×
502.47
525.83
5.68
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
502.47
525.83
5.68

Тоқаев бүгін кімдерге қызмет беріп, кімдерді орнынан босатты

17.02.2025, 16:52
Тоқаев бүгін кімдерге қызмет беріп, кімдерді орнынан босатты
Ulysmedia коллажы

Ақпанның бүгінгі дүйсенбісінде біршама ауыс-түйіс болды. Ел күткендей екі облысқа әкім тағайындалып, Ақорданың ішінде де кадрлық өзгерістер орын алды. Бүгін кімдерге қызмет берлііп, кімдер орнынан босағанын қысқаша шолып шығайық.

БҰРЫНҒЫ МИНИСТР – ҰЛТТЫҚ БАНККЕ КЕТТІ

Ерұлан Жамаубаев Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Жамаубаевты ескі де жаңа Қазақстанның кадры десе де болады. Ол кезінде бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі болған. 2020-2022 жылдары қаржы министрі қызметіне ауысып, осы қызметті 2022-2024 жылдары премьер-министрінің орынбасары лауазымымен қоса атқарды. Былтыр мамырда президентінің кеңесшісі болып тағайындалды.

КАЛАЙЧИДИДІҢ ОРНЫНА ЕРҒАРИН КЕЛДІ

Мемлекет басшысының өкімімен Дәурен Ерғарин Президент әкімшілігінің құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалды. Бұл қызметті осы күнге дейін атқарған Алексей Калайчиди қызметімен қош айтысты. 

Дәурен Ерғарин 2023 жылдың қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы болып тағайындалып, бұл қызметті 2024 жылдың тамызына дейін атқарған. Бұған дейін ол Ақтөбе облыстық антикор басшысы болған.

ШЫҒЫСТАҒЫ ЖАҢА ӘКІМ

Нұрымбет Сақтағанов бұдан былай Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарады. Ол өткен аптаға дейін өңірді басқарған Ермек Көшербаевтың бірінші орынбасары болған. Еңбек жолы мұғалімдіктен басталады. Көпбалалы әке. Кезінде Семейде әкім болған. 2021 жылдың ақпан айынан 2022 жылдың маусым айына дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі лауазымында еңбек етті. 2022 жылдың 24 маусымынан бастап осы уақытқа дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болды. 2023 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.

ЖУРНАЛИСТ ӘКІМ БОЛДЫ

Шығыс Қазақстанға көршілес Абай облысын президентің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы қызметіндегі Берік Уәли басқаратын болды. Оның өзі сол өңірдің тумасы. 2019-2022 жылдары президентінің баспасөз хатшысы болып жұмыс істеді. 2022-2023 жылдары «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы болды. 2023 жылғы 12 қыркүйекте Ақордаға қызметке оралып, президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды.

ЖЕЛДІБАЙ ҚЫЗМЕТІНЕ ОРАЛДЫ

Берік Уәли атқарған қызметке Руслан Желдібай келді. Ол бұрын Тоқаевтың баспасөз хатшысы болған. Ол қызметті 2022 жылдың сәуір айынан 2023 жылдың қаңтар айына дейін атқарған. Бірақ бұл жолы ол осы қызметпен қатар президенттің кеңесшісі болады. 

ТАҒЫ КІМ

Мемлекет басшысының өкімімен Нұрдәулет Төлеев Президенті әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды. Бұл қызметке Ербол Адаев келді.