Дариға Назарбаева елдегі жағдайлардан соң өзі депутат саналатын Мәжіліс отырыстарына келмей жүр деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кеше Президент сөз сөйлегенде де шараға қатыспаған Елбасының үлкен қызы бүгінгі Мәжілістің жалпы отырысында да бой көрсетпеді. Парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметінің жеткізуінше, ол ауырып қалғанға ұқсайды.
«Тек Дариға Назарбаева ғана ауырып қалу себебінен отырыстарға қатыспай жүрген жоқ, 20-ға жуық депутат сырқаттанып жатыр», - дейді баспасөз қызметіндегілер.
Жалпы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлескені мәлімделгенмен, Қазақстандағы қантөгіске ұласқан ереуілдер кезінде және одан соң жұртшылық алдына шықпады. Оның кеңесшісі Айдос Үкібай Назарбаев Нұр-Сұлтанда, Президент Қасым-Жомартпен байланысты дегенді келтірді.