×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

«Асқынған қиялдың жемісі»: Nur Otan баспасөз хатшысы журналиске жауап берді

30.11.2021, 21:30
Фото: ашық дереккөзден

Nur Otan партиясының баспасөз хатшысы Тимур Базарбаев Orda.kz сайтындағы кезектен тыс съезді өткізуге дайындық мерзімін сынаған материалға қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сейсенбі күні Orda.kz сайты мен телеграм-арнасында тиісті БАҚ бас редакторының мақаласы жарияланып, онда автор партияны төраға өкілеттілігі берілетін съезге дайындық барысын созып жіберді деп кінәлады. Сонымен қатар, қалам иесі, партияның бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің пікірі тек Ulysmedia сайтында жарияланды деп айыптады.

Осыған байланысты партияның баспасөз хатшысы Тимур Базарбаев желідегі парақшасында жазба қалдырды.

«Соңғы күндері партияның баспасөз қызметіне «Nur Otan» съезінің өтетін күніне қатысты көптеген сауалдар келіп түсуде.
Өздеріңіз білетіндей, осыдан тура бір апта бұрын партиямыздың Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Nur Otan» Төрағасы өкілеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беру туралы шешімін мәлім етті. Осы орайда кезектен тыс Съезді өткізу күнін партия мен ел Басшылығы айқындайтынын айтқым келеді. Атқарушы орган ретінде Орталық аппарат, оның ішінде партия Төрағасының бірінші орынбасары партия Жарғысына сәйкес қойылған барлық міндеттің ұйымдастырушылық орындалуын қамтамасыз етеді», – деп жазды Базарбаев.

Ол бұл туралы Байбектің «Nur Otan» халықаралық партия форумы аясында «Интерфакс» ақпарат агенттігі журналисінің сұрағына берген жауабында айтқанын атап өтті.

«Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен телеграм арналарында әртүрлі теориялар, түрлі қауесеттер мен дақпырттар жарияланғанын ескере отырып, тағы да түсіндіріп өткім келеді. «Саяси интриганың болуы», «уақытты кешіктіруге деген ұмтылыс» және тағы басқа осындай сарындас мәлімдемелер асқынған қиялдың жемісі ғана. Мұндай оғаш түсініктің, мағыналардың бұрмалануының және қарапайым кәсіби этиканың болмауының айқын мысалы - Orda.kz сайтындағы Гүлнар Бажкенованың материалы, онда ол тіпті бастапқы дереккөзді білуге ерінген және «тағайындау» және «сайлау» сияқты терминдерді ажыратпайтын сияқты», – дейді партияның баспасөз хатшысы.

Партия аппаратының өкілі авторға «қараңғы бөлмеден жоқ қара мысықты іздемеу керектігін» кеңес етті.

Өз кезегінде Ulysmedia редакциясы әріптесімізге елдегі ақпараттық кеңістікті мұқият зерделеп отыруды ұсынады. Партия төрағасы бірінші орынбасарының пікірі Бажкенова жазғандай тек біздің сайтта ғана емес, «Интерфакс-Казахстан», «Россия сегодня» агенттіктерінде де жарық көрді.  Форумға барған аталмыш БАҚ тілшілері шараның аяқталғанын күтіп (екі сағаттан астам уақыт болып, 21:00 шамасында бітті), партияның бірінші орынбасарын съезд жайлы өзекті мәселеге қатысты жауап беруге уақыт табуға көндірді. Сондықтан ақпарат алуда тапқырлық пен төзімділік танытқан әріптестерге орынсыз соқтығу қисынсыз.

Серіктес жаңалықтары