Қазақстанның бұрынғы бас көлік прокуроры, ондаған миллион долларлық жемқорлық схемасын құрды деп айыпталған Мақсат Дүйсенов қазір Германиядан Қазақстанға экстрадицияны күтіп отыр. Неміс соты оның саяси баспана сұрау туралы өтінішін қарап, Дүйсеновтің қырық өтірігіне сенбей, оны саяси қуғындалғаннан гөрі жемқорлықпен қашып жүрген қылмыскер ретінде көріп отыр. Оның Отанынан қашуы күш құрылымдары арасындағы тартысты көрсетеді. Одан бөлек, «Қорғас ісі» әлі де толық ашылмағанының дәлелі. Сонымен бірге өзіңнен зорлар шықса, екі көзің сонда шығады деген тәмсілдің іс жүзіндегі көрінісі іспетті. Қалай болғанда да бұл көп сериялы драмаға ұласты. Ulysmedia.kz тілшісі осы ұзаққа созылған істің бүге-шігесін зерттеп көрді.
ГЕНЕРАЛ ДҮЙСЕНОВТІҢ ӨСУІ МЕН ҚҰЛДЫРАУЫ
Мақсат Дүйсенов – Қазақстанның күштік элитасында ондаған жыл бойы ықпалын жоғалтпаған тұлғалардың бірі. Ол өз мансабын 1996 жылы әскери прокуратураның тергеушісінен бастап, 2018-2019 жылдары елдің Бас көлік прокуроры қызметіне дейін көтерілді. Қызмет жолында ол ҰҚК-де, қаржы полициясында, Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығында еңбек етті. Осы уақытта «Айбын» және «Құрмет» ордендерін алып, атышулы генерал Қайрат Қожамжаров командасындағы сенімді адам ретінде бедел жинады.
Алайда өзі мүшесі болған жүйе шайқала бастағанда, оның командасының мүшелерін бірінен соң бірін ұстағанда, Дүйсенов өз кезегін күтіп, қол қусырып отыруды құп көрмеді, бірден шетелге тайып тұрды. Германияның көші-қон және босқындар жөніндегі федерал агенттігінің (BAMF) дерегінше, саяси баспана сұраудың алдында ол отбасымен Таиланд, Түркия, Бразилия, Аргентина, Перу, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Дубай және Катарға барған. Соңында Германияға келген жерде ұсталды.
Ең қызығы – ол мұнда да өзін саяси қудаланушы ретінде көрсетіп, «режимнің құрбаны» екенін қайталаумен болды. Бірақ оның айтқандары шындыққа еш жанаспайтын. Неміс соты оны қамауға алды, себебі қашу қаупі жоғары деп тапты, ал миграциялық орган оның шынайылығына күмән келтірді.
НЮРНБЕРГ СЕНІМГЕ ЕМЕС, ДӘЛЕЛГЕ СҮЙЕНЕДІ
Германияның үш негізгі органы Нюрнберг-Фюрт жоғары жер соты, Нюрнберг прокуратурасы және BAMF Дүйсеновті экстрадициялауға кедергі жоқ деген тұжырымға келді. Барлық рәсімдер орындалған, ал «қос қылмыс» қағидаты (екі елде де қылмыс болып саналуы) расталған.
Алайда Дүйсеновтің позициясына ең ауыр соққыны BAMF жасады. Агенттік оның өтінішін қанағаттандырмай қана қоймай, оның әңгімесіне ашық күмән келтірді. Transparency International Germany ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сарапшысы Әсел Темірова істі жан-жақты зерттеп, былай түсіндіреді:
– BAMF мұндай жағдайларды классикалық жалған белгі ретінде қарайды. Шынымен саяси қуғын көрген адам әлемнің туристік бағыттарын аралап жүрмейді. 7-10 елге сапар жасау – өзін қауіпсіз сезінетін, ақшасы бар, еркін жүретін адамның әрекеті, «қуғындалған» адам мұның бірін де жасамайды, – дейді ол.
Сарапшы Дүйсеновтің ешқашан саяси оппозиционер болмағанын айтады. Оған тағылған айыптар – пара алу, бопсалау және ақшаны заңдастыру – түгелімен қылмыстық сипатта.
– Жемқорлар халықаралық қорғауды жазадан қашу үшін пайдаланып, «босқынға» айналмауы тиіс, – деп қорытындылады Темірова.
«ТИТАНДАР» ТЕКЕТІРЕСІ
Дүйсенов неден сүрінді? Оның құлдырау тарихын толық түсіну үшін 15 жыл бұрынғы оқиғаларға көз салу қажет. 2000-жылдардың соңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Керуеншілер» деген атаумен ауқымды арнайы операция бастайды. Мақсат – кедендегі жүйелі парақорлық пен заңсыздықты әшкерелеу. Бұл іске қатардағы қызметкерлер емес, тіпті қаржы полициясының жоғары шенділерінің қатысы бар еді.
Сол кездегі ақпараттарға қарағанда, қаржы полициясының өкілдері кәсіпкерлерді қорқытып, қолдан істі көбейтіп, шекарадан өткен әр жүк көлігінен ақша жинаған. «Қорғастан» Алматыға дейін кедергісіз өту үшін бизнес иелері оларға тұрақты түрде ақша беріп отырған. Бірнеше айда «ортақ қор» 15-17 миллион долларға дейін толғаны туралы ақпарат болған.
ҰҚК істі аяқтауға жақындаған. Тергеп-тексеру барысы туралы комитет қызметкерлері Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоганн Меркельге баяндап тұрған. 2011 жылдың көктемінде жаппай ұстау операциясы дайын тұрған еді. Бірақ нысанаға контрабандистер емес, жемқорлыққа белшесінен батқан қаржы полициясы ілінуі тиіс еді.
Күтпеген жерден жағдай күрт өзгерді. Қаржы полициясының басшылығы оқиғаның бағытын өз пайдасына бұрып жіберді. Олар оқиғаны өзгеше түсіндіріп, Бас прокуратура мен Президент әкімшілігіне арнайы мәлімет жолдаған. Жоғарыдан ҰҚК-ге бұл іске араласпау туралы қатаң тапсырма түскен. Осылайша «Керуеншілер» операциясы іске аспай қалған.
Неге бұлай болды? Жауап айқын: ол кезде Қайрат Қожамжаров басқарып тұрған қаржы полициясы тым ықпалды еді. ҰҚК-нің жоғары шенділерінің ұстауы – ведомствоның ішкі жемқорлығының көлемін ашып тастаумен тең болар еді. Бұл – күш құрылымдары арасындағы текетірес, бұл текетіресте қаржы полициясы басым түсті.
Сол кездегі ең ірі әшкерелеуге айналар еді деген «Керуеншілер» ісі әдейі жабылды.
«ҚОРҒАС ІСІ» ҚАЛАЙ ҚҰРЫЛДЫ
«Керуеншілер» ісін жапқаннан кейін де қаржы полициясы тоқтамады. Оларға тек жауапкершіліктен қашу емес, керісінше қарымта соққы жасап, бастаманы өз қолына алып, өзін жалғыз «жемқорлықпен күресуші» етіп көрсету қажет болды. Осылайша 2011 жылы елді дүр сілкіндірген «Қорғас ісі» пайда болды. Ресми түрде бұл іс контрабанда мен шекарадағы заңсыз алым-салымдар туралы еді. Қаржы полициясы дабыл қағып, ҰҚК -ның жоғары лауазымды офицерлері – Талғат Жақаев, Ирлан Абдрахманов, Бақытбек Құрманәлиевті, сондай-ақ басты контрабандистер саналатын Талғат Қайырбаев пен Бақыт Отарбаевты ұстап әкетті. Қоғамға «жасырын агент Саныч бәрін әшкереледі» деген әдемі ертегі ұсынылды. Бірақ бұл даулы тұтқындаулардың ар жағында мүлде басқа шындық жатты. БАҚ-та және адвокаттар қолдаған нұсқаға сәйкес, «Қорғас ісі» қолдан құрастырылған. Оның мақсаты кінәлілерді жазалау емес, ҰҚК -дағы бәсекелестерді шетке ысырып, ескі схеманы қаржы полициясының жаңа «қамқоршыларына» беру болды. Дәл осы істің жарыққа шықпаған көлеңкелі бөлімінде Мақсат Дүйсеновтің аты тұр. Оның үлесіне ең ірі жемқорлық эпизодтарының бірі тиеді:
Эпизод 1 (2009 қыркүйек – 2011 жылғы сәуір): Талғат Махатов арқылы (ол кейін ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін 24 жылға сотталған) Дүйсеновке апта сайын қолма-қол 250-300 мың доллар жеткізіліп отырған. Екі жылға жуық кезеңдегі жалпы сома – 22 млн доллардан асады.
Эпизод 2 (2011 жылдың көктемі): «Караванфюрер» жедел іс-шарасы барысында Дүйсенов пен Махатовтың кеденнен 202 400 доллар алғаны құжатталды.
Осы іске қатысқан адвокат Гүлхан Оқапова қаржы полициясының бұл «жеңісіне» күмәнмен қараған еді:
– «Қорғас ісі» – бұл жақсы жолға қойылған, аса табысты бизнесті қарапайым рейдерлік жолмен басып алу ғана. Әсер ету аймағын бөлісуде бір клан екіншісін жеңді.
КОЖАМЖАРОВТЫҢ ӨСИЕТІ
Босқындықта жүріп түсірген видеоүндеуінде Дүйсенов өзін жүйенің белсенді мүшесі емес, «құрбан» ретінде көрсеткісі келді.
– Кеден, ҰҚК , прокуратура мен ІІМ қызметкерлерінің жемқорлығы салдарынан бюджетке миллиардтаған теңге түсім түспей қалды. «Шаман» лақап атымен танылған Абдрахманов барлық кеденшіні үрейде ұстайтын. Шекара қызметінде одан қатты қорқатын. ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаев – атышулы тұлға, шекараны да, көлеңкелі бизнесті де өз меншігіндей көрді, әрі Назарбаевтың үлкен сеніміне ие болды. Оның кезеңін ҰҚК қызметкерлері «алтын уақыт» деп еске алады. Олар барлық салаға араласып, көлеңкелі бизнесті «қамқорлыққа» алып, қымбат көліктермен жүрді, ІІМ, прокуратура, кеден қызметкерлерін қорқытып ұстады. Қаржы полициясының кейбір департаменттері қылмыстық іс қозғалтпау үшін ай сайын ҰҚК -ға «есеп беріп» отыратын, – деп бұрынғы әріптестерін әшкереледі экс-прокурор.
Алайда оның ашық айтқандарының басым бөлігі ҰҚК -ның нақты екі қызметкеріне – Талғат Жақаев пен Ирлан Абдрахмановқа бағытталды. Дүйсеновтің айтуынша, олар Талғат Қайырбаев пен Бақыт Отарбаев бастаған «қылмыстық топтың» контрабандалық бизнесін тартып алған. Бірақ оның сөзіндегі ең маңызды тұс – өз мансабындағы басты «қолдаушыны» байқаусызда атап кетуі еді. Ол – Қайрат Қожамжаров.
– 2009 жылдың мамыры… Сол кезде төраға Қайрат Пернешұлы Қожамжаров: «Алматыда Қытайдан келетін контрабандаға қатысты үлкен схема бар... Егер оған аралассаң, бұл – сенің қызметіңнің түбіне жетеді», – деп ескертті деді Дүйсенов.
Бұл сөз – адал басшының ескертуі емес, жүйенің өз авторының нұсқауы еді. Мағынасы: «Бұл схема әлдеқашан бөлініп қойған, бөтен аумаққа бас сұқпа, біздің бағытпен жүр». Дүйсенов осы кеңесті тыңдағанға ұқсайды. Себебі контрабандамен күресудің орнына, оның бенефициарларының біріне айналды. Кезінде ықпалды болған Қожамжаров командасының өзі қазір толық дерлік қылмыстық істерде фигурант. Ал генералдың өзі жайлы қауесетке қарағанда, Ресейде жасырынып жүр.
КІНӘСІЗ КҮДІКТІ МЕ?
Неміс билігі мен қазақстандық тергеушілер айыптау жүйесін құрып жатқанда, Мақсат Дүйсенов өз қарсы шабуылын бастады. Ол жария видеоүндеуінде тек кінәсін жоққа шығарып қана қоймай, істің түгел қолдан жасалғанын мәлімдеп, өзіне тағылған айыптардың қисынсыз екенін ашық айтады.
– Егер сол уақытқа дейін бас тартылған материалдардың сақтау мерзімі өтіп, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің басқармасы айтқандай жойылып кетсе, онда осы қылмыстық іс аясында мені және туған бауырымды қамауға алуға сот қандай негізбен санкция берді? Нендей себеппен менің туған інім қазір үшінші ай қамауда отыр? Бұл – жүргізілген тергеу амалдарының заңдылығына қатысты үлкен сұрақ, – дейді Дүйсенов процестің өзінен-ақ заңдық күмән тудыратынын меңзеп.
Оның негізгі сыны «Қорғас ісі» бойынша сотталған ҰҚТ жетекшілері Талғат Қайырбаев пен Бақыт Отарбаевқа бағытталған. Ол оларды ашық түрде сынап, тергеудің бүкіл логикасына сұрақ қоятын қарсы сауал жолдайды:
– Мырзалар, контрабандистер, сіздер нақты бір шешімге келіңіздерші: контрабанда жасадыңыздар ма, жоқ па? Сотта сіздер кінәні мойындамадыңыздар. Ал онда 22 миллион долларды… қаржы полициясына не үшін бердіңіздер? Не үшін? Қандай жағдайда?… Мен сіздерді, не Қайырбаевты, не Отарбаевты жүзбе-жүз көрген емеспін. Сонда қандай «сиқырмен» мен осы істің бастамашысы болып шықтым?
Дүйсенов оқиғаның мүлде басқа нұсқасын ұсынады. Оның айтуынша, ол схемаға қатысқандықтан емес, керісінше, оған қосылудан бас тартқандықтан нысанаға алынған.
– Қайырбаев пен Отарбаевтың артындағы бенефициарлар – ҰҚК қызметкерлері Жақаев пен Абдрахманов – менің осы схемаға кіріп, пара алып, тыныш отыруымды қалады. Егер схеманы өзім әшкерелеуге кіріскен болсам, онда маған неге ол кезде ақша алу керек? Мен «Қорғас ісінің» бастамашысы болсам, неліктен өзіме зиян келетін әрекет істеймін? – дейді ол.
Бұдан бөлек, Дүйсенов ашық мәлімдемесінде Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты да атайды. Ол «Қорғас ісінің» басты фигуранттарын жауапкершіліктен құтқаруға ықпал етті деп айыптайды.
– Бозымбаев – «Қорғас ісі» бойынша негізгі тұлға Талғат Жақаевтың жақын, отбасылық досы. Олар бір институтта, Нархозда бірге оқыған, – дейді Дүйсенов.
Оның айтуынша, Жақаев мансабы өскен тұста досына көмектесіп отырған, ал «кейін мәселелер туындағанда» Бозымбаев оған және оның қоластындағыларға «амал тауып», сытылып шығуға жағдай жасаған.
ҚАЗІРГІ ШЕНЕУНІКТЕРГЕ САБАҚ
Қазір Дүйсенов – күрделі дипломатиялық тартыстағы айырбас құралы. Германия оны беруге әзір, бірақ Қазақстаннан барлық рәсімдердің сақталатынына кепілдік күтуде. Бұл экстрадиция әрі Еуроодақ, әрі Қазақстан үшін маңызды прецедент болмақ.
Бірінші сабақ: шексіз билікке ие «қол жетпес» кландардың дәуірі аяқталып барады. Олар құрған жүйе өз авторларын жұта бастады.
Екінші сабақ: ведомстволық соғыс – өте қатерлі ойын. Қаржы полициясының ҰҚК-ны жеңуі сияқты «жеңістер» уақытша ғана, әрі ақырында барлық тарапты күйретуі мүмкін.
Үшінші сабақ: әлем тарының қауызына сыйып кетеді. Бұрынғыдай ұзын арқан, кең тұсау жоқ. Парамен төленген сәнді сапарлар енді «құтқару билеті» емес, түрменің тура жолына апаратын айғаққа айналды.
– Германия мен Еуроодақ үшін де, Қазақстан үшін де бұл – аса мұқият шешімді қажет ететін жағдай. Босқын мәртебесін бермей, экстрадициялау – Қазақстанның сот жүйесіне сену деген сөз. Ал саяси баспана беру – жемқор шенеуніктерге «жаза жоқ» деген белгі болуы мүмкін, – деп түйіндейді Әсел Темірова.
Өзіне ештеңе болмайтындай сезінетін шенеуніктер бұл істі болашақты болжаған детектив секілді қайта оқып шыққаны жөн. Өйткені жоғары биліктегі таныс-тамыр, ақша мен билік ешкімге қорған бола алмайды. Құс қанатымен заңғар биікке ұшқанымен, құйрығымен жерге қонады. Құсты ұшыратын да, оны қондыратын да бір құдірет бар. Қазақ мың асқанға бір тосқан деп бекер айтпайды. Бүгінгі шенеуніктер Мақсат Дүйсенов ісінен сабақ алуы тиіс.