×
468.88
534.1
6.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
468.88
534.1
6.04

Бастапқы әлде қайталама: қазір қай нарықтан пәтер алған тиімді

Бүгін, 14:15
Бастапқы әлде қайталама: қазір қай нарықтан пәтер алған тиімді
centralmedia24.kz

Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енгеннен кейін Қазақстандағы тұрғын үй нарығында өзгерістер байқала бастады. Сарапшылардың айтуынша, бастапқы тұрғын үй бағасы өсіп жатыр, ал сатып алушылар енді тек пәтердің құнын емес, мәміленің қауіпсіздігін де ескеруге мәжбүр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

БАСТАПҚЫ ТҰРҒЫН ҮЙ НЕГЕ ҚЫМБАТТАП ЖАТЫР?

Qazaq Expert Club-тың құрылыс саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, ресми статистика бастапқы және қайталама нарықтағы бір шаршы метрдің бағасын бір-біріне жақын көрсеткенімен, нақты ұсыныстарда айырмашылық әлдеқайда үлкен.

Оның сөзінше, жаңа тұрғын үйлердегі бір шаршы метрдің орташа бағасы шамамен 935 мың теңгеге жетсе, қайталама нарықта бұл көрсеткіш 800 мың теңгенің айналасында. Сарапшы қазіргі таңда бағаның өсуіне негізгі әсер етіп отырған сегмент – бастапқы тұрғын үй нарығы екенін айтты.

ЖАҢА ҚҰРЫЛЫС КОДЕКСІ НЕНІ ӨЗГЕРТЕДІ?

Сейітнұрованың пікірінше, бастапқы нарықтағы бағаның қымбаттауына құрылыс материалдарының құны ғана емес, заңнаманың өзгеруі де ықпал еткен.

Жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес, жаңа тұрғын үй сатып алушыларға эскроу-шоттар арқылы қаражатты қорғау, құрылыс сапасына бақылауды күшейту, құрылыс салушының кепілдік міндеттемелерін кеңейту және компания туралы мәліметті мемлекеттік тізілімнен тексеру мүмкіндігі берілген.

ҚАЙ НАРЫҚТЫ ТАҢДАҒАН ДҰРЫС?

Сейітнұрованың айтуынша, таңдау сатып алушының мақсаты мен бюджетіне байланысты.

Эконом және комфорт санатындағы баспана іздейтіндерге қайталама нарық тиімді болуы мүмкін. Ал жаңа тұрғын үй сатып алуды жоспарлаған азаматтарға пәтер бағасымен қатар, эскроу-шоттардың қолданылуына, құрылыс салушының мемлекеттік тізілімге енгізілгеніне және компанияның беделіне назар аударуға кеңес береді.

БАҒА АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ САҚТАЛА МА?

Сарапшының болжамынша, алдағы уақытта бастапқы және қайталама тұрғын үй арасындағы баға айырмашылығы сақталады.

Оның айтуынша, егер қаржыландыру құны жоғары болып, Құрылыс кодексінің жаңа талаптары өзгеріссіз қалса, девелоперлер қосымша шығындарды жаңа жобалардың бағасына қоса береді. Бұл жағдайда нарықтағы бәсекелестік бағаны төмендету арқылы емес, жеңілдіктер, бөліп төлеу бағдарламалары және түрлі акциялар арқылы жалғасады.

Сейтнұрованың сөзінше, бүгінде жаңа тұрғын үй сатып алушы тек жаңа пәтер үшін ғана емес, өз қаражатының қауіпсіздігіне берілетін қосымша кепілдіктер үшін де ақы төлейді.