ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) Үкімет басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылы Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. ҮБК-нің келесі отырысын 2022 жылғы мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы өз сөзінде ТМД елдерінің ұлттық экономикаларының дәйекті түрде қалпына келуін және дағдарысқа қарсыдан пандемиядан кейінгі даму күн тәртібіне көшуін атап өтті. Осылайша, ХВҚ-ның соңғы болжамдарына сәйкес, ТМД-ның барлық экономикалары 2021-2022 жылдары өндірістің пандемияға дейінгі көлеміне жетеді. А.Мамин Достастық кеңістігіндегі сыртқы сауда көлемінің күшейіп келе жатқан қарқынының мысалы ретінде биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында ТМД шеңберіндегі Қазақстан тауар айналымының $20 млрд дейін 27%-ға өсуін атап өтті.
ТМД елдерінде баламалы көлік бағыттарына сұраныстың артқанын биылғы жылдың алғашқы 9 айында ҚХР – ЕО бағыты бойынша транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемінің шамамен 40%-ға өсіп, 600 мыңнан астам ЖФЭ жеткені дәлелдейді.
Премьер-Министр АӨК өнімдерін бірлесіп өндіру және оны сыртқы нарықтарға шығару жұмысын күшейтуді ұсынды. Трансшекаралық хабтар мен көтерме-тарату орталықтарына сүйене отырып, Бірыңғай тауар өткізу желісінің әлеуетін іске асыру аталған жұмыстың маңызды бағыты болуы тиіс, бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ТМД-ның барлық елдерінің экономикалық байланыстылығын арттыруға жол ашады.
ТМД аясындағы экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық және сабақтас құқық объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы келісім қабылданды.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің инновациялық ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары, 2022 жылы ТМД-да халық шығармашылығы мен мәдени мұра жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары, 2030 жылға дейінгі «1520 кеңістікте» теміржол көлігін стратегиялық дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Отырысқа Әзербайжан Премьер-Министрі Әли Идаят оғлы Асадов, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Қырғызстан Премьер-Министрі Ақылбек Жапаров, Молдова Премьер-Министрі Наталья Гаврилица, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Армения вице-премьер-министрі Мгер Григорян, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Чарымырат Пурчеков қатысты.