×
503.17
600.89
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
503.17
600.89
6.63

Уәде орындалу үшін емес, жеңу үшін беріледі: партиялар берген сертке тұра алды ма?

Бүгін, 13:04
Уәде орындалу үшін емес, жеңу үшін беріледі: партиялар берген сертке тұра алды ма?
Ulysmedia.kz коллажы

Бір палаталы парламент болады деген хабар шыққалы ел құлағы елеңдеулі. Тіпті күн санап жүргендер көп. Соңғы онжылдықтағы елге жаққан саяси реформаға дайындық қызу. Заң шығарушы органға төбеден түскендей топ ете қалатын (Билік үшін. – Ред.) «көшенің үні» мен бірмандаттық округтен сайланған депутаттар дәуірі ресми түрде аяқталады. Жақын арада олардан орынды босату сұралады. Алдағы Парламент тек партиялар арқылы сайланған депутаттардан құралмақ. Жаңа партиялар жоқ, ал ескілері бізге әбден таныс. Біз 2023 жылғы сайлауалды уәделерді еске алып, «бір терезе» режимінде елді басқаруға кімдер ниетті екенін қарап шықтық. Алдын ала айтып қояйық, бұл сізге ұнай қоймайды.

Жұмақ кейінге қалдырылды

Жаңа парламентте өзін суда жүзген балықтай еркін сезінетін біреу болса, ол –  AMANAT партиясы. Олардың «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын ашайық. Үш жыл бұрын, 2027 жылға қарай жұмақ орнатамыз деп уәде берген еді. Қазір 2026 жылдың қаңтары, уәделі сәт тық-тық етіп жақындап келеді.

Партияның басты көзірлерінің бірі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы болды. AMANAT апатты және үш ауысымды мектептерді толық жоямыз деп сендірді. Ұлттық жоба аясында жалпы 1,2 млн оқушы сыятын мектептер пайдалануға беріледі делінді. Жаңа форматтағы мектептер сапаның эталонына айналуы тиіс еді.

Алайда жоба тұралап тұр. Жүздеген мектептің ашылу-ашылмауы белгісіз.  Соңы дау-дамайға ұласқаны қанша?! Ашылуы 2024 жылдың соңына жоспарланған 98 мектептің орнына оқу жылы небәрі 20 мектеппен басталды. Кейінгі көрсеткіштер де көңіл көншітпейді: 2025 жылдың соңына қарай жоспар ішінара ғана орындалды, оның өзінде кешіктіріліп берілді.

Жобаның операторы Samruk-Kazyna Construction құрылыс мерзімінің созылуы мен заңбұзушылықтар салдарынан ондаған компаниямен келісімшартты бұзуға мәжбүр болды. «Жайлы мектептердің» бюджеті бірнеше рет қайта қаралып, қысқартылды. Бұл болашақтағы жайлылық ұғымының өзіне күмән тудырады.

Бұдан бөлек, мұндай мектептерді күтіп-ұстау қарапайым мектептерге қарағанда 1,5-2 есе қымбат. Ал 2025 жылы жаңадан салынған жайлы мектептерді күтіп-ұстауға бюджеттен мүлде қаражат қарастырылмаған. Соған қарамастан, әр жаңа мектептің ашылуында AMANAT өкілдері міндетті түрде болады.

Сайлауалды бағдарламаның тағы бір тармағы – «Берекелі өмір». Бұл жерде 12 пайыздан асқан инфляцияны, супермаркеттердегі бағаның өсуін және халықтың нақты табысының төмендеуін еске алу жеткілікті.

Партия жыл сайын ең төменгі жалақыны өсіруге уәде берген еді. Бірақ бұл уәде де орындалмады. Партиялық міндеттемелерсіз де ең төменгі жалақы жыл сайын өсіп келген, тек осы жолы өскен жоқ. 2026 жылы үкімет оны бұрынғы деңгейде, яғни 85 мың теңге мөлшерінде қалдырды. Айтпақшы, бұл қадам бюджетке бірқатар әлеуметтік төлемдер бойынша үнем жасауға мүмкіндік береді, ал бұл партияның әлеуметтік қорғау туралы ұстанымына кереғар.

Соңғы маңызды уәде – энергетика саласын реттеу. Әр қыс сайын халық ЖЭО иелерімен «жылу магистралі биыл жарыла ма, жарылмай ма» деп  рулетка ойнайды. Партия оспадар олигархтардың ойынын осылдырамыз деген. Жүйелі жаңғырту басталды дейміз-ау, бірақ ол тағы да халық есебінен жасалып жатыр. Яғни тарифтердің өсуі арқылы жүзеге асырылды. Соған қарамастан, биылғы қыста да бірнеше қалада апат тіркелді.

Кабинеттік қиял

Өзін «прагматиктер партиясы» деп атайтын «Ақ жол» 2023 жылы ел экономикасын қос қолдап қылқындыратын ұсыныстар айтты.

Сайлауалды бағдарламаның басты «хиті» Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін 4-5 пайызға дейін төмендету талабы болды. Бірақ сандарға қарасақ: 2025 жылғы инфляция 12 пайыздан асты. Мұндай жағдайда мөлшерлемені 4 пайызға түсіру ұлттық валютаны қағаз қиындыларына айналдырып, долларды стратосфераға ұшырумен тең. Экономика факультетінің бірінші курс студенті де мұны айтып бере алады.

Бизнес партиясы экономиканы гиперинфляция арқылы бір сәтте құртып жіберетін «ем-шара» ұсынды. Мұны олар түсінбеуі мүмкін емес еді, себебі үш жыл бұрын-ақ инфляция үдей бастаған. Алайда «4 пайыздық базалық мөлшерлеме» деген ұран әдемі естілді. Құлаққа майдай жақты.

Әлеуметтік бөлігінде «прагматиктердің» бағдарламасы шынайылықтан гөрі фантазияға көбірек жақын болды. Олар ипотеканың 50 пайызын мемлекет субсидияласын деді, сонымен қатар бизнеске салықты азайтуды талап етті. Ал кіріс азайып, шығыс көбейетін теңдеудің нақты өмірде шешімі жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты да сол жағдай. Партия депутаттары мінберден жұдырық түйгенімен, апта сайын жаңа ұрлықтар туралы жаңалықтар шығып жатыр. Ал «Ақ жолдан» түбегейлі жүйелік ұсыныстар болған жоқ, тек фактілерді тізіп, үкіметтен «шара қабылдауды» талап етумен шектелді.

Айтпақшы, партия уәде еткен парламенттік тергеулерді біз сол күйі көрмедік. Ұлттық компаниялар бюджетіне бақылау да болған жоқ.

Әділдік үшін айта кету керек, «Ақ жол» өкілдері жаңа Салық кодексін талқылау кезінде үкіметке ең қатты қарсы шыққандардың бірі болды. Алайда ҚҚС бойынша жеңілдіктер президенттің тікелей тапсырмасынан кейін ғана енгізілді. Партия жетекшісі Азат Перуашев соңғы сөзінде кодексті қатты сынға алғанымен, фракция неге екені белгісіз, құжатты қолдап дауыс берді.

Партияның «тарихи жадыға» жасаған ставкасын да айналып өтуге болмайды. Олар Қазақстан атауын «Қазақ Республикасы» деп өзгерту идеясын алға тартты. Бұл бастама электораттың белгілі бір бөлігіне ұнаған болуы мүмкін. Алайда парламентке өткеннен кейін партия бұл тақырыпты аса көтере қойған жоқ.

Сарабдал сараңдықтан, дарақы жомарттық жаман

Қазақстанның саяси аренасында Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) ерекше орын алады, өйткені олар арман сатудың хас шеберлері. Басқа партиялар кем дегенде «бюджет» деген ұғым бардай кейіп танытса, Қазақстан Халық партиясы таза фантастика жанрында жұмыс істейді. Партияның басты көзірі – ең жоғары деңгейдегі әлеуметтік популизм.

Әйелдердің зейнет жасын 58-ге дейін төмендету. Ең төменгі жалақы – 140 мың теңге. Әр балаға 4 200 доллар (сірә, Ұлттық қордан).

Бұл ұсыныстардың әрқайсысы триллиондаған теңгені талап етеді. ҚХП Қазақстанды әлдеқашан БАӘ деңгейіне жеткендей көріп, ақшаны солай жұмсауды ұсынады. Бұл – екі таңбалы инфляция мен бюджет тапшылығы жағдайында айтылып отырған уәделер. Егер партия өз сайлауалды бағдарламасын іске асырса, ел бүгінде дефолтқа тірелуі әбден мүмкін еді.

Тағы бір уәде – барлық көпбалалы отбасыны ауылдық жерлерде тегін баспанамен қамту. Әдемі естіледі, алайда іс жүзінде бұл әлеуметтік жер аударумен тең. Ауыл тұрғындары керісінше қалаға ұмтылып отыр: себебі туған жерде жұмыс жоқ, әлеуметтік инфрақұрылым мен медицина әлсіз. Көпбалалы ананы ауылға жіберу қамқорлықтан гөрі экспериментке көбірек ұқсайды.

Сонымен қатар ҚХП халықтың банктер алдындағы несиесі шамадан тыс екенін «жанашырлықпен» жиі-жиі айтып жүр. Оларға салсақ, мәселені халықтың қарызын кешіру арқылы оп-оңай шешуге болады. Яғни кедейлікті банк жүйесін күйрету арқылы жою қажет.

Партия өзін «нақты идеологиясы бар жалғыз күш» деп таныстырады. Бағдарламаға қарасақ, бұл идеологияның формуласы өте қарапайым: «Байлар жаман, кедейлер жақсы, мемлекет бәріне ақша беруі тиіс».

Миллиондаған кедей бар екенін айта отырып, ҚХП тығырықтан шығар жолды ұсынбайды. Халыққа қармақ берейік демейді, көршінің балығын тартып алып берейік дейді.

Талонға негізделген шешім

«Ауыл» партиясы саяси кеңістікте қалаларға қарсы жорықтарымен танымал. Олар адамдарға жұмыс, жылы әжетхана мен интернет үшін қалаға көшуге тыйым салса, ауыл өздігінен гүлденеді дегенге шындап сенеді.

Ал шындығында мегаполистер халық тығыздығынан тұншығып, ауылдар қаңырап босап жатқан кезде «Ауылдың» риторикасы тасқынды тоқылған шарбақпен бөгемек болған әрекетке ұқсайды.

Бағдарламаның ең сорақы тұсы – халықтың белгілі бір санатына азық-түлік картасын енгізу идеясы. Бір жағынан, партия Қазақстанды «әлемдегі жетекші аграрлық державаға» айналдырып, жер жүзін азық-түлікпен қамтамасыз етеміз дейді. Екінші жағынан, өз азаматтарын соғыс кезіндегідей талонмен тамақтандыруды ұсынады.

Бағдарламадағы кез келген азық-түлік мәселесіне берілетін әмбебап жауап та дайын: бәріне делдалдар кінәлі.

«Өнім сөрелерде өспейді, сөрелерде баға өседі!» Партияның ұраны осындай.

Депутаттардың бұл «ғаламдық зұлымдықпен» нақты қалай күрескені жұртқа беймәлім. Ал сөрелердегі бағаның әлі күнге дейін өсіп келе жатқаны бұлтартпас шындық.

Партия өкілдері ара-тұра мінберге шығып, «ауылдың жағдайын жақсартуды» талап етеді. Бірақ Қазақстан картасынан ауылдар жоғалып барады. Ал сол ауылдардың тірегі саналатын фермерлер бір сәтке де тыныш өмір сүріп көрген емес: бірде субсидия кешігеді, бірде экспортқа тыйым салынып, табысы күрт азаяды.

Саяси археология

ЖСДП – саясаттанушылар емес, археологтар зерттеуге лайық ерекше құбылыс. Қазіргі турбулентті заманда партия… 2013 жылдың наурызында қабылданған бағдарламамен өмір сүріп келеді. Ресми сайтында дәл сол құжат тұр.

Бұл жайттың өзі партия туралы кез келген пікірталастан артық ақпарат береді. Қазақстан пандемиядан өтті, Қаңтар оқиғасын бастан кешті, геосаяси күйзелістер мен жасанды интеллект төңкерісін көрді. Ал ЖСДП кеңсесінде уақыт тоқтап қалған.

Бағдарламада «Жаңа Қазақстан», цифрландыру, су тапшылығы немесе инфляция туралы бір ауыз сөз жоқ. «Бостандық. Әділет. Ынтымақ» деген ұрандар 13 жылда сонша шаң басқан, оны қағып жіберу депутаттар корпусына аллергия әкелетіндей.

Партияның негізгі, бәлкім, жалғыз көзірі – Социнтернге мүшелігі. Еуропарламент не ЕҚЫҰ делегациясына «нағыз социал-демократтар» бар екенін көрсету біздегі биліктің амалы ма дерсің.

Ал бағдарламаның өзі шынайы өмірден алшақ, тіпті соңғы үш жылда партия халық үшін не істеді деген сұрақ та туындамайды.

Айтпақшы, олар:

  • стратегиялық ресурстарды өндіру, өңдеу және экспорттау салаларын ұлттық меншікке қайтаруды;
  • жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттарын ашық жариялауды;
  • «Самұрық-Қазынаның» орнына салалық холдингтер құруды;
  • ұлттық компаниялардың қызметін толық ашық етуді;
  • инновация, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығындағы шағын және орта бизнесті 5 жылға салықтан босатуды уәде еткен.

Қағаз жүзінде бәрі бар. Іс жүзінде ше?

Бақыт фракциясы

Respublica партиясының бағдарламасы мемлекетті дамыту стратегиясынан гөрі жеке даму курсының сатылым алдындағы таныстырылымына көбірек ұқсайды.

Халықты картоп бағасы мен жылу тарифі алаңдатып отырған тұста Respublica «табысты табыс» тілінде сөйлейді. Олардың лексиконында: «мәдени код», «менталдық саулық», «қайта жүктеу», «жаңа форматтағы ұлт» деген ұғымдар ғана бар.

Яғни инфрақұрылым мәселесін шешудің орнына сайлаушыға «ойлау жүйесін өзгерту» ұсынылады.

Бағдарламаның өзегі – бақыт. «Бақыт тұрғызамыз», «Дені сау болу – бақыт», «Бақытты қазақстандықтар».

Саяси тұрғыдан бұл – өте ыңғайлы технология. Бақыт өлшенбейді. Оны киловаттпен де, теңгемен де есептеу мүмкін емес.

Сонымен бірге партия технооптимизмнің ауыр дертіне шалдыққан. Ауыл шаруашылығын құтқарудың жолы ретінде олар «цифрлық агроөнеркәсіп кешенін» ұсынады. Интернеті мен жолы жоқ ауылдарға блокчейн енгізбек.

Қораны цифрландыру идеясы конференция залында прогрессив көрінуі мүмкін, ал ауылда бұл мазақ секілді.

Үш жыл ішінде Respublica нақты істер партиясына айнала алмай, «әдемі презентациялар партиясы» күйінде қалды. Олар «қайта жүктеумен» келді, бірақ интерфейс те өзгермеді. Негізгі жобасы «Цифрлық агроөнеркәсіп» PowerPoint-тағы слайд күйінде қалды.

Сылтау қалмайын деп тұр

Жуырда депутат Елнұр Бейсенбаев бірпалаталы жүйеге көшу мен партиялық тізімдерді «уақыттың стратегиялық талабы» деп атады. Оның айтуынша, бұл жауапкершілікті арттырып, бәсекені ашық етеді, ал арнайы енгізілетін үшінші оқылым лоббистік мүдделерді толық жояды.

Осы жерде сұрақ туындайды.

Екіпалаталы парламент партияларға халық алдында жауапты болуға кедергі болды ма? Сенат депутаттарды лоббистік заң қабылдауға мәжбүрледі ме?
Қазір қолданыстан алынып жатқан бірмандаттық депутаттық фракцияларға сапалы заң жазуға немесе үкіметті бақылауға кедергі келтірді ме?

Бұл 2023 жылғы уәделер орындалмады, себебі парламент екіпалаталы болды деп ақталуға сылтау секілді көрінеді.

Енді палата азаяды, ал партиялардың билігі артады.
Бірақ келесі сайлаудан кейін уәделер тағы да орындалмаса, онда айтатын сылтау да қалмайды. Әлде тағы бірдеңе ойлап табар ма екен, ә?

Серіктес жаңалықтары