×
538.53
623.94
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
538.53
623.94
6.59

Зейнеткерлердің үміті үзіліп барады: билік “индексация” деп жұбатып отыр

Бүгін, 11:10
Зейнеткерлердің үміті үзіліп барады: билік “индексация” деп жұбатып отыр
Коллаж: Ұлысмедиа

Қыркүйек 2025 жылғы деректер бойынша инфляция 13%-ға жақындағаннан кейін, басты сұрақтардың бірі - қазақстандықтардың зейнетақысы мен жәрдемақысы қалай өседі? Заң бойынша олардың мөлшері бюджетте инфляция деңгейін ескере отырып белгіленеді. Жаздың ортасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10,5% өсім болатынын хабарлаған еді. Бұл қазіргі инфляциядан айтарлықтай төмен. Ulysmedia.kz зейнетақы мен жәрдемақыны қосымша индекстеу жоспарланып отыр ма деген сұраққа жауап іздеді.

10% – және бір тиын артық емес!

2025 жылдың басында қазақстандық зейнеткерлер базалық зейнетақыға 6,5%, ал ынтымақты зейнетақыға 8,5% үстеме алған болатын. Жалпы өсім шамамен 9,4% болған. Бұл жолы министрлік есепті жеңілдетіп, 2026 жылдан бастап зейнетақылар 10,5%-ға өседі деп хабарлаған.

Алайда осы уақыт ішінде елдегі баға айтарлықтай шарықтап, коммуналдық қызмет тарифтері де қымбаттап кеткен. Сол себепті редакция министрліктен нақтылап сұраған еді. Уәде етілген 10,5%-дық өсім тіпті азайтылған – енді зейнетақылар 10%-ға ғана артадытыны белгілі болды. 

- 2026 жылға арналған инфляция деңгейі 9–11% аралығында жоспарланып отыр. Осыған сәйкес 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері 10%-ға артады, ал базалық зейнетақы мен жәрдемақылар ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне қарай өседі, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай.

Министрлік зейнеткерлердің көңілін мүлде қалдырмас үшін бір ескерту жасады, жыл ортасында зейнетақылар тағы да көтерілуі мүмкін.

- Бұған дейін кей жылдары зейнетақы екі рет индекстелген. Мұндай тәжірибе әлеуметтік-экономикалық факторлар мен мемлекеттік міндеттемелерге байланысты болды:
    1.    Инфляциядан қорғау және сатып алу қабілетін сақтау. Егер нақты инфляция жоспарланғаннан асып кетсе;
    2.    Президенттің әлеуметтік бастамалары мен тапсырмаларын орындау», – деді Шегай.

Алайда 2025 жылы бағаның шарықтап кеткеніне қарамастан, билік зейнеткерлерді инфляциядан қорғауға асығар емес. Демек, зейнетақыны қайта қарау тек президенттің тікелей тапсырмасымен жүзеге асуы мүмкін. Соңғы айларда ол үкіметтің бірқатар қатаң шараларын тоқтатқанын ескерсек, бұл жолы да араласуы ғажап емес.

Кедейлер одан әрі кедейленеді

Экономист, Ulagat Consulting Group директоры Марат Қайырленовтың пікірінше, 2026 жыл қазақстандықтар үшін 2025-тен де ауыр болуы ықтимал.

- Үкімет бастаған салық реформасы бағаның өсуіне тікелей әсер етеді. Себебі оның өзегі – ҚҚС мөлшерлемесін арттыру. Бұл салықты «тұтынушы салығы» деп бекер айтпайды. Экспорттаушыларға мемлекет ҚҚС-ты өтейді, ал ішкі нарықта жұмыс істейтіндерге басқа амал жоқ – бағасын көтеруге мәжбүр болады, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар, базалық мөлшерлеменің 18%-ға дейін көтерілуі банктерді несие шарттарын қайта қарауға итермелеуде. Экономистің айтуынша, мұндай жағдайда үкіметтің зейнетақыны бар болғаны 10%-ға көтеру туралы шешімі халықтың нақты табысының төмендеуіне және кедейліктің күшеюіне әкелуі мүмкін.

- Экономика – күрделі ағза. Тұтыну, оның ішінде несие мен бөліп төлеу арқылы жүргізілетін сауда, сондай-ақ тұрақты табысы бар зейнеткерлердің шығыстары шағын және орта бизнестің тірегі болып отыр. Енді жалпы сұраныстың төмендеуі жұмыс орындарының қысқаруына алып келеді, бұл өз кезегінде экономикалық белсенділікті одан әрі төмендетеді, – дейді Қайырленов.

«Әлеуметтік келісім» бұзылды

Экономисттің айтуынша, жыл сайын зейнетақыны инфляция деңгейіне сай индекстеу – мемлекет пен қоғам арасындағы әлеуметтік келісімнің бір бөлігі.

- Бізге жыл сайын “бюджетіміз әлеуметтік бағытталған” деп айтылады. Расымен, мемлекеттік шығындардың 60%-ы әлеуметтік салаға бағытталады дейді. Бірақ бұл тек мемлекеттік органдардың бюджеті. Ал шын мәнінде квазимемлекеттік сектор активтері ЖІӨ-нің жартысына тең, Ұлттық қор тағы 22%-ын құрайды. Осыны ескерсек, консолидтелген бюджет бойынша әлеуметтік шығындар үлесі екі есе азаяды, – дейді ол.

Қайырленовтың айтуынша, ЭЫДҰ елдерінде әлеуметтік шығындар ЖІӨ-нің шамамен 20%-ын құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш небәрі 10%-ға жуық.

- Әлеуметтік саланы тек зейнетақы мен жәрдемақы деп түсінбеу керек. Бұл денсаулық сақтау, білім беру саласы. Соңғысына ерекше назар аудару қажет. Әлі күнге дейін халықтың сапалы білімге қол жеткізу мәселесі толық шешілген жоқ. Ал дәл осы білім беру деңгейі азаматтардың әл-ауқатын арттырудың басты факторы, – дейді сарапшы.

«Экономикалық өсім» кімге тиімді?

Қайырленовтің пікірінше, Қазақстанда әлеуметтік шиеленіс күшейіп келеді.

- Барлық факторлар мемлекет өз қолымен қоғамды тұйық шеңберге итеріп отырғанын көрсетеді. Бізге 7%-дық экономикалық өсім жайлы айтылады, бірақ оның негізі неде? Бар болғаны екі фактор бар – Теңіздегі мұнай өндіру көлемінің артуы және Қытайдан Ресейге өтетін транзиттік жүктің көбеюі. Бірақ бұл салаларда қазақстандықтардың аз бөлігі ғана жұмыс істейді. Қалған халық үшін мұндай “өсім” тек инфляция мен табыстың төмендеуіне айналып отыр, – деп түйіндеді экономист.

Айта кетейік, Давос экономикалық форумының сарапшылары 2025 жылдың басында-ақ Қазақстанды әлеуметтік қақтығыстар қаупі туралы ескерткен болатын. Ал вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл пікірмен келіспей, елде шиеленіс емес, «диалог» бар деп мәлімдеген.

Серіктес жаңалықтары