×
505.17
599.54
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
505.17
599.54
6.59

Конституцияға өзгеріс: жаңа Конституцияда меншік түрлері туралы бапты өзгерту керек

Бүгін, 11:52
Конституцияға өзгеріс: жаңа Конституцияда меншік түрлері туралы бапты өзгерту керек
Ulysmedia.kz коллажы

Конституциялық комиссия мүшелері ресми мәлімдемесінде Қазақстан Конституциясының 80 пайыздан астамы қайта жазылғанын хабарлады. Алайда Конституцияда қалам ұшы тимеген  баптар да бар. Кейбір сарапшылардың пікірінше, дәл сол баптарды қайта қарау қажет. Соның бірі – 8-бап, онда Қазақстанда мемлекеттік және жеке меншік қол сұғуға жатпайды деп көрсетілген. Экономика ғылымдарының кандидаты Әлкен Темірболатов пен Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова Конституцияда кемінде тағы бірнеше меншік түрі нақты жазылуы тиіс деп есептейді. Олардың ойынша, онсыз елдегі бүкіл билік тиесілі деп саналатын халықтың іс жүзінде құқығы қарастырылмаған болып шығады. Ulysmedia.kz осы айтылған жайт турасында баяндайды.

Екі меншік түрі жеткіліксіз болғанда

Ирина Смирнова Конституцияға меншік нысандарының кеңейтілген тізімін енгізу қажет екенін 2025 жылғы қыркүйекте, негізгі заңды қайта қарау басталмай тұрып-ақ айтқан. Біз депутаттан бұл бастама әлі де өзекті ме деп сұрадық.

– Конституцияда бекітілген мемлекеттік және жекеменшік ұғымы қоғамдағы көптеген қатынастарды реттегенімен, барлық қажеттілікті толық қамтымайды. Мысалы, әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері, саябақтар нақты бір қалаға немесе қауымдастыққа тиесілі болуы керек, – дейді ол.

Депутаттың айтуынша, егер Конституцияда муниципалдық меншік ұғымы болса, мемлекеттік мүлікті қайта-қайта жекешелендіру науқандары қажет болмас еді. Ондай нысандар әкімдіктер балансында пайда көзі ретінде емес, өңірлік маңызы бар нысан ретінде тұрар еді. Өйткені түптеп келгенде, жекешелендірілген нысандардан туындаған проблемаларды бәрібір жергілікті билік шешуге мәжбүр.

– Бірнеше жыл бұрын энергетика саласында қиындықтар туды. Жекеменшікке берілген электр станциялары мен ЖЭО-лар жағдайы жақсы кезінде өткізіліп, кейін тозған жағдайда мемлекетке қайтарылды. Онда бастапқыда не үшін бердік? Себебі мемлекетте оларды тікелей басқаруға өкілеттік болмады. Ал егер бұл нысандар бірден коммуналдық, муниципалдық меншікте болса, қала оларды күтіп-ұстап, өңір мүддесіне сай дамытумен айналысар еді, – дейді Смирнова.

Ортақ мектеп мәселесі

Ең түсінікті мысал – жекеменшік мектептер. Соңғы уақытта олар елдегі басты мәселелердің біріне айналды. Мемлекет оларды субсидиялауға жыл сайын көбірек қаржы бөліп келеді, ал қоғамда «осынша қаржы жұмсағанша, мектепті өзі салып алса болмай ма?» деген сұрақ қойылуда.

– Кейбір шалғай ауылдарда мектептер жекеменшік болып тұр, себебі басқа балама жоқ. Бірақ білім беру ұйымдары үшін қоғамдық меншік ұғымын енгізуге болар еді. Ол белгілі бір адамға емес, сол елді мекен тұрғындарына ортақ меншік болар еді. Өйткені мектеп кәсіпкердің емес, бүкіл қоғамның мүддесіне қызмет етуі тиіс, – дейді депутат.

«Билік бізде, бірақ шешім бізде емес»

Экономика ғылымдарының кандидаты Әлкен Темірболатов бұл мәселеге тіпті қатты мән береді. Оның айтуынша, Қазақстандағы меншік жүйесі халықты шын мәнінде иелігінен айырған.

– Конституция бойынша жер қойнауының байлығы халыққа тиесілі. Бірақ оны халық атынан үкімет басқарады. Осы бір ескертпенің өзі бізге, халыққа, жер қойнауын пайдаланушылармен болған келісімшарттардың қандай талаптармен жасалғанын білуге мүмкіндік бермей отыр. Ең бастысы, үкімет бұл ресурстарды қалай пайдаланып жатқаны жөнінде бізге есеп бермейді, – дейді Темірболатов.

Сонымен бірге ол Конституциялық комиссия ұсынған бір оң өзгерісті атап өтті. Ол – ұлттық заңнаманың халықаралық келісімдерден үстемдігін мойындау. Экономистің пікірінше, бұл Қазақстанда мұнай өндіретін трансұлттық корпорациялармен жасалған ӨБК келісімдерін жария етуге үміт бар деген сөз.

Кім басқарады, сол иелік етеді

Дегенмен Әлкен Темірболатовтың айтуынша, халық өзін елдің нақты қожайыны сезінуі үшін меншік нысандары әлдеқайда көп болуы керек.

– Жекеменшік бар, бірақ одан бөлек табыс табуды көздемейтін, интеграциялық меншік түрлері де болуы тиіс. Муниципалдық, коммуналдық, кооперативтік, кәсіподақтық, спорт ұйымдарының меншігі. ЖЭО, су құбырлары, қала құраушы кәсіпорындар сияқты стратегиялық нысандардың жеке қолға өтуі ақылға қонбайды. Олар мемлекеттің азаматтар мүддесін қорғау функциясын атқаруына негіз болуы керек. Ал қазір біздің өміріміз жеке инфрақұрылым иелеріне тәуелді, – дейді ол.

Экономист кеңес дәуірінде жалпыұлттық болған кәсіпорындардың жекешелендіруден кейін Конституцияда аты аталмайтын квазимемлекеттік меншікке айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл нысандардан түсетін пайда халыққа емес, акционерлерге тиесілі.

Болашаққа негіз

Әрине жекешелендіруді толық жоққа шығару немесе қайта қарау мүмкін емес. Мұндай әрекет адал меншік иелеріне қарсы жаңа науқанға ұласуы ықтимал. Сондықтан Ирина Смирнова ең кемі Конституцияда әртүрлі меншік нысандарының болуы мүмкін екенін бекітуді ұсынады.

– Кейде бақылаусыз қалған бөгеттер сияқты нысандар халық өміріне қауіп төндіретін жағдайға жетеді. Сонда мемлекет алдында екі-ақ жол қалады: қайта жекешелендіру немесе сол күйі қалдыру, – дейді депутат.

Оның айтуынша, меншік нысандары жайлы пікірталас ауыл шаруашылығы кооперациясын талқылау кезінде туындаған. Кооперация туралы заң бар болғанымен, фермерлер бірігуге асықпайды. Ал бұл, Темірболатовтың пікірінше, Конституциядағы олқылықпен байланысты.

– Бізде кооперативті ЖШС сияқты қабылдайды. Бұл – қате. Әлемде табысты кооперация элеватор, зауыт сияқты инфрақұрылымдық нысан төңірегінде құрылады. Ол кооперативтің ортақ меншігі болып, жалдамалы менеджмент арқылы басқарылуы тиіс, – дейді экономист. 

Конституцияда меншік түрлерін кеңейту Қазақстанды автоматты түрде гүлдендіреді деу қиын. Бірақ негізгі заңды қайта қарап жатқанда, бұл идеяларды ашық талқылап көрудің өзі артық емес. Ulysmedia.kz сарапшылар мен қоғам белсенділеріне ұсыныстарды жинақтап, пікір білдіретін алаң ұсынуға әрқашан дайын.

Серіктес жаңалықтары