×
435.1
493.27
5.69
#қаңтар қақтығысы #мұнай #әкімге үш сұрақ #лот ашар #ауыс-түйіс #кибербуллинг #коронавирус #hi-tech
435.1
493.27
5.69

Шетелдік БАҚ Қазақстандағы қанды қақтығыс туралы не жазып жатыр

10.01.2022, 16:33
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда толқу өршіген тұста 5 қаңтар күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзін елдің Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деп жариялады. Сондай-ақ, Президент халыққа үндеуінде құқық қорғау органдары мен армияға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін атап өтті. Қазақстандағы жағдайды шетелдік БАҚ назардан тыс қалдырған жоқ. Журналистер Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінің аяқталуы туралы және Ресей мен АҚШ-тың елге ықпалы туралы жазып жатыр. Толық ақпаратты Ulysmedia.kz-тің шетел баспасөзіне шолуынан қараңыз.

The Wall Street Journal басылымының жаузынша, азаматтық толқулар Орталық Азиядағы мұнайға бай бұрынғы совет республикасын тұрақсыздандыру қаупін туғызып отыр. Толқу жанар-жағармай бағасының көтерілуінен басталғанымен, шерушілер Қазақстанның саяси жүйесі мен әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне де наразы.

Басылымның жазуынша, құқық қорғаушылар репрессия жасады деп мәлімдеме жасағанымен, билік айыптауларды жоққа шығарып отыр.

«Қазақстан Ресеймен одақтық және басқа да стратегиялық серіктестіктерде бірге. Тоқаев пен сахна артында саяси ықпалын жалғастырған Назарбаев мырза Ресей президенті Владимир Путиннің қолдауына ие болды», – деп жазды The Wall Street Journal .

Ал осыған жалғас пікір қозғаған CNN оқиғаны президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билігі үшін ең үлкен сынақ деп бағалады. Өйткені жанармай бағасының шарықтауынан басталған халық наразылығы мұнайға бай, бұрынғы кеңестік елдегі сыбайлас жемқорлыққа, өмір сүру деңгейіне, кедейлік пен жұмыссыздыққа байланысты үлкен наразылыққа ұласты.

Қазақстан солтүстігінде Ресеймен, шығысында Қытаймен шектесетін Орталық Азиядағы ең ірі экономикалық аймақ Қазақстан басшылығы тұрақтылығымен жиі мақтанатынын, сондай-ақ Ресеймен тығыз байланыста екенін атап өтті. Сонымен бірге президент Тоқаевтың Қаупісіздік Кеңесі төрағалығынан Назарбаевты алып тастауы да елдегі толқуды тоқтата алмағанын жазды.

CNN Қазақстандағы 2015 жылғы президент сайлауында «шынайы саяси бәсекелестік болмағанын» айта келе, Қазақстанда бұрын-соңды халықаралық бақылаушылар еркін және әділ баға берген сайлау болмаған деп түйеді.

Euronews елдегі жағдайды Қазақстан Кеңес Одағынан тәуелсіз болған 1991 жылдан бергі Орталық Азиядағы бұқаралық сипаттағы ең ірі наразылық болды деп сипаттады. Басылымның жазуынша, наразылыққа газ бағасының екі есеге қымбаттауы, сондай-ақ, кей өңірлердегі тұрмыстың нашарлығы мен 30 жыл бойы бір ғана партияның билеп келуі себеп болған. Сонымен қатар, Қазақстан экономикалық серіктес ретінде Ресей үшін маңызды екеніне тоқтала отырып, бұрынғы президенттің Ресей президенті Владимир Путинмен жақтас болғаннын алға тартты.

ВВС наразылық себебі ретінде Қазақстандық билеуші ​​элиталар арасындағы билік үшін таласпен байланыстыратын пікірлер көп айтылып жатқанын атады. Агенттік бұл оқиғаның неліктен маңызды екеніне тоқтала отырып, газ бағасынан басталған шерудің Үкіметке қарсы ірі толқуға айналғанын, осыдан соң Үкімет тарап, соңы қанды қуғынға ұласқанын хабарлады.

Агенттік толқуды басуға Ресей әскерлері кіргізілгені, қырғызстандық музыканттың террор ретінде ұсталуы сынды бірқатар елдегі жаңалықтар ретін баяндай келе, Президент кеңсесінің Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қатысты кадрлық өзгерістер себебін айтпай отырғанын да назарға алған.

Қазақстан жер көлемі бойынша бүкіл Батыс Еуропаны басып озатын әлемдегі теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекет. Биліктің репрессиялық қудалауына дейін, Қазақстан тұрақсыз аймақтағы саяси және экономикалық тұрақтылықтың орталығы болып келген еді, деп жазады The New York Times.

Financial Times cарапшыларды сөйлете отырып, кешегі толқуды кланаралық тартыс екенін әрі Назарбаевтың айналасындағылар газ, мұнай, банк сынды ірі стратегиялық маңызы бар ресурстарды ұстап отырғандықтан, Тоқаевтың олигархтармен келіссөз жүргізуіне тура келетіндігін атады. Сондай-ақ, Ресейдің ҰҚШҰ аясында бітімгер күштерін жіберуі бұрын-соңды болмағанын, Қырғызстандағы жағдайға, Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығысқа араласудан бас тартып келгенін жазды.

Десе де қазақстандық медиа мамандар шетелдік БАҚ тарапынан мәселеге бір жақты баға берілегенін айтып отыр. Осыған орайда бүгін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында Тоқаев бұл мәселеге сөз арасында арнайы тоқталып, әлемдік қауымдастықтар мен кей медианың бұрыс ақпарат таратып отырғанын сынға алды.

«ҰҚШҰ күшін енгізу заңдылығы мәселесі туындап жатқанын көріп отырмыз. Бұл ақпараттың жоқтығынан және жекелеген жағдаяттардағы жағдайды толық түсінбегендіктен, БАҚ-ты қоса алғанда, ҰҚШҰ-ның күшін қолдану, Қазақстандағы жағдайды дұрыс түсінбеу салдарынан болып отыр. Барлық ұсынылған фактілерге қарамастан, кейбір дереккөздер Қазақстандағы биліктің бейбіт демонстранттармен күресі туралы мәлімдейді. Бұл – мүлдем дұрыс емес ақпарат. Біз ешқашан бейбіт демонстранттарға қарсы қарулы күш қолданған емеспіз және қолданбаймыз. Мұны біле отырып, шабуыл ұйымдастырушылары Қазақстанға басқыншылықтың бірнеше толқынын ұйымдастырды. Бірінші кезеңде, айтқанымдай, бейбіт наразылықтар болды. Одан кейін Алматыда саяси митингілер өткізілді, содан кейін қалаға үш бағытта қарулы содырлар шабуыл жасады. Басында олар бейбіт демонстранттар ретінде беріліп, құқық қорғау күштерін, тіпті қала тұрғындарын адастырды. Осыдан кейін басталған «Алматы трагедиясы» тарихқа енуі мүмкін», – деді Тоқаев.