×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Жерімді тартып алды»: Форумда шу көтерген әйел премьер-министрмен кездесті

16.11.2023, 12:24
Коллаж: ulysmedia.kz.

Астанада «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумы өтіп жатыр. Жиынға шетелдік меймандар, отандық кәсіпкерлер мен үкімет мүшелері шақырылған. Үкімет мүшелерін Әлихан Смайылов бастап келді. Форумда құжаттарға қол қойылғаннан кейін Әлихан Смайылов Конгрес-орталықтың дәлізіне шыққан. Осы кезде артынан бір әйел жүгіріп, премьер-министрмен кездесуге асықты.

Үлкен залдан үкімет басшысы шыққанда журналистерді дәлізге өткізбеді. Кесе-көлденең тұрған күзетшілер тіпті премьер-министрдің әлгі әйелмен әңгімесін алыстан түсіруге тыйым салмақ болды.

Премьер-министр форумнан кетіп қалғаннан кейін Ulysmedia тілшісі үкімет басшысымен кездескен әйелді сөзге тартты. Ол – Қарағанды облысынан келген кәсіпкер Оксана Ротэрмель екен.

«Менің ауыл шаруашылығы мақсатындағы 8 мың га жерім бар. Қазіргі таңда факт тұрғысынан ол жер біздікі болғанымен, бізден оны түннің бір уағында тартып алды. Қарағанды облысының Осакаровкасында болған оқиға. Түннің бір уағында ЖШС-ны жойып тастаған. Күні бүгінге дейін соттың бәрін жеңіп келсек те, жерімізді қайтара алмай отырмыз. Жоғарғы сотта 25 мамырда жеңгенбіз. Ойлаңызшы, түнгі 22.30-да тіркеуімізді алып тастайды. Қандай Халыққа қызмет көрсету орталығы түнде жұмыс істейді? Жемқорлық анық көрініп тұр», - дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, әкімдік бәрі мәселесінен хабардар.

«Міне, сол үшін осында келіп, премьер-министрмен кездесуге тырыстым. Кездесіп, бәрін айтып бердім. Заңды тұрғыда жер басқа кәсіпкерге беріліп кеткен. Жоғарғы сот оның әрекетін заңсыз деп таныған. 25 мамырдан бері қарашаға дейін Қарағандының ХҚО-сы Жоғарғы соттың қаулысын орныдамай отыр. Нонсенс емес пе!?» - дейді ол.

Оксана Ротэрмель бұған дейін де осы мәселе бойынша БАҚ-қа бірнеше рет сұхбат берген. Биыл наурыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып шыққан соң ғимаратқа бірнеше өңірден келген, шағымы бар азаматтар келіп кірген еді. Мәжіліс ғимаратының есігі алдында олар айқаймен бұқаралық ақпарат құралдарының назарын өзіне аударған. Оксана Ротэрмель сол кезде де БАҚ-қа өз мәселеін жеткізген еді.

Серіктес жаңалықтары