×
487.44
567.38
6.62
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
487.44
567.38
6.62

«Әділетті» партия деп атауға әлі ерте - саясаттанушы "ақылға сыймайтын шешім" жайлы

Бүгін, 15:25
«Әділетті» партия деп атауға әлі ерте - саясаттанушы "ақылға сыймайтын шешім" жайлы
ЖИ/Ulysmedia

Биліктегі «Amanat» партиясы жаңадан құрылға «Әділет» партиясымен бірігуі мүмкін. Бұл өз тарихында атауын бірнеше рет ауыстырған билік партиясының біржолата жойылуы ма? Әлі ешқандай сайлауға қатыспаған, «кеше» ғана тіркелген партияға қосылу нені білдіреді?

ПРЕЗИДЕНТТІ ҚОЛДАЙТЫН ҚОС ПАРТИЯ

6 маусымда «Amanat» партиясы саяси кеңестің шұғыл отырысын өткізіп, онда «Әділет» партиясына қосылу мәселесі талқыланғаны айтылды. Мәжіліс депутаты, партияның саяси кеңесінің мүшесі Ерлан Саиров алдағы уақытта партиялардың бірігуі мүмкін екенін айтты.

– Қазіргі кезде саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі саяси бірігуді қолдап отыр. Менің ойымша, осындай шешім қабылданатын сияқты... Мұны съезд шешеді. Бірақ саяси кеңес мүшелерінің көпшілігі президентті қолдайтын электоратты бөліп-жаруға болмайды деп санайды. Сондықтан алдағы кезде партиялар бірігуі мүмкін, – деді Саиров BES.media сайтына.

Бірқатар БАҚ жазды демесең, ұзақ жылдан бері билікте отырған «Amanat» партиясының бір сәтте жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылуы туралы ақпарат қоғамда қызу талқыланды деп айту қиын.

Депутат Ерлан Саиров меңзегендей, «Әділет» партиясының ұстанымы Ақорда саясатымен үндес. 7 мамырда өткен сьезінде партия өкілдері «Мақсатымыз – Жаңа Конституция қағидаларын іске асыру және қоғамдағы әділеттілікті нығайту» деген. Бұдан өзге, олар ешкімге саяси қарсылас емес екендерін де айтқан. Пратияның төрағасы болып президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай сайланған. 

«АҚЫЛҒА СЫЙМАЙТЫН ӘРЕКЕТ»

«Ақорда саясатын қолдайтын жаңа партия құрып, оны ұзақ жылдан бері билікте отырған партиямен біріктірудің қандай қажеттілігі бар?» бұл сұрақты Ulysmedia тілшісі саясаттанушы Дос Көшімге қойып көрді. Оның сөзінше, қазіргі биліктің іс-әрекетінен логика іздеудің қажеті жоқ.

Ол екі партия бірігеді деп айтуға келмейді дейді. Себебі «Amanat» партиясы бұрыннан бері келе жатқан партия. Ал «Әділет» енді ғана құрылып жатыр. Оны партия деп атауға әлі ерте. Тіркелгенімен, оның қалай жұмыс істейтінін ешкім білмейді.

– Билік өзінің ойына келгенін істей салады. Бізде классикалық үлгідегі партия жоқ. Кәдімгідей бір топ мүдделес адам жиналып, бірігіп, алдына саяси мақсат қоятын жағдай жоқ. Бізде билік, президент әкімшілігі сценарий жасайды, көп партиялық жүйе бар екенін көрсету үшін. Партиялар тек ғана сайлауға түсу үшін, сайлауға партиялар қатысты деп айту үшін, сол арқылы көп партиялы парламент қалыптасты деп айту үшін ғана керек. Сондықтан ойына келгенін істейді дегенім сол. Өйткені ақылға сыймайды істеп жатқан нәрсесі, – дейді ол.

«КІМНІҢ КІМГЕ ҚОСЫЛЫП ЖАТҚАНЫН АЙҚЫНДАП АЛУ КЕРЕК»

Саясаттанушының сөзінше, Қазақстанда тек осы екі партияның ғана емес, тіркелген сегіз партияның да бағыты мен ұстанымы бірдей. Сол себепті екі партияның қосылуын осы арқылы түсіндіруге тағы келмейді.

Дос Көшім егер екі партия шынымен де бірігетін болса, онда бірінші кім кімге қосылатынын айқындап алу қажет дейді. Себебі екі партияны дәл қазіргі жағдайда салыстыруға келмейді.

– «Әділет» осы сайлауда 65-70 пайыз дауыс алады. Сөйтеді де парламент жасақталады. «Әділет» партиясының ішіне іріктеліп-іріктеліп «Amanat»-тың парламентке барады деген адамдары кіреді. Сосын бір жылдың ішінде «Amanat» партиясының аймақтық бөлімшілерінің барлығы «Әділет» партиясына өтеді. Осымен болды, – дейді ол.

«БАРЛЫҒЫ СЬЕЗДЕ АНЫҚТАЛАДЫ»

Ulysmedia тілшісі осыған байланысты мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясының саяси кеңесінің мүшесі Ерлан Саировқа хабарласты. Бірақ ол телефонға жауап бермеді. Ал «Amanat» депутаты Айдос Сарым 12 маусымда партияның сьезінде барлығы анық болатынын айтты. «Оған дейін ешқандай пікір бере алмаймын» деді.

КОНТЕКСТ

Қаңтар оқиғасынан кейін 2022 жылы сол кездегі «НұрОтан» партиясының атауы «Amanat» болып өзгерді. Жалпы бұған дейін партияның атауы «Отан» болған. Ол 1999 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Өз тарихында «Отан» бірнеше партияны өзіне қосқан. Оның ішінде «Асар», «Қазақстанның Азаматтық партиясы, «Қазақстанның Аграрлық партиясы» сияқты партиялар бар.

Серіктес жаңалықтары