22 жастағы Алика Мұхамадиева аңдамай жазған жазбасы үшін екі ай қамауда болды. Ол жоқта бизнесі де күйреді. Кезінде ол кім еді, табысты кәсіпкер, талайдың көзіне түскен модель болатын. Енді? Енді оған қатысты ұлтаралық араздық тудырды деген айып тағылып отыр. Қазір бұл іс сотқа жеткен.
АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫС
Алика Мұхамадиеваға қатысты резонансты іс Қазыбек би аудандық сотында қарала бастады. Сағат 10:00-ге дейін зал журналистерге лық толды. Айыпталушыны сот залына конвой алып кірді. Мұхамадиева спорттық киімде, опа-далапсыз, жүдеулеу көрінді. Ол залдағы жұртқа қарамай, көзін төмен салып отырды. Оған тағылған айып оқыла бастаған сәттен-ақ көз жасына ерік берді, мезгіл-мезгіл көз жасын сүртіп отырды. Прокурор айыптау мәтінін оқыған сайын оның иығы селкілдеп, өзін ұстай алмады.
Прокурор айыптау сөзінде былай деді:
– Айыпталушы әлеуметтік желіде Threads платформасын пайдаланып, тұтас этникалық топтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын жазба жариялаған. Оның іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық құрам бар.
Мұхамадиеваның адвокаты Тимур Солодуха жазаны жеңілдететін жағдайларды ескеріп, бостандығынан айырмайтын жазамен шектелуін сұрады.
– Айыпталушының асырауында кішкентай баласы бар және ол кінәсін толық мойындап отыр, бұл – жеңілдететін жағдай, – деді адвокат.
Ол сондай-ақ баптың санкциясы бостандығын шектеуді немесе 12 млн теңге айыппұл төлеуді көздейтінін атап өтті. Өз кезегінде Мұхамадиева әрең сөйлеп, жылап тұрып өкінетінін және тағы да кешірім сұрайтынын айтты.
– Мен халық, қоғам, достарым мен туыстарым алдында ұяттымын, – деді ол.
– Мен ешкімді ренжіткім келген жоқ. Ол сәтте мен тек өз пікірімді білдіріп отырмын деп ойладым. Бірақ сөзім осыншалық ауыр тиетінін білмедім. Барлық ұлттан кешірім сұраймын. Адамдарға ауыр тиді және бұл өте ұят жағдай.
Ол сондай-ақ тергеу изоляторында намаз оқитын қызбен танысып, соның арқасында Құранмен жақынырақ танысқанын айтты.
– Енді маған сол қыздың және ислам дінін ұстанатын барша адамның алдында ұят, – деді ол.
Судья Арғын Құтышев тараптарды тыңдап, істің материалдарын зерттеу кезеңіне көшетінін мәлімдеді. Келесі отырыс 17 қазанға белгіленді. Мұхамадиеваны конвой сот залынан алып кетті.
АЛИКА МҰХАМАДИЕВА КІМ?
Сот шешім шығармай тұрып, бұл даудың қалай басталғанын еске түсірейік. Алика Мұхамадиева жай ғана 22 жастағы қарағандылық қыз емес. Ол Қытайдан тауар жеткізумен айналысқан AUG cargo компаниясының (атауы оның қыз күнгі тегі – Аугустовадан алынған) және киім бутигінің иесі болған. Табысты кәсіпкер, бұрынғы модель, тұрмысы жақсы әйел ретінде оның өмірі сырт көзге табысты адамның үлгісі болып көрінетін. Бірақ таныстарының айтуынша, сырты жылтырақ өмірдің артында ауыр мінез тұрған.
– Ол әрқашан тәкаппар, өзін өзгелерден жоғары санайтын, – дейді оны білетіндер.
– Адамдарға астамси қарайтын, сол мінезі түбінде өзіне кесірін тигізді. Көпшіліктің пікірінше, дәл сол тәкаппарлық әлеуметтік желідегі сол бір ауыр жазбаға әкелді. Threads платформасында ол қазақтарды қорлайтын сөздер жазып, кейін оны «әзіл» деп атағанымен, жазба желіде лезде тарады.
ҚОҒАМ КЕШІРМЕДІ, СОТ ШЕ?
Қоғамдық ашу-ыза толқыны әп-сәтте өршіді. Оның бұрынғы клиенттері, соның ішінде қазақтар да, оның бизнесін қолдағандарына өкініш білдірді. Әлеуметтік желілерде бұрынғы маникюр шебері мен өзге де адамдар оның жайсыз қылықтары туралы жазды.
Алика жазбасын өшіріп, видеоүндеу жариялады.
– Кінә менде және мен оны түсіндім. Бұл баршаға сабақ болса екен, – деді ол. Бірақ тым кеш еді: қоғам оны кешірмеді.
Полиция оның жазбасында «ұлтаралық араздық белгілері бар» деп танып, ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша іс қозғады. Кейін тергеу Аликаның елден кетуге дайындалып жатқанын анықтаған соң, сот оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.
Салдарынан AUG cargo және бутик секілді оның бизнес-империясы әп-сәтте құлады: атаулары алынып тасталды, есепшоттары жабылды.