Омбыда Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты осы уақытқа дейінгі ең ашық әрі салмақты пікірлердің бірін айтты. Ойын басқа емес, дәл Владимир Путиннің көзінше ортаға салды.
Қазақстан президенті бұл қақтығыстың азаматтық соғыс емес, екі мемлекет арасындағы қарулы жанжал екенін тағы да атап өтті. Алайда көпшіліктің назарын аудартқан негізгі ой басқа болды.
«Бұл қақтығыстың түпкі табиғаты көпшілікке, оның ішінде бізге де толық түсінікті емес».
Дипломатиялық тіл үшін бұл - өте салмақты мәлімдеме.
Тоқаев тағы бір маңызды жайтқа тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі ахуалға байланысты Еуропа елдері мен АҚШ тарапынан түрлі пікірлер мен ұсыныстар түсіп жатыр және ол бұл туралы Ресей президентін жеке өзі хабардар еткен.
Бұл Қазақстанның әлі де Мәскеумен де, Батыс елдерімен де ашық сөйлесе алатын санаулы мемлекеттердің бірі екенін көрсетеді.
Тоқаев бұған дейін Ресей мен Украина арасында арағайын болуға ниетті емес екенін бірнеше рет айтқан. Бірақ арағайын болу мен өзін тыңдата білу - екі бөлек нәрсе.
Қазақстан президентінің дипломатия саласында ондаған жылдық тәжірибесі бар. Ол Ресейдің саяси жүйесін де, ондағы элитаның көзқарасын да жақсы біледі. Сонымен қатар Еуропа, АҚШ және халықаралық ұйымдардың ұстанымын да жетік түсінеді. Сондықтан оның сөзі әлемнің әр түкпіріндегі саяси орталарда мұқият тыңдалады.
Шын мәнінде, Омбыда Тоқаев өзіне тән байыпты әрі сыпайы мәнермен Владимир Путинге бүгінде халықаралық саясатта жиі айтылып жүрген басты ойды жеткізді - соғыс мәңгі жалғаса алмайды. Оны саяси жолмен аяқтайтын уақыт келді.
Қазір әлемнің көптеген мемлекет басшылары соғысты тоқтату қажеттігін айтып жүр. АҚШ президенті Дональд Трамп та бірнеше рет қақтығысты тоқтатуға күш салатынын мәлімдеген. Украина президенті Владимир Зеленский де соғысты тоқтатып, бітімге қол жеткізу мүмкін болса, онда мыңдаған адамның өмірін жалмайтын ұзаққа созылған шайқастан гөрі осы жол әлдеқайда дұрыс екенін ашық айта бастады. Бұл қарулы қақтығыстардың түптің түбінде келіссөз үстелінде аяқталатынын тағы бір рет дәлелдейді.
Қазақстанның бұл мәселедегі ұстанымы өзгерген жоқ.
Тоқаев 2022 жылдың өзінде-ақ Қазақстан Луганск және Донецк халық республикалары деп аталатын құрылымдарды, сондай-ақ мемлекеттердің аумақтық тұтастығын бұзу арқылы пайда болған өзге де квазимемлекеттік құрылымдарды мойындамайтынын ашық мәлімдеген болатын. Сонымен бірге Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек көрсетіп келеді, халықаралық құқық қағидаттарын қолдайды және соғыс басталған алғашқы күннен-ақ бейбіт жолмен реттеуге шақырып келеді.
Алайда бүгінде бұл қақтығыс Қазақстан үшін тек сыртқы саясаттың мәселесі болып қалған жоқ.
Ол еліміздің экономикасына тікелей әсер ете бастады.
Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы тасымалдауға қатысы бар нысандарға жасалған шабуылдар экспортқа, бюджетке және елдің инвестициялық тартымдылығына нақты қауіп төндіріп отыр. Бұл соққылардың артында кім тұрғанына қарамастан, ең алдымен Қазақстанның ұлттық мүддесіне зиян келіп жатқаны анық.
Осы тұста заңды сұрақ туады.
Соғыс басталғалы бері Қазақстан Украинаға қарсы бағытталған ешқандай әрекет жасаған жоқ. Керісінше, Астана гуманитарлық бастамаларды тұрақты түрде қолдап, бейбітшілікке үндеп, саяси диалогты жақтап келеді. Сондықтан Қазақстан экономикасы мен экспорттық әлеуетіне нұқсан келтіретін кез келген әрекет қоғамда орынды сауал туғызатыны сөзсіз.
Сондықтан да Қазақстан дипломатиясының үні бұрынғыдан гөрі батылырақ шыға бастады.
Соғыс ел экономикасына қауіп төндірген кезде мемлекет тек сақ дипломатиялық мәлімдемелермен шектеле алмайды. Мұндай жағдайда ұлттық мүддені қорғау алдыңғы орынға шығады.
Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттарына қауіп сақталған сайын Астана келіссөздерде де, экономикалық мүдделерін қорғауда да өз тәуелсіз ұстанымын бұрынғыдан да табандырақ қорғай береді.
Сонымен қатар Қазақстан сыртқы саясаттағы басты қағидатынан айныған жоқ.
Қандай ауыр әрі қантөгіске толы соғыс болса да, ақырында келіссөзбен аяқталады. Тарих мұны сан мәрте дәлелдебі. Бар мәселе - саясаткерлер келіссөз үстеліне отырғанға дейін қанша адамның өмірі қиылатынында.
Меніңше, Тоқаев Омбыда дәл осы байыпты ойды жеткізді. Байсалды түрде, құрмет шеңберінен шықпай, эмоцияға берілмей, ешкімге қоқан-лоқы жасамай айтты. Өз елінің бас дипломаты дәл осылай сөйлеуі керек.
Соғысты ең әуелі атысты тоқтатудан немесе уақытша бәсеңдетуден бастау мүмкін болса, соның өзі мыңдаған адамның өмірін сақтап, болашақтағы саяси келісімге жол ашады.
Бүгінде дипломатия әлсіздіктің емес, шиеленісті ушықтырмай тоқтатудың жалғыз тиімді жолына айналып отыр.
Қарудың үні өшіп, оның орнын келіссөз басқан сайын Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілікке ғана емес, тұтас өңірдің, оның ішінде Қазақстанның да тұрақтылығына мүмкіндік арта түседі.
Бәлкім, дәл бүгін әлемге осындай сабырлы әрі салмақты үндер көбірек қажет шығар. Қақтығысты өршітпейтін, жалғыз ақиқатты - ешбір соғыс мәңгілікке созылмайтынын еске салатын үндер. Ерте ме, кеш пе соғыстың соңы келіссөзге ұласады. Ал бітім қаншалықты ерте орнаса, соншалықты көп адамның өмірін аман алып қалуға болады.