Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қазақстанның бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша негізгі сот отырысы басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жиын басында судья Айжан Құлбаева қатысушылардан БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы не қарсы емес екендіктерін сұрады. Қатысушылардың ешқайсысы журналистердің қатысуына наразылық білдірген жоқ.
Судья бұдан әрі БАҚ өкілдеріне заң бойынша алқабилердің суреті мен видеосын түсіруге тыйым салынғанын түсіндірді.
Алқабилерді фото және видеоға түсіруге тыйым салынады. Аталған талаптар орындалмаған жағдайда сот тиісті шараларды қабылдайды. Бұл БАҚ сот залынан шығарылып, оларға шара қолданылады, - деді судья.
Ол сондай-ақ сот орындаушыларына қазылар алқасын түсіріп алмау үшін журналистерді қадағалауды тапсырды.
Осыдан кейін ғана қазылар алқасына сот залына кіруге рұқсат етілді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилерді іріктеу өтті. Қазылар алқасына 12 адам таңдалды: 10 негізгі, 2 резерв.
Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптау), 99-бабының 5-тармағының 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру), 14-бабының 2-бөлігі (Аса ауыр қылмыстың қайталануы) бойынша айып тағылып жатыр.
Бұл іске Бишімбаевтан бөлек оның туысы - аумағында кісі өлтіру оқиғасы болған астаналық Гастроцентр директоры Бақытжан Байжанов қатысты.
Байжанов аса ауыр қылмысты жасырды (Қылмыстық кодекстің 432-бабы) және ауыр қылмыс туралы хабарламады (ҚК 434-бабы).