×
510.81
578.59
6.51
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
510.81
578.59
6.51

Ұлттық мүдде, Қытаймен қатынас және Путинмен әңгіме: Тоқаев Al Jazeera-ға берген сұхбатында не айтты

30.05.2025, 18:10
Ұлттық мүдде, Қытаймен қатынас және Путинмен әңгіме: Тоқаев Al Jazeera-ға берген сұхбатында не айтты
Видео кадры: Al Jazeera English

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Катардың Al Jazeera телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕФОРМАЛАР

Басылымға сұхбат берген Тоқаевтың айтуынша, «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы іске қосылғалы үш жылдың ішінде ел айтарлықтай дами түскен. Алайда бұл жол оңай болмаған, өйткені ел ішіндегі реформаларға Қазақстаннан тыс жерде болған түрлі сыртқы күйзелістер әсер еткен.

Бұл оңай шаруа емес деп есептеймін. Біз шынайы әрі прагматик болуымыз керек. Сонымен қатар, өзгерістерді іске асыруда батылдық танытуымыз қажет. Сондықтан да мен күн тәртібіндегі мақсаттарға жетуде табанды болуымыз керек деп айтып жүрмін. Иә, реформалар жалғасып жатыр және олар оң нәтижелерін көрсетіп жатыр, – деді мемлекет басшысы.

ЕУРАЗИЯ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан сыртқы саясатын жаңғырту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.

Өйткені бұл – өте консервативті сала. Бірақ, сонымен қатар, елімізден тыс аумақта болып жатқан оқиғаларды ескеруіміз қажет. Қазақстан – Еуразияда, әсіресе Орталық Азияда тұрақтылық пен қауіпсіздіктің тірегі. Бастапқы кезеңнен бастап біз ірі державалармен, соның ішінде көршілерімізбен теңгерімді саясат жүргізіп келеміз және сонымен қатар ұлттық мүдделерімізді жүзеге асырып отырмыз. Сондықтан сыртқы саясаттың бағыты өзгеріп жатыр деп айта алмаймын, – дейді президент. 

Тоқаев сұхбатта Орта дәлізді (Транскаспий бағыты) атап өтіп, оның маңызына тоқталды.

Иә, сіз Орта дәлізді дұрыс атап өттіңіз. Біз көлік бағыттарын әртараптандыруға басымдық беріп отырмыз. Осы тұрғыда Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) ерекше маңызға ие. Өздеріңіз білетіндей, біз “Бір белдеу – бір жол” бастамасының белсенді жақтаушыларымыз. Бұл бастаманы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин алғаш рет 2013 жылы Қазақстан астанасы Астанада жариялағаны да бекер емес, – деді мемлекет басшысы.

ПУТИНМЕН ӘҢГІМЕ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа да жеке тоқталды. Ол Ресей Қазақстан үшін стратегиялық серіктес екенін атап өтті.

Бізде Ресеймен әлемдегі ең ұзын шекара бар. Бұдан бөлек, біз Ресейді стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Әсіресе, Каспий құбыр консорциумына (КҚК) үміт артамыз. Жуырда мен Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлестім және ашығын айтайын, біз бұл әңгімеде КҚК мәселесін талқыладық. Мен КҚК болашақта да қазақстандық мұнайды Ресей арқылы Еуропа нарығына және одан әрі тасымалдаудың тиімді құралы бола береді деп сенемін, – деді Тоқаев.

УКРАИНАДАҒЫ СОҒЫС

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Украинада болып жатқан жағдайды және Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыстың табиғи ресурстар мен оларды халықаралық нарыққа экспорттау саласындағы стратегиялық жоспарларға қалай әсер етіп жатқанын ескере отырып әрекет етеді.

Сонымен қатар, біз Ресеймен стратегиялық серіктестікке сенім артамыз. Алайда бұл біз тек бір ғана көлік бағытына тәуелдіміз деген сөз емес. Сондықтан сіз Баку – Жейхан мұнай құбыры, Орта дәліз және өзге де бағыттарды атап өткеніңізбен толық келісемін. Дегенмен, мұнайды шетелге тасымалдау немесе экспорт көлемі тұрғысынан алғанда, басымдық Каспий құбыр консорциумына (КҚК) беріліп келді және солай қала береді, – деді мемлекет басшысы.

ӘЛЕМДІК ТӘРТІП

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан көпжақты халықаралық жүйені қолдауда орта державалардың рөлін күшейту қажет дегенге сенімді ме деген сұрақ қойылды.

Әрине. Мен көпжақтылықтың маңыздылығына терең сенемін және “орта державалар” деп аталатын елдер жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен рөл атқаруы тиіс деп есептеймін, – деді ол.

БҰҰ ЖАЙЛЫ

Сондықтан мен Қазақстан сияқты орта державалар халықаралық өзекті мәселелерді шешу мен реттеуде неғұрлым маңызды рөл атқаруы керек деп санаймын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауды қолдайды. Бұл ұйым алғаш құрылған кезде оның құрамында небәрі 51 мемлекет болды – бұлар БҰҰ-ның құрылтайшылары. Ал қазір бұл ұйымға 193 ел мүше, – деп атап өтті Тоқаев.

КОНТЕКСТ

29 мамырда елордада Astana International Forum 2025 халықаралық форумы басталды. Бұл – өңірдегі ең ірі халықаралық шаралардың бірі. Форум заманауи жаһандық сын-қатерлерді талқылау үшін әлем көшбасшыларын, сарапшыларды және бизнес өкілдерін бір алаңға жинап отыр. Форумның ұраны – «Connecting Minds, Shaping the Future» («Ойларды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру»). Әлемнің әр түкпірінен 600-ге жуық делегат қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында мемлекет басшылары, премьер-министрлер, халықаралық ұйымдар жетекшілері мен ірі бизнес өкілдері бар.

ҚОНАҚТАР

Қатысушылардың ішінде Руанда президенті Поль Кагаме, Албания премьер-министрі Эди Рама, Хорватия премьер-министрі Андрей Пленкович, Катар премьер-министрі Мұхаммед бин Абдулрахман Әл-Тани, сондай-ақ БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун және өзге де жоғары лауазымды тұлғалар бар.

БАҒДАРЛАМА

Форум бағдарламасына пленарлық сессия мен 25 тақырыптық пікірталас енген. Олар үш негізгі бағытқа топтастырылған: сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік, энергетика және климаттың өзгеруі, экономика және қаржы.

Серіктес жаңалықтары