×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Мемлекет миллиондарды кімге тапсырды немесе «республика әкімдері» қалаларды қалай басқарып отыр

24.08.2023, 11:02
Мемлекет миллиондарды кімге тапсырды немесе «республика әкімдері» қалаларды қалай басқарып отыр
Коллаж: ulysmedia.kz.

«Сіздің мен жайлы ойыңыздың бәлкім, маңызы бар шығар, бірақ мені мемлекет басшысы тағайындады, шешімді де сол кісі қабылдайды». Досаев отставкасын талап еткен алматылықтарға осылай жауап берді. Ulysmedia.kz тілшісі бұл мақалада әкімдер не себепті өзіне сеніп тапсырылған аймақтағы халықпен диалог орнатқысы келмейтінін, өз абыройын бірінші орынға қоймайтынын, олар қабылдаған шешім көп жағдайда халықтың мүддесімен тоғыса бермейтінін анықтап көрді. Өз әкесінің ұлы, долларлы миллионер және «Назарбаевтың аспазы» - Астана, Алматы мен Шымкенттің әкімі жайлы не білеміз?

«Қателікті түзеуге» келген әкім

Жақында көшелерін су басқан Астана кезекті рет Венеция болып шыға келді. Жазда жаңбыр суына шомылып, қыста қардан тапырақтап қалатын Астананың мәселелері мұнымен шектелмейді. Ел аузында, әлеуметтік желіде жиі жазылатын осы проблемалар түбі президент Тоқаевтың да құлағына жетсе керек – ол әкім Жеңіс Қасымбекке қалаға көрік беріп, елорда мәртебесіне сай болуы үшін бір жыл уақыт берді.

Елорданы дамыту үшін арнайы өткізілген шілде отырысынан кейін әкімге өзін көрсете алатын мүмкіндік, ал мемлекет басшысында нәтиже болмаса оны қызметінен босататындай себеп пайда болды. Қасымбек бұған дейін Қарағанды облысының шахтасындағы ірі апат, әртүрлі ведомстволардағы дау-дамай кезінде де мұндай тар шеңберде болған емес.

Билікте ол қандай жолды басып өтті

48 жастағы Жеңіс Қасымбек – бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесінде бастық болып 23 жыл қызмет атқарған Махмұт Қасымбектің ұлы. Жеңіс Қасымбектің саяси карьерасы әкесі үлкен қызметке тағайындалған соң екі жылдан кейін бірден өсе бастады. Десе де ол қызмет еткен ведомстовларда ірілі-ұсақты дау-дамайлар болып жататын.

Мәселен, 2018 жылы Sanofi фармацевтика компаниясы аяқ астынан тендерді жеңіп, мемлекеттік келісімшарттарға отыру үшін Қазақстандағы шенеуніктерге пара бергенін мойындады. Ол тұста инвестицияларға жауапты министрлікті Қасымбек басқарған. Алайда ол айыптаудың бәрін жоққа шығарып, , француз компаниясының даулы мәлімдемесінен хабарсыз екені айтып құтылды.

Қазақстан үкіметі шетел компаниясының мүддесін қорғау үшін кім кімнен қанша ақша алғанын қазбалаған жоқ. Тіпті Жеңіс Қасымбектің қызметі өсіп, алдымен вице-премьер, артынша Қарағанды облысына әкім болып кетті. Ол жақта жаңа әкім бүкіл назарын Қарағанды-Балқаш тас жолының құрылысына, сондағы жауапсыз мердігерлерге бұрды.

Қарағанды гүлденді ме?

Қарағандыда Қасымбектің алдында шешілмеген көп мәселе бар еді: ағаштардың кесілуі, құрылыстағы бітпейтін жыр, мемлекет бағдарламасымен салынып жатқан үйлердің сапасы, дамымаған муниципиальды көлік. Шын мәнінде, осы мәселелерді Қасымбек өзінен кейінгі әкімге де қалдырып кетті. Десе де, Ақорданың баспасөз қызметі Қасымбектің тұсында аймақ экономикасына 522,2 млрд теңге тартылғанын, өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 3,1 трлн теңгеге жеткенін, 414,4 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілгенін хабарлады. Ал БАҚ әкімнің басқа жағына мән берді. Мәселен, Қасымбектің тұсында ірі қарағандылық үй салушы компания 2 млрд теңгенің жалған шот-фактурасына қол қойып, 245,6 млн теңге салықты жасырып қалғаны анықталды.

Жаңа қызметке келген тұста Қасымбек елорда халқының жақсы өмірін қамтамасыз етуден бастап, үлескерлік құрылыс саласына дейін проблемаларды есептегенде, көптеген мәселе барын бірден мәлімдеді.

Астананың оған дейінгі әкімі Алтай Көлгіновті елордалықтар күрелмейтін қар, су басқан көшелер мен салынып бітпеген ЖЭО-3, суалған кіші Талдыкөлдің, қат-қабат әрі орынсыз тұрғын үй кешені, су мен жылудың аздығы үшін сынайтын. Бұл мәселенің бәрі де әлі күнге дейін шешілген жоқ.

Құрғамаған проблема

Әкім үкімет отырысында елордада су жетіспеушілігінің жоқтығын айтқаны сол еді, Астана ертеңінде-ақ Венецияға айналып шыға келді. Қасымбек маусымда осы проблема үшін тұрғындар көшені жауып тастағанын есіне алғысы келмеді. Қала басшысы ұзындығы 44 шақырым болатын сумен қамтудың жаңа жүйесін салуға уәде берді. Бекітілген жоспар кабминнің жазуынша, 2035 жылға дейін қажетті мөлшерді қамтамасыз етеді. Мұның өзі нені білдіретіні тағы түсініксіз.

Астана әкімі екінші жылу электр орталығы мен тағы екі газ-жылу станциясын салып, астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын әзірлеп, реновация мен бірыңғай көгалдандыру тұжырымын бекіткелі отыр.

Алғашқы мамандығы сәулетші-дизайнер, оған қоса Қазақстандағы көлік кешендерін дамыту тақырыбында диссертация қорғаған, экономика ғылымдарының докторы атағы бар Жеңіс Қасымбектің алдына қойған мақсаттары шынында да кәсіби тұрғыда өзіне үлкен сын болайын деп тұр.

Қысқасы, егер ол алдына қойған мақсаттарын орындай алмаса да далада қалмайды. Қазақстандағы шенеуніктердің дәстүріне сәйкес, Қасымбектер отбасының әйелдер жағы табысты бизнестің көркін қыздырып отыр.

Миллион доллары бар әкім

Отставкаға кетсе де келешегі жарқын әкімдердің қатарына Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты да жатқызуға болады. 52 жастағы әкім бизнеспен табысты түрде жұмыс істеп, 110 млн доллар жинап, 2014 жылы ең бай 20 адамның бірі болып Forbes тізіміне де кірген. 1998 жылдан бері Досаев мемлекетке қызмет етеді. Соған қарамастан ол Lancaster Holding компаниясының 25%, Қазинвестбанктің 10% үлесіне ие. Оның зайыбы Гүлнар да бизнеспен айналысады. «G and G Гламур» компаниясы мен «РТС ДЕКО» АҚ 15% сол иелік етеді.

Ерболат Досаев мегаполисті басқарып келе жатқанына бір жарым жыл болды. Осы уақыт ішінде аудан әкімдіктеріне бюджетті өз бетінше басқаруға өкілеттік беру, тұрғын үй кешенінің орнына Гагарин көшесінде емхана, Бостандық ауданында мектеп салу, қалалық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға кірісу туралы әкімнің уәдесін оң шешімдер деп атауға болар. Досаевтың тұсында Алматы қаласын дамыту бағдарламасы қабылданып, жер аукциондарын өткізу, троллейбус сатып алу, LRT іске қосу, ағаштарды қорғау жоспары пайда болды.

Құрылыс жағындағы проблемалар

Құрылысшылардың коммерциялық мүддесін қанағаттандыру үшін, сонымен қатар қала тұрғындарының мүддесіне нұқсан келетін жаңа тұрғын аудандарды жаппай салу – Алматыда бұрыннан келе жатқан мәселе. Биыл сәуірде әкімдік мұндай құрылыстарды тоқтату мақсатында жаңа бас жоспарды қабылдады. Қала билігі құрылыс заңнамасына түзету енгізу туралы бастама көтерді – егер ол қабылданса, қала орталығында құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады, қала құрылысы құжаттамасына түзетулер енгізуге мораторий және адамдардың өміріне қауіп төнген жағдайда құрылысты тоқтату мүмкіндігі енгізіледі.

Айта кетерлігі, 2021 жылы Алматы әкімдігі қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысы ережелерін қабылдаған болатын. Биліктегілер солайша құрылыс нысандары бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіп, бас жоспардың сақталуын бақылауды жоспарлаған.

Десе де, былтыр тұрғындар көпқабатты үйлердің құрылысына қарсы тұрғындар бірнеше рет акция өткізіп үлгерді. Мәселен, бес ірі тұрғын үй кешенінің тұрғындары ағаштарды кесіп, оның орнына кезекті биік қабатты үй салуға қарсы шыққан. Ал 2019 жылдан бері «Терра» тұрғын үй кешенін кеңейтуге қарсы болған Короленко көшесіндегі үйлердің тұрғындарының наразылығы қайғылы аяқталды. Былтыр жазда олар көшені жауып, Бостандық ауданының әкімі мен қала әкімімен кездесуді талап еткен. Жүргізушілердің бірі жабылған жолдың бойымен өтіп кетпек еді, жанжал туындап, ақыры ер адамның бірі жарақат алып, қайтыс болды.

«Отставкаға кетіңіз!»

Осы жайттар, сондай-ақ жарықсыз көшелер, негізсіз ауыстырыла беретін бордюрлер мен тротуар тақталары, Алматының орталық көшелерінде ойластырылмаған жаһандық жөндеуге байланысты кептеліс, белсенділердің ұсталуы, тұрғындардың өтініштеріне әкімнің ұстамдылық танытпауы сияқты бұрыннан келе жатқан мәселелер – қала тұрғындарының Ерболат Досаевқа деген сыны еселеніп жатыр.

Жұрт алдында орынсыз сөйлеу де Алматы әкімінің әдетіне айналған. Баспасөз мәслихаттары мен кездесулерде бетпақтық танытатын кездері бар. Күрделі жағдайда қалған алматылыққа ол былай деген:

«Сіз бұл компанияға менсіз кірдіңіз, мен сізді қабылдамаймын», - деді Досаев қиналып тұрған әйелдің ашуына тиіп.

Әкімнің осындай бетпақтығы, қаланың таусылмайтын проблемасы, бітпейтін реновация үшін «жемқорлығы бар-ау» деген күдік, мәңгілік кептеліс – Досаевтың отставкасын талап еткендерді петиция жазуға итермеледі. Алайда петицияға Досаев пысқырған жоқ.

«Маған әкім ретінде сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Бірақ мені бұл қызметке мемлекет басшысы тағайындады, шешім қабылдайтын да сол», - деді Досаев.

Досаевты біреу күштеп әкім қылғанға ұқсайды дейді сарапшылар. Олардың есептеуінше, мемлекеттік қызметкердің дәл осылай жауап беруі ел тұрғындары алдында есеп бермейтінінде.

Досаев мемлекеттік қызметте жүргенде бір емес бірнеше рет қаланы басқаруды жалғастыра ма, жоқ па деген шешімді уақыты келгенде дербес қабылдайтын болар!? 2006 жылдың жазында Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Досаев Шымкентте қан құю кезінде балаларға ВИЧ індетін жұққандықтан отставкаға кеткен болатын. 2016 жылы да Ұлттық экономика министрі кезінде Досаев жер митингілеріне байланысты қызметінен кеткен.

Әзірге Алматы әкімі Ерболат Досаев алматылықтарды сыны оның өміріне еш әсер етпейтінін анық білдіріп отыр. Оны саяси карьерасында ВИЧ жұқтыру жағдайы екінші рет тіркеліп отыр.

«Мені ешкім жақсы көрмей-ақ қойсын», - дейді әкім.

Дау-дамайға іліге беретін әкім

Ерболат Досаевтың әкімдердің үстінен түскен арыздар ештеңе шешпейді деген сенімін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің жағдайы да дәлелдей түседі. Шымкенттіктер Қазақстандағы үшінші республикалық маңызы бар қала әкімін қаңтар оқиғасы кезінде қорқып кетті деп айыптап, қызметінен кетуді талап еткен. Үндеу авторларының айтуынша, Әйтенов сол тұста қала тұрғындарының алдын баруға батылы жетпей, өз орынбасарын орталық алаңға жіберген.

Қоғамның әкімге таққан бұл айыбы оның беделіне де, одан кейінгі қызметіне де еш әсер еткен жоқ. Әкім былқ етпеді. Ол аз десеңіз, Шымкенттің 20 тұрғыны қаза тапқан жерге әкімдік былтыр желтоқсан айында шырша орнатып қойды. Бұл жайт алаңға жиналған марқұмдардың туыстарының наразылығын туғызып, олар шыршаны алып тастауды талап етті. Бірақ әкім қала тұрғындарының бұл талабын елемеді.

41 жастағы Мұрат Әйтенов мансабын Нұрсұлтан Назарбаевтың кезінде бастаған. Ол президент іс басқару қызметінде орынбасар болып жұмыс істеді, оны «президент аспазы» деп те атайды. 2019 жылы билік ауысқан кезде Әйтенов Қазақстандағы үшінші мегаполис әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Жаңа жерде бір ай жұмыс істегеннан кейін Ақорда оған қала басшылығын толығымен сеніп тапсырды.

Арада үш жыл өткеннен кейін Шымкент тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыс саны бойынша антирейтинг көшін бастады. Антикор білім саласында 300 құқық бұзушылық пен 200 тәртіп бұзушы барын хабарлады. Былтыр пара алып жатқан жерінде ұсталған 90-нан астам мемлекеттік қызметкердің бір бөлігі – шымкенттік шенеуніктер.

Әйтсе де Әкім Әйтенов қаладағы жемқорлық фактілерін жоққа шығарады.

«Біреулер осыны бренд қылып жіберіпті, шын мәнінде Шымкент жемқорлығы жоқ қала», - дейді әкім.

Әкім солай десе де биыл көктемде ғана әкімдіктің бас маманы мен Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары бөлімінің басшысына сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген айып тағылды. Біріншісі – 60 миллион теңге алды, екіншісі – қарамағындағылардан 200-ден 800 мың теңгеге дейін бопсалады, оған кәсіпкер мемлекет мұқтажы үшін жер телімін алып қою кезінде жедел транш үшін 5 миллион теңге төледі деген күдікке ілінген.

Шілдеде ҰҚК Әйтеновтің орынбасарын ұстады. Әйтеновтің кезінде келген Мақсұт Исахов та жемқорлыққа барды деген күдікке ілінген.

Вируспен сынау

Мұрат Әйтеновтің өзіне коронавирус індетімен күрес нағыз сынаққа айналды. 2020 жылдың мамыр айында көшелерді дезинфекциялап, қала тәртібіне жауапты 100-ге жуық адам әкімдік алдына жиналып, еңбегінің ақысын талап етті. Әкім олқылықты мойындап, халыққа ақша бере бастағанын баспасөзге айтты. Әйтенов қиын жағдайға тоқталып, кінәлілерді жазалауға уәде берді.

Бір жылдан кейін індет шарпыған шағында Шымкент әкімдігі Наурыз мерекесін тойлауға 595 миллион теңге бөлді. Бұқаралық ақпарат құралдары қалалық мәдениет бөлімінің мәдени шаралар өткізуге рұқсаты жоқ компаниялармен келісімшартқа отырғанын хабарлады.

Ол тұста Әйтенов мемлекеттік сатып алу сайтында қателік орын алғанын және шын мәнінде Наурыз мерекесіне 213 миллион теңге бөлінген деп түсіндірді. Ақыры, іс сотта аяқталып, Мәдениет үйінің қызметкерлері мен кәсіпкер өздеріне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырып, ірі көлемде пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды.

Наурыз мейрамына байланысты дау-дамай басылмай жатып, Шымкент билігі жаңа дауға ілікті. Жаһандық флешмобтан кейін олардың Абай мен Тұрар Рысқұлов ескерткіштеріне медициналық бетперде тағу идеясы интернетте үлкен сынға ұшырады. Ішкі саясат басқармасы қазақстандықтарға бұл акция ұнамағанын мойындады.

Жер мәселері мен бюджетке түспей қалған сома

Желіде, сонымен қатар, олар дендропарк жерін иеліктен шығару ықтималдығы да қызу талқыланды. Бұған Қазақстандағы жер мәселесі бойынша танымал заңгер Бақытжан Базарбек назар аударды. Заңгер дендропаркке іргелес жатқан 46 жер учаскесінің шекарасының контуры Асанай Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық паркі мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны шекарасының контурымен өте сәйкес келетінін айтты.

Базарбек қала билігі ерекше қорғалатын аумақтарды жеке меншікке беру үшін дендросаябақтың ұйымдық-құқықтық мәртебесін өзгертті деп күдіктенді. Оның айтуынша, саябақтың аумағы 150 гектардан 117 гектарға қысқартылған. Бұл ақпаратты Шымкент қаласының әкімдігі жоққа шығарды. Қала билігі дендросаябақтың құрылыс басқармасының балансына өтуін веложол салумен байланыстырды, содан кейін жер қайтарылды.

«Әйтенов келгелі дендропарктің бірде-бір бөлігі сатылған емес, сатылмайды да», - деді ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова.

Бірақ бұл адвокат әрі депутат Бақытжан Базарбектің Шымкент әкімдігінің қызметіне қатысты жүргізген жалғыз тергеуі емес. 2022 жылдың күзінде маман Шымкент ӘКК бұрынғы ипподромының жер телімі тұрғын үй кешенін салуға берілгенін хабарлады.

Мемлекеттік алымдардың қала бюджетіне түспеу жағдайлары да бар. 2021 жылы көлік иелерінің 148 VIP нөмірге ие болғысы келгені үшін 44 миллион теңге түскен. Сондай-ақ, бюджетке автокөлікті алғашқы тіркеуге 123,2 миллион теңге, шетелдік жұмыс күшін тартуға 155,1 миллион теңге салық түспеген. «Жалпы сома 320 млн теңге» деп атап өтті ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.

2022 жылы «әдемі» нөмірлерге қатысты жағдай тағы қайталанды. Бұл жолы бюджетке 25 миллион теңге жетпей қалды. Мұрат Айтенов қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Ақшаны кім жымқырғанын әкім айтқан жоқ.

Малышевада емделгем жоқ

Әкім мен қала тұрғындарының коммуникация деңгейін медициналық орталықтарға қатысты екі жағдай дәлелдейді. Біріншісінде әкімдік аурухана салу үшін Қызылжар шағын ауданындағы стадионның жер телімін берді. Жергілікті тұрғындар ол жердегі спорт алаңы тұр деген ұстанымды әлдеқашан қорғап келеді, олардың айтуынша, мұнда балалар ойнайды, ересектер 60 жыл бойы спортпен айналысады. Мұрат Айсенов бұл ақпаратты ішінара растады.

«Біріншіден, бұл стадион емес. Бірк ездері аудан тұрғындары қалаға енгенше осы жерде жиналып, спортпен айналысқан», - деді әкім.

Екінші жағдай – биыл маусым айында Шымкентте ресейлік тележүргізуші Елена Малышеваның медициналық орталығының ашылуына қатысты оқиға. Аурухананың жарнамалық баннерде тек орыс тілін ғана қолданғаны қала тұрғындарына ұнамаған. Сонымен қатар, теледәрiгердiң беделi, саяси ұстанымы мен емдеу тәсiлдерiне қатысты сұрақтар туындады.

Мұрат Әйтенов Малышеваның емдеу әдістерімен таныс еместігін, оның беделінен бейхабар екенін айтты. Ол қаланың барлығына ашық екенін және барлығымен достық қарым-қатынаста жұмыс істейтінін баса айтты.

Тағдырын қала тұрғындары шешпейді

2023 жылдың көктемінде Жоғарғы сот алдында пикет өткізген өзінің бұрынғы келінінің оқиғасын Мұрат Әйтенов түсіндірмесіз қалдырды. Әкімнің бауырының үш баласының анасы бұрынғы күйеуі зорлық көрсететінін, сот оны үш баласымен пәтерден шығарғанын, алиментсіз қалғанын айтып шағымданды. Әйел әкімнің бауырына сөзі өтпегенін айтты. Дана Әтешова болса әкім өз туыстарына көмектесе алмаса, халықтың тағдырын қалай шешеді деп жазды.

Шымкент әкімінің отставкаға кету ықтималдығы жөнінде былтыр жазда айтыла астаған. Алайда Әйтенов мұның бәрін тек сыбыс дейді.

«Шешімді мемлекет басшысы қабылдайды. Егер ол сондай шешім қабылдаса, әлбетте бағынамыз. Білмеймін, жай ғана сыбыс болар», - деді Мұрат Әйтенов.

Ulysmedia.kz әкімдер жайлы мақалалар легін алда да оқырман назарына ұсынады.