×
549.15
643.88
6.71
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
549.15
643.88
6.71

"Жасыл даму" қоқыстан басқаның бәріне қаржыны миллиардтап жұмсап жатыр

25.09.2025, 12:00
"Жасыл даму" қоқыстан басқаның бәріне қаржыны миллиардтап жұмсап жатыр
Ulysmedia.kz коллажы

Экологиялық мәселелерді шешу үшін құрылған мемлекеттік компания 400 миллиард теңге жинап, қоқыс өңдейтін зауыттар салудың орнына телекоммуникацияға қаржы құйып отыр. «Жасыл Дамудың» Kcell акцияларын сатып алғаны туралы жаңалық қазақстандық утилизациялық оператордың жүйелі проблемаларының тек «шетін ғана көрсеткен» жағдай. «Активтерді сауатты басқару» жөніндегі әдемі есептердің артында қайғылы шындық жасырын тұр: ел қоқысқа батып барады, ал халықтан жиналған жүздеген миллиард теңге нағыз қажет салаға емес, мүлдем басқа бағыттарға жұмсалуда.

Ақшаға «қолайлы орын» іздеу

Маусым айының соңына қарай «Жасыл Даму» Kcell компаниясының 5,53% акциясына (11 млн-нан астам) иелік етіп үлгерді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың соңындағы 2,73%-дан екі есе көп. Вице-премьер Серік Жұманғарин мұндай шешімді тіпті құптады.

– Неге оларды 30 күнге жақсы құралға салмасқа? Әшейін шотта бос жатқызғанша, – деді ол журналистердің Kcell акцияларын сатып алуға қатысты сұрағына берген жауабында.

Бір қарағанда қисынды көрінгенімен, бұл ақша қазақстандықтардан нақты мақсатпен, яғни қор нарығында ойнау үшін емес, қоқыс өңдеу ісіне жиналды. Компания бұл операцияны «қаржыны уақытша орналастыру» деп түсіндірді. Бұл корпоративтік құқық бермесе де, шын мәнінде утилизациялық оператор телекоммуникациялық компанияның акционері атанды. Экономист Меруерт Махмутованың пікірінше, бұл – бұрыннан келе жатқан сценарийдің жалғасы.

– Квазимемлекеттік компаниялар депозиттерден табыс тауып, өзін-өзі «тиімді менеджмент үшін» марапаттайды. Ал олардың бастапқы мақсаты ұмыт қалады, – дейді ол.

«Бізге қатысы жоқ»

Ulysmedia.kz редакциясының ресми сауалдарына Kcell мен «Қазақтелеком» өкілдері корпоративті стильде жауап қайтарды. Олар акциялардың «екіншілік нарықта еркін айналатынын», «жоғары өтімділігін» және «премиум санатына кіретінін» ерекше атап өтті. Сондай-ақ «Жасыл Дамудың» үлесі 10%-дан аз болғандықтан, ірі акционер саналмайтынын алға тартты. Яғни акциялар сатып алынып, үлес жарты жылда 2,73%-дан 5,53%-ға өсіп жатса да, ешкім бұл процеске жауапты емес сияқты.

400 миллиардты қайда жұмсау керек?

Бұл мәселені сәуір айында Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева көтерген еді. Оның айтуынша, компанияның есепшоттарында 406 млрд теңге бар. Соның жартысы бұрынғы «Оператор РОП»-тан қалған, қалғаны – өздері жинаған қаражат. Ал әкімшілік шығындары жылына 4 млрд теңгеге жетеді. Депутат мысал келтірді: екі жылда қоқыс өңдеуге бар болғаны 3,5 млрд теңге ғана бөлінген. Бұл – басқару аппаратының бір жылдық шығынынан да аз.

– Реттеуші ақшаны қалай болса да жұмсағысы келеді, бірақ қалай екенін білмейді, – деді Смышляева.

Оның айтуынша, «Жасыл Дамудың» шығыстары утилизациялық операторға емес, әмбебап сатып алушыға көбірек ұқсайды. Мәселен, Индустрияны дамыту қорына 140 млрд теңге бөлініп, соның тек 2,5%-ы ғана қоқыс өңдеуге жұмсалған. Қалғаны автобустар, жол және ауыл шаруашылығы техникасын алуға кетті. Бұдан бөлек, 8,5 млрд теңге өртті ерте анықтау жүйелеріне, 6,19 млрд теңге орман өрттерін бақылауға арналған жүйеге, 2,41 млрд теңге жол талғамайтын көліктер мен тракторларға жұмсалған.

Қоқыс мәселесі шешілмей тұр

Компания қаржыны инвестициялау өнерін меңгеріп жатқанда, елдегі экологиялық жағдай ушығып барады. Ресми дерекке сәйкес, жыл сайын Қазақстанда 5 млн тонна тұрмыстық қалдық пайда болады, соның тек 26%-ы ғана өңделеді (көбіне сұрыптау). Ал 1 млрд тонна өнеркәсіптік қалдықтың тек 11%-ы ғана қайта өңделеді. Жоспарланған 94 қоқыс полигонының тек 6-уы ғана қаржыландырылған. Қоқыс өңдейтін зауыттар мүлде іске қосылмаған, олар «жемқорлық ескерткіштеріне» айналып отыр.

– Басты мақсат – қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық мәселелерді шешу. Бірақ бұл іспен ешкім айналысып жатқан жоқ, – деді Смышляева.

Жауапкершілік қайда?

Депутаттар орынды “мемлекеттік компанияда қайдан “бос ақша” пайда болды?” деген орынды сұрақ қояды. Өйткені бұл – мақсатты қаражат. Ол тек экология үшін жиналған.

– Бос ақша деген не? Барлығы мақсатты қаржы ғой, – деді депутат Айтуар Қошмамбетов.

Оның айтуынша, келесі жылдың басында квазимемлекеттік құрылымдарға тексеріс жүргізілуі тиіс. Себебі олардың саны көбейіп барады, ал тиімділігі күмәнді.

Нәтижесінде, халық утилизациялық алымды төлеуді жалғастырып отыр, ал оператордың шоттарында жүздеген миллиард теңге жиналып, олар телекомға салынып жатыр. Бірақ қоқыс өңдеу саласына жетпей қалуда. Ел қоқысқа батып барады, ал жаңа квазимемлекеттік құрылым экологияны емес, басқа салаларды қаржыландыруды жөн көреді.

«Жасыл Даму» – атышулы «Оператор РОП»-тың мұрагері. 2023 жылы оның бұрынғы басшысы Шнар Мұқтарова ұйымның 920 млн теңгесін иемденгені үшін шартты түрде 7 жылға сотталды. Ал «Оператор РОП» кезінде Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі болған. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін бұл бизнес мемлекетке өтіп, утилизациялық алымды басқару міндеті «Жасыл Дамуға» берілді.

Серіктес жаңалықтары