ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев жақында ғана қайтыс болған Арон Атабекке қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Сенат кулуарында ІІМ өкіліне «Арон Атабекті неліктен кеш шығардыңыздар? Оның денсаулығы өте мүшкіл болды. Белсенділер оның өлім алдында ғана шығарылғанын айтып жатыр» деген сұрақ қойылды.
«Осы сұрақ көптен бері туындап жатыр. Арон Едігеев 2006 жылы 18 жылға сотталды. Адам өлтіргені, кепілгер ұстағаны үшін сотталды. 2019 жылдан бастап ол барлық медициналық қараудан бас тартты. Біздің өзіміздің мекемелерде жыл сайын профилактикалық тексеріс болады. Кейінгі кезде біз қарап отырдық: арықтай бастады. Содан кейін осы жылдың басынан бастап өзіміздегі ұлттық привитивті тетіктер арқылы, сырттан денсаулық саласының қызметкерлерді шақырып, ол кісіге түсініктеме жұмыстарын жүргіздік. «Денсаулығыңызды қараңыз» дедік. Аурушаң екені көрініп тұрған еді», - дейді Мейрам Аюбаев.
Оның айтуынша, қыркүйекте Арон Атабек медициналық тексеріске әрең келіскен.
«22 қыркүйекте Павлодар қаласының ауруханасына жатты. Сол кезде оның ауруларының бәрі анықталды. Содан кейін сол кісіні 1 қазанда Павлодар қалалық сотының шешімімен ары қарай жазасын өтеу мерзімі қысқартылып, босады», - деді ол.
ІІМ өкілі сонымен қатар Арон Атабек қанша жыл отырғанымен, түзету мекеме әкімшілігіне өзіне қысым жасалғаны туралы бірде-бір рет арыз жазбағанын мәлім етті. Ал «Арон Атабектің осындай жағдайда қайтыс болуына өздеріңізді жауапты санамайсыздар ма?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына Мейрам Аюбаев «Жоқ санамаймыз» деп жауап берді.