Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев диқаншылардың шығынға ұшырағанын, бұл ретте Алматы, Жетісу облыстарындағы жүгері өсірушілердің мәселесі шаш-етектен екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жайсыз жыл
Сенаттың жалпы отырысында депутат 2023 жыл еліміздегі диқаншылар үшін күрделі жыл болғанын жеткізді. Жауын-шашынның жаумауы, су тапшылығы, ауыл шаруашылығы нарығындағы өнім бағасының төмендеп кетуі және басқа да себептер көптеген шығындарға әкеп соққанын айтты.
Біз жақында ауылдарды аралап, тұрғындармен және шаруалармен кездестік. Кездесуде шаруалар алған өнімдерінің өтпей отырғанын, сақтау орындарының тапшылығын, азық-түлік бағасының өсуін тілге тиек етті. Біз Алматы және Жетісу облысындағы жүгері өсірушілердің мәселесіне назар аударғымыз келеді. Жүгері – азық-түлік, жем-шөп және техникалық мақсатта пайдаланылатын маңызды дақылдардың бірі. Жетісу мен Алматы облыстары жүгеріні 700 жылдан астам уақыт бойы өсіріп келеді. Қазақстанда ғана емес, көршілес елдер арасында негізгі өндірушілердің біріне айналды, – деді сенатор.
Сақтайтын орын жоқ
Десе де сенатор былтырғы қолайсыз ауа райының салдарынан егіс алқабында жүздеген гектар өнім жиналмай қалғанын атап өтті.
Сақтау орындарының жоқтығы немесе оны ұсынып отырғандардың бағаларының көтеріңкі болуы, жүгері өнімдерінің ашық аспан астында қалуы, нарықтағы бағаның төмендігі, өнімдерінің өтпеуіне әкелуде, – деді депутат.
Шұғыл шара қажет
Сенатор ауыл шаруашылығы өндірушілерін шығындардан құтқару үшін іс-шара жоспарын шұғыл енгізуді сұрады.