×
444.14
477.05
4.85
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.14
477.05
4.85

Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен құттықтады

11.03.2024, 08:36
ҚМДБ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Рамазан айының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Қымбатты отандастар! Сіздерді Рамазан айының басталуымен құттықтаймын! Халқымыз үшін Қасиетті оразаның мән-маңызы айрықша.   Бұл – қоғамда имандылық, адалдық, жанашырлық, мейірімділік сияқты мызғымас құндылықтарға барынша мән берілетін кезең. Бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл.  

Ораза айы рухани тазаруға, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға үндейді. Сол арқылы барша адамзаттың береке-бірлігі нығая түсуіне ықпал етеді.   Дін мен дәстүр сабақтастығын берік ұстанатын ел татулығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап, кез келген сын-қатерден сүрінбей өте алады. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін.   Ораза қабыл болсын!   Баршаңызға зор денсаулық, амандық, толайым табыс тілеймін! – делінген құттықтауда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, биыл Рамазан айы 30 күнге созылады. 11 наурыз алғашқы күні болса, 9 сәуір – соңғы күні

10 сәуірде ораза айты мерекесі басталады. Сәуірдің 5-сінен 6-сына қараған түні – Қадір түні. 

Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері Қазақстан бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

Ораза ниеті: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!

Кімге ораза тұтпауға рұқсат?

Алыс жолға шыққан жолаушыға, ораза ұстаса ауруы асқынып кететін науқасқа рамазан айында ораза тұтпаса болады. Бірақ кейін қазасын өтейді. Ораза көп зиян тигізбейтін жолаушыға ораза тұту абзал. Жолаушы еліне қайтса немесе науқас айықса, оразаларының қазасын тұтуға тиіс. 
Екіқабат әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің, балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза ұстамауына болады. Бірақ, кейін қазасын өтеу – парыз.

Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады. Олар Рамазаннан кейін ораза тұтпаған күндердің қазасын өтеуге тиіс.

Оразаны не бұзады?

  • Әдейі бір нәрсені ішіп-жеу;
  • темекі шегу, дәрі ішу;
  • аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. Бұл жайлы мына хадисте айтылған: "Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес".
  • әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейінгі аралықта, аузы берік кезінде жақындасу оразаны бұзады);
  • себепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұзады.

Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. Каффарат деп Рамазан айының оразасын себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай қатарынан күн салмай ораза ұстау, оған шамасы келмесе, алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады.

Намаз оқымайтын адамның ораза ұстауына бола ма?

Ораза – жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Ораза ұстаған кісіге "Оразаң қабыл болсын!" деп демеу беріп, мұсылманшылыққа даналықпен шақыру – саналы әрбір мұсылманның міндеті.
Ораза ұстау үшін намаз оқу міндетті шарт емес, сондықтан намаз оқымайтын адамның оразасы да қабыл болмайды деу – қате сенім.

Серіктес жаңалықтары