×
519.41
600.85
6.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
519.41
600.85
6.41

Белсенділер: ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жасөспірімдер суицидін арттырады

Бүгін, 15:21
Белсенділер: ЛГБТ насихатына тыйым салатын заң жасөспірімдер суицидін арттырады
Ulysmedia.kz коллажы

Сенат балаларды гомосексуалды ориентация насихатынан қорғайтын заң жобасын талқылап жатыр. Бірақ белсенділер, заңгерлер және құқық қорғаушылар бұл бастама адамды қорғағаннан бұрын жасөспірімдер суицидінің артуына алып келеді деп отыр. Өйткені бір жылда 139 бала өзіне қол салған елде кемсітуге тағы бір «заңды» себеп қосылуда, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Заң жобасы қалай өтті

Құжат сенатқа жолданып қойған, ал талқылау алдағы аптада, тіпті жақын күндері өтуі мүмкін. Жиындардың барлығы жабық форматта өтеді, арнайы шақыру болмаса, қоғам белсенділері қатыса алмайды. «Мұрағат ісі және заңсыз контент таратуға шектеу қою туралы» заң жобасын мәжіліс 12 қарашада қабылдаған. Алайда тыйым салу нормалары бар соңғы нұсқа интернетке тек 16 қарашада, бұрынғы жарияланымды сәл-пәл өзгертіп, әдемілеп, әрлеп қана шығарылған. Бұған дейін ашық дереккөздерде әй бастағы нұсқасы тұрған.

Тоғыз заң, бір мақсат

Түзетулер бірден тоғыз заңға әсер етеді. ЛГБТ-ны насихаттау барлық жастағылар үшін заңсыз контентке теңестірілген. Депутаттар бастапқыда мұндай болмайды деп сендіргенімен, соңғы нұсқа дәл осыны көздейді.

Мысалы, уәкілетті орган фильмді ЛГБТ-ны насихаттайды деп тапса, оған прокатқа шығу рұқсатын бермеуге құқылы. Мемлекеттік органдар мұндай контентті сот шешімінсіз бұғаттай алады. Яғни, бір шенеунік туындыны «насихат» деп шешсе – контент жабылады. Соттың да, сараптаманың да қажеті жоқ.

БАҚ-қа ЛГБТ-ны насихаттайтын материал жариялауға тыйым салынады. Бас редакторлар мен медианың иелері де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. ЛГБТ-ға қатысты «насихат элементі бар» деп танылған ақпарат тіпті басылымның жұмысын тоқтатуға негіз бола алады. Ал «насихат» ұғымының нақты қандай мазмұнды қамтитыны әлі түсініксіз.

Мәселен, тарихтағы кейбір танымал тұлғалардың бір жынысты қатынасына қатысты пікірлері бар екені белгілі. Олардың өмірі туралы фильм түсіру насихат па? Ал ЛГБТ қауымдастығының мәселелері туралы жаңалық ше? Мұны ақ дейтін де, қара дейтін де уәкілетті орган болмақ.

«Жасөспірімдер суициді көбейеді»

Ең маңыздысы, мұның салдары балаларға қалай әсер етеді?

«Фемнита» ұйымының тең құрылтайшысы, азаматтық белсенді әрі заңгер Жанар Секербаева бұл заңның салдары өте ауыр болатынын ашық айтады. Оның сөзінше, түзетулер қабылданса, жасөспірімдер арасындағы суицид күрт өседі.

- Неге? Өйткені өзін тану кезеңіндегі жасөспірімдерге қолдау көрсететін орта қажет. Бізде қазірдің өзінде буллинг өршіп тұр. Балалардың бір-бірін ұрып-соғуы, тіпті өлтіруіне дейін баратын жағдайларды көріп отырмыз. Енді кез келген өзгешелікке заңмен тыйым салынса, кез келген ерекшелік қудаланып отырса, оны балалар ауыр қабылдайды, - дейді ол.

Секербаева суицид саны бірнеше есе артуы мүмкін екенін айтады. Сандық деректер де жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. Блогер Нұркен Халықбергеннің дерегінше, бір жылда 139 бала өзіне қол салған. Әр бесінші жағдай мектептегі кемсітуге байланысты.

- Баланы жүйелі түрде кемсітіп, ал ересектер мектеп беделіне зиян келеді деп жасырса, бұл мәселені шешпейді, - деп жазды ол Facebook парақшасында.

Енді елестетіңіз: мемлекет заң жүзінде «өзгелерді» қудалауды қалыпты құбылысқа айналдырады. Өз ерекшелігін сезінетін жасөспірімге «сен дұрыс емессің, сенің тіршілігің – насихат» деп айтылады.

- Мен дабыл қағып, мұндай түзетулерді тоқтатар едім. Бұған тек ЛГБТ белсенділері емес, бүкіл Қазақстан халқы үн қосуы керек. Біз сыртынан арыз түсіргендерді  марапаттайтын фашистік жүйеге айналмауымыз керек. Ресейде не болып жатқанын көріп отырсыздар. Ең жаман дүниені неге қайталауымыз керек? – дейді Жанар Секербаева.

Педофилия мен адам құқығы қатар тұра ма?

Заңгер әрі баспасөз еркіндігі жөніндегі сарапшы Гүлмира Біржанова заң жобасының абсурд тұстарын атап өтеді. Онда «гомосексуалды ориентация насихаты» мен педофилия бір контекстте қатар тұр.

- Бұл екі ұғымды «және» деген жалғаулықпен байланыстыруға болмайды. Біріншісі, адам құқығы, ал педофилия – қылмыс, - дейді ол.

Оның айтуынша, заң жобасындағы «насихат» ұғымы былай анықталған: гомосексуалды ориентация туралы ақпаратты немесе оған оң көзқарасты көпшілікке тарату. Яғни, ЛГБТ туралы кез келген жағымды пікір – насихат. Дискриминация туралы статистика? Өзін қабылдау тарихы? Екі әйелдің махаббаты жайлы фильм? Бәрі тыйымға ілігуі мүмкін.

«Біз Ресей емеспіз»

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов өткен аптада журналистерге бұл заң тек балаларды қорғауға бағытталғанын, ЛГБТ құқықтарына шектеу салмайтынын айтты. Оның түсіндіруінше, егер адам өзін ЛГБТ ретінде таныстырса немесе статистика жарияласа, бұл насихатқа жатпайды.

- Насихат дегеніміз – белгілі бір әрекетке қоғамның оң бағасын қалыптастыруға бағытталған шақыру. Ал адам жай ғана өзінің кім екенін айтса немесе статистика жарияласа, ол бұл заңға қайшы емес, - деді ол мәжіліс кулуарында.

Шенеунік ЛГБТ тақырыбындағы контентке «18+» белгісі қойылатынын, ал тыйым тек «ЛГБТ гетеросексуалдықтан артық» деп дәріптейтін мазмұнға қатысты болатынын айтты. Е.Кочетов та,  одан бөлек кейбір депутаттар да қазақстандық заң жобасы Ресей заңдарына ұқсамайды деп сендіреді.

Бірақ тәжірибе көрсеткендей, «насихат туралы заңдар» шенеуніктер уәде еткен бағытта емес, мүлдем басқаша жұмыс істейді. Қазақстан қазірдің өзінде балалар суицидінің ауыр толқынын бастан өткеруде. Билік мейірім мен эмпатия туралы бағдарламалар енгізіп жатыр. Ал сол уақытта, дәл сол билік қоғамдағы кемсітушілікті заңды нормаға айналдыратын түзетулерді қабылдамақ.

Серіктес жаңалықтары