×
$
450.69
€
505.04
₽
5.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.69
€
505.04
₽
5.45

Әйелдер өлімінен кейін экс-прокурор Аймағанова ІІМ-ге жаңа жүйе ұсынды

Бүгін, 13:30
Әйелдер өлімінен кейін экс-прокурор Аймағанова ІІМ-ге жаңа жүйе ұсынды

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туралы полицияға алдын ала хабар беретін электронды жүйе құру ұсынылды. Оның мақсаты – қайғылы оқиға болғаннан кейін әрекет етпей, полицияның дер кезінде араласуына мүмкіндік беру. Мұндай ұсынысты депутат Айжан Аймағанова көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қайғылы оқиға болмай тұрып қорғау керек

Депутаттың ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жүгінуіне соңғы айларда болған әйелдер өлімі себеп болған.

13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Ділназ Жұмағұлова қаза тапты. Оған бірнеше рет пышақ жарақаты салынған. Ал 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы күйеуі өлтірді.

Айжан Аймағанованың пікірінше, қолданыстағы қорғау жүйесі мұндай қылмыстарға оқиғадан кейін ғана әрекет етпей, олардың алдын алуға көмектесуі керек.

–Кейінгі жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік күшейтіліп, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып жатыр. Осы орайда маңызды сұрақ туындайды: қолданыстағы қорғау тетіктері қауіпті алдын ала анықтап, оның алдын алуға қаншалықты мүмкіндік береді? Әлде зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана әрекет етуге мәжбүрміз бе? – деп сұрады депутат.

Полицияға қауіп туралы белгі түсуі керек

Аймағанова ІІМ-ге бірнеше өңірде «Электрондық қорғаныс аймағы» атты пилоттық жобаны іске қосуды ұсынды. Бұл жүйе қауіпті жағдайларды анықтап, полицияға тиісті сигнал жіберуге мүмкіндік бермек.

– Екіншіден, қауіп туралы сигнал түскен кезде полиция қандай нақты әрекеттер жасауы керектігін айқындайтын бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет. Үшіншіден, әрбір сигнал мен оған байланысты қабылданған шаралар цифрлық жүйеде автоматты түрде тіркелуге тиіс. Бұл кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты анықтауға мүмкіндік береді, – деді Аймағанова.

Депутат шетелдік тәжірибені, соның ішінде зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерді қорғау үшін электронды бақылау тетіктері қолданылатын Францияның тәжірибесін мысалға келтірді.

Оның айтуынша, жаңа ақпараттық жүйені нөлден бастап әзірлеудің қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу және электронды бақылау тетіктері қазірдің өзінде жұмыс істейді. Оларды жаңа жобаға пайдалануға болады.

Айжан Аймағанова кім?

Айжан Аймағанова бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша өткен сот процесінен кейін кеңінен танылды. Ол сотта мемлекеттік айыптауды қолдап, прокурор ретінде сөз сөйледі.

2024 жылғы мамырда Қуандық Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды.