Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы елшілігіне барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Палата спикері Мәскеу облысында болған лаңкестік оқиғаға байланысты еліміздегі Ресей елшісіне көңіл айтты. Сондай-ақ көңіл айту кітабына жазба қалдырып, гүл шоғын қойды. Ол ондаған жазықсыз жанның өмірін қиған қайғылы оқиғаны қазақстандықтар ауыр күйзеліспен қабылдағанын атап өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды. Адамдыққа жат мұндай лаңкестік әрекетті мүлде ақтауға болмайды. Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Парламенті Сенаты депутаттарының және жеке өз атымнан көңіл айтамын. Бұл жағдай Ресей халқымен бірге біздің азаматтарымыздың да қабырғасын қайыстырды. Болған лаңкестікті біз ауыр күйзеліспен қабылдадық. Барлық зардап шеккендерге сабыр тілей отырып, олардың тезірек сауығып кетуіне тілектестігімізді білдіреміз, – деді Мәулен Әшімбаев көңіл айту кітабына қалдырған жазбасында.
Сондай-ақ Үкімет басшысы Олжас Бектенов те Астана қаласындағы Ресей Федерациясының елшілігіне барып, Мәскеудегі «Крокус Сити холл» ойын-сауық кешенінде жасалған лаңкестік әрекетке байланысты көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Бұған дейін Қазақстан Үкіметінің басшысы Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинге және қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдіретіні туралы телеграмма жолдаған болатын.