Осыдан бір жарым жылға жуық уақыт бұрын Ақмола облысындағы әскери бөлімде қаза болған сарбаз өліміне кінәлі тұлғалар әлі жауапқа тартылмаған, қылмыстық іс созбалаңға салынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Туыстары сарбаздың өзіне қол салғанына сенбейді
Ақмола облысының 20 жастағы тумасы Жеңіс Ахметжанның мерзімді әскери қызметін аяқтап, үйіне оралуына небәрі екі апта қалған еді. Ол 2024 жылы 14 қазанда Приозерск қаласында № 06708 әскери бөлімінде қайтыс болды. Ресми нұсқа бойынша, өзін-өзі басынан атып көз жұмған. Туыстарының айтуынша, ол әскерге шақырылған соң Қарағанды облысына жіберілген. Алғашында Майқұдықта қызмет атқарған. Жарты жылдан кейін офицерлермен арада кикілжің туындап, сарбаз Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімге ауыстырылған.
Сарбаздың анасы Гүлдана Ахметжанованың айтуынша, ұлы қайтыс болардан бірер сағат бұрын ғана бейнеқоңырау шалып, күзетте тұрғанын айтқан.
- Сол күні кешке бейнеқоңырау шалып, қызметінің аяқталуына 14 күн қалғанын, жақында үйге оралатынын айтты. Мен «Ұлым, бәрі жақсы болады! Жақын күндері кездесеміз!» деп жігерлендірдім. Түнде маған телефон соғып, қайғылы жағдай болғанын жеткізді, - дейді анасы.
Қайғыдан қан жұтқан анасы Астанаға барып, кейін әскери ұшақпен Балқашқа жеткен. Мәйітханада ұлының денесінің қанталаған және жырылған жерлерін байқағанын айтады. Сондай-ақ оның жаңа әскери киімі жоғалып кеткенін жеткізді. Дәл сол түні әскери бөлімдегі бейнебақылау камералары да істен шыққан.
- Өз-өзін басынан атса, сарапшылардың айтуынша, оқ төбеге қарай атылып, төбеге тиюі тиіс. Бірақ, оқ бұрышта жатыр. Сосын баламды мылтықты құшақтатып отырғызып, суретін жіберген. Өзін-өзі атқан адам солай отыра бере ме, өлі дене құлап жатпай ма. Ештеңе сәйкес келмейді. Мен ұлымның өзін өлтіргеніне сенбеймін, оны қасақана өлтіріп, кейін өзіне жаба салған. Дәл ұлым қарауылға шыққан уақыттағы видеоның көзін құртқан, - дейді Гүлдана Ахметжанова.
Ұзақ жыл тергеуші болған марқұмның жақын ағасы Дәулет Қасенов істің күмәнді тұсын бірден аңғарғанын айтады.
- Ол бір бөлімнен екінші бөлімге ауыстырылған. Бұйрық бойынша ондай кезде қару ұстамауы тиіс. Ол рота ішінде қызмет атқаруы керек. Бірақ оны күзетке қойған. Сараптама қорытындыы бойынша денесінде жарақат іздері бар. Бұл бөлімде кикілжің болғанын, оны ұрғанын көрсетеді. Денесіндегі қанталау іздері соның дәлелі. Ату да күмән туғызады. Адам өз-өзін атқан кезде оқта қан іздері болуы тиіс. Қан ағып, ми шашылып қалуы керек. Қабырға таза. Оқ табылған жері де дұрыс емес. Аяқ киімі мен шалбары қан. Шынтақтап жатыр. Қан сонда аяқ киімі мен шалбарына қалай тиюі мүмкін? Меніңше, оны өлтіріп, өзіне қол салған деп айта салған. Өзін-өзі атқанға ұқсамайды, - деді Дәулет Қасенов.
Киімінен шәует табылғанымен, ол бойынша іс қозғалмаған
Жеңістің ісі бастапқыда Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі (Суицидке дейін жеткізу) бойынша жүргізілген. Кейін жабылып қалған. Анасының талабынан кейін іс қайта қозғалып, қызметке салғырт қарау бабымен тергеу жүргізілген. Басты күдікті ефрейтер Нұрсұлтан Несіпбаев. Оның кінәсі дәлелде, небәрі 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілмек.
- Басында өз-өзіне қол салуға жеткізу деген желеумен тергеу жүргізілді. Кейін іс тоқтатылды. Біздің талабымыздан кейін іс қайта қозғалып, қызметке салғырт қарау деген бапқа сараланды. Соңғы өткен сотта бізге баламның өлер алдындағы видеосын көрсетті. Алдымен бөлмеден ефрейтер Нұрсұлтан Несіпбаев шалбарын көтеріп шығады, қолында белбеуі бар, кейін ұлым шығады. Жылап, қызарған бетін ұстап шығады. Қасында тағы бір сарбаз ере шығады. Ұлыма бірдеңе істеп, қорлағаны көрініп тұр. Олар сотта ұлымның мас болғанын, өлген әкесін есіне алып жылағанын, кейін өзіне қол салғанын айтты. Бұл тіпті мүмкін емес, күйеуім бала іште болғанда қайтыс болған. Көрмеген әкесін қалай есіне алуы мүмкін. Балам қарауылға мас күйінде барған. Анау ефрейтер ондайға жол бермеуі тиіс. Бәрі бірігіп ішіп, мас күйде баламды өлтірген, сосын өзіне жауып отыр. Сараптама қорытындысында ұлымның мас болғаны айтылған. Қасындағылардан екі күннен кейін талдау алынып, оларды таза болған секілді жасырып отыр. Енді осындай іске жол берген деп ефрейтер Нұрсұлтан Несіпбаевты кінәлап, соны соттап жатыр. Бірақ оған бес-ақ жыл берілмек, бұл тым жеңіл жаза», - дейді ол.
Қаралы ана марқұмның киімінен ер адамның шәуеті табылғанын айтады.
«Сараптама баламның киімінің жағасынан және басқа жерлерінен ер адамның шәуеті табылғанын көрсетіп тұрса да, әлі күнге дейін ол бойынша іс қозғалған жоқ. Бұл масқара ғой, бұл әскерде зорлау бар екенін көрсетіп тұр. Қолымдағы сараптама қорытындысымен Қорғаныс министрлігіне, Бас прокуратура өкілдеріне шағымдандым. Олар мені онлайн қабылдайды, сосын 15 күннен кейін жауап беруге уәде етеді. Бірақ үнсіз қалады. Алдағы уақытта осы биоматериал бойынша сотқа жүгінбекпін. Маған әскери адамдар митингке шықпа, үйіңнен шықпа деп хабарласып, қысым жасайды. Бірақ, мен шындықтың түбіне жетпей қоймаймын. Менің жалғыз ұлымнан айырылып, қанатым қайырылып, жалғыз қалғанымды ешкім қаперіне алар емес», - дейді сарбаздың анасы.
Қорғаныс министрлігі сарбаздар өлімі туралы не дейді
Былтыр 18 қарашада Президент әкімшілігі орналасқан Үкімет үйінің 16-кіреберісі алдында әскери борышын өтеп жүріп қаза тапқан сарбаздардың аналары митингке шықты. Олар әділ әрі ашық тергеу жүргізуді талап етті. Суықта жеті сағатқа жуық тұрған әйелдердің кейбірі есінен танып қалды. Соңында ОМОН келіп, аналарды күштеп автобустарға отырғызып, полиция бөлімшесіне алып кетті. Осыдан кейін Президент Бас прокуратура мен Қорғаныс министрлігіне аналардың мәселесін шұғыл шешуге тапсырма берді.
Күні кеше ғана Ақорда кулуарында Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов журналистердің аналарға Президент тапсырмасы бойынша қандай көмек көрсетілді деген сауалына былай деп жауап берді.
- Біз мынадай шешімге келдік. Қайғылы оқиға болған жағдайда біз ата-аналарға тергеу тобымен оқиға орнына келіп, жұмыс істеп, оқиға орнын көзімен көруге мүмкіндік береміз. Ары қарай сарбаздармен бірге жеке ғимаратта сөйлеседі. Аналар тергеудің аяқталуын талап етті, біз тергеу жүргізбейміз, біз тек жауап берушіміз. Біз де тергеу қашан аяқталатынын күтеміз, - деген министр сарбаздар өлімін әжуалаған кезін еске салған журналист сөзін елемей кетіп қалды.
Бас прокуратура Қорғаныс министрлігі басшылығының үстінен іс қозғалғанын мәлімдеді
Бас прокурор Берік Асылов Ақорда кулуарында әскерде қаза болған сарбаздардың аналарының шағымынан кейін Қорғаныс министрлігі басшылығының үстінен іс қозғалғанын мәлімдеді.
- Бәрімен сөйлестік. Олардың талаптарын қарастырдық. Заң бойынша қылмыстық істерді қарастырып, тексеріс жүргіздік. Тергеу барысында барлық эпизод бойынша іс қозғалды. Одан бөлек, осы сұрақтарға жауапты Қорғаныс министрлігі басшылығының үстінен іс қозғалып, тергеліп жатыр. Әрқайсының жауапты қызметтік міндетіне қарай зерттеу жүргізіліп жатыр, – дейді Асылов.
Берік Асылов олардың қатарында министр, олардың орынбасары бар-жоғын сұрағанда “олардың қатарында осы сұраққа жауапты адамның бәрі бар” деп жауап берді.