×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Жаңаөзен мұнайшыларының наразылығы: Кәсіби заңгер оқиғаларға құқықтық баға берді

13.04.2023, 16:43
Жаңаөзен мұнайшыларының наразылығы: Кәсіби заңгер оқиғаларға құқықтық баға берді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жаңаөзен мұнайшыларының Астанадағы наразылығы елде үлкен қоғамдық резонанс туғызды. Қазір жағдай тынышталып, Астанаға арнайы келген жүзден астам мұнайшының он өкілі ҚазМұнайГаз компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр.

Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте кәсіби заңгер Әлібек Алмабаевты сөзге тартып, болған оқиғаларға құқықтық баға беруді өтінді.

«Олар Астанаға келіп, алаңға шыққан жоқ. Ақордаға барған жоқ»

Заңгер алдымен мұнайшылардың мәселесін жергілікті билік шеше алмағанына назар аударады. Жаңаөзендіктердің еңбек құқығын даулау мақсатында Астанаға келуін мәжбүрлі шара деп есептейді.

«Олар Астанаға келіп, алаңға шыққан жоқ. Ақордаға барған жоқ. Еңбек министрлігінің де алдына бармады. Өздерінің мәселесін реттейтін министрлікке барды. Олар диалогқа келіп, жан айқайын жеткізгісі келді. Азаматтық кодекстің екінші бабында «барлық адамдар өзінің қандай дауы болмасын, шешу механизмін заң аясында таңдап алуға ерікті» деп жазылған. Жаңаөзендіктер Астанаға келіп, өз ведомствосына барып тұр. Яғни бұл – заң аясындағы әрекет», - дейді ол.

Әлібек Алмабаевтың айтуынша, жаңаөзендіктердің Астанадағы наразылығын митинг деп қарастыруға келмейді. Сөзінше, «бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңының» 1-бабы 8 бөлігінде митингтің не екені анық жазылған. Заңгердің есептеуінше, жаңаөзендіктер Әкімшілік кодекстің 488-бабын бұзды деп санау – қателік.

«Митинг дегеніміз не? Яғни плакаттарды алып, белгілі бір жерге барып талап қою – митинг. Ал жаңаөзендіктердің қолында плакаттар болды ма, жер тепкіледі ме – біреуі де жоқ. Олар өтінішпен келді. Өтініш пен талаптың айырмашылығын ажырата білуіміз керек», - дейді заңгер.

Әлібек Алмабаевтың сөзінде министр оларды қабылдап, бір жерге отырып, шешім қабылдаса, арты дауға айналмас еді. «Яғни сол министрлікте отырған шенеуніктердің өздері осындайды қалады деуге болады, өйткені олар шешпеді, мүмкіндігі, құқығы болды» деп есептейді заңгер.

«Оларды күштеп, тиеп әкетуге ешқандай негіз болмаған»

Әлібек Алмабаев жаңаөзендіктердің сол жерде тұрғанынан кімге нұқсан келді деген сұрақ ойландыруы тиіс дейді. Сол министрлікке келген адамның жаңаөзендіктерге шағымы бар ма? «Министрлікке кіре алмадым немесе шыға алмадым» деген біреу бар ма? Ол сонымен қатар, Есіл ауданына сол күні бірде-бір адамнан ондай шағым болмағанына назар аударады.

«Яғни ол нені білдіреді? Әкімшілік құқықбұзушылықтың болмағанын білдіреді. Яғни оларды күштеп, тиеп әкетуге ешқандай негіз болмаған», - дейді ол.

Мұнайшылар ұсталған күні кешке заңгердің өзі де Алматы аудандық полиция басқармасына барған

Жаңаөзендіктер «тыңдайтын мемлекет бар» деп министрге келіп тұр

Заңгер сонымен қатар ҚР мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына назар аударады. Президенттің бұл жарлығы 2021 жылы шыққан. Құжатқа сәйкес, «тыңдайтын мемлекет» деген тұжырымдама қабылданған. Соның 4,1 тармағында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары белгіленген.

«Яғни жаңағы адамдар «тыңдайтын мемлекет бар» деп министрге келіп тұр. Келгендер – ылғи қарапайым жұмысшылар. Ішінде заңгерлер жоқ. Бірақ олардың әрекеттері заң аясында болды», - дейді ол.

«Қара киінген кімдер?»

Әлібек Алмабаевтың айтуынша, мұнайшыларға Әкімшілік кодекстің 667 бабындағы құқықбұзушылықтар да ілініп отырғанына назар аударады (құқық қорғау органдарына қарсылық білдіру).

«Біз әлеуметтік желіде тараған ақпараттарды көріп отырмыз: автобуспен келеді де оларды жұлқылай бастайды. Оларға «ешкім келіп отырыңыздар, ақылдасайық» демейді. «Әрекеттерің заңсыз» дегенді естиміз. Алайда заңсыздықтың құрамы жоқ.

Келеді де жұлқылай бастайды. Жұлқылау барысында біреу қызметкерді боқтап, тепкілеп жатыр ма – жоқ, тек білектерін қосып, өздерін-өздері қорғап тұр. Бір қызығы, жаңағы қап-қара киінген өрмекші секілді адамдардың бір белгілері жоқ. Қандай құзырлы органдардан келіп тұр? Кімдер бұлар? Мүмкін ол «Вагнердің» (Украинада соғысып жүрген Ресейдің жеке әскери компаниясы – авт.) әскері шығар. Біз қайдан білеміз? Кез келген құрылымның белгісі болуы керек. Омон ба, сақшы ма білмейміз. Неге мен жұлқылағанына ене кетуім керек? Жаңаөзеннің азаматтары Қаңтар оқиғасы болып кетпесін деп, келісіп, көлікке өздері барып отырды. Қарсылық жоқ. Ендеге, 667 баптың құрамы қайда? Қалай оны біз бұл жігіттерге іліп отырмыз?» - деп сұрайды заңгер.

Жүзден астам мұнайшының бас бостандығы заңсыз шектелді

«Жүзден астам адамның заңсыз бас бостандығы шектелді, құқығы бұзылды» дейді Әлібек Алмабаев. Сөзінше, олардың үш сағаттан артық қамауда отыруы заңсыз.

«Қоршалған күйі пойыздың үш вагонына тиеліп, еліне қайтарылды. Оларға ешкім жақындай алмады. Бұл – барып тұрған бас бостандығын шектеу. Бұл – қылмыс. Егер бір адам ғана істесе, болар еді. Оны бір емес, бірнеше адам лауазымды қызметтерін пайдалана отырып, істеді. Яғни бұл – ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз әрекеттері. Тиісті органдар тиісті шара қабылдауы керек. Мен тек фактілерді келтіріп отырмын», - дейді заңгер.

Заңгердің өзі әріптестерімен бірге мұнайшылар ұсталған күні Алматы аудандық полиция басқармасына барған. Оларға сол басқарма бастығының орынбасары – полиция подполковнигі Жанәбіл Еркін келіп, алдымен «сіздерді кіргіземіз» деп уәде беріп, кейін хабарсыз кеткен.

«Біз тіпті кезекшіні шақыра алмадық. Заңда кез келген адам арыз берем десе, оған арнайы маман, лауазымды адам шығып, арыз қабылдауға міндетті. Қабылдау-қабылдамау деген құқығы жоқ. Бірақ сол міндет орындалмады. Оның орындалмағаны – құқықбұзушылықтың болғанын көрсетеді», - дейді ол.