×
512.1
583.64
6.5
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.1
583.64
6.5

Кептеліс, сасық иіс пен бітпейтін құрылыс: астаналықтардың әкім туралы ойы қандай

02.06.2025, 13:50
Кептеліс, сасық иіс пен бітпейтін құрылыс: астаналықтардың әкім туралы ойы қандай
Ulysmedia.kz коллажы

Астана - қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Мұнда ауқымды құрылыс пен елдің саяси және мәдени орталығы ретіндегі мәртебе тоғысқан. Алайда әсем зәулім ғимараттар мен даңғылдардың ар жағында шексіз жол кептесілісінен бастап, абаттандыру мәселесіне дейін елордалықтардың күнделікті уайымы жатыр.

Ulysmedia.kz тілшісі қала көшелерін аралап, тұрғындардың елорда және оны басқаруға президент сенім білдірген шенеуніктер туралы не ойлайтынын сұрады. Халық Астана әкімі өз міндетін қаншалықты атқара алып жүр деп есептейді? Қай әкім ел есінде несімен қалды?

“АЙТУДЫҢ ӨЗІ БОС ӘУРЕ”

Сұхбат бергендердің басым бөлігі қазіргі әкімнің есімін атай алмай қиналды, ал алдыңғы әкімдердің аты-жөндерін тек еміс-еміс естеріне түсірді. Соған қарамастан, тұрғындар әкімдікке қатысты өз пікірін білдіруден тартынбады.

— Өзім осы жердің тұрғынымын. Бірақ, шыны керек, ескерту айту — бос әуреге ұқсайды. Әйтпесе, барлық жолды жөндеп тастаса керемет болар еді. Қазір кейбір аудандар ауыл сияқты боп қалған, – деді елордалықтардың бірі.

Тағы бір тұрғын:

— Бастысы — биыл өткен жылмен салыстырғанда жақсырақ. Мен “Қазақстан” қонақүйінің жанында тұрамын. Бұрын өзенді тазартқанда қатты сасып кететін, биыл ондай иіс жоқ. Жағдай түзелген, – деп бөлісті.

Әңгіме барысында бұрынғы әкімдердің есімін еске түсіргендер де болды.

— Бізде бір әкім болған, қазір ҰҚШҰ-ның төрағасы. Ол қызметке дейін жұрт оның жұмысын жақсы бағалаушы еді. Қазір пікірлер әртүрлі, – деді тұрғындардың бірі.

“УАҚЫТЫНДА ҚАЗБАЙДЫ”

Кейбір астаналықтар көктем шығып, күн жылына бастағанда қалада жөндеу-қазу жұмыстарының белең алатынын атап өтті. Бұл жағдай олар үшін қалыпты құбылысқа айналғандай.

— Жыл сайын байқаймын: қала жылынып, парктер жасылданып, өмір жандана бастағанда, қала бойынша жаппай қазу жұмыстары басталады. Бізде табиғаттан ләззат алуға болатын уақыт тым қысқа, ал дәл сол кезде әкімдік бәрін қазып, жауып тастайды. Негізгі даңғылдардың көбі жабық. Қозғалу қиын, кептеліс көп, такси қымбаттап кетті. Бәлкім, мұны барлығын бір жерге жинап, жүйелі түрде жасаудың жолы бар шығар. Басқа шешім қарастыру керек сияқты. Соңғы уақытта әсіресе оң жағалауда жарықтандыру да азайып кетті. Ашық жатқан люктерді жиі көремін, үнемі iKomek-ке жазып отырамын, – деді жігіт.

“НӘСКИШЕ АУЫСТЫРАДЫ”

Қала тұрғындарының жасы үлкендері де елорданы басқаруға қатысты өз пікірін білдірді. Солардың бірі — зейнеткер әйел Жеңіс Қасымбекке қатысты ашық наразылығын жеткізді.

Оның айтуынша, кеңес заманында "Березовая роща" бау-бақша ұжымынан жеке қаражатына жер телімін сатып алған. Қарызын жабу үшін бірнеше ай бойы ақысыз жұмыс істеген. Алайда бүгінде әлгі жердің өзіне емес, Астана әкімдігіне тиесілі екені анықталған.

— Әкімдікке бардым, бірақ бәрі бекер. Архивтік анықтамам да бар. Дегенмен менің жеріме берілген кадастрлық нөмірді жойып тастаған. Бұл барып тұрған әділетсіздік. Қазақстанда жемқорлық жайлаған, бюрократия өршіп тұр. Мен – зейнеткермін, Астананың байырғы тұрғынымын. Біз үкіметтен өзімізге тиесілі дүниені сұрап отырмыз, бірақ оны да ала алмаймыз, — деді ол.

Әкімдер туралы сауалға зейнеткер әйел бірден жауап берді:

— Олар нәски сияқты ауыса береді. Миллиондардың ішінен Дінмұхамед Қонаев сияқты бірлі-жарым адам ғана шығады. Ол жаяу жұмысқа барып, халық үшін бәрін жасайтын еді, — деп еске алды.

“ЕҢ ҮЗДІГІ – ЛРТ-НЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫН АЯҚТАҒАН ӘКІМ”

Ulysmedia.kz тілшілерімен әңгімелескен екі астаналық әр әкімнің елорда дамуына өзіндік үлес қосқанын атап өтті. Десе де, көп жылдан бері аяқталмай келе жатқан LRT жобасын соңына дейін жеткізетін әкім ең үздігі болмақ деген пікірде.

— Сол жағалауға көбірек жасыл желек қажет. Бұл жақта суық әрі тіршілік аз сияқты, өмір жоқтай көрінеді. Ал қай әкім жақсы жұмыс істеді дегенге нақты жауап айту қиын. Өз кезінде Әділбек Жақсыбеков те, Тасмағамбетов те бірқатар істер атқарды. Әрқайсысы өз бағытында еңбек етті. Тек Көлгінов «өтіп кететін» әкім секілді болды. Ал ең жақсы әкім – LRT-ны аяқтаған әкім болады. Қасымбекке Алла сәтін салсын, жоспары іске ассын, – деді олар.

ҚАЛА ҚОНАҚТАРЫНЫҢ ОЙЫ ҚАНДАЙ

Астанаға тек астаналықтар емес, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар да қызығады. Ulysmedia.kz тілшілерімен тілдескен меймандар елорданың жағалауын, биік ғимараттарын көріп, қалаға оң баға берді. Олар ешқандай шағым айтпады, қайта «бұл қалаға өкпе артар негіз жоқ» екенін жеткізді.

ПОЗИТИВ ПІКІРЛЕР

Қала әкімдігін сынға алғандардан бөлек, қазіргі әкімге қатысты күрделі ескертуі жоқ тұрғындар да кездесті. Олар әкімнің жұмысын жалпы қанағаттанарлық деп бағалады.

— Иә, кейбір шағымданып жатады, бірақ ол жақсы нәрсе істемей отыр деген сөз емес. Әкім жаман емес. Әркім өз жұмысын атқарып жатыр, – деп пікір білдірді.

БАСШЫЛЫҚ ӘУЛЕТТЕН ШЫҚҚАН ӘКІМ

Сауалнама барысында тұрғындар тек Жеңіс Қасымбекті ғана емес, оның әкесі – Махмұд Қасымбековті де еске алды. Әкесі ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте жоғары лауазымдар атқарған. Ол 30 жылдан астам уақыт президент әкімшілігі мен канцеляриясында жұмыс істеген, соңғы қызметі – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – елбасы канцеляриясының басшысы болған.

Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтыс болған інісі Болатқа арнап ұйымдастырған еске алу асындағы соңғы қоғамдық іс-шарада Махмұд Қасымбеков көзге түспеді. Бұл оның қатыса алмаған белгілі бір себебіне байланысты ма, әлде бұл – Қасымбектер әулетінің «Ескі Қазақстанмен» қоштасуы ма — белгісіз. Дегенмен, әулеттегі жастардың «Жаңа Қазақстанда» белсенді түрде мансап құрып жатқаны рас. Мысалы, Жеңіс Қасымбектің інісі Ардақ Қасымбек біраз жылдар бойы «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы — «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-ты басқарған. Қазір ол «Даму» қорының директорлар кеңесінің мүшесі.

Жеңіс Қасымбектің өзі де саяси мансабын Нұрсұлтан Назарбаев тұсында бастаған. Ол Қазақстанның көлік және коммуникация министрі, кейін индустрия және даму министрі, сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. 2019 жылы Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалып, кейін облыс құрамынан Ұлытау облысы бөлінген тұста да әкімдік лауазымда қалды. Ал соңғы үш жылда Астананың әкімі қызметін атқарып келеді.

Бір қызығы – бұл мерзім аз болмаса да, қарапайым тұрғындардың көбі Жеңіс Қасымбекті танымайды. Мұның себебі әкімнің көпшілікпен жиі кездеспеуінде болуы мүмкін. Мысалы, ескі қалашықтағы жатақхана өртенгенде, әкім тұрғындармен кездесуге бармаған. Ал сол жағалаудағы элиталық тұрғын үй кешенінде болған өрттен кейін ауқатты тұрғындармен кездесуге келген.

Айта кету керек, Жеңіс Қасымбек президентпен де тұрақты түрде кездесіп тұрады. Соңғы кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оған Астананы абаттандыру жұмыстарын жалғастырып, қаланың инфрақұрылымын дамыту тапсырмасын берген. Айтпақшы, дәл осыны елорданың қарапайым тұрғындары да күтіп отыр. Үш жылдан бері күтіп жүр...

Серіктес жаңалықтары