Қазақстанда соңғы жылдары бірнеше ірі кәсіпорынның қожайыны ауысты. Ондаған жылдар бойы ат төбеліндей топтың уысынан шықпаған активтер жаңа иелердің қолына өтті. Ел экономикасында шешуші рөл атқаратын ірі бизнестер қазір кімдердің иелігінде? Ulysmedia.kz тілшісі тарқатады.
«ҚАЗАҚМЫС» КІМНІҢ ҚОЛЫНДА БОЛДЫ?
Қазақстанның ең ірі мыс өндіруші корпорацияларының бірі – Қазақмыс ондаған жыл бойы Владимир Ким мен Эдуард Огайдың бақылауында болды.
Владимир Ким – елдегі ең бай бизнесмендер рейтингінде екінші орында тұрған олигарх. Бір жыл ішінде дәулетін 200 млн долларға арттырған: 5,7 млрд доллардан 5,9 млрд долларға дейін. Forbes-тың 2026 жылғы әлемдік миллиардерлер тізімінде 712-орында.
Кәсіпкердің негізгі активі – KAZ Minerals тобы. Ол бұл топта басым үлеске ие. Қазақстанда компания Ақтогай және Бозшакөл кеніштерін, сондай-ақ «Шығыс аймақ» өндірістік алаңына біріктірілген жерасты шахталарын басқарады.

Сонымен қатар Владимир Ким Kazakhmys Holding Limited компаниясының 70%-ына иелік етеді. Бұл құрылым арқылы ол Kazakhmys Copper жобасына қатысады. Бұған дейін бұл құрылым 2025 жылдың соңына дейін бұл құрылым «Қазақмыс» корпорациясының тікелей бас компаниясы болған.
Мәміледен кейін Kazakhmys Copper сатылған компанияның құрамынан шығарылған активтерді біріктірді. Оның құрылымына «Жезқазған электр тарату компаниясы», «Қазақмыс» сақтандыру компаниясындағы үлестер, KM Life өмірді сақтандыру компаниясы, Ozerne Project және Aidarly Project барлау жобалары, сондай-ақ «БелАЗ» бірлескен сервис кәсіпорны және өзге де активтер кірді. Сондай-ақ кәсіпкер KCC Finance арқылы Банк RBK-ның 84,81% акциясына иелік етеді.
650 млн доллар дәулетімен Forbes рейтингінде 15-орында тұрған Эдуард Огай Владимир Киммен бірге Kazakhmys Holding Limited компаниясына ортақ иелік етеді. Сонымен қатар, жеке өзіне Koksay Holdings Limited компаниясы тиесілі. Бизнесмен бұдан бөлек балаларымен бірге Абай облысындағы Қаражыра көмір кен орнын игеретін «Қаражыра» акционерлік қоғамының 70%-ына иелік етеді.

ҚАЙТА ҚҰРЫЛЫМДАЛҒАН КОРПОРАЦИЯ
«Қазақмыстың» негізі кеңестік кезеңде қалыптасқан кеніштер мен өндірістік алаңдар базасында құрылып, тәуелсіздік жылдарында толыққанды жеке бизнеске айналды. Ұзақ уақыт бойы компания Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші ретінде ішкі және сыртқы нарықта басымдыққа ие болды.
Әр жылдары корпорацияның Қарағанды және Ұлытау аймақтарындағы кеніштерінде жарылыс, газдан улану сияқты оқиғалар тіркеліп отырды. Бірнеше апатта кеншілердің қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды.Тексерулер барысында қауіпсіздік жүйелерінің ескіруі және бақылаудың әлсіздігі сынға алынды.
2025 жылдың соңында «Қазақмысты» белгілі кәсіпкер Нұрлан Артықбаев сатып алды. 2023 жылы оған тиесілі Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys компаниялары біріккен еді. Өткен жылдың соңында мәміле толық аяқталғаны хабарланды. Соның нәтижесінде кәсіпкердің Qazaq Acquisition Corp. Ltd. компаниясы «Қазақмыстың» жалғыз иесіне айналды.

Жуырда корпорация қайта құрылымдалды. Бірқатар компаниялар корпорация құрамында қалса, кейбір активтер топ құрамынан шығарылды. Жаңа құрылымға кен өндіру, геологиялық барлау, медицина, білім беру және тіпті әуе тасымалы салаларындағы ондаған кәсіпорын енгізілген. Ал энергетика, көмір өндіру және сақтандыру бағытындағы бірқатар активтер топ құрамынан шығарылды. Олардың қатарында:
Компания бұл ұйымдардың қызметіне қатысты мәселелер енді «Қазақмыстың» құзыретіне кірмейтінін атап өтті.
АРТЫҚБАЕВТЫҢ ДӘУЛЕТІ
Артықбаев Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер рейтингінде 21-орында. Forbes оның байлығын 508 млн долларға бағалаған.
2026 жылдың басында ол «Ақтөбе» футбол клубының жалғыз акционері болды. Мемлекет клубты 364 млн теңгеге сатқан.
Сондай-ақ, 2026 жылдың сәуірінде Артықбаев KC Holding Ltd. құрамындағы Вячеслав Кимді алмастырып, компанияның жалғыз иесіне айналды. Бұл холдинг «Кселл» АҚ-ның 29,7 млн қарапайым акциясын иеленеді. Мәміле кезіндегі нарықтық бағамен есептегенде, бұл пакеттің құны шамамен 99,39 млрд теңге болуы мүмкін.
ERG-ДЕГІ АУЫС-ТҮЙІС
Өткен аптада Integra Construction ірі құрылыс компаниясының иесі Шахмұрат Мүтәліп Eurasian Resources Group (ERG) корпорациясының ірі акционері атанғаны мәлім болды. Оған тиесілі Nature energy solutions Ltd. Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен ERG акцияларының 39,3 пайызын сатып алған.
ERG – Қазақстандағы ең ірі тау-кен-металлургиялық холдингтердің бірі. Компанияның негізі 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдардың басында қаланды. Сол кезде посткеңестік кезеңдегі ірі өнеркәсіп активтері біріктіріліп, кейін халықаралық деңгейдегі корпорацияға айналды.

Бұрын компания ENRC (Eurasian Natural Resources Corporation) атауымен белгілі болды. Ұзақ жылдар бойы бақылау Патох Шодиев, Александр Машкевич және Алижан Ибрагимов отбасының қолында болды.
Алиджан Ибрагимов 2021 жылғы 3 ақпанда қайтыс болды. Ол сол кезде 67 жаста еді. Кәсіпкер Бельгияда ем қабылдап жүрген кезінде көз жұмғаны хабарланған.
Александр Машкевич 2025 жылғы 22 наурызда ұзаққа созылған науқастан кейін 71 жасында қайтыс болды.
Қазақстан үкіметі шамамен 40% үлеске иелік етті. 2013 жылы компания Лондон биржасынан кетіп, ENRC-ті қайта құрылымдап, қазіргі ERG форматына өтті. Бүгінде компанияның Қазақстанда да, шетелде де активтері бар. Мәселен, Конгода ERG жергілікті Gecamines мемлекеттік компаниясымен Калукунди кен орнына қатысты дауды реттеу жөнінде келісімге келіп, мыс өндіру жобаларын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар дәл осы ERG Қазақстанды галлий өндіруден әлемде екінші орынға шығаруды көздейді. Галлий – сирек кездесетін әрі өте қымбат металл.
Компанияның «еуразиялық» бизнесі металлургия мен энергетикадан бөлек, көлік және қаржы секторын да қамтиды. Қазақстанда ERG мыңдаған жұмыс орны мен экспорттың елеулі бөлігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарды бақылайды.
ЕҢ ЖАС МИЛЛИОНЕР
Бұдан былай корпорацияның 40%-ға жуық үлесі Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі. Оның жасы небәрі 35-те. Ол Қазақстандағы ең бай бизнесмендер рейтингінде 22-орында. Forbes бағалауынша, байлығы шамамен 482 млн доллар.
Бизнесмен – Integra Construction KZ құрылыс тобының құрылтайшысы. 2020 жылы әуелі бас директор болып келіп, көп ұзамай компания иелерінің бірі атанған. Бұл компания негізінен инфрақұрылымдық құрылысқа маманданған: теміржол мен автожолдарды салу және жөндеу жұмыстарымен танымал. Соңғы жылдары ол қызмет аясын кеңейтіп, азаматтық және тұрғын үй құрылысына, өнеркәсіптік нысандарға, көлік-логистикалық инфрақұрылым жобаларына, сондай-ақ инженерлік желілер мен құрылыстар салуға кіріскен.

Компания 2025 жылы мемлекетке 22,7 млрд теңге салық төлеген. Ал биыл жыл басынан бері қазынаға 15,5 млрд теңге құйған.
Integra Construction-нан бөлек, Мүтәліпке Gas Technology Ltd. және Nature Energy Solutions Ltd. компаниялары да тиесілі. Бұл екі компания 2024 жылдың қарашасында тіркеліп, табиғи газды көтерме сатумен айналысады.
2026 жылдың наурызында кәсіпкерге тиесілі тағы бір компания – Central Asia Resources Holding Ltd «Алтыналмас» АҚ-ның 100%-ын сатып алу туралы келісімге қол қойғанын хабарлаған. Алайда мәміле толық аяқталмаған. KASE деректеріне сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның акционерлері: нидерландиялық Gouden Reserves B.V. (66,39%) және Владимир Джуманбаев (22,63%).
Өткен жылдың қазан айында Мүтәліп Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы болды. Сонымен бірге Қазақстан бокс федерациясын басқарады.
Бұған дейін Шахмұрат Мүтәліп швейцариялық Glencore компаниясының «Қазцинктегі» 70 пайыздық үлесін сатып алуға қызығушылық танытқаны хабарланған. Дереккөздердің мәліметінше, бұл мәміле қазір талқылану үстінде және аяқталуға жақын.
Сарапшылардың пікірінше, ERG-ден кейін «Қазцинк» акционері атанған жағдайда Мүтәліп Қазақстанның тау-кен саласындағы ықпалды ойыншылардың біріне айналуы мүмкін.
«ЦЕСНАНЫҢ» БАСТАУЫНДА КІМ ТҰР?
Өткен жылы еліміздегі тағы бір ірі өндіруші – «Цесна» астық корпорациясының да қожайыны ауысты. «Цесна» брендімен қатар «Сәлем» және Bella Pasta сауда белгілеріне де иелік ететін JFood Kazakhstan компаниясының 100 пайыз акциясын белгілі кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов сатып алды.
Қазақстан мен ТМД елдерінің нарығына азық-түлік өнімдерін әзірлеумен, өндірумен және өткізумен айналысатын JFood Kazakhstan 2025 жылдың ақпанына дейін Jusan Development және «Оуса Юг» ЖШС-ке тиесілі болған. Бұл екі ұйым да Jusan Bank құрамына кіреді.
Алайда Астық компаниясының тарихы Астананың экс-әкімі, бұрынғы Қорғаныс министрі, Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі Әділбек Жақсыбековтен бастау алғаны көпшілікке мәлім. Ол ұзақ жылдар бойы елдегі ең ірі көпсалалы холдингтердің бірі – «Цесна» корпорациясының негізгі құрылтайшысы болды. Корпорация құрамына Цеснабанк (кейін Jusan Bank құрамына өтті), «Цесна-Астық» агроөнеркәсіптік концерні, «Цесна Капитал» және «Цесна Гарант» сақтандыру компаниясы кірді.

2018 жылдың күзінде Назарбаев Жақсыбековті отставкаға жіберген соң Цеснабанк мемлекетке жалпы құны 450 млрд теңге болатын «нашар» активтерді өткізгені белгілі болды. Мәміленің егжей-тегжейі жария етілмеді, алайда бұл процесс Жақсыбеков активтерін ауқымды қайта құрылымдаудың бір бөлігі болғаны айтылады.
2019 жылдың ақпанында First Heartland Securities (құрамында «Назарбаев Қоры», сондай-ақ «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» бар құрылымға тиесілі инвестициялық бөлімше) Цеснабанк акцияларының 99,8 пайызын сатып алды.
Мәміледен кейін банк ребрендингтен өтіп, First Heartland Jýsan Bank атауын алды, нарықта Jusan Bank брендімен жұмыс істей бастады.
ҚОЛДАН-ҚОЛҒА ӨТКЕН ЗАУЫТ
Ал «Цесна-Астық» концерніне келсек, 2014 жылы Әділбек Жақсыбековтің ұлы Дәурен Жақсыбек бұл өндірісті «Медет-Холдингке» 239,4 млн долларға сатқан. Одан кейін кәсіпорын бірнеше рет меншік иесін ауыстырып, 2019 жылы First Heartland Jýsan Bank бақылауына өткен. 2022 жылы «Цесна-Астық» атауы JFood Kazakhstan болып өзгертілді. Ал 2025 жылдың басында бұл активті Ғалымжан Есеновтен Тұрсынғали Алагөзов сатып алды.
Кәсіпорынды қолға алған уақытында Алагөзов «Цеснаға» табыс үшін емес, ең алдымен 60 жылдық бай тарихы үшін қызыққанын айтты.
– «Цеснаның» өзіндік тарихы бар. Маған элеватордың суреттерін жіберді, онда «1965 жыл» деп жазылып тұр. Мен бұдан ерекше мән көрдім. Түйсігім бұл кәсіпорынның әлеуетін арттырып, заманауи технологияларды енгізуге болатынын сездірді. Өйткені бізге жеткен өндірістік жүйе Кеңес дәуірінен қалған. Сондықтан өндіріс пен астық сақтау ісін халықаралық стандарттарға сай жолға қоюды жоспарлап отырмын, – деді кәсіпкер.
Өндірістік жүйесі ескі болғанымен, зауыттың әлеуеті мен табысы жоғары екенін кәсіпкер жақсы білді. Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, JFood Kazakhstan 2014 жылдан бері мемлекетке 8 млрд теңгеге жуық салық төлеген.
ОН ЖЫЛ БҰРЫН АТЫ ШЫҚҚАН КӘСІПКЕР
Алагөзов – Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің рейтингінде 58-орында. Forbes-тың бағалауынша, оның дәулеті – 160 млн доллар.
Бүгінде қазақстандықтар тегіс танитын бизнесменнің есімі 2016 жылға дейін беймәлім болды. Қазіргі жұбайы, продюсер Баян Алагөзова төңірегіндегі оқиғадан кейін жалпақ жұрт оның кім екенін білді. Экс-күйеуі өлімші етіп сабап, ұзақ уақыт төсекке таңылған продюсер денсаулығы оңалған соң Алагөзовпен қарым-қатынасы туралы баяндады.

Арада көп уақыт өтпей Алагөзов 30 жылға жуық бірге тұрған алғашқы жары Ләйсара Маратпен ажырасып, Баян Мақсатқызына үйленді.
Алайда бұл ажырасу кәсіпкер үшін оңайға соқпады. Ләйсара оған қарсы 23 талап-арыз түсіріп, соның 20-сында жеңіске жетті. Даулы активтердің қатарында Maxi Чай, Garden, «Первоквас» сияқты брендтерімен танылған Galanz Bottlers компаниясы да болды. Соның салдарынан Алагөзов бизнесі мен мүлкінің едәуір бөлігінен айырылды.
Экс-президент Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалды айыпталушы ретінде қатысқан даулы сот процесінен кейін ғана, 2024 жылы Алагөзов Galanz Bottlers компаниясын қайтадан өз бақылауына алды. Осыдан соң ол бизнес-империясын кеңейтуге кірісті.
2024 жылы кәсіпкер 8 миллиард теңгеге Шымкент сыра зауытын сатып алды. 1970 жылы негізі қаланған кәсіпорын бұрын Тоқтар Төлешов иелігінде болған. Кейін ол сотталғаннан кейін зауыт мемлекет меншігіне өткен еді.
ОЛИГАРХТЫҢ ИЕЛІГІНДЕ ТАҒЫ НЕ БАР?
Бұдан бұрын БАҚ Тұрсынғали Алагөзовтің иелігінде үш зауыттан бөлек тағы алты компания барын жазған.
2013 жылы тіркелген «Феникс компани» ЖШС соңғы 10 жылда бюджетке 6,7 млрд теңге салық төлеген. Негізгі қызметі – азық-түлік өнімдерін, сусындар мен темекі тауарларын көтерме саудада өткізу. Компания Алагөзовке 2023 жылғы сәуірде өткен.
2015 жылдан бері 128 млн теңге салық төлеген Adal Su ЖШС 2022 жылдан бері Алматыдағы Алтай-2 шағынауданында орналасқан өзіне тиесілі жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару қызметімен айналысады. Нысандардың бір бөлігі Galanz Bottlers компаниясына қатысты ғимараттар болуы мүмкін. Бұл кәсіпорындағы Алагөзовтің серіктесі – Тілеуқабыл Абдулин.
Chemolgan Food Station ЖШС полиграфиялық өнімдер шығарумен айналысады. Бұған дейін оның негізгі қызметі жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару болған. Қазір кәсіпорынның жалғыз құрылтайшысы – Тұрсынғали Алагөзов. Ал 2010–2014 жылдар аралығында оның серіктесі ретінде Тілеуқабыл Абдулин қатысқан. Соңғы он жылда компанияның салық төлемдері біркелкі болмаған. Төлемдердің басым бөлігі 2024–2025 жылдары жасалған. Жалпы алғанда, 2015 жылдан бері бюджетке 246,6 млн теңге аударған.
«Арбаша» ЖШС – жүк тасымалымен айналысатын кәсіпорын. Тұрсынғали Алагөзов оның құрылтайшысы ретінде 2023 жылдың желтоқсанында тіркелген. Бұған дейін меншік иелерінің қатарында оның ағасы Асқар Алагөзов болған. Бұл компания да негізгі салық төлемдерін 2024–2025 жылдары жүзеге асырған. Екі жылдағы аударым көлемі шамамен 3 млрд теңгені құрайды. Ал 2015 жылдан бері төленген салықтың жалпы сомасы 4,4 млрд теңгеге жеткен.
Mercury.kz ЖШС компаниясының негізгі бағыты – түрлі тауарларды көтерме саудада өткізу. 2023 жылдың тамыз айынан бері кәсіпорынға Тұрсынғали Алагөзов пен Баян Алагөзова бірлесіп иелік етеді.
«Северное сияние ЛТД» ЖШС тұрмыстық тоңазытқыштар мен мұздатқыштар шығарады, сондай-ақ дүкеннен тыс бөлшек саудамен айналысады. Қазіргі уақытта оның жалғыз құрылтайшысы – Тұрсынғали Алагөзов. 2025 жылғы сәуір айына дейін меншік иелерінің қатарында кәсіпорынның бұрынғы басшысы Николай Ким де болған.
ЛАВРЕНТЕВТІҢ БИЗНЕС ИМПЕРИЯСЫ
Қазақстандағы ең ірі тау-кен металлургия кешендерінің бірі – Qarmet-ке(бұрынғы ArcelorMittal Temirtau) иелік ететін Андрей Лаврентьев те соңғы үш жылда ел экономикасында елеулі салмағы бар олигархқа айналды. 2023 жылы ел кеншілерін опат қылып, пайда табудан басқаны көздемеген үнді кәсіпкері Лакшми Митталмен келісімшарт тоқтатылғанда ArcelorMittal Temirtau-ды Лаврентьев сатып алған еді.

Лакшми Миттал – дүние жүзіндегі ең ірі металлургиялық корпорациялардың бірі ArcelorMittal холдингінің атқарушы төрағасы. Байлығы 16-17 млрд долларға бағаланған. Үндістанда туған, кейін бизнесін Индонезиядан бастап, әлемдік деңгейдегі болат империясын құрған кәсіпкер ретінде танымал. Қазақстанда 1995–2023 жылдары жұмыс істеді. 2023 жылы Костенко шахтасында 46 кенші қаза тапқаннан кейінгі резонанстан соң ел Үкіметі онымен әрі қарай жұмыс істемейтінін мәлімдеді. Шенеуніктер шуды басу үшін ArcelorMittal Temirtau-дың жаңа акционері – Андрей Лаврентевті халыққа дереу таныстырды. Көп ұзамай компания Qarmet атауын иеленді.
Qarmet-ке дейін де бірнеше ірі кәсіпті дөңгелетіп жүрсе де, Лаврентьев кең аудиторияға онша таныс емес еді. Бүгінде ол – Қазақстандағы ең дәулетті кәсіпкерлер рейтингінде 11-орында тұрған бизнесмен. Дәулеті – 877 млн доллар.
Лаврентьев – Алматының тумасы. Заңгер. 2003 жылы Allur компаниясының негізін қалаған, бүгінде ірі акционерлерінің бірі. Allur құрамына «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-нің өндірістік алаңы (Allur зауыты), дистрибуция жүйесі және кең дилерлік желі кіреді. Компания Kia, Chevrolet, JAC, Jetour, Skoda, Geely Galaxy және Li Auto брендтерінің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы әрі дилері саналады.

Бизнесмен сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын АгромашХолдинг KZ АҚ акцияларының 55,05 пайызына иелік етеді. Кәсіпорын Essil, Deutz-Fahr, Lovol, John Deere және «Кировец» брендтерімен техника өндіреді.
Кәсіпкердің өзге активтерінің қатарында 2024 жылы Ресейдің Татнефть компаниясымен бірлесіп іске қосылған Tengri Tyres шина зауытындағы үлесі бар. Сондай-ақ ол Yutong және Howo маркаларымен автобус пен коммерциялық техника шығаратын QazTehna ЖШС және тұрмыстық техника өндіретін Silk Road Electronics ЖШС иелерінің бірі. Аталған кәсіпорындардың өндірістік нысандары Саран қаласындағы Saran индустриялық аймағында орналасқан.
Кәсіптен бөлек, Лаврентьев енді елдің саяси өміріне де белсене араласуға ниетті. Олигарх жуырда «Әділет» партиясын құруға бастамашыл болған азаматтардың қатарынан көрінді және партияның саяси кеңесінің мүшесі атанды. Жаңа партия Құрылтай сайлауына қатысып, ел парламентінен мүмкіндігінше көп орын алуға ниетті екенін мәлімдеді. Демек, алдағы уақытта Лаврентьевтің есімін бұрынғыдан да жиі ауызға алуымыз мүмкін.