Қазақстанда мектеп формасына қатысты дау жыл сайын көтеріледі. Құзырлылар тыйым салумен ғана шектеліп, мәселенің түпкі шешімін таба алмай келеді. Бір отбасылар үшін бұл киім таңдау мәселесі болса, енді біреулер үшін діни сеніміне бола кемсітуге ұласуы мүмкін. Мемлекет талабы мен ата-ана ұстанымы арасындағы қайшылық балаларға, әсіресе орамалдағы қыздарға кері әсер етіп отыр.
Діни отбасылардың қыздары қайда білім ала алады? Жекеменшік мектептер неге мәселенің шешімі емес? Ulysmedia.kz тілшісі жауап іздеп көрді.
Қыркүйек айында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хиджаб киюге рұқсат берген жекеменшік мектептердің лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мектепте діни киім киюге тыйым 2016 жылдан бері күшінде болғанымен, жекеменшік оқу орындары бұрын бұл талапты үнемі қатаң сақтай бермейтін. Алайда министрдің айтуынша, биылғы оқу жылы басталғанға дейін мұндай мектептер қалмаған. Бұған білім беру органдарымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың да араласуы себеп болуы мүмкін.
Бұл тақырыпта ашық пікір білдіруге дайын мектеп басшысын табу оңай болмады. Дегенмен Алматыдағы ірі жекеменшік мектептердің бірінің директоры өз тәжірибесімен бөлісуге келісті. Алайда есімін жарияламауды сұрады. Оның айтуынша, мәселе сезімтал болғандықтан, ешкім өз қызметіне қауіп төндіргісі келмейді.
Директордың сөзінше, бұрын діни киімге қатысты көзқарас әлдеқайда бейтарап болған. Мәселен, өзі басқаратын мектепте орамалдағы мұғалімдер де жұмыс істеген. Кейбір ата-аналар алаңдаушылық білдіргенімен, мектеп әкімшілігі мұны күрделі мәселе деп санамаған. Олар үшін мұғалімнің діни ұстанымынан гөрі кәсіби біліктілігі мен балаларға қарым-қатынасы маңызды болған.
«Мектепті алғаш ашқан кезде басына орамал таққан, өте жақсы педагогтер бізге жұмысқа келді. Көптеген мектеп мұндай мұғалімдерді жұмысқа алмайтынын білемін. Ал біз алғашқы жылдары оларды қабылдадық. Олар шынымен де білікті ұстаздар еді», – дейді директор.
Діни киімге түсіністікпен қараған жалғыз мектеп бұл емес. Мұндай тәжірибе басқа жекеменшік оқу орындарында да болған. Бірақ қазір мектеп басшысы отбасына қанша жерден қолдау білдіргісі келгенімен, бұл мәселені шешу мүмкін болмай отыр.
Директор мұны былтыр шетелден Қазақстанға оралған бір отбасының жағдайынан байқаған. Олар орамал тағатын қыздарына мектеп іздеп, таба алмаған.
«Өз басым ешқандай мәселе көрген жоқпын. Қызды қабылдауға дайын екенімді айттым. Бірақ заңгерлеріміз мұндай баланы мектепке қабылдауға құқығымыз жоқ екенін түсіндірді», – деп еске алады ол.
Отбасы жекеменшік мектептің ақысын төлеуге де, ішкі тәртіп ережелерін сақтауға да дайын болған. Олар оқу бағдарламасын өзгертуді немесе өздеріне ерекше жағдай жасауды сұрамаған. Тек басына орамал тағуға рұқсат беруді қалаған.
Демек, мәселе отбасының қаржылық мүмкіндігінде де, мектеп басшылығының ұстанымында да емес. Бәрі мемлекеттік талапқа тірелген. Директордың айтуынша, ата-аналар қызына лайықты оқу орнын таба алмаған соң, Қазақстаннан қайта кетуге мәжбүр болған.
Мектепке қабылдаудан бас тарту – мәселенің бір жағы ғана. Ал бала мектепте оқып жүргенде діни киім кие бастаса, жағдай одан да күрделене түседі. Мәселен, қыркүйекте оқуға келгенде оның діни ұстанымын аңғартатын еш белгі болмаса, бірнеше айдан кейін орамал тағып келуі мүмкін. Мұндай жағдайда мектеп әкімшілігі оқушыны сабаққа кіргізбей қоюына бола ма?
Қазақстанның Жоғарғы соты мұндай жағдайлардың бірін қараған. 2024 жылы сот оқушыны орамал таққаны үшін сабаққа кіргізбеуді заңсыз деп таныды. Алайда бұл шешімді кейбіреулер хиджаб киюге рұқсат берілді деп түсінді. Осыдан кейін сот қолданыстағы тыйымның күшінде қалғанын арнайы түсіндіруге мәжбүр болды.
Халықаралық заңгерлер қауымдастығының Адам құқықтары институты кеңесінің мүшесі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис сот шешімінің мәнін дұрыс түсіну маңызды екенін айтады.
«Бұл шешім хиджаб киюге рұқсат берген жоқ. Сондай-ақ мектеп формасы туралы бұйрықты заңсыз деп таныған жоқ. Соттың айтқаны – балаға орамал тағуға рұқсат берілмегені үшін оны оқудан шеттетіп, білім алу құқығынан айыруға болмайды», – дейді ол.

Фото Евгений Жовтистің жеке архивінен
Оқу-ағарту министрлігі де мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамау баланы сабаққа кіргізбеуге немесе оқуын тоқтатуға негіз болмауы керегін атап өткен.
Министрлік мектептерге ата-аналармен сөйлесіп, бірыңғай форма талаптарын түсіндіруді ұсынады. Егер ортақ шешімге келу мүмкін болмаса, ата-анаға ескерту жасалуы немесе айыппұл салынуы ықтимал. Бірақ айыппұл хиджаб кигені үшін емес, мектеп формасын сақтау міндетін қоса алғанда, заңда көзделген талаптарды орындамағаны үшін салынады.
Дегенмен кейбір отбасылар үшін айыппұл төлеу аса қиындық туғызбауы мүмкін. Ал айыппұл төленгеннен кейін де ата-ана орамал тағу талабынан бас тартпаса, мектептің не істеуі керегі түсініксіз күйде қалып отыр.
Министрлік діни киім киюге рұқсат берген жағдайда оқу орны қандай жағдайда лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін де нақтыламаған.
Осылайша, мектептер қиын жағдайда қалып отыр. Баланы қабылдаудан бас тарту ықтимал шағымдар мен жауапкершіліктен сақтауы мүмкін. Ал қыз бала мектепте оқып жүрсе, әкімшілік бір мезгілде діни киімге қатысты тыйымды сақтап, оның білім алу құқығын да қамтамасыз етуге тиіс.
Зайырлы мемлекеттің ортақ ереже белгілеу құқығы мен адамның діни сенім бостандығының арасы қай жерден ажырауы керек? Евгений Жовтистің айтуынша, бұл мәселеде бірден бірнеше мүддені ескеру қажет.
«Хиджаб кию туралы сөз болғанда, үш құқық пен үш мүдде қатар қаралады. Біріншіден, баланың дін ұстану бостандығы бар. Екіншіден, оның білім алуға құқығы бар. Үшіншіден, зайырлы мемлекеттің мектепте киім кию мен өзін ұстауға қатысты бейтарап ережелер белгілеуге құқығы бар», – дейді құқық қорғаушы.
Оның түсіндіруінше, мемлекеттер өз тарихын, мәдениеті мен дәстүрін ескере отырып, белгілі бір шектеулер енгізе алады. Алайда мұндай шектеулердің де ақылға қонымды шегі болуы керек.
«Белгілі бір нәрсеге шектеу қоюға немесе оны реттеуге болады. Бірақ сөз бостандығы, ар-ождан, дін ұстану және наным-сенім еркіндігі сияқты негізгі құқықтардың мәніне нұқсан келтіруге болмайды», – деп атап өтті Жовтис.
Ол сикхтердің діни бас киімі – тақияға қатысты жағдайларды мысалға келтіреді. Кейбір жағдайда мұндай бас киім адамның жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді, ал басқа жағдайда қауіпсіздік мәселесі туындауы мүмкін.
Осыған ұқсас сұрақ мектептегі орамалға да қатысты туындайды: ол қыз баланың білім алуына немесе мұғалімнің сабақ беруіне шынымен кедергі келтіре ме?
Әр мемлекет бұл мәселені түрлі жолмен шешеді. Жовтистің айтуынша, Қазақстан мектептердегі діни киімге қатысты ұстанымы жағынан қатаң тыйымдары бар Францияға жақын. Ал Англияда мұндай мәселелерге әлдеқайда еркін қарайды.
Мұны ата-аналардың таңдау мүмкіндігінен де байқауға болады. Англияда орамал тағуға рұқсат беретін мектеп табуға болады. Қазақстанда мемлекеттік мектептен жекеменшік оқу орнына ауысудың өзі мәселені шешпейді, өйткені тыйым қазір барлық мектепке ортақ.
Мектеп формасының үлгісі көңілінен шықпаған ата-ана басқа оқу орнын таңдай алады. Ал діни сеніміне байланысты орамал тағатын отбасыларда мұндай мүмкіндік жоқ.
Осыдан діни белгісіне қарай кемсіту мәселесі туындайды. Талап қағаз жүзінде бәріне бірдей болғанымен, іс жүзінде ол діни сеніміне сай орамал тағатын мұсылман қыздарына көбірек әсер етеді.
Жовтис зайырлы білім беру қағидатын да, баланың жеке құқықтарын да ескеретін ымыралы шешім іздеу қажет деп санайды.
«Бірден айтайын, әзірге бәрін қанағаттандыратын шешім жоқ. Отбасының ісіне араласу оңай емес, оның үстіне отбасы заңсыз ештеңе жасап отырған жоқ. Баланы білім алу құқығынан айыру да, орамалды діни нышан ретінде қабылдайтын адамның дін ұстану бостандығын шектеу де дұрыс емес», – дейді құқық қорғаушы.
Ортақ шешім табылмай тұрған кезде ата-аналар мәселені өз бетінше шешуге мәжбүр. Енді негізгі сұрақ қай мектепті таңдау керегінде ғана емес, баланың оқуын қалай жалғастырып, мектеп аттестатын қалай алатынында болып отыр.
Алғаш қарағанда, онлайн мектептер бұл мәселенің шешімі сияқты көрінуі мүмкін. Біз солардың бірінен орамал тағатын қыздың қашықтан білім алуына бола ма деп сұрадық.

Белгілі болғандай, онлайн сабақтарға орамалмен қатысуға рұқсат етіледі. Бірақ мектепке жеке барып оқу қажет болғанда, соның ішінде бітіру емтихандарында, орамалды шешуге тура келеді. Демек, қашықтан оқу да мәселені толық шеше алмайды.
Алматыдағы жекеменшік мектептің директоры да онлайн мектептерде, соның ішінде шетелдік оқу орындарында білім алу жолдардың бірі болуы мүмкін деп есептейді. Алайда оның айтуынша, бұл жағдайда да емтихан тапсыру мен аттестат алу қиындық туғызуы ықтимал.
«Егер отбасы Қазақстанда қалғысы келсе, басқа елдегі онлайн мектепті тауып, сол елдің бағдарламасымен оқуға мәжбүр болуы мүмкін. Әрине, балаға үйде жеке мұғалім жалдап, қосымша сабақ беруге болады. Бірақ ол бәрібір мектепті аяқтап, аттестат алуы керек. Тек репетитор жалдаумен бұл мәселе шешілмейді», – дейді директор.
Осылайша, отбасылар құқықтық тығырыққа тіреліп отыр. Ал мұның зардабын, ең алдымен, ата-ана мен мемлекет арасындағы келіспеушіліктің ортасында қалған қыз балалар тартады.
Зайырлы білім беру қағидаты мен балалардың қауіпсіздігі маңызды екені даусыз. Бірақ бастағы орамал баланы қауіп-қатер көзіне айналдырмайды. Сол сияқты діни дәстүрді ұстану да радикалды көзқарасты қолдау деген сөз емес. Бұл екі мәселені бір-бірімен шатастыруға болмайды.
Мемлекет әзірге тыйым салумен шектеліп отыр. Алайда бұл мәселені шешпейді, тек мектеп қабырғасынан тысқары ысырады. Соның салдарынан ата-аналар басқа жол іздеуге немесе елден кетуге мәжбүр.
Ал білім алу әр баланың ажырамас құқығы саналатын мемлекет үшін мұны шешім деу қиын.