×
486.2
557.82
6
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
486.2
557.82
6

Таяу Шығыстағы қақтығыс доллар мен бензин бағасына қалай әсер етеді?

18.03.2026, 09:00
Таяу Шығыстағы қақтығыс доллар мен бензин бағасына қалай әсер етеді?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазіргі таңда Иран, Израиль және АҚШ арасындағы текетірес мұнай бағасының өсуіне тікелей әсер етіп отыр. Осыған байланысты Ulysmedia.kz тілшісі экономист Бауыржан Ысқақтан Таяу Шығыстағы қақтығыс доллар мен бензин бағасына қалай әсер ететінін сұрап білді.

Таяу Шығыстағы қақтығыс доллар мен бензин бағасына тікелей әсер етеді

Экономист Бауыржан Ысқақтың айтуынша, Таяу Шығыстағы қақтығыс доллар мен бензин бағасына тікелей әсер етеді. 

- Жалпы Таяу Шығыс мұнайдың негізгі аймағы болып табылады. Әлемдік мұнайдың 20%-ы Ормуз бұғазы арқылы өтеді. Қақтығыс кезінде осы дәліз жабылса немесе қауіп төнетін болса, мұнайдың тасымал көлемі азаяды. Мұнай азайса, бағасы да күрт өсетіні белгілі. Қазірдің өзінде мұнай бағасы 100 доллардан асты, кей жерлерде 150 долларға жету қаупі бар. Соның әсерінен әлемде бензин мен дизель бағасы өсіп жатыр. Яғни, соғыс мұнай тапшылығына себеп болады. Мұнай тапшылығы бензиннің қымбаттауына себеп болатын фактор», - дейді Бауыржан Ысқақ. 

Өаржы сарапшысы дағдарыс кезінде инвесторлар долларды көп сатып алатынын айтады.

- Доллар қалай қымбаттайды дегенге келсек, дағдарыс кезінде инвесторлар қауіпсіз валютаға көшеді. Бұл доллар. Мұнай қымбаттағанда әлемде инфляция өседі, инфесторлар тәуекелден қашып, доллар сатып ала бастайды. Соның нәтижесінде доллар күшейеді. Қазірдің өзінде доллардың нығайғаны байқалады. Соғыс белгісіздік тудырады, бұл доллардың қымбаттауына әкеледі. Қазақстанға қандай әсері бар дегенге келсек, Қазақстанға екіжақты әсері бар. Біріншіден, мұнай экспорттасақ, табыс артады.  Екіншіден, бензин бағасы қымбаттайды. Яғни ішкі нарықта қысым болады. Доллар қымбаттаса, теңге әлсірейді. Жалпы инфляция күшейеді. Осының әсерінен мұнаймен, бензинмен байланысты басқа да азық-түлік қымбаттайды», - дейді ол.

Үкімет не дейді 

Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Таяу Шығыстағы қақтығысқа қарамастан, Қазақстанда бензин бағасы өзгермейтінін айтқан еді. 

— Күн сайын бағаның қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз, шырқау шегі 119 доллар болды. Қазір мұнай бағасы барреліне 87 долларға дейін төмендеді. Баға 80 доллар шамасында болуы үшін алғышарттар бар. Өйткені, қалай дегенде де Парсы шығанағы елдерінің мұнай инфрақұрылымына шабуыл жүріп жатқанын баспасөзден көріп, оқып отырмыз. Екіжақты да шабуыл. Әрине, бұл нарықта мұнайдың аз болуына әсер етеді. Сондықтан баға жоғары болып тұр, - деді министр.

Оның айтуынша, бұл жағдай еліміздегі бензин бағасына әсер етпейді.

— Парсы шығанағы елдері мен АҚШ-та соғыс қазірдің өзінде бензин бағасына әсер етіп жатыр. Оны жаңалықтардан көріп отырмыз. Ал Қазақстанға әсері жоқ, - деді Ерлан Ақкенженов.

Қазіргі баға қандай

Таяу Шығыстағы қақтығыстар салдарынан Ормуз бұғазының жабылуы әлемдік мұнай жеткізілімінің шамамен 20%-ын тоқтатты. Нәтижесінде Парсы шығанағынан (Сауд Арабиясы, БАӘ, Кувейт) Еуропа мен Азия нарықтарына бағытталған мұнай ағындары күрт қысқарды. 17 наурызда мұнай нарығында соңғы жылдары сирек кездесетін жағдай байқалды. Қазақстандық CPC Blend мұнайы әлемдік эталон саналатын Brent маркасынан айтарлықтай жоғары бағамен саудалануда. Әдетте сапасы мен логистикалық ерекшеліктеріне байланысты CPC Blend Brent-тен 3-5 доллар арзан болатын. Алайда Астана уақытымен 13:13-тегі дерек бойынша Brent бағасы 104,4 долларды құраса, CPC Blend 115 долларға жетті. Бұл құбылыс нарықтағы классикалық сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігінен гөрі геосаяси факторлардың ықпалы күшейгенін көрсетеді.

Қазақстан қор биржасы KASE-дегі 17 наурыздағы күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 479,02 теңгені құрап, алдыңғы көрсеткіштен 6,59 теңгеге төмендеді. Ал айырбастау пункттерінде долларды орта есеппен 480 теңгеден сатып алып, 483 теңгеден сатуда.

Осыған орай Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сауда-саттықтағы доллар бағамының күрт төмендеуіне түсініктеме берді.

- Мәліметке сәйкес, сауда көлемі аздап қысқарып, 330,1 млн долларды (–24,7 млн) құрады. Әлемдік мұнай бағасының айтарлықтай өсуі нарық қатысушыларының болашақ валюталық түсімдер мен төлем балансының тұрақтылығына қатысты оң күтулерін күшейткен болуы мүмкін. Соның нәтижесінде бейрезиденттердің теңгелік активтерге қызығушылығы артты, салымшылар ұлттық валютаға көбірек бет бұра бастады, ал экономика субъектілерінің шетел валютасына сұранысы төмендеді. Қосымша фактор ретінде квазимемлекеттік сектор мен экспорттаушылардың валюта айырбастау операциялары әсер етіп, ішкі нарықта валюта ұсынысының артуына ықпал етті, - дейді олар.

Серіктес жаңалықтары