қажет екенін айтқан. Шынтуайтында, мәселе көптен бері бар және бұған дейінгі әкімдердің ешқайсысы жақындай алмады. Бірақ мұндай жауаптар халыққа ұнамайды, жұртшылық нақты шешім күтеді.

Соған қарамастан, әлеуметтік желілерде оның жұмысын оң бағалағандар да бар. Әсіресе, шағымдарға дер кезінде жауап беріп, жиі өз орынбасарлары мен жергілікті шенеуніктерді ашық сынға алуы құпталады. Әкім есеп емес, шынайы нәтиже талап етеді. Пайдаланушылардың пікіріне қарағанда, өңірдегі жекелеген проблемалар шешімін табуда. Әсіресе мектеп құрылысы мен жөндеуіне қатысты мәселелердің орындалуы жиі аталады.

Дегенмен, Жамбыл облысында әлі де шешілмеген негізгі түйткілдер бар. Ауызсумен қамтамасыз ету қарқыны жөнінде нақты жағдай жыл соңына қарай белгілі болмақ, әкімдік қанша жобаны аяқтай алғанын сонда жариялайды.

Сонымен қатар, экологиялық проблемалар өзекті күйінде қалып отыр. Өңірде ауаның ластану деңгейі жоғары, оған ең алдымен өнеркәсіп кәсіпорындарының, әсіресе химия және тау-кен өндірісінің шығарындылары әсер етуде. Тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды кәдеге жарату мен көму мәселесі де шешілмеген. Қолда бар полигондар мен қоқыс орындары үлкен аумақты алып жатыр, ал қалдық көлемі үнемі өсуде. Қайта өңдеу жүйесі жеткілікті дамымаған.

Инфрақұрылым саласында да түйткілдер көп: жылу желілері, жолдар және өзге коммуникациялар тозған. Денсаулық сақтау мен білім беру қолжетімділігі де маңызды мәселелер қатарында.

Жалпы, облыс басшылығы бұл проблемаларды мойындап отыр және ресми есептеріне сәйкес оларды шешу үшін инвестициялар тартылып, инфрақұрылым дамытылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Алайда жұмыстың қарқыны мен тиімділігі әлі де сұрақ тудырады.

Серіктес жаңалықтары